Informburo.kz ұмыт бола бастаған 10 салт-дәстүр туралы ақпаратты жинақтады. Бірақ, оны оқымас бұрын алдымен қазақ дәстүрлері туралы біліміңізді тест сұрақтарына жауап беру арқылы тексеруді ұсынамыз.
Тест 10 қазақ дәстүріне қатысты 10 сұрақтан тұрады. Оларға жауап беріп болған соң, бұл дәстүрлер туралы толық ақпаратты төменнен оқуға болады.
Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?
Ежелгі дәстүрде қайтыс болған адамның тұтынған киімдерін оның сүйегін жууға кірген, яғни, халық тілімен айтсақ, "өлікке түскен" адамдарға марқұмның атынан киім үлестіреді: бас жағына түскенге бас киімін, ортасына түскенге шапанын, аяғына түскенге етігін (шұлғауымен) атап, таза, тұтынылмаған киімді үлестіретін салт болған.
Бұған қосымша өзі қатарлас адамдарға басқадай ұсақ киім, көйлек және басқа кәде қоса ұсынады. Егер киімі берілмей, үй-іші қараулық жасаса, аруақ жалаңаш жүреді деген сенім бар.
Әмеңгерлік – күйеуі қайтыс болып, жесір қалған әйелдің қайын ағасына немесе қайын інісіне, болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан қағидаға айналып, заң нормасы ретінде қалыптасқан. "Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра", "Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді" деген мәтелдер осы дәстүрдің куәлігі іспетті.
Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген. "Жеті жарғы" нормаларында ері қайтыс болған жесірдің елден кетпеуін, күйеуінің қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Қаза тапқан еркектің туған-туыстары жесір әйелдің әмеңгері деп аталған. Қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен, ол өзінің туысының жетім қалған балаларына, яғни, өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік, жаны ашымастық ретінде бағаланған. Ал әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмей, тек өз қалауымен күйеуге шығу еркі ғана берілген.
Оқи отырыңыз: Қаралы үй. Қазаның жолы ауыр дейтін қазақтың салт-дәстүрі неге ұмыт қалды?
Қазақстанның кей жерлерінде, көбіне маусымдық шөп шабу кезінде үмеге шақыру дәстүрі болған. Көмекке келгендерге берілетін ас "үме" деп аталған. Үмеге жақын туысқандар да мал беріп, қымызын әкеліп, тағы басқа көмек көрсеткен. Үме кезінде ұйымдастырушылар тарапынан шөп шабындығына үй тігіледі де, ас әзірленеді. Ас ішіліп, желінгеннен кейін аяқ жағы той-думанға ұласқан. Кейде үлкен үмелерде жігіттер күреске түсіп, қара жарыстар ұйымдастырылған. Үме кезінде әркім өз өнерін көрсетуге тырысқаны ел арасындағы "Үмеге келген үндемей қалмайды" деген сияқты мақалдар айғақтайды.
Шаңырақта ұл бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны "нәрестенің бәсіресі" деп атау салты болған. Қазақ халқының ұғымында дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Қазақ халқы бәсіресі бар баланың да есейе келе малға деген ықыласы, пейілі түзу болады деп пайымдаған.
Оқи отырыңыз: Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?
Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Аушадияр деп аталатын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Қазір Қазақстанда аушадияр айтылмайды.
Қарапайым, тұрмыстық сөздерге құралғандықтан, ол тез жатталады:
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер.
Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле өлгенше серт болар.
Қалың малы төленген қалыңдық қайтыс болған жағдайда қазақ дәстүрі бойынша қалыңдықтың сіңлісін (балдызын) алу кезінде төленетін қосымша қалың мал балдыз қалың деп аталады. Күйеу қайтыс болған қалыңдығына ұрын барған болса ғана бұл ақы төленеді. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса, балдыз қалың төленбейді. Балдыз қалың – күйеудің балдызын алу үшін бұрынғы қалың мал үстіне түйе бастаған тоғыздан тағы да қалың мал төлеуінің атауы.
Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу. Ата дәстүрі ме әлде заңмен тосқауыл қояр ескірген салт па?
Қазақта сайыс ретінде ұйымдастырылатын салт-дәстүрлерді де кездестіруге болады. Солардың бірі – "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабында көрсетілген "деңгене" дәстүрі.
Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып "Деңгене! Деңгене жеуге келдік" деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішуі керек. Тауыса алмаса, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.
"Қыз ұзату" салты кезінде құдалар тарапынан әкелінетін ең басты, жолы бөлек кәде сыйды "сүт ақы" дейді. Оны "ана сүті" деп те атайды. Яғни, келген құдалар қыздың анасына "сүт ақысын" төлейді. Әлдилеп ақ сүтін беріп өсіргені үшін қыздың анасына кәде беріп, батасын алады. Бұрынғы заманда ол бір түйе немесе ат болған. Дегенмен Қазақстанның әр аймағы бұл дәстүрді өзінше өткізеді.
Оқи отырыңыз: Қазақтың табақ тарту дәстүрі. Оның түрлері қандай? Мәні, мағынасы неде?
"Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы" деген мәтел бар. Сыралғы – олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырым. Мәрт аңшылар мұндайда "сыралғы" сұрағанның сөзін жерге тастамайды. Есте болатын бір әдет-ғұрып – міндет. Бірақ атып алған аң сыйлыққа жатпайды.
Сірге мөлдірету
Күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі. Бие ағытар күні берілген қымызды "сірге мөлдіретер" дейді. Бұл дәстүрді өткізу үшін ауылдың ақсақалдары және аналары шақырылады. Ал олар риза болып, алғыс айтады, бата береді. Кейбір аймақтарда бұл дәстүрді басқаша "сірге жияр" деп те атайды.
Тест "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия", "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" (С. Кенжеахметұлы), "Қазақстан: Ұлттық энциклопедия" (Ә. Нысанбаев) кітаптарының мәліметтері бойынша дайындалды.