Тікелей эфир

Қазақтың алғысы мен қарғысы. Айналайын, қарындас, т. б. сөздердің этимологиясы қандай?

Фото baribar.kzсайтынан алынды
Фото baribar.kzсайтынан алынды
Жазылмаған дала заңына бағынған қазақ ру, ел арасындағы қарым-қатынаста сөз саптауға ерекше мән берген. Айтар ойын екшелеп, әр сөзді орнымен қолдана білген.

Адамға деген алғысы мен сезімін бір ауыз сөзбен жеткізген қазақтың кейбір сөздерін басқа тілге аудару мүмкін емес. Өйткені дәл қазақ секілді бір ауыз сөзбен жан тебіренісін немесе адамға деген махаббатын ешбір ұлт жеткізе алмаған. Соның бірі өзіміз ең көп қолданатын "айналайын" сөзі.

Бұл сөздің қадірін әсіресе, шетелде оқып жүрген немесе сол жақта тұрақтап қалған қазақтар жақсы біледі. Көптеген қандастар әлеуметтік желідегі парақшаларында "мұнда бәрі керемет, тек қазақтың "айналайын" деген бір ауыз сөзін сағындым" деп жазады. Ал ақын Олжас Сүлейменов "Айналайын" өлеңінде:

Айналайын – чудесное слово,

Жаль, что русский его не поймет,

Объяснить я готов ему снова,

Только бедно звучит перевод, – деген.

Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?

"Айналайын" – мейірімділікке толы сөз

Осылай деп пікір білдірген тарихшы-этнограф Құралай Сәрсембина сөздің төркіні тым тереңде жатыр дейді.

– "Айналайын" сөзінің тамыры көне түркі дәуірінен бастау алған. Кәрі кісілер дертке шалдыққан жастарды аман алып қалу үшін, өздерін құрбандыққа атап, ауру адамды киіз үйдің ортасына жатқызып, қарт кісі үш рет айналып, есікке келгенде "айналайын" деп дауыстаған екен. Сонымен қатар "сенің жолыңда менің жаным құрбан" немесе "саған келген пәле маған болсын" деген ұғымды да тарихта кездестіруге болады, – дейді этнограф.

"Шырағым" сөзін қаратпа сөз ретінде пайдаланған

– Қазақта бірқатар сөздерді қаратпа сөз ретінде қолданған. Соның бірі ананың көбіне ұлдарына қарата айтатын "шырағым" сөзі. Ол ер бала – болашақта үй иесі, шамшырағы, ошақтың отын сөндірмей ұрпақ жалғасын табатын отбасының шырағы деген ұғымнан туған.

Бірақ "шырағымды" ыңғайына қарай қаратпа сөз ретінде де қолдана береді. Мысалы: – Ал, шырағым, жақындай бере аттан неге түстіңдер? – дейді Төле би қызға (Билер сөзі).

Сонымен қатар "шырақ" деген жанама атауды келіндер қайныларына да қойған, – дейді Құралай Сәрсембина.

Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?

"Қарағым" қайдан шыққан?

– Ал ең көп қолданыстағы әрі көне сөздердің бірі "қарағым". Ол "қарашық" сөзімен тарихи жағынан мағыналас. Көзімнің қарашығы деген мағынаны білдірсе керек-ті. Махмұд Қашқаридің "Диуани лұғат-ат-түрік" кітабының аудармасында "Ұлым саған айтайын өсиетін дананың, Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым" деген сөздерді кездестіруге болады. Соған қарағанда бұл сөздің ерте заманнан қолданып келе жатқанын білуге болады.

Махмұд Қашқари (толық аты-жөні Махмұд ибн Әл-Құсайын ибн Мұхаммед) (1029-1101) – түркі тілдерінің тұңғыш сөздігін құрастырушы, энциклопедист-ғалым, атақты "Диуани луғат-ат-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы ") еңбегінің авторы. Бұл энциклопедиялық туынды 1072-1078 жылдары Бағдатта жазылған. Түпнұсқасы жоғалып кеткен. А.Абулфатхтың 1266 жылы жасаған көшірмесі Ыстамбұлдағы Фатих кітапханасында сақтаулы тұр.

Онда көшпелілердің ой әлеміне қатысты мұра жинақталған. Ол түркітану тарихында тұңғыш рет тарихи-салыстырмалы әдісті қолданып, диалектология ғылымының негізін салды. Түркі тайпаларының ерекшеліктерін сақтай отырып, тіл байлығын зерделеу, айтылу, жазылу, заңдылықтарын, қолдану аясына қатысты айырым белгілерін зерттеу ғалымның басты ұстанымы болды. Сөздерге түсінік беруде 242 бәйіт пен 262 мақал-мәтелді пайдаланды.

Оқи отырыңыз: Оралман, қандас, бауырлас, ағайын немесе отандас. Дұрысы қайсы?

"Азамат" атауын дұрыс қолданып жүрміз бе?

Филология ғылымдарының докторы, академик Рабиға Сыздық "Сөздер сөйлейді" еңбегінде "азамат" сөзін былай тарқатады: "Азамат – шора, шоры, жолдас. XVII ғасырда жасаған Ақтамберді жырауда:

"Ей, азаматтар, шоралар! Атты мінсең, зорды мін" деген жолдар бар. Мұндағы "азамат" сөзі дәл қазіргі мағынасында қолданылмаған. Бұл сөздің бұрын терминдік сипаты болған. Ш.Уәлиханов: "Азамат – кәмелетке келіп, еншісін алған, туыстарына тәуелсіз, үйлі-баранды адам дегенді білдіреді" деп өз зерттеулерінде анықтама берген.

Сонымен қатар бұл сөз бір кезеңдерде "жасақшы" ("дружинник") ұғымын да бергенге ұқсайды. Шоқан Уәлиханов өз зерттеулерінде "Шора сөзі – азамат дегеннің синонимі" дей келіп, Шоқан "шора, азамат тіркесі таза әскери мәнді сөз, ол "жолдас", "жасақшы" дегенді білдіреді" деп көрсетеді. "Азамат" сөзінің жоғарыда келтірілген Ақтамберді жыраудың айтуындағы қолданысы Шоқанның осы айтқанын растайды. Яғни, бұрын "азамат" сөзі жауынгерлерге, жасақшыларға қарата айтылатын болған.

Оқи отырыңыз: Келінді "келсап" қылатын ене ме, әлде үйдегі тәрбиеден бе?

"Қарындас" деп тек жасы кіші қызға ғана айтылмаған

– Қазіргі таңда "қарындас" сөзі өзінің түпкілікті мағынасында көп қолданылып жүрген жоқ. Бұл сөздің түпкі мағынасы түркі жазбаларында “жалпы туысқан, жақын рулас адам” дегенді білдірген.

Асан қайғының "Ол күнде қарындастан қайырым кетер" дегенінде де, Шалкиіздің "Жайыңды білген қарындас, Ол қарындас һәм жолдас" дегенінде де бұл сөз әйел жынысты адам туралы емес, руластар жайындағы ойды білдіреді.

Қарындас сөзінің осы мағынасы қазақ мақалдарында "Ауру астан, дау қарындастан. Жан қарындас болса да, мал қарындас емес" деп кездеседі.

Махамбеттің "Тар қолтықтан оқ тисе, Тарыққанда қайрылар қарындасым менде жоқ" деген өлең жолдарынан соңынан еретін, демеу болатын жақындарын іздегенін аңғартады. Абай да "қарындас" сөзін ағайын, туыс мағынасында қолданған.

Оқи отырыңыз: Күшік күйеу деп кімдерді айтқан?

Қазіргі таңдағы әдеби нормадағы мағынасында ер адам өзінен жасы кіші әйел жынысты туысқанын қарындас деп атайды. Немесе бөтен қызға қаратпа сөз ретінде қолданады.

Сонымен қатар Қадырғали Жалайыридің "Жами-ат-тауарих" атты жылнамасында қазақ тіліне қатысы бар сөздерге талдау жасаған Рабиға Сыздық "қарындаш" – қарындас сөзін туыс, рулас деп көрсеткен. Ал қыз қарындаш – жасы кіші әйел туысы деп атап өткен, – дейді Құралай Сәрсембина.

Қазақ баласын төрт түліктің төліне теңеген

Баланы мейірімділікке тәрбиелеуде, батырлық рухпен өсіруде төрт түліктің алатын орны ерекше болған.

– Төрт түліктің (сиырдан басқасының) төлінің әдемілігіне, сүйкімділігіне сүйсініп ұл-қыздарын құлыным, құлыншағым, ботам, боташым, ботақаным, қозым, қоңыр қозым, қошақаным деп те атаған. Сондай-ақ, күшік, көжек, балапан, қонжық сияқты төл атаулары да кішкене балаға қарата әлі күнге дейін қолданылады.

Оқи отырыңыз: Сүндеттеудің сыры


ал

Қазақ баласын қошақаным деп еркелетеді / Фото ғаламтордан алынды


Ал сәбилерді еркелеткенде балапаным, жарқыным, қарашығым, қарағым, қалқам, қалқашым, шырақ, шырағым, көкем, көкетай секілді еркелету сөздерін жалпы бала атаулыға қолданған. Ал алдына жүгіре басып сәлем беріп келген балаға да ризашылық білдіргенде "қалқам, шырағым" деп айналып-толғанып, еркелеткен.

"Сайыпқыран" атауы тек Ақсақ Темірге тән

Біз әдетте басылым беттерінен "сайыпқыран ұшқыш, жаужүрек батыр" сөз тіркестерін жиі кездестіре­міз. Анығында, "сайыпқыран" сөзі парсы тіліндегі "Сахиб киран" сөзінен алынған, оның мағынасы "қыдырма жұлдыздардың (планеталардың) бір түзудің бойына келгенде туған бала туралы мәнге саятынын байқауға болады (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 12 том. Алматы: "Дәуір" баспасы, 549-б.).

Діни аңыз бойынша, осындай астрономиялық құбылыс сәтінде туған бала ержүректілік, асқан батырлық, алғыр­лық се­кіл­ді қасиеттерге ие болады. Осындай мезетте дүниеге келген атақты қолбасшы Ақсақ Темір осы себеп­тен сайыпқыран аталады. Темір – өмірінде жаудан жеңіліп көрмеген сайыпқыран, жұлдызы оңынан туған батыр болған.

Оқи отырыңыз: Адамның тағдыры есіміне байланысты ма?

Осыған орай "сайыпқыран" сөзін кез келген жерде, қайсыбір батырларды сипаттауда қолдана беруге болмайды дейді зерттеушілер. Сондықтан мыңжылдықтарда бір рет болатын, бірер сәтке ғана созылатын мезетте туылған қыран ғана "сайыпқыран" атына лайық деген ұғым бар.


Қазақтың барлық батырлары сайыпқыран болмаған

Қазақтың батырлары / Фото istory.kz сайтынан алынды


"Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ"

Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, ондағы болып жататын неше алуан өзгерістер сөздік құрамның дамуына да түрлі әсер етіп отырады Көп жағдайда тілдің лексикасы жаңа сөздердің есебінен кемелденіп, үнемі толығып отырса, енді бір ретте кейбір сөздердің көнеруіне әкеп соғады.

Көптеген сөздер бұрынғы мағынасының үстіне жаңадан үстеме мағына қосып, көп мағыналы болып қалыптасады. Мәселен "тап" деген сөз революциядан бұрын ел, ру, ата (тек) ұғымында ғана қолданылған. Кеңес заманында бұл сөздің бұрынғы тар мағынасы мүлдем кеңейіп, орыстың "класс" деген саяси термин сөзінің қазақша баламасы болып, түпкілікті қалыптасты.

Оқи отырыңыз: Қазақтың ұмыт бола бастаған 10 салт-дәстүрі. Тест: біліміңізді тексеріңіз

Қазақта бұрынғы мағынасынан айырылып, басқадай мағынаға ие болган сөздер де кездеседі. Мысалы, "ұран" деген сөз ел мен ел, ру мен ру жауласқанда, ат жарыстырып, балуан күрестіргенде ата-бабасынын аруағын шақырып, рухтандыруды білдірген болса, казір коғамдық саяси мәні бар үндеу, шақыру дегенді білдіріп отыр.

Сол сиякты "жасақ" деп бұрын "әскер, қол" мағынасында айтылса, қазір коғамдык тәртіпті сақтайтын ерікті жастар, кызметкерлер ұйымын "жасақ" деп айтатын болдық.

Жағымды сөзден жағымсыз сөз туған

Енді бір сөздердің экспрессивті-эмоциялық мәні өзгерген. Яғни революциядан бұрын жағымды стильдік мәні болса, енді жағымсыз мағынаға ауысқан немесе керісінше болып қалыптасқан.

Мәселен, "ұлық, төре, мырза, атқамінер, қасқа менен жайсаңдар" деген сөздер бұрын ең қадірлі сөз болса, осы кезде сөйлем құрылымына қарай бұлардың жағымсыз мәні де бар..

Оқи отырыңыз: "Құдайы қонақты құт" санайтын қазаққа не болды

Қазір олардың орнын халық қалаулылары, еңбек ері, еқбек озаты, басшылар, екпінділер деген толып жатқан жаңа сөздер басты. Осылайша бір дәуірдегі жаңа сөз көнеге, көнесі жаңаға ауысып сөздік қорды көбейтеді.

Түбірі жеке қолданбайтын сөздер

Қазақ тілінде кейбір туынды сөздер қолданыста болғанмен, оның түбірі қолданыстан түсіп қалған. Яғни,түбір қалпында жеке айтылмайтын болды, бірақ белгілі бір туынды сөздердің түбірінде көнерген сөз ретінде сақталған.

Мысалы, баданадай (бадана), алпамсадай (алпамыс), еңгезердей (еңгезер), дардай (дар), тығыншықтай (тығыншык), абажадай (абажа), добалдай (добал), қаршадай (қарша), зәредей (зәре), шырадай (шыра). Мұндағы түбір сөздер жеке айтылмайды.

Ат тергеу мен жас келіннің амандасуы

Дәстүрлі қазақ қоғамында отбасы мүшелері арасында әдеп (этика) жақсы сақталды. Оған келіннің босаға аттаған уақыттан бастап, қайын жұртының атын атамауы дәлел. Ал бұл салт келіннің сол үйдің қызындай болып сіңісіп кетуіне ықпал еткен дейді Құралай Сәрсембина.

– Отбасы мүшелерін уыздай ұйытып, отбасы құндылығын сақтаудағы келіннің рөлі ерекше. Сондықтан да, қазақ дәстүрінде енелер институты түскен келінді қызындай аялап, білмегенін үйретіп, өздерінің келіндік мәртебесін жалғастырушы ретінде қараған.

Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында әкенің орны қандай болған? Қазір қандай?

Отбасы мүшелерінің өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасы сәбидің тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Мәселен, келін күйеуінің есімін атамай "отағасы" сынды атаулармен атаған. Қайын ағасын, қайын інісін, қайын апа, қайын сіңілдерінің де есімдерін атамаған. Оларға үлкен-кішінің жолы мен жас ерекшелігіне, түрі мен мінезіне, кәсібі мен қызметіне қарай лайықты ат қойған. Мысалы, Кенже бала, Мырза бала, Күлімкөз, Айнамкөз, Жақсым, Ерке бала, Жақсы аға, Үлкен аға, Қара бала деп атаған. Мұндай салт ат тергеу деп аталған.

Қазір бұл дәстүр Қазақстанның Қызылорда, Батыс Қазақстан секілді кейбір облыстарында ғана сақталған.

Қазіргі кезде бұл салт жас келіндер арасында қатаң сақтала бермейді, тіпті ұмыт болып келе жатқан сыңайы бар. Соның бір мысалы төмендегідей:

… Бір жас келін қайын жұртына түскен күнінің ертесіне таңертеңгілік алдынан шыққан қайынағасына қалай амандасудың ретін таппай, үйреншікті тәртібімен:
– Саламатсыз ба? – депті сызылып. Қайынағасының аты Саламат екен. Ол кісі де қу тілді болса керек, аяқ астынан сөз тауып кетіп:
– Дәл соның өзімін! – деп жүре беріпті.
Сөзден тосылған жас келін ұялып, төмен қарапты.

Оқи отырыңыз: Жоғалып бара жатқан "Жеңгелер" институтын жандандырайық

Қарғыс тектен-текке айтыла бермейді

Қазақта зорлық-зомбылық жасаса оны қарғау әдеті бар. Ол адамға да, малға да, дүние-мүлікке де айтыла береді. "Жер жастанғыр", "өлім келгір", "қарасан келгір", "өртенгір" деген сияқты қарғыс түрлері өте көп. Қарғыс ашу, ыза, кек үстінде айтылады.

Қарғыстың ең ауыры – ананың ақ сүтін көкке саууы және атаның теріс батасы болып саналады. Бұрын аса жүгенсіздік көрсеткен балаларын ата-ана осылай қарғаған. Ақылбай Абайұлының "Қарғыстан қорқушы едім улап ішім, өлмесе қанды қанмен жумақ үшін" өлең жолдары бар.

"Қарғану" деген де бар. Ол біреу жала жапқанда, нақақ күйдіргенде адалдығын дәлелдеу үшін "жалғызымның қызығын көрмейін", "құран ұстайын", "керегенің көгін жейін" деп қарғанады. Мұны адал адамдар ғана айта алады. Сондықтан өзінің адалдығын дәлелдеу үшін қарғанған адамның сөзіне көп жағдайда сенетін болған.

Оқи отырыңыз: Қазақ қоғамында бала тәрбиесіндегі әженің рөлі қандай болған?

Шындығында, қарғыс тектен-текке айтыла бермейді. Ол ашу-ызадан туындайды. Ғалымдар оны парапсихологиядағы тіршілік иесінің жәбірлеушіге қарсы қуаты кері әсерлі күші деп санайды. Атамыз қазақ ежелгі кезеңнен қарғысқа өте сақ қараған. Бұл сөз ертедегі түркі жазбаларында кездеседі.

Мәселен, Махмуд Қашқаридің сөздігінде "қарғыс" мағынасындағы сөздердің бірнеше нұсқасын байқаймыз. Ол сөздікте "қарғағ, қарғыш" деп көрсетілген. Аталмыш сөздіктен қарғыс сөзінің төркіні боларлық алғашқы мағынаны да көзге ұшыратамыз. Дәлірек айтқанда, онда қырға – ұрысу, балағаттау, қырғағ – ашы, ыза, қаһар, жаза ұғымдары ретінде сипатталады. Сондай-ақ, қазіргі түркі тілдерінің ішінен якут тіліндегі қарғыс сөзінің алғашқы түрнұсқасында "харгыс" сөзі "кедергі, бөгет болу" дегенді білідіреді.

Қарғыс ғұрып па?

Тіпті күнделікті өмірде де орнымен қолданбайтын сөздер де кездеседі. Мысалы, жүріс-тұрысы ебедейсіз, олақ кісілерді "дәйіс" деп атайды. "Дәйіс" арабша "Дәюс" сөзінен шыққан. Исламда "Дәюс" деп әйелін басқа еркектерден қызғанбайтын, көрінгеннің қойнына салуға даяр еркектерді атайды. Олар үшін жәннат харам етілген екен. Ал қазір "дәйіс" деп табиғатынан аңғал болғаны үшін ғана қоғамға айыпты болғандарды айтады.

Десек те қазақтар орналасқан жеріне қарай қарғыс сөзді күнделікті өмірде қолданатындары бар. Қазақтың қарғыс сөздеріне, әсіресе Қызылорда облысы өте бай. Оны тұрғындары да жоққа шығармайды. Қазірдің өзінде қолданыста жүрген "көрбақ, мола, қара жер тартқыр" деп баласына не өзге адамға ашуланғанда әйелдердің көп қолданатынын байқадық.

Бұл қарғыстардың түп тамыры туған-туыс, ата-ана, бауырдан мезгілсіз айрылып, көрді төңіректеп, тентіреп кет деген мағнаны білдіреді. Алайда Қызылорда өңірінің тұрғындары бұл сөздерді қарғыс емес, жай ғана зілмен айтылған сөз деп қабылдайды екен.

Сондай-ақ "маңдайыңа қара тігілсін" деген де қарғыс бар. Оның мағынасы жақының өліп, маңдайыңа қаралы күн тусын дегенді білдіреді. Ауыл арасында осы қарғысқа қатысты әзіл-әңгіме бар. Бір әйел күйеуіне "Маңдайыңа қара тігілгір" деп қарғаса, күйеуі "Е, жақсы болар еді, сен өліп маңдайыма қара тігілетін" десе, әйелі "ойбай, онда менің маңдайыма қара тігілсін" деп байқамай өзін қарғап жіберген екен.

Одан өзге "тұқымы құрысын, жүзі күйгір, құдайдың өлімі саған" деген сөздерді ашуға булыққан әйелдердің айтып жатқанын талай естідік.

Сөз құдіреті

Екі көзі соқыр бір кісі адамдар жиі жүретін орында таңертеңнен кешке дейін отырып, қайыр сұрайды. Мойнында "Мен соқырмын, құдай үшін көмектесіңдер!" – деп жазылған қатырма қағаз ілінген. Сөйте тұра, жолай өтетін адамдардың арасында соқырды аяп, тиын-тебен тастайтындар сирек болыпты. Содан болар, ол күнұзақ, ерте келіп, қасқарайғанша біреу садақа берер деп үмітін арқалап отырады екен.

Бірде әлгі кісінің жанына келіп тоқтаған бір қыз оның мойнына ілген қатырма қағазын сұрайды. Бұл неге керек деген оймен таңданса да, соқыр оған қағазды берді. Әлгі қағаздағы жазуды өзгерткен қыз қатырма тақтаны өзіне қайтып береді де жөніне кете барады.

Сол-ақ екен алдындағы қорапқа тиындар сыңғырлап түсе бастайды. Тіпті, өткен-кеткеннің бәрі дерлік тоқтап, тиын тастайды. Осылайша кешке дейін оның алды тиынға толады. Ал зағип мұның себебін түсіне алмай аң-таң. Осы сәтте кешкілік жұмыстан қайтқан бағанағы қыз оның қасына келіп тоқтайды да:

– Міне, көрдіңіз бе, енді бәрі басқаша, – дейді.

Оның дауысынан таныған соқыр:

– Сен не істеп қойдың, маған осы арадан өткен жұрттың бәрі тиын тастап жатыр? – дейді таңыр­қап.

Қыз оған:

– Мен бар болғаны мойныңызға ілінген тақтадағы сөзді өзгертіп жаздым, – деп жауап береді. Сөйтсе қыз "Қайырымды жан, сіз көре аласыз ғой, айтыңызшы, мына дүние қандай тамаша, бірақ мен оны көре алмаймын!" деп жазған екен.

Міне, бұл шын мәніндегі сөздің құдіреті. Осыны түсінген атамыз қазақ ортада айтылар әр сөзіне үлкен тәрбиелік мән берген.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары