Сүндеттеу

Қазақта шілдеханадан соң ең атаулы той – сүндет тойы. Ес тоқтатата бастаған баланың өз өміріндегі ағайын-туыс ортасында өзіне деген ықыласты сезініп, құттықтаулар мен бата-тілекті қабылдайтын алғашқы тойы. Бұл күнгі бар назар – сүндеттелген балада болмақ.

Медицина ғылымында "циркумцизия" (лат. Circumcisio – дөңгелете кесу) деп аталатын сүндеттендірудің ата-баба дәстүріне қай кезеңнен бері айналғанын нақтылы ен тағып бере алмай келеді. Әу баста ислам дінінде 3-5 жастағы ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасаған ғұрыптың б.э.д. Мысырда кең қолданылғаны мәлім боп отыр.

Сүндеттелген перғаун бейнесі мен ересектеу екі баланы сүндетке отырғызу рәсімі көрсетілген папирус суреттерінің Каир мұражайында сақталғаны дәлел боп қабылданды. Демек, баланы сүндеттеу тарихы тереңде жатса керек.

Этнограф Досымбек Қатранұлының айтуынша, сүндеттеу дәстүрі Х-ХІ ғасырда исламнан келіп, жалпыхалықтық болғанын айтқан. Ислам дінінен өзге діндерде де сүндеттеу рәсімінің болғанына куә ретінде сүндеттеу дәстүрі еврейлерде ерекше мереке боп саналатынын айтсам, артық айтпаған болармын.

Екі баланы қатар сүндеттеудің құпиясы

Әр дәстүрдің түбінде бір құпия тылсым бары анық. Дәстүр текке қабылданып, қолданыс қалыпына енбесе керек. Мәселен, бір үйдің екі баласын қатар сүндеттеу кезінде ішін шөпке толтырған бала көлеміндей қапшық қуыршақты қатарына жатқызғанын біреу естісе, біреу естімеген болар.

3-5 жасар екі бірдей немересі бар туысымның тек 5 жасарын ғана сүндеттегенде: "Екеуін бірдей сүндеттей салмадыңдар ма? Екеуі бірге ойнап, қиналғаны білінбей кетер еді?" дегенде естігенім: "Екеуін бірдей сүндеттеуге болмайды. Біреуі ауырсынып, ұзақтау жатып қалады..." болды.

Отырғандар арасынан ер-азаматтар: "Бала күнімізде ауыл үйдің балаларын молда алдырып, бір үйге жинап, топырлата сүндеттейтін. Бәріміз жүгіріп кеткенімізде, арамыздан біреуі міндетті түрде ауырсынып, ұзақ жатып қалатын. Демек, астарында шындық бар екен де?.." десе, сөздің текке айтылмағанын қолдай кетті.

Әсіресе, дастарқан басындағы қария айтқан сөз бәрімізді таңқалдырды. Көне түркі заманында, бір үйден екі бала қатар сүндеттемеген екен. Сүндеттеген жағдайда үшінші етіп қапшық толы шөптен қуыршақ жасап, қатарына жатқызғанын айтты. Ешқашан естімеген, еш жерден оқымаған дерекке отырғандар түгел таңданыстық.

Қуыршақ жатқызуының себебін сұрадық. Себебі өте қарапайым: "Ібілістің әскері екі бірдей қуанышты ата-анасынан қызғанып, біреуін алып кетпекке жетіп келеді екен. Сол кезде шетте жатқан үшінші баланы алып кетеді-міс. Үшінші боп жатқан шөп піспеленген қуыршақ қапшық болғандықтан, ауыртпалық қапшыққа түсіп, екі бала ауыртпалықтан құтылады" деген ырымға сенген.

Бұндай ырымды отырғандардан ешкім естімеген екен. Қария бұрын-соңды ешкім естімеген ырымды бала күнінде ауыл ересектері үкіметтен қорқып жасырын жасағандарын айтты. Кеңес үкіметі кезеңінде "жаза қолданады" деп қаймықса керек.

Қызығы, ырымға құлақ аспағандардың екі баласының бірі ұзақ жатып қалып отырған. Дәлелге көздері жеткен халық, Тәңірлік нанымды қолдануға мәжбүр болған. Таңқаларлығы, бізге жетпеген ырым өз кезеңінде қолданысын ақтап отырған.

Десе де, қос ұлды қатар сүндеттемеудің құпиясының сақталмауының басты себебі – сүндеттеуді ескіліктің қалдығы деп, кеңестік саясаттың тиым салуында жатса керек. Тиым түбінде ислам дініне деген қарсылықтың жатқаны да жасырын емес. Не көрмеген қазақ десеңізші?!.

Сонау отызыншы репрессия жылдары молдалардың жаппай қуғынға ұшыраған қасіреті тарих бетінде ақтаңдақ боп тұрғаны шындық. Өйткені молдалар – дін мен дәстүрді қатар ұстаған, ұлт мәйегі ретінде жаңа саясатқа қатер төнгізген.

Көнеде бабалармыз ислам мен Тәңірге сиынушылықты қатар алып жүргені белгілі. Әлі күнге жаңа түскен жас келінге отқа май құйдыру, бесікті адыраспан түтінімен аластау, нәрестенің бас жағына қасқырдың кепкен тұяғын іліп қою секілді дәстүрлеріміз жалғасып келеді.

Қуыршақ қапшықты қолдануда сақталмаған көне дәстүр болмысында Тәңірге сиынушылықтың нақтылы белгісі тұр. Залалы болмаса бабалар сеніміне ие болған ырымды қолданғанның артықтығы жоқ деп ойлаймын. Осындайда қос діннің жағымды жағын қатар алған бабалар даналығына тәнті бола түсесің.

Бүгінде дүнежүзінде ер адамдардың алтыдан бірі сүндетке отырады екен. Діні бөлек Американың өзінде профилактикалық әрі гигиеналық мақсатпен балалардың тоқсан пайызы сүндеттелетінін статистика айғақтап отыр.

1,5 миллиардтан астам мұсылман мен Африкадағыларды былай қойғанда – Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді экономикасы жоғары деңгейде дамыған алпауыт мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу бүгінде қалыпты үрдіске айналғаны текке болмаса керек.

Еуропа мен Америка құрлықтарында сүндеттеуге қарсы болғандар тобы әлбетте басым түсіп жатты. Адам ағзасына жағымды жайттың діни көзқарасы бөлек жандарға жеңілге соқпасы белгілі. Бұл жерде басты тартыс; бала гигиенасына тиімділігінен гөрі, діни тартыстың басымдылығы жатқаны айдан анық.

Америка мойындаған ақиқат

Бала денсаулығын жақсартудың тиімді жолдары жателдіктердің назарынан шет қалмады. Соңғы жылдарға дейін үйіне молда шақыртып баласын сүндеттеген ислам дәстүрінің жеңіл әрі тиімді жағын табуға бас қатырған АҚШ-тың педиатрлық академиясы 1989 жылы сүндеттеуде жаңа туған нәрестелерге арналған ауыртпайтын әрі қауіпсіз препарат табылғанын ресми түрде мәлімдеген болатын.

Бүгінде Вашингтонның балалар емханасының медициналық орталығында (Childrens Hospital Medical Center) ата-аналардың қадағалауымен жаңа туған балаларға жасалатын барлық хирургиялық операциялар кезінде ауруды басатын анестезия пайдаланылып жатқаны, сүндеттендірудің бала денсаулығына қаншалық тиімді екеніне қосымша дәлел болды.

Әлемдік медицина әрдайым өзге халықтардың салт-дәстүрінің адам денсаулығына жағымды жағын жіті бақылап, өз қажеттігіне қолданып отырған. Иә, "медицина бастауын бізден алған" деп көкірек керген еуропалықтар бүгінде мұсылман елінде медицина өздерінен әлдеқайда озық қолданылғанын мойндауға мәжбүр.

Қазаққа дәстүрге айналған сүндеттеудің бала денсаулығына қаншалық пайдалы екендігін 2000 жылғы баяндамасында Американың медициналық ассоцациясының (Аmerican Medical Association AMA) сүндеттеудің несеп қуық жолдарын сирек кездесетін қатерлі, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтындығын мәлімдеуінен көруге болады.

Көздері енді жетіп, мойындалған сүндеттеуді ата-бабамыз: сүндеттелмегенге қарағанда сүндеттелгендердің қатерлі ауруға ұшырамайтынын еш ғылымсыз-ақ білген. Десе де, ғылыми дәлелденген тұжырымдамаға көз жіберсек, Американың акушер және гинекология академиясы да (American Academy of Obstetricians and Gynecologists ACOG) Педиатрлық академия мен медициналық ассоцацияның мәлімдемелерін дұрыс деп қабылдап, сүндеттеуге ескішілдіктің сарқыншағы ретінде қарауға ешқандай медициналық негіз жоқ екенін жариялап үлгерді.

Сүндетттемеудің қатері

Ғалымдар сүндеттелмегендерге қарағанда, сүндеттелгендер жыныстық қатерлі ісікке(рак) анағұрлым аз шалдығады. Ері сүндеттелмеген әйелдерде жатыр мойынының қатерлі ісікке шалдығу қаупі алты есе жоғары екен.

Басқасын айтпағанда, Австрия ғалымдары СПИДке шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігі сүндеттелмегендер екенін дәлелдеп отыр. СПИД вирусы ең әуелі жыныс мүшесінің ұш қабатын зақымдап, микрозақым алған тұста қабыну қаупі өте тез жүреді екен.

Гигиеналық тұрғыдан бактериялогиялық, стафилоккок (іріңді микроб), гонорей микробтарынан таза болу тұрғысынан т.б сан-алуан қатерлі кеселден ада болу үшін сүндет жасау керектігін медицина мойындап отыр. Әлбетте, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) қалдырған сүннет амалын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан біздерге қалыпты жайттың астарында қаншама медициналық дерттің алдын алу жатыр десеңізші?

Бала 3 не 5 жасқа келгенде сүндеттеуде мән бар. Шелелдіктер көбіне бала бір жасқа толғанда сүндеттеуді қолдап отыр. Бір жасына бала ағзасы толық қалыптаспаған тұста сүндеттеу қауіптні. Оны атам қазақ дәстүр арқылы дәлелдеп кеткен. Міне, қазақтың даналғы қайда жатыр?!

Дала дәстүрі мен қағидасының медициналық тұрғыдан биік дәрежеде маңыздылығына көбіне мән бермейміз. Өйткені, ол біздің қалыпты өмір сүру формамызға еніп кеткен. Сонысымен қуантады да.

Ат жалын тартып мінетін той

Сүндет тойына қазақ ерекше мән берген. Өйткені, сүндетке отырғызылған бала ат жалын тартып мінуге қажет кезінде туған топырағын келген жаудан қорғауға даяр деп санаған. Сондықтан да көбіне сүндеттелген баланы атқа мінгізіп, көрімдігіне мал атап отырған.

Мал атауының да өзіндік сыры бар. Ырымның түбірінде жақсылыққа жетелеу жатқаны анық. Ат жалын тартып мініп, көпшілік ортасында тұрған балаға келе жатқан кесір-кесапатты аталған мал өзіне қаратып алады деген ырым, күні бүгінге дейін сақталып келеді.

Әлбетте, заманына қарай – көрімдігі. Бүгінде сүндет той үстінде малдың құнына татырлық ақшалай сый беріледі. Оңтүстік өңірінде сүндет тойдың баладан кейінгі басты кейіпкері – нағашылар.

Баланың нағашылары үстіне екі басы сыйлыққа нық толған қоржын артылған атты ауздығынан жетелеп, той боп жатқан үйдін есігінің алдына алып келіп байлайды. Той басталғанда ауыздықты атқа мінген сүндеттелген баланы көпшілік алдына жетелеп шығу құрметін нағашылар атқарады.

"Ердің ер болуы – нағашыдан" дегенді текке айтпаса керек.Тойға келген халайық, тұсынан өткен баланың қоржынына көрімдігін салып, қуанышын еселете түседі. "Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты – ұл ғой шіркін, қашанда..." деп әндетуде мән бар.

Кейде, көне ырымдарды қайта қалпына келтіргеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз-ау деген де ой келеді.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter