Тікелей эфир

Қазақ қоғамында бала тәрбиесіндегі әженің рөлі қандай болған?

Фото anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды
Фото anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды
Бұрын ата-ана баланың бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіруді әжелеріне тапсыратын. Бүгінгі ұрпақтың көзқарасы өзгерген. Қазақ қоғамы одан ұтылды.

Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала басқаша болады, айналасының да көзқарасы оған ерекше-тұғын. Өйткені ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады. Сондықтан әжелерді таптырмас тәрбие мектебі дейміз.

Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны ойсырап, бейнесі көмескіленіп кетті. Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, ұрпақ жалғасы үзіліп қалды.

Оқи отырыңыз: Қыздың тәрбиесіне қырын қарамаған қазақ неге оны назардан тыс қалдырып алды?

Әжесінің басқан ізін аңдып, бауырына тығылып, етегіне оратылып жүретін кешегі бала, бүгінгі ата-аналардың көбі заман талабы деп, еуропалық тәрбиені таңдады. Туған баласын әжесімен араластырмайтын болды. Кейбір әжелердің де бұған онша құлқы жоқ. Тіпті кейбір отбасыларда немересі әжесін бос уақыты көп бала тәрбиешісі деп қабылдайтын өкінішті.

"Алдымен ата-ананың өзін тәрбиелеу керек"

Белгілі драматург Сая Қасымбек балаға да, немереге де өнеге болу үшін алдымен ата-ананың өзін тәрбиелеу керек дейді.

– Бала үйдегі үлкендердің әрбір іс-әрекетін айнытпай қайталайды, бойына көргенін сіңіріп өседі. Кітапта оқығаныңды, өмірде көргеніңді айтқанның, күні бойы қақсап, ақыл айта бергеніңнен пайда жоқ. Үйдегі-түздегі өзіңнің ісің мен қылығың қандай болса, сол, тіпті жүріп-тұрғаныңа дейін, әдет-әдебіңнің бәрі балаға өнеге, берген тәрбиең. Өзім әже атанған уақыттан бастап, сол атқа лайық болу үшін, ең әуелі үсті-басымды түзедім. Әжеге лайық киімді киіне бастадым. Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек сияқты үйге келген сыйлы қонақтармен бірге бала-немерелерімді дастархан басында отырғыздым. Ол кісілердің ғибратты әңгімелерін тыңдаудың өзі бір ғанибет емес пе?! Ал баланы арақ-шарап қойылған дастархан басына бірге отырғызбаған жөн.

Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында әкенің орны қандай болған? Қазір қандай?

Бір ғана мысал айтайын, жақында өзіме арнап тіккен көйлектен артылған кішкене мата қиындысынан гүл жасап, иығыма тағып көрдім. Оны байқап, қарап тұрған немеремнен "Қалай, әдемі ме?" деп сұрадым. Ол "Иә, әдемі" деп жауап берді. Егер оны отырғызып қойып, "Мынаны қара, осылай істе!" деп үйрете бастасаң, мән бермес еді. Сондықтан тәрбиелеу керек деп есіңе түскенде, қажет болғанда ғана емес, бала мен немереге күнделікті, ағымды түрде тәрбие беру керек, – деді Сая Қасымбек.

Енеге билік айтатын кесір келін көбейді

Сонымен қатар драматургтың айтуынша, қалаға көшіп келген жастардың бойында жасандылық көп. Ауыл тәрбиесін көріп өссе де, балаларын әжелеріне бермейді, не тәрбие берер дейсің деп қомсынады.

Оқи отырыңыз: Келінді "келсап" қылатын ене ме, әлде үйдегі тәрбиеден бе?

– Осылайша ұрпақтар арасындағы байланыс үзіледі. Бұрын әжесінің қасында жүрген немересінің мысалы, аяғы сынып қалса да, ешкім шу шығармайтын. Қазір дәл солай болсыншы, келіні әжесіне күйеуін қосып, шаңын қағып, сілікпесін шығарады. Сондықтан әжелеріміз келінінен сөз естімеу үшін, немереден бір қадам болсын аулақ жүргенді қалайды.

Тағы бір айта кететін жайт, немере алдында әже образының дұрыс қалыптасуына оның сырт келбетінің сай болмауы да кедергі. Қазіргі әжелер 20 жыл бұрынғы әжелерден жас көрінеді, әрі заманауи киім киеді. Тіпті киім кигеніне қарап, ана мен әжені ажырату қиын болып кетті. Сондай-ақ көп әйелдер өзін әже дегендерін қаламайды, қабылдай алмайды. Екіншіден, әже атанған әйелдердің дастархан басында өзін ұстауы мен сөйлеуіне дейін дұрыс емес, – деді Сая Қасымбек.

Оқи отырыңыз: Баламен қарым-қатынас құру құпиясы. Қайтсек жақсы ата-ана атанамыз?

Бауыржан Момышұлының үш қорқынышы

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: "Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…" деген екен.

Қазақ – басынан қандай нәубет өтсе де, заман болса да ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған халық. Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Ауылдың бір баласы тәрбиесіздік танытса, туған-туыс, бір рулы ел болып, қала берді бүкіл ауыл болып атсалысқан. Әсіресе, көпті көрген қарт ата мен әженің тәрбиесі үлкен рөл атқарған.

Алайда қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрден ажырап бара жатыр. Қазақтың бесік жырын шетелдің даңғаза әуені алмас­тырса, ертегінің орнын телеарна мен компьютердегі ойындар, түрлі мультфильмдер алмастырды. Ал әженің орнын техника басты.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие сағатын енгізу басталды


Әжелер түңғыш немересін бауырына басқан

Әжелер түңғыш немересін бауырына басып, ешкімге бермеген/ besik.kz сайтынан алынды


Әже мектебі

– Баланың бойындағы асыл қасиеттерді отбасында ата-әжесі қалыптастырған. Сонымен қатар ұлттық тәрбиенің, ізгіліктің дәнін әжелер сепкен. Ата мен әженің тұңғыш немересін бауырына басып, өз баласынан артық бағып-қағуында үлкен мән бар. Бұл – әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың да бір белгісі. Ал көргенді қарт ата мен әже балаға өзінің әке-шешесін құрметтеуді міндеттеп отырған, – дейді этнограф Құралай Сәрсембина.

– Өмірден көргені мен түйгені мол қариялар тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже баламен үлкен адамша сөйлеседі. Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі.

Оқи отырыңыз: "Секс туралы айтсаң, күле бастайды". Қазақтілді жасөспірімдердің жыныстық сауаты неге төмен?

Ал әжелер батырлар жырын айтып баланы ерлікке баулып қана қоймайды, ата-бабасының тарихынан хабардар етіп отырған. Әже тәрбиесі арқылы бала жақсы мен жаманды ажыратып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Әдетте әже тәрбиесін алған баланы жұрт "тәрбиелі бала", "көргенді бала" деп баға беріп жатады. Өйткені әженің мейіріміне бөленіп, тәрбиесін алып өскен бала үй шаруасына бейім болады, өзі мейірімді, адал болып өседі, – дейді этнограф.

Ата баласы ғана емес, ауыл баласы атанған

– Ата мен әже қолындағы бала бүкіл ауылдың баласындай болатын. Көшеде кездескен қариялар "пәленшенің баласы деп, маңдайынан иіскеп, атасы мен әжесін бағатын осы немесе бұл бала бәрімізді бағады деп" баланың санасына құя беретін. Осылайша ата-ана алдындағы баланың борышын еске салып отырған.

Әже өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Әже алдын көріп, тәлімін алған, тарихта есімі қалған ұлылар көп. Зере әжесінің зерделі аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарын тыңдап өскен бала Абай дана Абайға айналды.

Ал Айғанымдай әженің тәрбиесін алған Шоқан қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы болды. Бұдан өзге Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың біртуар азаматтары да әженің тәрбиесін көріп, әженің алақанынан түлеп ұшқан. Яғни, қазақтың нар тұлғалы азаматтарының көбі әже мектебінен сусындап өскен адамдар, – дейді Құралай Сәрсембина.


Кейбір әжелер етегіне орап баққан

Кейбір әжелер немересін жанынан бір сәтке шығармай баққан / Фото turkystan.kz сайтынан алынды


Әжелердің жұмыстан қолы тимейді

Психо-аналитик, психолог Зүбайда Кененбаеваның ойынша, әже мен немере арасының алшақтауының түпкі себебі – жұмысбастылықта.

– Әжелер зейнеткерлікке шыққанмен жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан немерелеріне уақытын бөле алмайды. Екіншіден, жас ата-аналардың көбі үлкендерге лайықты құрмет пен сыйластықтарын көрсете алмайды. Әже немересіне бір нәрселерді түсіндіре бастаса, келіні бірден тоқтатып тастайды. Ал баланың көзінше үлкенге құрмет көрсетілмеген соң, ол да сыйлаудан қалады.

Әже немересіне әке-шешесінің бере алмаған махаббатының орынн толықтырғаны жөн. Алайда дастархан басында әжелеріміз салт-дәстүрді, ұлттық тәрбиені насихаттайтын әңгімені емес, телесериалдан көргендері мен теледидар мен әлеуметтік желі арқылы келген небір жәйттер жайлы айтып отырады. өзінің көкірегі сайрап тұрмағансоң, не айтсын. Сондықтан қазіргі әжелер арасында ұлттық тәрбие бере алатындары аз.

Ауыл – бала үшін еңбек лагері

Психоаналитиктің айтуынша, отбасында баланың іс-әркетінің дұрыс-бұрыстығын айтып, оны түсіндіріп беруші адам – әже. Сондықтан үйде ата-әжемен сөз таластыруға болмайды.

– Менің бала кезімде әжем қонақтан келгенде әкелген базарлығын беріп жатып, оны қайдан, не мақсатпен әкелген себебін түсіндіріп айтатын. Жеті нанның бір үзімін берсе де, қай үйде, не үшін құран оқылғанын, кімдердің жиналғанын, қандай ырыммен алып келгенін айтуға ерінбейтін. Бірде маған қонақтан бөлінген құрт әкеліпті. Сосын мен әжеме ренжіп "Әже, немене бүтін құрт жоқ па екен?" дедім. Ол кісі "Балам, ол құртты мен бір жасы үлкен кісіден алдым. Үлкендер құртты тістеп бермейді. Өйткені тістері жоқ. Сондықтан бөліп береді. Ол кісі өмірінің жамандығын алып қалып, тек жақсы жақтарын берсін деп ырымдап, бөлінген құрттың екінші жартысын әдейі алып қалды" деді. Мен сондай тәрбиені көріп өскендіктен немереме де ұлттық тәрбие беруге тырысамын.

Бір әйел менен кеңес алуға келген, баласын ата-әжесінің жанына ауылға жіберген екен. Алғашқы үш-төрт күнде қайтамын деп шу шығарыпты. Бір аптадан соң ауылдағы еңбекке еті үйреніп, әжесінің аузына тосқан тәтті тамағын жеп, үйренісіп кеткені сондай, артынан қайтпайтынын айтыпты. Тіпті атқа отыру – бала үшін үлкен оқиға болған. Ал анасы баласын алып кеткісі келген. Мен барынша шыдауға кеңес бердім. Артынан баласы еңбек етуді, ептілікті, жауапкершілікті сезінуді үйренгенін көріп, енді оған өзі риза боп жүр. Сондықтан ата-анаға баланың тәрбиесіне, білім алуына ғана жауапты болып қана қоймай, әже мен бала арасында қарым-қатынастың дұрыс қалыптасуына ықпал етуді ұмытпағандары абзал.


впа

Әжелер немерелерін қолөнерге баулыған / Фото ғаламтордан алынды


Ұлттық тәрбие беру үшін ауылда тұру маңызды емес

– Тіпті қалалы жерде тұрса да әжелерімізге немересінің бойына ұлттық тәрбиені сіңіруіне еш кедергі жоқ екеніне көзім жетті. Жақында біздің көп қабатты үйдің ауласында үстіне камзол киіп, басына орамал таққан жасы 60-тар шамасындағы әже далаға он жасар немересін ертіп шықты. Сосын қалтасынан асықтарды шығарып, өзге балаларды шақырып алып, ойын тәртібін түсіндірді. Ерінбей үш-төрт сағат бойы баларға асық ойнауды үйретті. Он күндей уақыт өткенде балалар бір-біріне үйретіп, ойын шартын бұзбай ойнайтын болды. Мұнда бір ғана асық ойыны әр үйдің ерке баласын тәртіпке, бөлісуге, топпен ойнауға, ережеге бағынуға үйретті. Дәл қазіргі кезеңдегі ата-ананың бір кемшілігі – баланы жауапкершілікке үйретпейді, – деді Зүбайда Кененбаева.

Бала бағудан шаршаған әжелер де бар

Кейбір ата-ана зейнет жасындағы енесі бола тұра, жалдамалы тәрбиеші іздеп шарқ ұрып жүреді. Оның себебі ата-енелері бала бағудан шаршағандықтан, немере баққысы келмейді екен. Асылгүл де екі баласын зейнет жасындағы әжесі баққысы келмей, бас тартқанын айтты.

– Мен жұмысқа шыққан күні енем немерелерін бақпайтынын ашық айтты. Біз шамамыз келгенше көмектесіп тұратынымызды айтып, күндіз бағып беруін өтіндік. Өйткені екі балаға бірдей балабақшаның ақысын төлеу қиынға соқты. Үйіміз де жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Бірақ енем шаршағанын айтты. Әрі "денсаулығым көтермейді" деді. Біз амалсыздан жекеменшік балабақшаға екі балаға айына 40 мың теңге төлеп отырмыз, – дейді Асылгүл.

Осылайша әжелеріміз өзінің артынан ерген ұрпағын тәрбиелеуден қашып, "әжелер мектебінің" болмысын әлсіретіп алды. Бұрын ата мен әженің ұл-қызына, немере-шөбересіне айтар ақылы, көрсетер үлгісі мол еді. Бүгінгі әжелер­дің бұрынғы әжелермен салыстырған­да өмір сүру қалпы, тәрбиеге ден қоюы өзгерген.

"Құлыншағым" "котенокке" ауысқан

– Бұрын әжелеріміз балаларын "ботам", "ботақаным", "қоңыр қозым", "құлыншағым" деп еркелетсе, "батырым", "ақылдым", "үмітім", "болашағым" деп арқаландырып отырса, бүгінде "лапочка моя", "зайчонок", "котенок", "мышка" деп мысыққа да, күшікке де теңей салады. Бұл қазақ үшін қорлаумен тең теңеулер ғой. Ал бала тәрбиесінде мұндай рухани құлдырауға жол беруге болмайды, – дейді психо-аналитик Зүбайда Кененбаева.

– Осы күнгі балаға Алпамыс пен Қобыланды сынды батырлар жырын, Таусоғар мен Толағай туралы ертегінің майын тамызып айтып беретін әжелер сирек. Әжелер ертегі айтып шаршағанша, теледидарды қосып қойып, сондағы түрлі мультхикаялар мен шетелдік фильмдерді көрсеткенді оң санайды. Сондай ұрпақ ата-анаға деген құрметтен жұрдай болып өседі.

Қазіргі ұрпақ әже тәрбиесіне зәру

– Әже – отбасының алтын қазығы. Шаңырақтағы қарым-қатынасты реттейді, балаларды мейіріммен, ақылымен өмірге бейімдейді. Әжелер үнемі "арыңды аяқ асты етпе, үлкеннің жолын кеспе, біреуді жамандама, бөтен адамның ала жібін аттама" деген сияқты адамгершілікке баулитын сөздерді қайталаудан жалықпайды.

Бірақ, қазір мұндай әжелер саусақпен санарлық. Өйткені бүгінгі ұрпақтың үлкендермен қарым-қатынаста өздерін ұстауы, жаман қылықтарға жақындығы әже тәрбиесінің жетіспей тұрғанының айқын дәлелі, – дейді этнограф Құралай Сәрсембина.

Әженің емірене маңдайдан сүйіп, бауырына қысып еркелеткеніне жетер ештеңе жоқ. Балаларымызды әже мейірімінен айырмайық.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары