Тікелей эфир

Қазақ отбасында әкенің орны қандай болған? Қазір қандай?

Фото turkistan.kz сайтынан алынды
Фото turkistan.kz сайтынан алынды
"Отағасы" деген атқа лайық ер азаматтар азайған, отбасындағы әкенің рөлі төмендеген. Өйткені оның отбасындағы орнын табысы анықтайтын болды.

Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. "Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала" деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.

Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүрдің ұмыт қалғаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол еді.

Оқи отырыңыз: Қыздың тәрбиесіне қырын қарамаған қазақ неге оны назардан тыс қалдырып алды?

Тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен кең де дархан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігі мен көреген саясатының арқасында оның ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді.

Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі – деген осы.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие сағатын енгізу басталды

Әлсіз әкенің баласы жасқаншақ

Абайтанушы Омар Жәлел дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өскен дейді.

– "Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ" деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды.

Оқи отырыңыз: Қазақ қоғамында бала тәрбиесіндегі әженің рөлі қандай болған?

Дәл қазіргі таңда үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын әкенің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға пайдасы жоқ болып өсіп келеді. "Жаман әкеден жақсы көрші артық" деген. Әке беделінен айырылып, жүзі кеткен пышақ секілді болып барады.

Бір дана "Біз мәпелеп, қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсіп жүріп, баламызға қастық жасап жатырмыз. Кейін есейгенде өмірге бейімі жоқ, шыңдалмаған бала қиындыққа тап болса, морт сынады" деген екен. Соны білген аталарымыз жастайынан ерлікке тәрбиелеген.


апа

Әке тәрбиелеген бала батыр болады / Фото qamshy.kz сайтынан алынды


Оқи отырыңыз: Келінді "келсап" қылатын ене ме, әлде үйдегі тәрбиеден бе?

Әке – баланың қорғаны

– Бұхар жырау "Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін" дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез-келген қорғанды бұзуға дайын болады.

"Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады" дейді. Яғни, жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Сондықтан біз бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын білгеніміз жөн. Бірақ қазақ өз құндылықтарына қайтып оралмайынша, әкенің отбасындағы рөлі төмендей бермек.

Ертеректе еркекті көк тәңіріне теңеген. Ал әйелді жерге теңеген. Күлтегіннің үлкен жазуында "Тәңірідей тәңіріден жаралған бабам Күлтегін истемін қаған" деген жазу осының дәлелі.

Әйел ерге қараса, еркек көкке қараған. Өйткені ер адам энергияны тәңіріден алып отырған. Айырмашылығы жер мен көктей деп босқа айтылмаған. Өйткені әйел мен еркек ешқашан теңелмейді дегені. Көктен найзағай ойнап, жаңбыр жауса да, жер бірқалыптығын сақтаған. Өйткені жер мен көк арасындағы үйлесімділіктің негізін жер қалап отыр. Яғни, жер мен көк қалай гармония тапса, әйел мен ер адам да солай бір гармонияда өмір сүру керек.

Қазақта әкесін көке деп атайды. Ол сөздің түпкі мағынасы көк деген ұғымнан пайда болған. "Көкеңді танытайын ба, көрсетейін бе, ұмытайын деген екенсің, көкем бар" дегенде әкесін шексіз күш-қуат иесі санаған.

Әйел еркектен бір саты төмен тұруы тиіс

– Құранда "Еркектерді биік қылып жараттық. Әйел еркектермен таласпасын. Олар несібесіне қанағат қылсын" дейді. Оны жоғары қылып жаратуының себебі табыс табушы еркек әрі табысын отбасымен бөліп жеу керек. Ал егер өзін еркек ретінде сезінбесе, жарытып жұмыс істеп, табыс таба алмайды екен.

Ал әйел еркектің беделінің жоғары болуына мүдделі. Еркек мал тапса, әйел бала табуға жаратылған. "Мал таппайтын еркек болмайды құрарын айт, бала таппайтын қатын болмайды тұрарын айт".

Біз 70 жыл бодан болғанда осы гармонияны бұзып алдық. Өйткені еркек пен әйел тең құқылы деген ұғымды миымызға сіңірді. Отаршылдық жүйе, кейін қызыл совет үкіметі қазақтың осы тамаша мектептерін жойды. Еркек пен әйелді тең деп жариялады. Еркектердің беделі күрт төмендеп, балаға идеал болудан қалды.

Қазақ әйелінің ерін сыйламау құбылысы қазақ даласындағы әкелер мектебінің тамырына балта шапты. Бұл құбылыс осы күнге дейін жалғасып келеді. Осыдан кейін ынжық ұл, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түспейтін бозөкпе бозбалалар пайда болды.

"Ендігі мақсат – қазақ отбасындағы әкенің статусын қайтару"

Әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Сондықтан оны мемелекет болып қолға алу керек. Әртүрлі бағдарламалар, кино арқылы насихаттау керек.

Қазіргі қоғамда ер адам әйелге деген махаббатын жоғары қояды. "Еркек Аллаға деген махаббатын жоғары қойса, шын маххабат, шын дос – Алла!" – дейді Абай. Отағасы ретінде табыс тауып, отбасын асырау – әкенің міндеті. Ал ақша, ол – энергия. Әйелдің қолына ақша түссе, ол еріне бағынбай кетеді.

Қазақта бір мақал бар: "Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады". Біз әдетте алдыңғы екеуін айтып, үшіншісін білмейді екенбіз. Баланы балапан құстай баулу туралы айтып отырмыз. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" деген мақал соның айғағы.

Ерін сыйламайтын әрбір әйел сол отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан ұл мен қыздың болашақ тағдырына кері әсерін тигізіп жатқанын білуі шарт. Әйел қанша жерден ақылды болсын, білімді болсын, қызмет дәрежесі жоғары болсын балаларының болашағы үшін ерінің алдында иіліп тұруы керек. Сонда ғана қазаққа ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет қылып келген отбасы институты қалпына келеді.

Сыйлауға тұрмайтын еркек болмайды, сыйлай алмайтын әйел болады. "Жақсы әйел жаман еркекті хан қылады, жаман әйел жақсы еркектің басын даң қылады". Мен ойлап тапқан мақал емес, бабалардан жеткен асыл лепес. Қасиетті сөз. Сондықтан, ұлым ұлықты болып өссін десеңіз, қызым қылықты болып өссін десеңіз, Құдай қосқан қосағыңызды ұлықтаңыз! Сонда ғана қазақтың маңдайына басатын ұлағатты ұрпақ өсіп шығады, – дейді Омар Жәлел.

Бала әкеден өте тумайды

Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: "Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?" деп сұрайды. Сонда Абай: "Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым" деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: "Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек" деп жауап қатқан деседі.

"Еркектің беделі оның табысында"

Әкенің отбасындағы рөлі туралы пікір білдіріп жүрген тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы дәстүрлі қоғамда тәрбие алған азаматтардың отбасының керегесі мықты болады дейді.

– Қазіргі уақытта отбасындағы әкенің орнын оның табысы айқындайтын болды. Беделді өсіретін ақша. Алайда халықтың көбі – кедей. Табыс табайын десе, ауылдық жерде жұмыс жоқ. Ажырасу да осы мәселеден келіп туындайды. Мен де табысты аз тапқан кезімде әйелім шыдады. Өйткені оны дәстүрлі қоғамда алған тәрбиесі жібермеді.

Басқа мемлекеттерде мінездерінің сәйкес келмегеннен, тағы да басқа себептермен ажырасса, бізде материалдық жағдайдың төмендігінен, әкенің табыс таппауынан шаңырақ күл-талқан болады.

Өз ауылымды мысалға келтірсем, айналдырған 70 үйдің 15-інде еркектері ішкілікке салынып кеткен. Жастары 20-50 аралығы. Олар табыс табайын десе, кәсіпкерлік қабілеті жетпейді. Жұмыс істейін десе, жұмыс орны жоқ. Содан ішкіліке салынып, не отбасында, не жолдастарының ортасында сый-құрметтен жұрдай болып жүреді. "Жұрттың байы айды айналып ұшып жүр, біздің бай үйді айналып құсып жүр" деген нақыл содан шықан.

Шеше – адвокат болған

– Өз ауылымдағы уахаббистердің көбінің әкесі жуас немесе әкесі жоқ. Бәрі әкенің қаһары мен беделіне байланысты. Таяқты артық жұмсауға да болмайды. Шегі болады. Қас-қабақпен тәрбиелеу керек. Жалпы қазақ қоғамында шеше адвокаттың қызметін атқарған.

Әкесі жоқ балалар көбіне өтпелі жасында қатты бұзылады. Бұл кезеңде мектептегі ер мұғалімдердің тәрбиесі қажет. Білім ордасында ақылды әйелден жуас болса да ер мұғалімнің болуы шарт. Өйткені ұл балалардың тәрбиесіне аз да болса пайдасы тиеді.

Ал шешесі басқа адаммен көңіл қосып, бақытты болғысы келгенмен көп жағдайда артынан опық жеп жатады. Өйткені өгей әкені баласы мойындамайды. Тіпті төбелесуге дейін барады. Өгей әке – миллионер болса да, мойындамайды. Сондықтан "балаңды емес, өзіңді тәрбиеле" деген.

Қазақта бір әулеттің бұзығын бәрі жабылып, тәрбиелеген. Туысқан ағалары "ұятқа қалдырдың, ру намысын аяқ асты еттің " деп, тентегін тіпті сабап тастайтын. Қазір тәртіп бұзылды.

Өзім тұратын подъезде он шақты семья пәтер жалдап тұрады. Тұрақты жұмысы жоқ. Табыс таппаған әкенің отбасында қандай беделі болады? Ал бізде қоғамдағы тұрақтылықты сақтап тұратын орта тап өкілдері аз. Ауылда жақсы жалақы алады деген мұғалімдердің өзі келтеңдеп әзер шыдап жүр, – дейді Өмір аға.

Балаға жиі айтылуға тиіс сөздер:

  • Балам әкеңнің киімін жоғары қой.
  • Балам, әкеңнен ұят болмасын.
  • Әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой.
  • Әкеңді тамаққа шақыр.
  • Әкеңнен рұқсат сұра.
  • Әкеңді шығарып сал.
  • Әкең келе жатыр, үйді жинастыр.
  • Әкеңнің мазасын алма.

Жұмысбасты әкелердің балаларын әйелі тәрбиелеуге мәжбүр

Психолог, психоаналитик Зүбайда Кененбаева әке тәрбиесін алған ер бала қажырлы, ер мінезді болып өседі, ал әкесін үлгі тұтқан қыз бала өзінің ертеңгі өмірлік серігі болатын жолдасын таңдауда қателіктерге ұрынбайды дейді.

– Әр отбасындағы әкенің рөлі ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болу керек. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады.

Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше. "Бір бала бар әкеге жете туар, бір бала бар атадан өте туар, бір бала бар атадан кері кете туар" деген халқымызда дана сөз бар. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өседі.

Әрине, үй-ішінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәртіпті болып өсуі – шаңырақтың темірқазығы саналатын отағасының ақылы мен еңбекқорлығына байланыс­ты. Қазіргі кезде көптеген әкелер тіршіліктің күйбеңімен аласұрып, жұмысбастылықтан арыла алмай, тек ақша тауып, отбасын асырау, материалдық жағдайын жасау қамымен жүр.

Кейбірі үйден тысқары жерде жұмыс істеп, бала-шағасын ұзақ мерзім көрмейді. Сол себепті бала тәрбиесімен анасы ғана айналысады. Сонымен қатар ер-азаматтардың ішінде маскүнем, қатыгез, маубас, ойнасшыл, жатыпішер жалқау, әйелінің тапқан нәпақасын ішіп-жеп, қазан-ошаққа араласып жүруге арланбайтындар қатары да көбейген, – дейді психоаналитик

"Балалы үйдің ұрлығы жатпайды"

Еңлік Әлжаппарова есімді психолог журналистерге жұмысы барысында басынан өткен мынадай жағдайды әңгімелеп берген.

"Бірде алты жасар балаларға психолог ретінде "отбасы" ойынын ойнауды ұсындық. Қыздар тез арада шешелердің, әжелер мен қыздардың рөлдерін тәп-тәуір орындады. Балалардың ешқайсысының әке рөлін ойнағылары келмейтіні байқалды.

Ұзақ өтініштен кейін ғана Д. деген бала әке рөлін ойнауға келісті. Ол диванға жайғасып: "Маған газет беріңдер және теледидарды қосып қойыңдар" деді. Бүкіл ойынды ол осылай жатып өткізді.

"Аналар мен әжелер немен айналысады" деген сұрақтарымызға қыздар да, балалар да қуана, тәптіштей жауап берді. Ал әкелері жайлы сұраққа олардың тек кейбіреуі ғана: "жұмысқа барады", "ақша табады", "анама, маған ұрсады", "жазалайды" деген секілді жалпылама жауап берді" депті.

Суицидті көбіне әкелер жасайды

Осы арада айта кетерлік бір жайт, психологтың айтуынша, ақыл-кеңес сұрайтындардың көбі – ер адамдар екен. Өзіне қол жұмсап, суицидке баратындардың да басым көпшілігі – солар. Психологиялық тұрғыдан күйзеліске де ер адамдар тез ұшырайды екен. Гендерлік саясат дұрыс насихатталмағандықтан немесе оны түсінбенгендіктен, ер азаматтың отбасының иесі екендігін сезіне алмауына себеп болып отыр дейді психолог.

Қазір ғаламтор беттерінде: "Балалардың "тамақ ішкім келеді", "ақша бар ма", "қандай киім аламын", "кіммен дос боламын", "пәлен деген затым қайда", "қайда қыдырамыз", "сабағыма көмектесші" секілді барлық сауал-өтініштерін анасына бағыттайтыны, әкелеріне тек "анам қайда" деп бір ғана сауал жолдайтыны" жайлы әңгіме айтылып, соған орай арнайы түсірілген бейнекөрініс кең таралып кетті..Шындық.

Француздың философ-жазушысы Жан-Жак Руссо былай депті: "Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра, кімде-кім оны орындамаса – айыпты".

Әке рөлін қайта қалыптастыру үшін не істеу керек?

Психоаналитик Зүбайда Кененбаева күйеуі мен әйелі отбасындағы өздерінің рөлін анықтап алатын болса, үйде үйлесімділік пен тұрақтылық орнайды дейді. Ол отбасында əкенің беделін арттыру үшін қарапайым қағидаларды ұстануға кеңес береді. Оның айтуынша, қоғамның құрылуы әкелерден басталатындықтан, әкелер қоғамдағы өз орындарын қайта иеленулері қажет.

Жоғарыда көрсеткен мәселелерді шешудің бірнеше жолы бар:

Біріншіден, отбасы мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу қажет.

Екіншіден, қоғамдағы ерлердің рөлін әке ретінде де, азамат ретінде де БАҚ, кино арқылы арттыру керек.

Үшіншіден, бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін насихаттау арқылы әкелер мектебін қалыптастыру қажет.

Сонымен қатар, отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі, аталар мен әжелердің рөлі туралы газет-журналдарды көбірек шығаруды ұсынар едім. Өйткені әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы бала үшін үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы болып табылады, – дейді психолог.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары