Тікелей эфир

Оралман, қандас, бауырлас, ағайын немесе отандас. Дұрысы қайсы?

Тіл ғалымдары, этнографтар және саясаткерлер "оралман" сөзін өзгертуге қатысты пікірлерімен бөлісті. Бір топ мамандар мәселе сөзде емес, істе екенін айтып отыр.

"Оралман" термині қалай пайда болды?

"Оралман" 1997 жылдың 13 желтоқсанындағы "Халықтың көші-қоны туралы" заңының 1-ші бабына сәйкес айналымға енген сөз.

"Оралман – жаппай саяси қуғын-сүргін актілері, заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру, ізгілікке жат өзге де әрекеттер салдарынан тарихи отанынан тысқары жерге қуылған және азаматтығынан айырылған, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы ұлт адамы, сондай-ақ оның ұрпақтары" деген мәнге ие делінген.

Мәжіліс "бауырласты" ұсынған

Бұл туралы Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек:

"Бүгін (2019 жылы 17 қыркүйек) Мәжілістегі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау өтті.

Талқылауда депутат Қуаныш Сұлтанов пен Нұрлан Дулатбековтың ұсынысымен "оралман" атауы "бауырлас" деген сөзбен алмастырылатын болып шешілді. Сөйтіп, сағызша созылған бұл мәселеге нүкте қойылғандай болды" – деп жазған болатын.

Президент "қандас" сөзін ұсынды

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Твиттер парағында былай деп жазды:

"Оралманнан" қашқан ағайын енді бізге "бауырлас" болды


Жамбыл артықбаев

Жамбыл Артықбаев / Сурет ФБ парағынан алынды


Этнограф, тарихшы Жамбыл Артықбаев:

"Оралманның орнына бауырлас дегенді ресми бекітіп алдық дейді жігіттер! Бауырлас деп туыс халықтарды айтамыз, арғы тамырымыз, тағдырымыз бір деген сөз. Гагауз түркілері бауырды шер дейді, яғни ескіден қалған жады! Енді бауырлас абақ-керей, бауырлас қызай дейтін болдық па?

Өзбекті бауырлас деуші едік, енді одан келген қазақты бауырлас дейміз, өзбекті енді қалай атамақпыз? Қандас деген сөзді де қоғамдық қатынастарда, қағазда пайдалану мүмкін емес, мағынасы бөлек билеп кетеді. Оның үстіне қандас туыс деп біз жақын ағайынды, жеті атаның ішін айтамыз.

Оралман деген сөзден неге сонша қашқандарыңызды түсінбеймін, жоқ жерден дау жасап, отанына оралып жатқандарыңыз өтірік пе?! Енді бауырлас, қандас дегенді орысша, ағылшынға аударып көр, бүйректен сирақ болып шығады", – дейді.

"Шетелдегі қандастар" деп толық айтқан ұнайды


Гүлтас Құрманбай

Гүлтас Құрманбай / Сурет жеке мұрағатынан алынды


Назарбаев университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Гүлтас Құрманбай:

"Ағайынды жат көрме, алыс жақын болмайды. Қандасым қасымнан табылса, қара ормандай қорғаным болмас па?! Бауырлас елдердің бірлігі мығым болса, бөтен жұрт көз алартпас. Оралман деген сөзді қабылдамаймын, себебі олар қандасымыз, бауырымыз, ағайынымыз".

"Мен қазақ емеспін..."

Алтайда туып ата жұртқа оралған қандасымыз, журналист Айкеш Кәдірбекқызы "Әкемнің ұлтымен қош айтысам, мен енді қазақ емеспін" деп өзінің ФБ парағында ренішін білдірді:

Үкімет сөзді емес, атқарылатын істі талқылау керек


Болат Мүрсәлім

Болат Мүрсәлім / Сурет Болат Мүрсәлімнің ФБ парағынан алынды


Танымал журналист, сарапшы Болат Мүрсәлім де: "Оралманды" "бауырлас" дегеннен, "қандас" дегеннен шеттегі қазақтың көші түзеліп кете ме? Үкімет пен Парламент соған бас қатырғанша, шеттегі қазақ диаспорасының келемін дегеніне құжат, көші-қон мәселесін жеңілдетуді неге ойламайды?" – деп ренішін білдірді.

Оралман мәртебесі уақытша беріледі

Қазақстан Республикасы аумағына өз бетімен келген этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін өтінішті мемлекеттік корпорацияға бере алады. Өтініш беруші мынадай құжаттарды беруге тиіс.

Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын этникалық қазақтар оралман мәртебесін алуға өтінішті Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне береді.

Оралман мәртебесi келесі жағдайларда тоқтатылады:
  • оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн;
  • Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттың күші жойылған жағдайда;
  • оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін.

"Оралман" сөзін ауыстыруға ұсынылған сөздердің төркіні

Туыстық қатынастың жақындығынан алысқа қарай: кіндіктес, аталас, рулас, қандас, туыстас, тектес, бауырлас.

  1. Оралман. Түбірі – орал (етістік). Оған сөз тудырушы жұрнақ "-ман" қосылып "оралман" деген зат есімді жасап тұр. Мысалы, "майталман", "көрермен", "оқырман", "қаһарман" секілді. Оралман – басқа жерден келген деген мағына береді. Яғни, оралған адам.
  2. Қандас. Түбірі – қан (зат есім). Оған сөз тудырушы "-дас" жұрнағы жалғанып "қандас" деген зат есімді жасап тұр. Қандас – қаны бір, бір кіндіктен тараған туыс. Бұл өте жақын туыстық қатынасты білдіретін сөз. Жақындық қасиеттің жақыннан алыстаған тәртібі бойынша – "кіндіктес", "қандас", "туыстас", "тектес", "бауырлас" болып жалғасады.
  3. Ағайын. Түбірі "аға" сөзінен шыққан, "-йын" жұрнағы арқылы жасалған сөз. Ағайын – туыстық жақындық қана емес жерлестік, көршілік мағынаны да қамтитын жалпылама сөз. Мысалы, "рулас ағайын, аталас ағайын, түркі тілдес ағайын" секілді.
  4. Отандас – жалпылама сөз. Бір отанның азаматтары деген ұғымда. "Шетелдегі отандастар" десек шетелде тұратын Қазақстан азаматтарын айтқан боламыз.
  5. Бауырлас – жалпы есім. Түбірі – бауыр (зат есім). Оған сөз тудырушы "-лас" жұрнағы жалғанып, жаңа "бауырлас" сөзін жасап тұр. Бұл көне қазақы танымда қыз алысып, қыз берісіп отырған көршілес тайпа не ұлттарды атайды. Әйел адам өзінен кіші туыс ер азаматты "бауырым" дейді. Соған сай "бауырмал", "бауырлас" деген сөз туған. Мәселен, "бауырлас ел", "бауырластар зираты", "бауырлас халық", "бауырлас қала" секілді кең мағынаны береді.

"Оралман" сөзі неге жақпайды?

  • Мұндағы басты себеп "оралма" – "келме, қайтып келме" деген мағынаны беретін сөз. Кей адамдар мұны "жаман ырым" ретінде қабылдауы мүмкін.
  • Екінші себебі – "оралман" сөзі туралы дау көп. Кей азаматтар "оралман" сөзін психологиялық жақтан кемсіту ретінде қабылдайды.
  • Үшіншіден – 2016 жылы қазанда сол кезде президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған Бағылан Майлыбаев саясатанушылар мен әлеументтанушылардың форумында "оралман" сөзін "ағайын" сөзіне ауыстыру туралы айтқан екен.
  • Төртіншіден – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та түрлі жиналыстар мен шараларда "қандастар" деп жиі айтатын.
  • Енді, президент Қасым-Жомарт Тоқаев та "оралман" сөзін "қандастар" сөзіне ауыстыруды ұсынып отыр.

"Оралман" сөзі – оғаш сөз емес


Батырболат Қабош

Батырболат Қабош / Сурет Батырболат Қабоштың ФБ парағынан алынды


Батырболат Қабош, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Елбасы кеңсесі хатшылығының меңгерушісінің орынбасары:

"Оралман" – шамданып, шала бүлінетіндей қорлық сөз емес, маңызды термин сөз. Ал термин, заңдық терминология нақтылықты, ғылымилықты қажет етеді, онда екіұшты мағына болмауы тиіс. Басқа синоним сөздерден айқын ірге ажыратқан, ішкі мағыналық қайшылық тудырмайтындай болуы керек.

Мәселен, мен барлық қазақпен қандаспын, отандаспын, бауырласпын, туыстаспын, бірақ репатриант емеспін ғой. Барша қазақ, бүкіл отандастар Қазақстанға шекара сыртынан келген жоқ қой. Ал "оралман" – репатриант деген сөз. Ал "оралман" сөзінің біреуге ұнап, біреуге ұнамауы – мүлде басқа әңгіме.

Осы сөз кейбіреулерге неге ұнамайтыны тіпті түсініксіз. Ол әлдебір ерке келіннің "Бізді "келін" демеңіздер, "шаңырақтас", "туыстас", "қыз" деп айтыңыздар" деп кесірленуі тәрізді шамамен. Өйткені "келін" мен "оралманның" түбіріндегі "кел", "орал" сөздері мағыналас және екеуінде де ешқандай кемсіту, қорлық реңкі жоқ", – деп жазған Жамбыл Артықбаевтің көзқарасына қатысты пікірінде.

"Оралман" термин ретінде дұрыс қабылданған"

"Оралман" сөзінен басқа сөздер қолдансақ міндетті түрде алдына "шетелден келген қандастар", "оралған ағайындар" секілді анықтаушы сөз қосылуы керек екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда "оралман" сөзі "репатриант" деген ұғымды беріп тұрғанын байқаймыз.

Филолог, лингвист, Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл – қазына" ұлттық ғылыми тәжірибелік орталығының ғылыми қызметкері Анар Фазылжанның айтуынша "оралман" – дұрыс термин, яғни тарихи себептермен басқа елден Қазақстанға оралған этникалық қазақ. Әрине, "оралман" сөзі кемсіткендей естіледі дейтіндердің уәжін де түсінеміз".

Диаспора, ирредент этникалық ұғымдарын дұрыс түсіну керек

Ирредент. Зат есім (итал. irredenta). Қоғамдық-саяси. Шекара бөлінісі бойынша өзге мемлекет иелігіндегі жерлерге тиесілі аймақта өмір сүретін, бірақ ата-бабаларының тарихи отанында тұрып жатқан азаматтар.

Ресейдің Астрахан, Орынбор, Омбы облыстарында немесе Қытайдың Шыңжаң жерінде тұрып жатқан қазақтар ирредент саналады ("Қазақ әдебиеті"). 15 томдық сөздіктен.

Диаспора (гр. διασπορά – шашыраңқы) – әлеуметтік ғылымдарда ұлттық ата-жұрты болып табылатын елден тысқары өмір сүретін халықтың бір бөлігі.

Диаспора күштеп көшірудің, геноцид қатерінің, экономикалық және географиялық факторлардың әсері салдарынан пайда болды. Диаспора термині алгаш рет еврейлердің Палестинадан тысқары жерлерде тұруына қатысты пайда болған.

Аудармашы, қазақ көшін зерттеуші ғалым Қалбан Ынтыханұлы:

"Бір жерде тұрғанына 100 жылдан асқан, тарихи мекенінде өмір сүріп жатқан халық диаспора саналмайды. Сол себепті, Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі, Моңғолиядағы Баянөлгей аймағындағы, Ресейдің Орынбор облысы қатарлы жерлердегі қазақтар өздерінің тарихи ата мекендерінде тұрып жатқандықтан диаспора саналмайды. Ал, Қытайдың Гансу провинциясындағы Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы, Түркия мен Еуропадағылар босып барғандықтан қазақ диаспорасы болып есептеледі, – дейді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары