Тікелей эфир

Күшік күйеу деп кімдерді айтқан?

Фото kazatu.kz
Фото kazatu.kz
Баласының күшік күйеу атануы қазақ үшін сүйекке түскен таңбамен бірдей. Қазір әлеуметтік жағдайды сылтауратқан күшік күйеулер қаптап кеткен.

Тәрбиені тал бесіктен бастаған дәстүрлі қазақ отбасында күшік күйеулер өте аз болды. Өйткені қазақ – ұлын бөтеннің босағасынан сығалатпаған, келінін жат жұртқа тентіретпеген, жетімін жылатпаған халық.

Отбасында ер баланы "ұрпақ жалғастығы" деп, есейген баланы жігіт төресі, жігіт ағасы, отағасы, отбасының тіреуі деп қадірлеген. Ал сол қадір тұтқан ұлы әдебиеттанушы Тоқтар Әлібектің айтуынша, өз руынан бөлініп, келіншектің туған жерінде, қайын жұртымен аралас-құралас тұруы бүткіл бір рудың бетіне шіркеу болған.

– Ер баланың басқа рудың ортасына барып тұруға хақысы болмаған. Өйткені бұл әрекеті арқылы бір руды ұятқа қалдырған. Сондықтан қазақ тәрбиенің асылын баласына берген. Жазылмаған дала заңына ұлы да, қызы да, келіні де бұлтармай бағынған. Бөтен елде күшік күйеу болмаудың алдын алған қазақ әмеңгерлік салтын ұстанған. Ондағы мақсат – ұрпағының басқа елге кетпеуін қадағалаған. Дәл қазіргідей күйеуі өлсе немесе ажырасқан жағдайда келіннің артынан баланы бермеген. Өйткені бөтен елге шешесінің артынан еріп кеткен баланың шыққан тегін, туыс-туғанын ұмытатынын білген.

Сондықтан ру ақсақалдары бұл мәселені дер кезінде шешіп отырған. Ұлдың күшік күйеу атануы, келіннің өз бетімен басқа елге кетуі дегенге жол бермеген.

Ал егер отбасында бір қыздан басқа баласы жоқ болса, жағдай басқаша шешіледі. Ондай жағдайда күйеу баласы ата-енесін өз қолына алып бағуы оның текті, тәрбиелі ортадан шыққанын көрсетеді, – дейді әдебиеттанушы

Қайын жұртта жүрген жігітке күн көрсетпеген

– Қазақта жезде мен балдыз қалжыңы деген дәстүр бар. Яғни, балдыз не айтса да, не жасаса да күйеу бала шыдайды. Сондықтан осы дәстүрді оңтайлы пайдаланып, ауылында тұрып жатқан күшік күйеудің балдыздары қалжыңдаған болып, қайын жұртта тұрып жатқанын бетіне басып, мазақ қылған. Мұндай сөздерді күнде естіп, оған шыдау моральды тұрғыда өте қиын. Өйткені әр айтылған қалжыңның артында үлкен салмақ тұр. Жігіт сол ауылдың барлығына күйеу бала болғандықтан, намысына тиетін сөздер ғана айтып қоймай, малына дейін алып кеткен жағдайлар болған. Яғни, сұлтан болса да, батыр болса да өз бетінше үй болып кете алмағанын үнемі есіне салып отырған.

Ал қазір күйеу жігіттің қайын жұртының үйіне көшіп бармаса да, сол төңірекке тұруы ерсі көрінгенмен, үйреншікті жағдайға айналды, – деді Тоқтар Әлібек.


Күшік күйеу қайынжұртта мазақ болған

Қазақ агротехникалық университетінің студенттері "Күшік күйеу" спектакльін бес жыл қатарынан сахналап келеді / Фото aktk-nt.kz[/IMAGE_ALT


Күшік күйеу деп кімдерді атаған?

Қазақта белгілі бір себептермен ғана күшік күйеу деп атаған. Бірінші, ағайын-туысынан айрылған, ешкімі жоқ жетім баланы айтқан. Екінші, ағайын-туғандары бар болса да қалыңмал беруге жағдайы жоқ жігіттер еңбегімен, яғни қайынжұртының малын бағып өтеп құтылатын болған. Үшінші, кірме күйеу болған. Ел кезіп, жер кезіп жүріп, келіншек алған елге сіңіп кеткен жігітті кірме күйеу деп айтқан. Төртінші, өз елінде істі болып, қылмыс жасап қашып жүріп қайын жұртын паналаған күйеуге осындай атау берген.

Тіпті жігіт қалыңдығына жалғыз бармаған. Ал отбасын құрғаннан кейін қайын жұртына жиі баратын күйеу баланы "Жаман жігіт қайынсақ" деп мазақ қылған. Осылайша намысын қайрап отырған. Өйткені кең даланы кезіп жүрген қазақ намысты бірінші орынға қойған. "Жаным арымның садағасы" деген сөз осыдан қалған.

Қазақтар әке-шешесін танымайтын жермен құдаласпаған. Кей жағдайларда жігіт басбұзар болып, құлай сүйген қызымен бірге тұру үшін салттан тыс әрекетті жасаған кездері болған. Өйткені екі жастың өз еріктерімен қосылуына белгілі себептермен үлкендер қарсы болған. Танымайтын елден қыз алу дәстүрі батырлар арасында болғанын жырлардан оқып білдік. Онда батыр елді аралап, қыз таңдап шығады немесе ақылына көркі сай бір отбасының қызына құда түседі, – деді әдебиеттанушы.

Жігіттер жат жұрттық болды

– Жаһандану дәуірі қазақ отбасыларына кері әсерін тигізіп отыр. Тепсе темір үзетін жастағы жігіттерде намыс жоқ, жеңіл өмір сүруді ойлайды. Қазір қыз емес, жігіт жат жұрттық болды. Осы әрекеттері арқылы ер азаматтың орны төрде емес, төменде деп көрсетіп жүр. "Қатын алма, қайын ал" дегенді дұрыс түсінбеген жастар тегіне қарамастан есеппен үйлене бастады. Алайда қандай жағдайда болғанына қарамастан сұлтан болса да, қайыршы болса да қайын жұртында тұрған жігіт күшік күйеу атанады, – деді Тоқтар Әлібек.

Ертеде бір кедейдің күйеу баласы қолында тұрады. Жұмыс істеп жүргенде әлгінің тонын ағаштың бұтағы жыртып кетеді. Сонда ызалы атасы: "Жұт жеті ағайынды. Айыр ағашпен сегіз, жаман күйеумен тоғыз" депті.

"Уақытша тұрса, күшік күйеуге жатпайды"

Әлеуметтану ғылымының докторы Мансия Садырова күшік күйеу атанған ұлдардың көбеюіне ұлттық құндылықтың болмауы себеп болып отыр дейді.

– Ұлттық құндылықты бойына сіңірмеген бала материалдық жағдайды бірінші орынға қояды. Сондықтан көбіне әлеуметтік жағдайы төмен ер бала еріксіз қайынжұртта тұрады. Яғни, қайынжұртына бағынышты деуге болады. Ал олармен тіл табысып, сыйысып тұруы қыздың ақылына байланысты.

Ал егер әлеуметтік жағдайын жөндеп алғанша, уақытша тұратын болса, күшік күйеуге жатпайды деп ойлаймын. Бұндай жағдайда намыс туралы айту артық, – деді әлеуметтанушы.

Жалқау еркектер көбейген

– Қазіргі таңда әйелінің табысын талғажау еткен еркектер саны артқан. Әйелдер әртүрлі кәсіпті үйреніп алып, ақша тауып, бала-шағаны асырауға тырысады. Отбасында тек шешесінің нантапқыштығын көріп өскен бала жалқау, "дайын асқа тік қасық" болады. Өйткені ер балаға әке – үлгі. Осылайша баланың санасында есепке құрылған неке, "жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүру" қағидасы орнығады. Демек ата-ана ол ойдың ұрығын балаға өзі сеуіп отыр.

Сонымен қатар қыз баласына ата-ананың мөлшерден тыс жағдай жасаудың да кері әсері бар. Ал қайын жұртының есебінен күн көрген еркекте азаматқа тән қасиет қалмайды. Өйткені келіншек те шаңырақтың иесінің кім екенін есіне жиі түсіріп тұрады, – деді Мансия Садырова.

Ұл күшік күйеу кейпіне енген заман болды

Кезінде Мөңке бидің аса көрегендікпен айтқан сөзі бар: "Ішіне шынтақ айналмайтын, Ежіре­й деген ұлың болады. Ақыл айтсаң ауырып қалатын, Бедірей деген қызың болады. Алдыңнан кес-кестеп өтетін, Кекірей деген келінің болады... Алашұбар тілің болады, Дүдәмалдау дінің бо­лады, Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады... Кебір – жерге теңеледі, Әйел – ерге теңеледі..." деп заманның сұлбасын осылай сипаттап берген еді.

Осылайша Мөңке бидің айтқан ұлы өзін ғана ойлайтын "күшік күйеу" кейпіне енді дейді мамандар. Мөңке би айтқандай әйел – базаршы, еркек – қазаншы болды.


Қазақ жігіттері арасында Малайзия еліне де күйеу бала болып, сол жақтың салтын қабылдағандар бар

Қазақ жігіттері арасында Малайзия еліне де күйеу бала болып, сол жақтың салтын қабылдағандар бар / Фото ғаламтордан алынды


Қазақта тек күш күйеу болған

Қазақ салт-дәстүрін зерттеуші Айып Нүсіпоқасұлы "Тал бесіктен жер бесікке дейін" кітабында қазақ адамгершілік пен ізгілік танытудың ақылға сыйымды түрлі тәсілдерін ойлап тапқанын жазған. Сондай тәсілдердің бірі – күш күйеу.

Үйінде шаруашылығына көмектесетін ер балалары жоқ отбасылар күйеу баласын өз алдына отау көтеріп, ауылында ұстауын "күш күйеу" деген.

Қолы қысқа, әл-ауқаты төмен, үйленіп, бас құрауға шамасы келмейтін, адал, арлы азаматтарды күш күйеу етіп, қалыңмал төлетпей кіргізіп алады. Немесе жігіттің ата-анасы қызы бар үйдің қолына кіргізіп беретін болған. Бұл салт бірлікке, қайырымдылыққа тәрбиелейді.

Ал тағы бір деректерде жігіт ағасы жасына жеткенше сүрбойдақ атанғандарды туыстарының ықпалымен үйлендірген. Ондай жігіттерді де "күш күйеу" деп атаған.

Ене мен күйеу баланың қарым қатынасы қандай болған?

Қазақ дәстүріне ер азамат қайынжұртымен алыстан сыйласқан. Күйеу бала анда-санда келген енесіне лайықты құрмет көрсеткен. Күйеу баласының үйіне келген енесі жатып алмай, аман-саулықты білген соң қайтып кеткен. Өйткені күйеу баланың үйінде айлап жату ұят саналған. Қызы шағымданып барғанда, тігісін жатқызып, күйеу баламен де, құдаларымен ара-қатынасының бұзылмауын ойлаған. Сондай бір әңгімесін Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында жазған болатын.

– Ене мен күйеу бала туралы айтқан әңгімең күні бүгінге дейін ұялатын бір жағдайды есіме түсірді, – деп Бақытжан әкесіне қарады. Ата "айт" дегендей иек көтерді.

Басқа әке, қайын аталарды білмеймін, осылай өзімізбен өзіміз әңгіме-дүкен құрғанда ата біздің бүкпесіз сөйлеуімізге ерік беретін. Біз үшін жабық тақырып жоқ. Тек шеңберден шықпай, бас жаққа барыспай сөйлесек болды. Бұл арада мен көбінесе тыңдаушымын, қостаушымын. Тиексіз сөйлейтін ол – Бәкең.

– Бір жолы мына Зейнепті байқамай қағып кеттім бе, қолым тиді ме… В общем, келінің үйден шыға жөнелді. Содан жоқ. Бір кезде келді. "Серуендеп келдім…" деді де қойды. Ішімнен "Серуендесең серуенде, бағанағы үшін мазамды алмасаң болды" деп мен де басқа еш нәрсе сұрағам жоқ. Екі-үш күннен соң Зейнептің мамасы келді үйге. Әдеттегідей аңқылдап, "жандарым, күндерім" деп ай бойы көрмегендей айналып-толғанып жатыр. Мені "қазанбасым" деп еркелететін. Бір қызығы, өзінің қызынан бұрын алдымен менің маңдайымнан сүйетін. Бұл жолы да – сол әдеті. "Балалар мал сойып еді, сендерге жас ет әкелдім" деп басқа да жаңалықтарын айтып, көңілді отырып, шай іштік. Содан кетуге жиналды. Аялдамаға шығарып салайық деп екеуміз де ілесіп едік, "үйіңнің тірлігін істе" деп Зейнепті қалдырып кетті. Ойымда түк жоқ, аялдамаға аяңдап келдік. Сонда ғана апам маған қарап:

– Балам, сенің көзің тұнық, жүрегің таза. Мен аналық сезіммен оны анық білемін. Анау қыздан кеткен анау-мынау кемістік болса, кешір. Ерке болғанымен, ақымақ емес, сөз түсінеді. Қайсыбір бейшара еркектер әйелге қол көтереді. Ол – азаматтық емес, әлсіздік. Сенің ондай әлсіздікке бармайтыныңды білемін. Өйткені сен – шаңырақтың иесі, оттың иесі, нағыз ер азаматсың, балам, – деді.

Құлақ шекем дуылдап, қаным басыма бір-ақ шықты. Жердің тесігі болса, ойланбастан кіріп-ақ кетер едім. Егер ол кісі ашу шақырып, дауыс көтеріп ұрысқанда мен өзімді қайта еркін сезінер едім. Қалай еді әлгі… Ә-ә, "мақтамен бауыздау" дей ме, тура сондай болды. Мынаның мені жамандап, титімдейді түйедей етіп дулатып барғанын алдын ала білгенімде баяғыда-ақ сөзімді жұптап қояр едім…

Осы жерде оның сөзін амалсыздан бөліп жібердім:

– Ол жағдайдың бірінші бөлігін білмейсің. Анама жылап барғаным рас, бірақ шапалақпен шықпыртып, үйден қуып жіберген.

– Ой, қандай арамсың! Сонша жылдан бері ішіңе қалай сыйған? – деп Бәкең екіленіп келе жатыр еді, ата:

"Әй, тоқтағын! Ары қарай қоймала­рыңды қопармаңдар! Менің ұққаным, Мәлике құдағи парасатпен басалқылық танытып, екеуіңді де дер кезінде жүгендеген екен. Ал балам, енді маған ыстық шай әкелгін", – деді маған қарап.

Күшік күйеулерді азайтудың бір ғана жолы бар

Түркі тектес халықтарда да күшік күйеу ұғымы бар. Мысалы‚ қырғыз‚ ноғай‚ өзбек тілдерінде осы күш күйеу варианты айтылады. Қырғызша – күч күйөө‚ өзбекша – ич күөв‚ ноғайша – үй күйеу дейді. Бəрі де қалың малдың жоқтығынан əйелінің үйінде жұмыс істеп‚ кейін ата-енесінің үйінде қалып қалған "күйеу жігіт" деген мағына береді.

Алайда жастардың қанына сіңіп бара жатқан бұл әдеттен арылту үшін халыққа белгілі, үлгі боларлық азаматтармен кездесуді жиі ұйымдастыру керек. Мысалы, спортшы Ардақ Назаровтың тәрбие, намыс, салт-дәстүр жайлы айтқан сөздерін әлеуметтік желі арқылы тараған видеода жастардың сілтідей тынып, тыңдап отырғанын байқаймыз. Өйткені елге белгілі, нар тұлғалы спортшы азаматтарға қарап ұлдар үлгі алады. Ал сөзіне қарап ойын түзейді. Демек, бұл әдісті тәрбие құралы ретінде пайдалану керек деп ойлаймын, – деді Тоқтар Әлібек.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары