Тікелей эфир

"Құдайы қонақты құт" санайтын қазаққа не болды

Фото qazaly.kz сайтынан алынды
Фото qazaly.kz сайтынан алынды
Қонағын құдайдай күткен қазақ осы күні адамға сенуден қалған. Бөтенге есік ашпайтын болды. Тек кейбір ауыл қазақтары салтқа әлі берік екенін айтады.

Әлемге қонақжайлылығымен танымал болған қазақ бүгіндері есік алдынан бөтен адам көрсе, шошитын халге жетті. Дала қазағы мен қала қазағы болып бөлінген заманда қонағын қарсы алу үрдісі де өзгерген.

"Қонақ үйге құт әкеледі"

Осылай деген ырымшыл қазақ қашанда барын дастарханға салып, қабағын шытпастан қонағын қарсы алған. Жақын білісе келе таныстықтары тамырлыққа, одан кейін туысқандыққа немесе құдалыққа ұласқан. Осылайша тамырласқан адамымен ешқашан байланысын үзбеген. Дәл осы салтты берік ұстанатын ауылдар әлі де бар.

Қызылорда облысы Арал ауданың тұрғыны Сәлімгерей Бижановты ауыл тұрғындары әлі күнге дейін құдайы қонақты төріне шығарып, сыйлап жібереді дейді. Оның өзі шақырусыз келген қонаққа дастархан жайып, ас-суын беріп, қондыру– анасынан көріп, бойына сіңірген әдетім дейді.

Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?

– Бала кезімде үйден қонақ үзілген емес. Танымайтындар, бірі мал іздеп келеді немесе адасып келетін. Әйтеуір ешқайсысына анам "есікті ар жағынан жап" деп айтқан емес. Құдайы қонақ қазір менің үйіме де жиі келеді. Келген адамға тамағын беріп, демалған соң, не шаруасы барын сұрауға ұялып отырғанда, жөнін өзі айтады.

Құдайы қонағына ең болмағанда күріш көжесін береді

Бүгінде құдайы қонақ болып келетіндер бұрынғыға қарағанда біршама сиреген. Оған себеп алыстан келген адамдар бөлме жалдап тұрады немесе туысқанының үйіне барады. Бірақ Сәлімгерейдің айтуынша, елсіз жерде мал бағып отырған ауылдар әлі де құдайы қонағын сөзге келместен күтіп алады.

– Өзім де жалпы ауыл-ауылды аралап жиі жүремін. "Құдайы қонақпыз" деп жолда кездескен ауылға түссең, қолынан келген көмегін көрсетіп, тамағын беріп шығарып салады. Бізде Арал ауданында ауыл-ауылдың арасы өте қашық. Әрі адамдардың негізгі күн көрісі – мал болғандықтан, ауылдар да бір-бірінен қашықта орналасқан. Кейде құмды далада адасып, шөлдеп бір үйге түссең, ең болмағанда күріштен қайнатып қойған суық көжесін береді. Жөн сұраса келе, бір-біріміздің ортақ таныстарымыз көп болып шығады.

Оқи отырыңыз: Қазақтың ұмыт бола бастаған 10 салт-дәстүрі. Тест: біліміңізді тексеріңіз

Алайда үйге келген қонақтан секем алып, қорқу деген ой ешқашан келмепті. Тіпті оқыс бір жағдай болыпты дегенді де естіген емеспін. Біздің жақта көп адам осылай құдайы қонақ болып келіп, тамырласып кетіп жатады. Тіпті қайтыс болып кетсе де, балаларымен байланысын үзбейді. Өйткені қиын-қыстау кезде қол ұшын созған адамға өмір бойына ризашылық танытып жүреміз, – дейді ол.



пп

Қазақ құдайы қонағымен кейде туысқан адамдай араласып кеткен / Фото customs.kz сайтынан алынды


Тапқырлыққа талас жоқ

– Біздің ауылда Маханбет есімді атбегі кісі болды. Ол – көпті көрген, өте ақылды адам еді. Баптаған аттарын бәйгеге қосып жүретін. Бір күні үйір жылқысы жоғалып, досымен бірге соны іздеуге шығады. Үш-төрт күн іздеп, әбден шаршаған соң, бір мал бағып отырған үйге келіп түседі. Үйде келін жалғыз отыр екен. Оқыстан келген құдайы қонаққа жақтырмаған кейіп танытып, қабақ шытып, дұрыстап тамағын бермейді. Қарындары ашып, азып-тозған олар біраз сабыр сақтайды. Сол кезде Маханбет келіннің қай ауылдың баласы екенін сұрастыра бастайды. Сөйтсе, әкесін жақсы танитын болып шығады. Келінге әкесі жайлы, адамгершілігінің жоғары екенін, екеуінің қалай араласқандарын айтады. Оған риза болған келін атына міне салып, жайылып жүрген малдың ішінен бір қойды атына өңгеріп әкеліп, сойып, дұрыстап қонақасын береді.

Оқи отырыңыз: Жерлеу рәсімінің жоралғылары қандай? Қазада шашылу қазақы салт па, діни дәстүр ме?

Жалпы осындай жағдайда тапқырлық пен көрегендіктің көп пайдасы тиеді. Менің басымнан мұндай жағдайдың талайы өткен. 90 жылдары дағдарыс қысқан кезде де қазақ қонақжайлығын жоғалтқан жоқ. Өйткені, алғаш тәуелсіздік алған жылдары саудамен айналысып, ауыл-ауылды көп араладым. Сонда көзім жетті. Қай үйге түссем де, иесі қара нан мен қара суын қабағын шытпай беретін, – деп есіне алады Сәлімгерей.

Құдайы қонақ деп кімдерді атаған?

Жолаушылап келе жатқан қазақ барар үйін, қонар жайын танысын, танымасын таңдап жатпайды, уақыты келгенде тіке барып түседі, түстенеді. Жайы келсе, түнеп аттанады. Танымаса танысады, жақындасып ағайындасады, айтылмаған сөзді айтады, ашылмаған сырды ашады, сөйтіп жанына жақын тартып, тұтасып, туысып, сырласып, дос болып кетеді. Ал танитын адам болса, емін-еркін әңгіме-дүкенін құрады, өткен-кеткенді айтысып, бір жырғап қалады. Арнайы шақырмаған, бұйрықпен келген осындай қонақты қазақ "құдайы қонақ" деп атайды.

Даладай кең мінезді, дарқан қазақ үйіне келген адамды қуана қарсы алып, құрметтеп, сыбаға тартады, мол да кең дастарқан жаяды. Жөні болса, ақсарбас қойын сойып тастайды.

Оқи отырыңыз: Өкпесүт, үлпершек, ақ тағам. Ұмыт боп бара жатқан ұлт тағамдарын жаңғырту жолы қандай?

Қазақтар құдайы қонақты ренжітпейді. Өйткені құдай айдап келген қонаққа өзінің шаңырағынан бұйырған дәнді, дәмді қызғануға болмайды деген наным бар. Құдайы қонақ қуана қонып, риза болып аттанса, Қызыр қолдайды, ал ренжісе, Қызыр шамданады, үйден бақ таяды, дастарқаннан ас айниды деп қорыққан.

Лондон тұрғыны мен қазақтардың көп айырмашылығы бар

Әлеуметтік желі қолданушылары арасында шетелге көшіп кеткен немесе уақытша тұрып жатқан адамдардың көбі қазақтың қонақжайлығын тілге тиек етіп, дәл сол отырыстарды сағынатын жазады. Лондонда білім алып жатқан Әсия Бағдаулетқызы қазақтар мен ағылшындардың арасында үлкен айырмашылық бары жайлы фейсбук парақшасында жазыпты. Оның айтуынша, қазақтар арасында өзгеге деген сенімнен гөрі күдік басым. Ол өзі тұрып жатқан мемлекеттегі адамдардың қонақжай болмаса да, бір-біріне деген сенімінің күшті екенін жазған.

– Үйде шай ішіп отырып, “қазақ деген – ұлы халық, кез келген жолаушыны “құдайы қонақ” деп төрге шығарған” деп жыр қылып отырамыз да, сол сәтте біреу есік қақса, күдікпен қараймыз,– деген жазба қалдырған екен.

Оқи отырыңыз: Қазақтың табақ тарту дәстүрі. Оның түрлері қандай? Мәні, мағынасы неде?

Қала қазағы құдайы қонақты қалай қарсы алады?

Алайда қала тұрғындарының құдайы қонаққа қатысты айтар өз уәждері бар. Өйткені қалалық жерде бөтен адам есік қақса, тақымын қысып отырмаса болмайды. Қала қазағына құдайы қонақты босағадан сығалату қорқынышты. Оған негіз де бар. Біресе газды, біресе суды тексерумен келдік деп тонап кетіп жатады, тіпті өлтіріп кеткен жайттар болған. Бұл адамдардың бір-біріне деген сенімін азайтты.

Бірақ құдайы қонақты қабылдамаса да, қала қазағының бойынан қонақжайлылығы арылған жоқ.

Қала тұрғындарының бірі – Серік үйіне келген "құдайы қонақты" қалай қарсы алғанын айтып берді.

– Мен – жалпы қонақжай адаммын. Ауылдас інілерім сәлем беріп, келіп тұрады. Шамамыз келгенше күтіп жібереміз. Дәл сол күні салқын тиіп ауырып жатқан едім. Есіктен бөтен адамның дауысы естілді. Үйдің иесін сұрағанға мені танитын біреу болар деп ойладым. Алайда алдымда бөтен адам тұр. Ауылдан келген інілерімнің бірі шығар деп тани алмай тұрғанымды айттым. Ол "құдайы қонақпын, үйіңе кіргіз" деді. Түсінбей қайта сұрап едім, боқтық сөз араластырып, "құдайы қонақпын" деді. Мен еш ойланбастан үйден қуып шықтым. Сосын ауладағы итті көрсетіп, егер онға дейін санағанша табаныңды жалтыратпасаң, мына итті босатамын дедім. Аяғы-аяғына тиместен безіп жоғалды, – дейді Серік.

Оқи отырыңыз: Қаралы үй. Қазаның жолы ауыр дейтін қазақтың салт-дәстүрі неге ұмыт қалды?

Бұрын құдайы қонақ басқаша болатын

– Менің бала кезімдегі құдайы қонақ деген басқа болатын. Үйге келген адам әңгімесін айттып, тамағын ішіп, демалған соң жөнімен кететін. Мен әкемнен бес жасымнан қалдым. Үйдің үлкені – ағам тоғыз жаста еді. Әкем қайтыс болған соң, жағдайымыз нашарлап кетті. Анамның табысы төрт баланы асырауға жетпейтін.

Бірде құдайы қонақ келді. Әкем құдайы қонақ болып барған үйімен тамырласып, жақсы араласқан екен. Әкемнің қайтыс болғанын естіп, оның аманат қылып қосып қойған бес-алты қойын бағып отырғанын айтты. Біз есейгенше, сол қойдың төлін өсіріп, көмек беріп тұрды. Есейе келе, туысқан адамдай араласып кеттік. Өзі қайтыс болса да, әлі күнге дейін балаларымен арамыз алшақтаған жоқ, қатынасып тұрамыз, – дейді Серік.


Құдайы қонағына бар дәмді асын ұсынған

Қазақ құдайы қонағына бар дәмді асын ұсынған / Фото baq.kzсайтынан алынды


Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу. Ата дәстүрі ме әлде заңмен тосқауыл қояр ескірген салт па?

Қазақта өзге де қонақ түрлері бар

Әрбір қазақ үйіне қонақ келсе, өзі есік ашып кіргізеді. Алайда қонақты есік ашып, шығарып салмайды. Үйге келген қонақты есік ашып шығарып салу – қонақты қуғанмен бірдей ұятты іс деп қарайды.

Сонымен қатар "құтты қонақ келсе, қой егіз табады, құтсыз қонақ келсе, малға қасқыр шабады", жалпы қонақтарды: "арнайы қонақ", "құдайы қонақ", "қыдырма қонақ", "қылғыма қонақ" деп төртке бөледі.

Қыдырма қонақ деп – туыс-туған, дос-жаран, құда-жекжаттарын арнайы іздеп барып, аунап-қунап жататын қонақтарды айтады. Мұндай қонақтар– жұрт сыйлаған беделді кісі немесе сары сүйек құда бастаған адамдар болса, онда қонақтың аз-көптігіне қарай жылқы баласынан көк қасқа, қой баласынан – ақсарбас сойылса, ал дос-жаран, алыс-беріс, барыс-келістері жиі адамдар болса және қонақтың аз-көптігіне қарай тай, қой сойып күтеді.

Қылғыма қонақ деп – қайсы ауыл, қайсы үйге қонақ түсіп, мал сойылып, ет асылып, тамақ пісіріліп жатқанын аңдып, дәл үстінен түсіп, қарнын тойдыратын қонақтарды атайды. Мұндай қонақты қазақ халқы "шақырылмаған қонақ – жұт" деп қатты жек көреді. Алайда қонақты үйден қумайтын қазақы дәстүр бойынша, оларға да барын беріп, қондырып аттандырады.

Оқи отырыңыз: Ошақ туралы. Жерошақ қоңырсыту және жерошақ бәйге



Арнайы қонақты – шақыртумен алдыратын, ұсыныс етілген және құдалық пен түрлі жиын-тойларға жататын үй, соятын мал, ұсынатын жол-жораларға дейін алдын ала әзірлеп, ауыл бойынша тік тұрып ерекше күтеді. Мұндай қонақтарға қой баласынан ақсарбас, жылқы баласынан көк қасқа, сиыр баласынан қызыл қасқа сойылады.

Құдайы қонақ деп – ойда жоқта, дәм-тұз айдап келіп, құдайдың бұйырған несібесін жеп, қонып аттанғандарды айтады. Мұндай қонақтарға қой баласынан – қоңыр тоқты, ешкі баласынан – қарашұнақ лақ, ал құдайы қонақ ерекше сыйлы адам болса, онда жылқы баласынан – торы тай сойып, қонақасы береді.

Қонақ күтудің өзіндік дәстүрі бар

Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ислам дінімен де тығыз байланысты. Шариғатта да қонақ күту әдептеріне жататын әрекеттер бар. Олар:

  • Қонақтың келгеніне қуану;
  • Жылы жүзбен алдынан шыға қарсы алып, кешіктірмей үйге кіргізу;
  • Үйден ең құрметті орны төрден орын беріп, ең жақсы асты тарту;
  • Жақсы сөздер, пайдалы әңгімелер айтып, сөзге тарту, әңгімесін тыңдау;
  • Отбасы мүшелерінің жылы шырай, жайлы қабақ танытуы;
  • Қонақтың намысына тиетін сөздерден аулақ болу;
  • Асты қысылмай жейтіндей жағдай жасау, қызықтыру және алдыртып отыру.
Оқи отырыңыз: Қазақ бас киімді неге қадір тұтқан?

Қазақ қонақжайлылық арқылы да баласын тәрбиелеп отырған

Яғни, қонақтың өнегесін үйренуіне, әр елдің дәстүрі мен мәдениетін дастархан басынан, айтылған сөз бен қонақтың әдебінен меңгеруіне аса мән берген. Сондай-ақ, әйел адам қонақ келген кезде бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі.

Қонақ отырғанда баласына ұрыспайды немесе дауысын көтеріп сойлемейді. "Қонағын сүймеген, баласын ұрады, не үйін сыпырады" деп, қонақ күтудің де айрықша үлгісі мен мәдениетін дәріптеп отырған.

Ал келген қонақтың қайсысы болмасын үйге кірер алдына қару-жарағын сыртқа іліп, өзінің қас емес, дос екенін білдірген. Содан кейін ғана үйге сәлем беріп кіреді. Үй иесі құдайы қонаққа бөлінбеген енші деп, кез келген қонағына тамақ беріп, сыйлап жіберген.

Шетелдегі қазақтар қонақжай ма?

Ирандық қазақ Жафар Шадкам шетелдегі қазақтарда "құдайы қонақты" күту дәстүрінің әлі бар екенін айтады.

– Жалпы қонақжайлық, "құдайы қонақты" күтіп алу әр отбасына байланысты. Бірақ біз елден жырақ тұрғандықтан қандасымыз келсе, құшақ жая қарсы аламыз. Мүмкіндігінше, үйге қондырып, жағдайын жасаймыз. Иранның табиғаты әсем жерлерін көрсетеміз.

Оқи отырыңыз: Баяғыда қазақ байлары қандай болған? Байлық пен дәулеттің айырмашылығы

Қандай қонақты үйге кіргізбеген?

Қазақтар той-томалақ, қуанышқа үйлерінде бала жоқ, ұрпақ сүймеген отбасыларын шақырмаған. Себебі, отау құрған балалары болса, немересіз қаламыз деп қауіптеніп әрі ырымдаған.

Сонымен қатар баласы жоқ әйелді жас жұбайлардың төсегіне отырғызбаған. Тіпті бұл жөнінде Сайын батыр жайлы жазылған эпоста баласыз қалған Бозманайдың зары да бар:

Бір перзентке зар болдым,

Сол перзенттің зарынан

Жиын тойға кірмедім

Өтерін дүние білмедім, – деген өлең жолдарын кездестіруге болады.

Құдайы қонақ ер азаматы жоқ үйге түспеген

Тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев қазақта кез келген жолаушының құдайы қонақ болып түсе бермегенін айтады.

– Бір елден екінші елге жол жүріп бара жатқан адам құдайы қонақ болып түсетін үйін алдымен сұрастырып, жөн-жосығын біліп алған соң ғана, үй жанына келіп, дауыстап, "сөйлесетін кім бар" деп сұраған. Үйде аттан түсіріп алып, қонағын күтетін ер азаматтың бар-жоғын білуге тырысқан. Және келген қонақтың жүріс-тұрысы, киген киімі сол құрметке лайық болу керек. Ал үйде ер азамат болмаса, кешірім сұрап, басқа үйге түсетін болған. Елге сыйлы адамдар ауылға жақындап қалғанда нөкерін немесе қызметшісін жіберіп, алдын-ала рұқсат сұраған. Ал байлар құдайы қонақтар үшін бөлек үй тіккен. Сондықтан жолаушылап келе жатқан адамның барлығы құдайы қонақ болып саналмаған. Жолаушылап жүрген адамға жай ғана тамағын беріп жіберетін болған.

Оқи отырыңыз: Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?

Кедейлік құдайы қонаққа көзқарасты өзгертті

– Жалпы құдайы қонақты сыйлаудың жөн-жосығын қазақтың ақсүйектері жақсы білген. Олардың тұқымын тұздай құртқан соң, халықтың көбі кедей болғандықтан кедейлік сана басым түсіп кетті. Ал біз ақсүйектердің әрекетін қайталағымыз келгенмен, санамыз жете бермейді, – дейді Жамбыл Артықбаев.

Қазақтың арқасында жер шарын тегін айналып шығуға болады

XIX ғасырда Қазақстанда болып қайтқан поляк Адольф Янушкеевич өз естеліктерінде қазақтың қонақжайлығы туралы мынадай жазба қалдырған:

"Егер экваторды айналдыра қазақ халқын орналастыратын болса, жер шарын тегін аралап шығуға болады".

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары