"Ақпараттық терапия бастауы": Сарапшылар Informburo.kz сайтының бұлжымас қағидалары туралы

Иллюстрация: Informburo.kz
Иллюстрация: Informburo.kz
4 мамырда Informburo.kz порталының ақпарат тарата бастағанына 10 жыл толды!

Informburo.kz ақпараттық-талдамалық мультимедиялық порталы 2015 жылғы 4 мамырда өз жұмысын бастады. Бұл жоба қоғамға қажетті ақпаратты бір жерде, бір сайтта ұсынуды мақсат етеді. Порталдың бастаушысы және алғашқы бас редакторы, марқұм Михаил Дорофеевтің айтуынша, басты мақсат "қазақстандықтарға барлық ақпаратты жедел, тиімді әрі сапалы түрде алуға көмектесу" болған. Осылайша, Informburo.kz қазақстандықтар үшін сенімді ақпарат көзіне айналды.

Қазақстан мен әлемдегі ең маңызды оқиғалар туралы ақпарат беретін портал редакциясы 10 жылдан бері 24/7 режимінде қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде портал өз оқырмандарына объективті, қолжетімді және жан-жақты ақпарат ұсынуды басты мақсат етіп қойды. Портал өз даму жолында редакция құрамының өзгеруі, жетістіктер мен жеңістер, сондай-ақ қиындықтар мен шығындарды бастан өткерді. Есесіне, ол ең қиын кезеңдерде де жұмысын тоқтатпай, журналистиканың негізгі қағидаттарына – объективтілік, шынайылық, өзектілік, фактілердің тексерілуі және эксклюзивтілікке адалдығын сақтап қалды. Осы орайда қазақстандықтарға айтар ойын біздің портал арқылы білдіріп келген танымал тұлғалар жүрекжарды тілегін айтты. 

Аида Балаева, мәдениет және ақпарат министрі:

– Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, негізін тәжірибелі әрі сараптамалық жаңалықтар жасаудың хас шеберлері қалағандықтан, Informburo.kz жобасының іске қосылған күннен бастап табысқа жетуге зор мүмкіндігі болған. Ал жаңалық журналистері – бұл үлкен журналистиканың авиациясы.

"Ең алдымен, әрине, бұл бірінші бас редактор марқұм Михаил Дорофеев туралы. Михаил Викторұлы журналистиканың жоғары стандарттарын енгізіп қана қоймай, көптеген жобаның авторы болды және бірқатар кәсіби маман тәрбиеледі. Мен үшін Informburo.kz – отандық интернет-журналистиканың табысты дамуының бір мысалы. Қазіргі уақытта Informburo.kz – елдің ең үздік бұқаралық ақпарат құралдарының бірі, ол ең кең ауқымды мәселелерді қамтып, кәсіби журналистер ұжымы өзекті аналитикалық материалдарымен және эксклюзивті зерттеулерімен танымал," – деп атап өтті министр.

Ведомство басшысы кәсіби және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының кез келген демократиялық қоғамды құруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Олар қоғамды объективті ақпаратпен қамтамасыз етеді, бұл "халыққа билікті бақылауға" және әртүрлі пікірді еркін жеткізуге көмектеседі.

"Informburo.kz порталына объективті, кәсіби медиаресурс болуды жалғастыруын тілеймін. Редакция сапалы журналистика қағидаттарына адал болып, технологиялық тұрғыдан дамып, аудиторияның сенімін сақтап қалсын. Ал оқырмандарға сыни ойлау, шындыққа қызығушылық және қоғам өміріне белсенді араласуды тілеймін", – деді Аида Балаева.

Жанар Оспан, психоаналитик:

– Informburo.kz – бұл жай ғана жаңалық таратушы емес, бұл – ойландыратын, ұлтты тәрбиелейтін, қоғамның ішкі тынысын дөп басып, жүрекке жеткізетін рухани алаң. Соңғы он жыл ішінде сіздердің жазған әрбір материалыңыз халықтың сана-сезіміне әсер етіп, жаңаша ойлауға жетелеп отырды. Бұл – бүгінгі күннің ең маңызды миссияларының бірі деп білемін. Психоаналитик ретінде мен адам санасының терең түкпірлерін зерттей отырып, қоғамдағы ақпараттың рөлін ерекше бағалаймын. Өйткені сапалы, адал әрі шынайы ақпарат – бұл да бір терапияның түрі. Ол адамға ішкі тыныштық табуға, болмысты дұрыс түсінуге және шынайы өмірмен үйлесуге көмектеседі. Informburo.kz дәл осындай ақпараттық "терапияны" оқырманға ұсынып келеді.

Сіздердің мақалаларыңыздан шынайылықты, жауапкершілікті, әрбір сөзге деген мұқият көзқарасты байқаймын. Бұл – кәсібилік пен жан жылуының үндестігі. Қарапайым жаңалықтың өзінен терең мән табуға мүмкіндік беретіндеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Осы он жыл ішінде сіздер – бір ғана ақпарат құралы емес, нағыз қоғамдық пікір қалыптастырушы беделді институтқа айналдыңыздар. Бұл – үлкен еңбек пен қажырлы командалық жұмыстың нәтижесі.

Алдағы уақытта да жаңалық атаулыға бейжай қарамайтын, қоғамның шынайы келбетін айқын көрсететін сапалы контентпен қуанта беріңіздер. Ақпарат майданындағы кәсіби адалдығыңыз бен адамзаттық ұстанымыңыз ешқашан өзгермесін! Сіздерге шығармашылық шабыт, биік жетістіктер мен мызғымас сенім тілеймін! Әр мақалаларыңыз санаға сәуле, жүрекке жылу сыйлай берсін!


Оқи отырыңыз: Informburo.kz порталына – 10 жыл: Фотошежіре


Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты:

– Ең бастысы – Informburo.kz сенім артатын ресурстардың бірі. Осы 10 жыл ішінде сіздер тек жаңалықтармен қамтып қоймай, қиын және қолайсыз мәселелерден қашпай, сезімтал тақырыптарды көтердіңіздер. Бұл – пісіп-жетілген, жауапкершілігі мол және әлеуметтік маңызды медианың белгісі. Сіздің дауысыңыз естіледі, демек ол біздің азаматтарымыз үшін маңызды.

Тәуелсіз медиа тек ақпараттық кеңістіктің бөлігі емес. Бұл демократия мен қоғамдық сенімнің негізі. Елде адал және өзінің қағидаттарына берік журналистер болған кезде, азаматтар олардың дауысы маңызды екенін, әділетсіздік жария болуы мүмкін екенін және шешімдер талқыланатынын сезінеді. Осындай медиа жетілген қоғамды қалыптастырып, елдің дамуына әсер етеді.

Informburo.kz порталына өзінің сипатын сақтап қалуды, батыл болуды және ең бастысы объективті болуды тілеймін. Қайрат пен сенімділікті жоғалтпаңыздар. Ал оқырмандарға маңызды тақырыптарға деген қызығушылық, сыни ойлау қабілеті және ел өміріне белсенді араласуды тілеймін. Шулы ақпарат пен кликбейтті шынайы маңызды мәселелерден ажырату және кез келген ақпаратты сыни тұрғыда қабылдау қабілеті қазір жетіспейді.

Мерейтойыңызбен! Сізге жаңа жетістіктер, жарқын жобалар мен елдің ақпараттық кеңістігінде шынайы, қуатты дауыс тілеймін.

Марат Пашимов, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы:

Құрметті Informburo.kz редакция ұжымы! Сіздерді еліміздегі жетекші ақпараттық платформалардың бірі – Informburo.kz порталының 10 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мерейтой – жай ғана жылдардың жиынтығы емес, кәсіби шеберлікпен, табанды еңбекпен, ұлтқа деген адалдықпен өрілген берекелі онжылдық. Ақпарат тарату – аса жауапты әрі нәзік іс. Ол қоғамның рухани-әлеуметтік, интеллектуалдық және мәдени ахуалына тікелей әсер ететін күш. Informburo.kz осы он жыл ішінде дәл осы миссияны абыроймен атқарып, сан мыңдаған оқырманға бағыт-бағдар беріп, заманауи журналистиканың биік талаптарына сай қызмет етіп келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады.

Медицина саласының өкілі әрі осы саладағы іргелі ғылыми-зерттеу институтының басшысы ретінде мен ақпараттың, әсіресе, денсаулыққа қатысты деректердің дәлдігі мен шынайылығына ерекше мән беремін. Бұл жай кәсіби талап қана емес, бұл адам өміріне деген жауапкершілік. Осы орайда, Informburo.kz ұжымы денсаулық сақтау тақырыптарына ерекше ұқыптылықпен қарап, тексерілген деректер мен кәсіби сараптамаларға сүйене отырып, халыққа пайдалы әрі нақты ақпарат жеткізіп отырғанын зор ризашылықпен атап өткім келеді.

Сіздер пандемия кезінде де, күнделікті өмірде де медициналық білім мен ақпаратты қарапайым халыққа түсінікті тілде жеткізе отырып, үлкен ақпараттық-көпір бола білдіңіздер. Бұл тек журналистік емес, азаматтық және гуманистік миссияның биік үлгісі деп бағалаймын.

Informburo.kz порталы бүгінгі таңда тек жаңалық тарату орталығы емес, қоғамдық пікірдің өрісін кеңейтетін, ғылыми ой мен салмақты сараптама ұсынатын алаңға айналды. Бұл – қазақстандық журналистиканың интеллектуалдық даму жолында маңызды қадам. Сіздердің түрлі сала мамандарын – дәрігерлерді, заңгерлерді, педагогтарды, экономистерді, әлеуметтанушыларды сөзге тарта отырып, халықтың көзқарасын байытып, ұлттың ақпараттық иммунитетін нығайтып жатқандарыңыз – аса бағалы еңбек.

Ақпарат саласында сенім мен шынайылық – ең басты капитал. Сіздер осы капиталды он жыл бойы үнемі молайтып келесіздер. Енді осы сенімге сүйене отырып, бұдан да биік белестерді бағындырып, қазақстандық медианың жаңа дәуірінде алдыңғы қатардан көрінетініңізге сенемін. Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, шығармашылық шабыт, мызғымас серпін және ел болашағына қызмет ететін тың бастамалар тілеймін! Әрбір мақалаларыңыз – санаға сәуле, жүрекке жылу сыйлай берсін.

Аружан Саин, қоғам қайраткері, "Мейірімділік" ҚҚ және "Мектеп OnLine" білім беру жобасының негізін қалаушы және директоры:

– Тәуелсіз, адал, қағидаттарына берік БАҚ-сыз саналы әрі жетілген азаматтық қоғам болуы мүмкін емес. Дәл осы өткір тақырыптарды көтеруден қорықпай, шындықты айтып, әдетте дауысын естімейтіндерге сөз беретін журналистер мейірімділік, әділеттілік және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады. Informburo.kz – көрілім санынан тыс сенімге кіріп, адамдардың құрметіне бөленген портал. Осы үшін сіздерге алғыс айтамыз.

Адам әрдайым назардан тыс қалмауы керек. Кез келген реформа, экономика, рейтингтерінің артында бала, отбасы, қарт адамның тағдыры тұр. БАҚ күрделі мәселелер туралы айтуды жалғастырса, ауыртпалықтан қашпаса – бұл қоғамның тірі екенін білдіреді. Ал мұндай қоғамның болашағы бар. Себебі көмек көрсету – бұл әлсіздік емес, керісінше күш.

Командаға шынайылық, батылдық және кәсібилікті сақтауды тілеймін. Өсіп, дамып, өз жұмысыңыздан мақтаныш пен қуаныш сезімін алыңыздар. Ал оқырмандарға айналада болып жатқан оқиғаларға деген қызығушылықты сақтауын және кішкентай істердің күшіне сенуін тілеймін. Әрбір материалдарыңыз кем дегенде бір тағдырды жақсылыққа өзгертетін болсын – сонда барлығын бекер істемеген боласыздар. 

Мерейтой құтты болсын, Informburo.kz! Сіздердің бар болғандарыңызға, қайырымдылықты қолдағандарыңызға рақмет – баға жетпейді! Біздің қорымыздың қамқорлығындағылардың оқиғасын бөліскендеріңіз үшін және қордың жобалары мен іс-шаралары туралы оқырмандарға жеткізгендеріңіз үшін ДОМ қоры атынан үлкен алғысымызды қабыл алыңыздар! БАҚ-тың қолдауы және көп жылғы ынтымақтастығымыз болмаса, қазір қордың көрсетіп жатқан көмегі мүмкін болмас еді! Рақмет!

Айтбек Амангелді, қоғам қайраткері:

– Informburo.kz ұжымы, сіздерді 10 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын! Адам өмірі үшін 10 жыл аса көп болмауы мүмкін, бірақ Қазақстанда бұл медиа, бизнес және тәуелсіз басылым үшін елеулі кезең. Informburo.kz осы уақыт ішінде нарықтағы көшбасшылардың біріне айналды және журналистика саласында жоғары стандарттарды көрсетіп келеді. Журналистік этикаға мән беріп, маңызды жобалар жасап жүргендеріңіз ерекше атап өтерлік.

Қазақстанға сіздердің әлеуметтік бағыттағы жобаларыңыз, арнайы шығарылымдар мен сұхбаттарыңыз қажет. Сіздер әрдайым тәуелсіз басылым ретінде тексерілген фактілерге сүйене отырып, нейтралитет сақтайсыздар. Өкінішке орай, мұндай басылымдар елімізде аса көп емес, сондықтан басқа басылымдар сіздерге қарап үлгі алса жақсы болар еді.

Ақпараттық қолдауларыңыз үшін рақмет айтамын, біз бірге жүзеге асыратын жобалар үшін де. Ұзақ және гүлденген ғұмыр, тамаша жобалар және әрдайым шындық пен ақиқаттың жағында болуды тілеймін!


Оқи отырыңыз: Informburo.kz 10 жылдығына орай құттықтаулар қабылдайды


Мира Халина, Kursiv.Media бас редакторы:

– Informburo.kz – Қазақстанда беделді және тарихы тереңге бойлаған медиа бренд. Менің телевизиялық журналист ретіндегі мансабымның бастауы осы "Информбюромен" байланысты болды. 1990 жылдардың соңында және 2000 жылдардың басында Informburo.kz порталының дамуы Михаил Дорофеевтің жетекшілігімен жаңа деңгейге көтерілді. Ол порталдың қоғамдық-саяси маңызын арттырып, сандық кеңістікте мықты орынға ие етті. Михаил Дорофеев көптеген адам үшін мұғалім, дос және тәлімгерге айналды, оның Informburo.kz порталына қосқан үлесі өлшеусіз. Ол редакцияның жұмысын жаңа форматта, заманауи әдістермен және өзгеше құрылыммен қайта құрды. Осылайша, әрбір жаңа бас редактор осы өзгерістерді одан ары күшейтіп, бүгінгі таңда сапалы, заманауи және ең бастысы, оқырмандарға қажетті портал болып қалыптасты.

Қазақстанда белсенді және тәуелсіз медиа ортаның сақталуы өте маңызды. Бұл ең алдымен аудиторияның сеніміне және таңдау еркіндігіне байланысты. Ақпараттың жеделдігі мен өзектілігі – әрбір БАҚ-тың басты бағыты, және сіздер бұл жағынан шеберлік танытып отырсыздар.

Құрметті әріптестерім, жоғары рейтингті сақтап, жағымды жаңалықтардың көп болуын және цензураның аз болуын тілеймін. Біздің елімізде тәуелсіз медиа өзін сенімді әрі еркін сезінсін деген тілектемін.

Зульфат Манапов, Алматы облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры:

– Құрметті Informburo.kz редакция ұжымы! Сіздерді еліміздің ақпараттық кеңістігінде өз орны бар, беделді де сенімді ақпарат көзінің бірі – Informburo.kz порталының 10 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Он жыл – бұл тек мерзімнің өлшемі емес. Бұл – күн сайын үздіксіз еңбектің, жауапкершіліктің, ізденістің, халық алдындағы адалдықтың нәтижесі. Informburo.kz осы уақыт аралығында ел ішіндегі маңызды тақырыптарды ашық көтеріп, қоғамдық санаға қозғау салып, азаматтық пікірдің қалыптасуына ықпал еткен, халықпен санаса алатын медиа платформалардың біріне айналды.

Құқық қорғау саласының өкілі ретінде мен ақпараттың қоғамдағы рөлі мен салмағын терең түсінемін. Себебі қоғамдық тәртіп пен тұрақтылық тек заңмен ғана емес, азаматтардың санасы мен мәдениетіне де тікелей байланысты. Ал сананы тәрбиелеу жолында сапалы әрі шынайы ақпараттың маңызы орасан. Сіздердің мақалаларыңыз қоғамдағы әділдік сезімін нығайтып, ел ішіндегі ашықтықты арттыруға септігін тигізіп келеді.

Informburo.kz порталында құқық, заң, қоғамдық қауіпсіздік, адам құқығы, жастар тәрбиесі секілді тақырыптардың кең қамтылуы – бұл ұлт болашағына алаңдаушылық пен кәсіби жауапкершіліктің айғағы. Әрбір мақалаңыз – тек жаңалық емес, ол – азаматтық санаға әсер ететін қуатты құрал. Әсіресе құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған материалдарыңыз халықтың заңға деген сенімін күшейтуге ықпал етуде.

Полиция майоры ретінде мен үшін қоғам мен құқық қорғау құрылымдарының арасында сенімді байланыс орнату – күнделікті қызметімнің маңызды бөлігі. Бұл сенім тек әрекетпен емес, ашық әрі шынайы ақпарат арқылы да қалыптасады. Informburo.kz – осы сенімді нығайтып отырған маңызды дәнекердің бірі. Сіздердің адал еңбектеріңіз, кәсіби принциптеріңіз және халық алдындағы ашық ұстанымдарыңыз – бүгінгі заман журналистикасының үлгісі. Қай тақырыпты жазсаңыз да, оның астарында терең талдау мен шынайы жанашырлық жатқанын байқаймыз.

Қадірлі редакция! Алдағы уақытта да ел мүддесі үшін қалам тербеп, әділдік пен ақиқат жолынан таймай, жаңа белестерді бағындыра беріңіздер! Сіздерге зор денсаулық, ұжымдық бірлік, шығармашылық табыс пен үздіксіз даму тілеймін! Ақпарат әлеміндегі адал еңбектеріңіз елмен бірге жасай берсін!

Алмаз Шарман, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының және Ұлттық дұрыс тамақтану орталығының президенті:

– 10 жыл ішінде Informburo.kz Қазақстан медиакеңістігінде берік және құрметті орынға ие болды. Басылым объективті журналистика принциптеріне адал болып, цифрлық дәуірдің қарқынды өзгерістеріне бейімделе алды. Әсіресе, дәстүрлі жаңалықтар ұсыну мен қазіргі блогосфераға тән элементтер арасындағы теңгерімді табу қабілетін жоғары бағалаймын. Бұл стиль Informburo.kz порталын танымал етіп, ақпаратты кең аудитория үшін қолжетімді және тартымды етеді. Меніңше, басылымның жауапты медиатұтыну мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі жоғары бағаға лайық.

Ежелгі заманнан бері адамзат ойы мен сезімін жеткізуге ұмтылуда – үңгірдегі суреттер мен иероглифтерден бастап, қолжазбалар, баспа және заманауи электрондық форматтарға дейін. Тәуелсіз медиа қоғам диалогының басты өткізгіштері, объективті ақпарат көздері және қоғамның әлемді сезінуінің көрінісі болды және солай қала береді. Бүгінгі күні, коммуникация жылдам сандық ағынға айналғанда, сапалы контентке – дәл, қысқа және сыналған ақпаратқа қол жеткізу ерекше маңызды. Тәуелсіз медиа әртүрлі көзқарасты тыңдауға, ешкімнің мүддесіне тәуелді болмай, сенімді фактілер негізінде пікір қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл кез келген қоғамның демократиялық және интеллектуалдық дамуының негізгі іргетасының бірі.

Ақпаратты тарату жылдамдығы экранға жанасу арқылы өлшенетін заманда оқырманның назарын көбінесе шындық емес, эмоционалды әсер мен визуалды көрініс жаулап алатындықтан, кәсіби бағытты сақтау ерекше маңызды. Журналистер үшін бұл басты мақсаттан адаспай, шындық, адалдық және оқырманға құрмет көрсету дегенді білдіреді. Оқырмандарға келсек, маңызды мен екінші дәрежеліні ажырата білу, ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау және тексерілген көздерге сену керек. Informburo.kz порталына стилін сақтай отырып, журналистік тереңдік пен жеделдікті жоғалтпауын, жауапты медиаға үлгі болып қалуын тілеймін. Ал оқырмандарға – қызығушылық, ақпаратты саналы тұтыну және білімнің әлемді қабылдауды қалай өзгертетінінен шабыт алуын тілеймін.


Оқи отырыңыз: Какой он, читатель Informburo.kz, и о чём ему интересно читать


Ардақ Тұрғанбаева, №2 Алматы қалалық емхананың жалпы практика дәрігері: 

– Құрметті Informburo.kz порталының қадірлі редакциясы мен шығармашылық ұжымы! Сіздерді еліміздің ақпараттық кеңістігінде жарқын әрі мазмұнды жол салып келе жатқан кәсіби медиа алаңы – Informburo.kz порталының 10 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Он жыл бойы ақпарат тарату, қоғаммен ашық әрі адал диалог құру жолында жасаған қажырлы еңбектеріңіз – қазіргі заман журналистикасының нағыз үлгісі. Бұл жылдар ішінде сіздер миллиондаған оқырманға жол тауып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді батыл көтеріп, дер кезінде шынайы ақпарат ұсыну арқылы халықтың сеніміне ие болдыңыздар.

Жалпы практика дәрігері ретінде мен күнделікті адамдардың денсаулығына ғана емес, олардың күйзеліске, уайымға, үміт пен сенімге толы ішкі дүниесіне де куә боламын. Осындай сәттерде дұрыс әрі сапалы ақпараттың адам психологиясына, рухани жағдайына және өмірге деген көзқарасына қаншалықты әсер ететінін анық түсінемін. Informburo.kz порталы тек жаңалық таратумен шектелмей, ел азаматтарының таным көкжиегін кеңейтіп, ойына серпіліс, жүрегіне үміт сыйлап отыр.

Порталдарыңызда денсаулық сақтау саласына арналған, кәсіби деңгейде дайындалған, түсінікті әрі пайдалы материалдар жиі жарық көреді. Бұл – біз сияқты сала мамандары үшін де, қарапайым тұрғындар үшін де өте маңызды әрі қажетті ақпараттар көзі. Әсіресе соңғы жылдардағы пандемия кезеңінде сіздер халыққа тек ресми дерек қана емес, дұрыс бағыт-бағдар беретін сапалы контент ұсына алдыңыздар. Бұл – медианың адам өміріне тікелей ықпал ете алатын қуатты құрал екенін айқын дәлелдеді.

Сіздердің әрбір мақалаларыңыздың артында үлкен еңбек, зерттеу, дәлдік пен жауапкершілік жатқанын жақсы білеміз. Бүгінгі цифрлық ақпарат тасқынында шынайы дерек пен обьективті көзқарасқа негізделген журналистика ауадай қажет. Informburo.kz осы талаптың үдесінен шығып, қазақ қоғамының ақпараттық мәдениетін арттыруға зор үлес қосып келеді. Алда бұдан да жарқын жетістіктер, жаңа биіктер күтіп тұр. Оқырманмен арадағы берік сенім, адал ұстаным, кәсіби біліктілік – бұл сіздердің алдағы онжылдықта да өздеріңізді биіктен көрсететін басты құндылықтарыңыз болмақ. Құрметті әріптестер! Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас шабыт, тың серпін мен үздіксіз өсім тілеймін! Ақпарат әлеміндегі адал жолдарыңыздан айнымай, әрдайым ел сенімінің үдесінен шыға беріңіздер!

Қарлығаш Жаманқұлова, "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті:

– Жеке мен үшін Informburo.kz мәңгі бақи Михаил Дорофеевтің есімімен байланысты болады – ол жоғары деңгейлі маман, азамат, принциптеріне берік тұлға. Оның энергиясы мен ішкі еркіндігі редакцияның ДНҚ-сында мәңгі сақталады. Informburo.kz – Қазақстандағы жаңалықтарды тек хабарлап қоймай, журналистік стандарттарға сай келетін жоғары деңгейдегі үлгі болуды мақсат еткен санаулы медиа-ресурстардың бірі. Осы 10 жыл ішінде ол көптеген адам үшін бағдар болды, тек сенімділік пен этика мәселелерінде емес, сонымен қатар объективті журналистика принциптеріне айрықша адалдығымен де ерекшеленді. Өйткені оларсыз мемлекет пен қоғам соқыр. Күшті, батыл, кәсіби медиасыз басты шешімдер қабылдау мүмкін емес – мемлекет деңгейінде де, қарапайым адам деңгейінде де. Тәуелсіз журналистика – бұл қауіп емес, тұрақтылықтың негізі. Әсіресе күрделі уақыттарда объективті журналистиканың рөлі қаншалықты маңызды екенін байқауға болады. Өйткені журналистика ең алдымен жекелеген мүдделерге емес, адамдарға қызмет етеді.

Редакцияға батылдық пен абыройды жоғалтпауды тілеймін. Маңыздысы – сіздердің ыңғайсыз сұрақтар қойып, тақырыптарды терең зерттеп, қаржылық тұрақтылықтарыңызды сақтауыңыз. Оқырмандарға тілек – мұқият болып, сұрақтар қою, сапалы БАҚ-ты қолдау және ұмытпау: шынайы журналистика сіздің ынтымақтастығыңызды талап етеді.

Расул Рысмамбетов, Қаржы сарапшысы:

– 10 жыл ішінде Informburo.kz Қазақстан медиа кеңістігінің маңызды ғана емес, сонымен қатар ажырамас бөлігіне айналды – тәуелсіз, жедел және бейжай қарамайтын. Бұл кәсіби стандарттарды сақтай отырып, тірі, дәл және әлеуметтік сезімтал ресурс болу сирек кездесетін қасиет. Informburo.kz тек жаңалықтарды хабарлап қоймай, қоғамға болып жатқанды түсінуге, сұрақтар қоюға және өз көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі.

Мен Informburo.kz порталын оқымайтын күн болады деп елестете алмаймын. Өйткені тәуелсіз медиа жоқ болса, кемел қоғамның да болуы мүмкін емес. Олар – мемлекеттің айнасы мен ар-ожданы. Дәл осы тәуелсіз редакциялар жиі ыңғайсыз, бірақ даму үшін қажетті тақырыптарды көтереді. Олар ой-өрісті кеңейтеді, естілмегендерге дауыс береді және қоғам мен билік арасында сенім кеңістігін қалыптастырады. Белсенді медиа тек журналистика емес, ол болашақ құрылысшыларының бір бөлігі.

Бірден болмаса да, біраз уақыт өткеннен кейін тәуелсіз БАҚ-ты сынағандар олардың дұрыстығын мойындап қана қоймай, көмекке де жүгінеді. Informburo.kz – мерейтойларыңызбен құттықтаймын! Редакцияға журналистік батылдығын, адамгершілігін және терең кәсібилігін сақтап қалуын тілеймін. Сөздеріңіздің ары қарай да естілуін, құрмет және сұранысқа ие болуын тілеймін. Ал оқырмандарға  зейінділік, сыни ойлау және мейірімділік: адал медиа тек адал әрі қызығушылық танытқан оқырман болғанда ғана жұмыс істейді. Мен сіздерді оқитыныма, кейде өз пікірімді сіздердің көмегіңізбен жеткізе алатыныма мақтанамын. Мұны ұзақ жылдар бойы жасағым келеді.

Назира Бурханова, Психоаналитикалық бағыттағы психолог, коуч:

– Құрметті Informburo.kz ұжымы! Сіздерді халқымызға шынайы әрі сапалы ақпарат ұсынып келе жатқан кәсіби медиа-платформа – Informburo.kz порталының 10 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Он жыл – ақпарат кеңістігінде тек уақыт өлшемі емес, бұл – идеяға, жауапкершілікке, қоғамға деген адалдыққа негізделген үлкен рухани жол. Сіздер осы онжылдық ішінде өз бағытыңызды анық айқындап, тек жаңалық жеткізуші ғана емес, саналы қоғам қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан терең ойлы алаңға айналдыңыздар. Бұл – бағалауға тұрарлық биік жетістік.

Психолог әрі коуч ретінде мен үшін ақпарат – адамның ішкі әлеміне әсер ететін ең қуатты құралдың бірі. Себебі әрбір сөз, әрбір ой санада із қалдырады, ал дұрыс құрылмаған ақпарат – адамның өзіне деген сенімін әлсіретіп, болмысын бұлыңғыр ете алады. Осы тұрғыдан алғанда Informburo.kz порталының өз материалдары арқылы елге үміт, ойға бағыт, жүрекке сенім ұялата білетіні – нағыз кәсіби шеберлік пен адами биіктік.

Сіздердің қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеріп, талғамы жоғары оқырман үшін сараптамалық мақалалар ұсынуларыңыз – ақпаратқа деген мәдениеттің қалыптасуына ықпал етіп отыр. Медиада сенім дағдарысы белең алған қазіргі уақытта сіздер шынайылықты, дәлдікті және адам тағдырына деген жанашырлықты бірінші орынға қойып, кәсіби этиканың биік үлгісін көрсетіп келесіздер.

Мен үшін ерекше құндысы – сіздердің материалдарыңыздың жай фактімен шектелмей, адамның жан дүниесіне үңіліп, терең мән бере алатыны. Бұл тек журналистика емес, бұл – адамның адамға айналуға ықпал ететін үлкен рухани еңбек. Осы арқылы сіздер біреуге – ой тастадыңыздар, біреуге – үміт, енді біреуге – шешім қабылдауға күш бердіңіздер. Әсіресе менталдық денсаулық, тұлғалық даму, отбасы мен бала тәрбиесі, қоғамдағы психологиялық құбылыстар жайлы материалдарыңыз үшін алғыс білдіремін. Бұл тақырыптар біз үшін аса маңызды және әлі де көптеп қозғала беруі тиіс. Сіздер бұл бағытта да көш бастап келесіздер.

Құрметті Informburo.kz ұжымы! Алдағы уақытта да елдің еңсесін тіктейтін, рухын көтеретін, ұлт болашағына қызмет ететін сапалы контент ұсына беріңіздер! Әрбір жазған сөздеріңіз, көтерген тақырыптарыңыз санаға сәуле, жүрекке жылу сыйлап, қоғамның сапалық өсуіне үлес қоссын! Сіздерге сарқылмас шабыт, кәсіби табыс пен жаңа биіктер тілеймін! Адал еңбектеріңіз халықпен бірге жасай берсін!


Оқи отырыңыз: Шетелдегі маусымдық жұмыс: Қай елдерге баруға болады және қандай құжаттар керек


Қаламқас Сәкенқызы, "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ баспасөз қызметінің бас маманы:

– Informburo.kz Қазақстанның жетекші медиалары арасында сенімді және лайықты орнын алды. Осы 10 жыл ішінде сіздер объективті, терең және жедел ақпарат көзі ретінде өз беделдеріңізді қалыптастырдыңыздар. Сіздің жұмысқа деген көзқарасыңыздың арқасында платформаға деген сенім кәсіби қауымдастық пен кең аудитория арасында тұрақты жоғары болып отыр.

Тәуелсіз медиа ашық қоғамның дамуы үшін маңызды рөл атқарады. Олар күн тәртібін анықтайды, маңызды мәселелерді көтереді, диалог мәдениетін қалыптастырады және медиа сауаттылық деңгейін арттырады. Күшті медиа болмаса, қоғамдық институттардың дамуы да, бизнесте және мемлекетте ашықтықтың артуы да мүмкін емес.

Informburo.kz командасына шабыт, кәсіби өсу және тез өзгеретін ақпараттық кеңістікте тұрақтылық тілеймін. Оқырмандарға – сыни ойлау және сапалы журналистикаға деген қызығушылық. Әрбір келесі жыл одан да табысты болсын.

Құрметті Informburo редакциясы!

Сіздерді 10 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын! Бұл кез келген медиа үшін маңызды дата, ал Informburo.kz үшін – өз қызметімен мақтануға лайықты себеп. Осы жылдар ішінде сіздер сенімді, тәуелсіз және кәсіби ақпарат көзі ретінде танылдыңыздар. Материалдарыңызды ұсыну тәсілі, егжей-тегжейлерге назар бұру және күн тәртібіне жедел әрекет ету қабілеттеріңіз үлкен құрметке лайық.

Біз сіздермен көптеген жылдар бойы ынтымақтасып келеміз, мен әрдайым сіздердің ашықтықтарыңызды, принципшілдіктеріңізді және диалог құру қабілеттеріңізді атап өтемін. Мұндай медиа қоғамға қажет – дәл сіздер ақпаратты саналы тұтыну мәдениетін қалыптастырып, Қазақстандағы журналистиканың жоғары стандартын қолдайсыздар.

Informburo.kz командасына одан ары даму, кәсіби өсу және адал аудитория тілеймін. Жұмыстарыңыз үшін рахмет.

Мустафа Дастан Бақытұлы, №2 қалалық емхананың Мамандандырылған емдеу-диагностикалық профилактикалық бөлімшесінің меңгерушісі:

– Құрметті Informburo.kz редакция ұжымы! Сіздерді еліміздің ақпарат кеңістігінде ойып тұрып орын алған беделді медиа-портал – Informburo.kz-тің 10 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Он жыл – ақпараттық салада аз уақыт емес. Бұл – үздіксіз ізденісті, кәсіби адалдықты, батылдықты және қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті талап ететін жол. Informburo.kz осы жылдар ішінде өз оқырманының сенімін ақтап, мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерді дер кезінде, ашық және жан-жақты қозғап келе жатқан маңызды ақпарат көздерінің біріне айналды.

Денсаулық сақтау саласының маманы ретінде мен үшін қоғам мен адамның дені сау болуы тек физикалық жағдаймен ғана өлшенбейді. Ақпараттың тазалығы, шынайылығы мен бағыттылығы да – қоғамдық саулықтың айнасы. Сіздердің порталдан тараған әрбір жаңалық пен сараптамалық материал – оқырманның санасында сау көзқарас қалыптастыруға ықпал ететін ерекше құрал. Informburo.kz ұжымы жылдар бойы денсаулық, әлеуметтік әділет, білім беру, экология, құқық және мәдениет секілді маңызды тақырыптарды тереңінен қозғап, мәселенің мәнісін ашуға тырысып келеді. Бұл – ел игілігіне бағытталған үлкен еңбек, сонымен бірге ұрпаққа қалатын құнды ақпараттық мұра.

Журналистика – адамзат пен қоғам арасындағы алтын көпір. Сіздердің бұл көпірді мықты негізде ұстап тұрып, ел мен елдің, адам мен адамның арасында сенім орнату жолындағы қажырлы еңбектеріңізді шынайы бағалаймыз. Сапалы контент, обьективті ұстаным, тың деректерге сүйенген сараптамалар, батыл әрі дәлелді пікірлер – мұның бәрі сіздердің кәсібиліктеріңіздің көрінісі. Пандемия кезінде және басқа да дағдарыс жағдайларында халыққа шынайы әрі жедел ақпарат беріп, медициналық саладағы қиындықтарды ашық жеткізе білгендеріңіз – дәрігерлер қауымы үшін де ерекше қолдау болды.

Осындай күрделі заманда ақиқатты бұрмаламай, ел үшін еңбек ету – нағыз азаматтық ұстаным мен кәсіби биіктіктің белгісі. Қадірлі ұжым! Алдағы жылдары да тың серпінмен, жаңа ойлармен, қоғам игілігі жолындағы қажырлы еңбекпен оқырман жүрегінен орын алып, абыройларыңыз биіктей берсін! Ақпарат әлеміндегі адал жолдарыңыз бен биік беделдеріңіз ұзақ жасасын! Сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық табыс, кәсіби шабыт және елдік мұраттарға жетелейтін нық сенім тілеймін!


Оқи отырыңыз: Алматыда мамыргүлдерді қай жерлерде тамашалауға болады


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары