Бұл туралы кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы IV форумында "Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Гүлмира Илеуова хабарлады.
Кәсіпкерлердің пара беруінің азаюына не әсер етеді?
2019 жылы Қазақстанның барлық аймағында жалпы саны 70 сұхбат ұйымдастырылып, 5 891 кәсіпкердің арасында сауалнама жүргізілген. Гүлмира Илеуованың айтуынша, 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, кәсіпкерлердің келісім арқылы пара беруі 16 пайызға азайған.
"Кәсіпкерлерден алынған сұхбаттан жемқорлық деңгейінің төмендеуіне салықтық есеп жүйесінің цифрлануы оң ықпал еткенін байқауға болады. Мұның тағы бір себебі – кәсіпкерлер қатарына қаржылық білімі жоғары, өз құқығын жақсы білетін жастардың қосылуы. Қазір көптеген жас кәсіпкерлер өз кәсібін жүргізу үшін есепшіге қажет білімді игеріп жүр", – деді Гүлмира Илеуова.
Оқи отырыңыз: Жемқорлық дерегі туралы хабарлаған адамға пара сомасының 10 пайызы көлемінде сыйақы беріледі
Қай өңірде ақша бопсалағыш шенеуніктер көп?
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сыбайлас жемқорлықтың ең басты себебі – шенеуніктердің рұқсат беретін құжаттарға қол қоймай, бопсалау арқылы ақша талап етуі болып отыр. Атырау, Түркістан облыстары және Алматы, Шымкент қалаларында мемлекеттік орган өкілдері көп жағдайда (70 пайыздан астам) жемқорлық әрекетті бірінші болып бастағаны анықталған.
- Жер қатынастары;
- Құрылыс;
- Сәулет;
- Субсидия беру.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Өстеміров 2019 жылы пара берген кәсіпкерлер саны азайғанымен, параның орташа мөлшері өскенін айтады. 2018 жылы параның орташа мөлшері 193 мың теңге болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 205 мың теңгеге жеткен.
- Ең төменгі көрсеткіш (5 мың теңге мен 50 мың теңге аралығында) экология саласында (Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары);
- ал ең жоғары пара мөлшері (2 миллион теңгеге дейін) құрылыс және жер қатынастары саласында (Ақтөбе, Қарағанды, Алматы облыстарында және Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында) тіркелген.
Оқи отырыңыз: Transparency International: Қазақстан коррупцияны қабылдау индексінде 113-орынға жоғарылады
Сыбайлас жемқорлық бойынша алда тұрған өңірлер:
- Маңғыстау облысы;
- Атырау облысы;
- Қызылорда облысы;
- Батыс Қазақстан облысы.
Сыбайлас жемқорлық бойынша көрсеткіші төмен өңірлер:
- Қостанай облысы;
- Қарағанды облысы;
- Шығыс Қазақстан облысы;
- Нұр-Сұлтан қаласы.
"2019 жылы ветеринария, санитарлық-эпидемиологиялық және мемлекеттік мүлікті жалға беру салалары бойынша көптеген заңбұзушылықтарды анықтадық. Мысалы, мүлікті жалға беру саласында 5 000 тендерді тексерсек, оның 300-ден астамы заңсыз болып шықты. Мемлекеттік орган өкілдері өздерінің таныс кәсіпкерлеріне тапсырыс алуға және конкурстарда көмектескені анықталды", – дейді Ербол Өстеміров.
Оқи отырыңыз: Антикоррупциялық қызмет өкілі ТҮКШ саласында жиі кездесетін қылмыстарды атады
Ең төменгі пара мөлшері – 1 000 теңге
Гүлмира Илеуова сыбайлас жемқорлық саласында жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге мынадай қорытынды жасады:
- Экономиканың түрлі салаларындағы сыбайлас жемқорлық бірдей деңгейде анықталып отырған жоқ. Зерттеулер нәтижесі өте жоғары деңгейдегі (кеден, жер қатынастары және құрылыс саласы) және төменгі деңгейдегі жемқорлық әрекеттерін анықтады.
- Осы уақытқа дейін жемқорлық арқылы қызмет көрсету нарығы әбден орнығып үлгерген. Бұл жүйеде мемлекеттік орган өкілдері де бар.
- Жемқорлық экономиканың бір бөлігі ретінде қалыптаса бастаған. Сондықтан, кейбір кәсіпкерлер өз кәсібін жоспарлағанда пара беруі мүмкін екенін алдын-ала ескеретін болған.
- Жемқорлыққа салынатын салық экономикалық факторға айналған. Ол кәсіпкерлердің есебіне қосылып отыратын болды. Осылайша, түрлі салалардың өз "ставкасы", яғни сыйақысы пайда болды. Зерттеу нәтижесінде, салық саласында 5 мың теңгеге дейін пара берілгені белгілі болды. Бұл саладағы ең төменгі пара мөлшері – 1 000 теңге. Ол Түркістан облысында тіркелген. Кеден саласындағы пара көлемі 20 мың теңгеге дейін, ал мемлекеттік тапсырыс беру саласында келісімшарттың 10 пайызына дейінгі мөлшерде екені анықталды.
- Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен аймақтарда пара көлемі жоғары, ал, жемқорлық деңгейі жоғары аймақтарда керісінше төмен екені белгілі болды.
2019 жылы "жұмыс барысында жемқорлықпен бетпе-бет келсеңіз, не істейсіз?" деген сұраққа кәсіпкерлердің 37 пайызы "өз құқығымды қорғап, заң аясында әрекет етемін" деп жауап берген. Олардың көпшілігі – орта бизнес өкілдері. Алайда, әрбір бесінші кәсіпкер шаруасын пара беру арқылы шешуді құп көреді. Көбінесе, бұлар – шағын және микробизнес өкілдері.
"Жалпы алғанда, жемқорлыққа қарсы жүргізіліп отырған саясат кәсіпкерлердің жемқорлық жағдайында өзін-өзі ұстау моделінің өзгеруіне әсер етіп жатыр", – дейді Гүлмира Илеуова.