Informburo.kz Томас Пуэйоның Medium сайтында жарық көрген "Коронавирус: не үшін дәл қазір әрекет ету керек?" мақаласын қазақшаға тәржімалап, ұсынып отыр.
Томас Пуэйо – инженерлік ғылымдардың магистрі (Стэнфорд университеті, әкімшілік басқару бөлімі). 20 миллионға жуық қолданушысы бар вирустық қосымшаларды жасаған. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлікпен айналысады, миллиардер. Жазушы.
Кіріспе
Коронавирус жағдайына қарап, дәл қазір шешім қабылдау өте қиынға соғуы мүмкін. Ақпарат көбейгенін күту қажет пе? Әлде дәл қазір бір шешім қабылдау керек пе? Бұл сұраққа "Иә" деп жауап берсек, ол не болуы мүмкін?
Бұл мақалада көптеген мәлімет, модель және графиктерді көрсете отырып, келесі сұрақтарға жауап береміз:
- Сіздің аймағыңызда қанша адам коронавирус жұқтырды?
- Олар ауыра бастағанда не болады?
- Сіз не істеуіңіз керек?
- Қашан?
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн
Мақаланы оқып бітірген соң, келесідей қорытындыға келесіз:
- коронавирус бізге жақындап қалды;
- ол экспонентті жылдамдықпен жақындап келеді: бастапқыда ақырындап, кейін әп-сәтте жетеді;
- бұл бірнеше күнге созылады. Мүмкін бір не екі апта болар;
- коронавирус келсе, еліңіздегі денсаулық сақтау жүйесіне шамадан көп жүктеме түседі;
- азаматтар аурухана дәлізінде емделеді;
- әбден қажыған медицина қызметкерлері вирусқа беріледі. Кейбірі көз жұмады;
- оларға қай науқасты емдеп, қай науқастың өлетінін таңдауға тура келеді;
- мұның бәрін алдын алудың жалғыз амалы – дәл қазіргі сәттен өз-өзіңді әлеуметтік оқшаулау. Мұны ертең емес, бүгін бастау қажет;
- Бұл – адамдарды бүгіннен бастап қалай үйінде ұстап отыруға болады деген сөз.
Егер сіз саясаткер, қоғам қайраткері немесе ұйым басшысы болсаңыз, онда жоғарыдағылардың алдын алуға қолыңызда билік пен жауапкерішілік бар.
Қазір сіз "бұл артық әрекет болса ше?" деп қауіптенуіңіз мүмкін. "Адамдар маған күлмей ме? Мүмкін олар маған өшігетін шығар? Ақымақ көрінбеймін бе? Басқалардың алғашқы қадам жасағанын күткен дұрыс шығар? Бұл бизнеске тым зиян келтірсе ше?"
Алайда 2-4 аптадан соң әлем шекарасын жауып оқшауланғанда, сіз ұйымдастырған бірнеше күндік әлеуметтік оқшаулау адам өмірін құтқарып, сізді сынамайтын болады. Адамдар дұрыс шешім қабылдағаныңыз үшін сізге алғысын айтады. Қане, талдап көрейік.
Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары
1. Сіздің аймағыңызда қанша короновирус дерегі тіркеледі?
Елдер бойынша өсім
Қытай бұл процесті тоқтатқанға дейін науқастардың жалпы саны геометриялық прогрессиямен өсті. Алайда коронавирус сыртқа шығып кеткен соң, ол ешкім тоқтата алмайтын пандемияға айналды.
Бүгінде коронавирустың таралуына Италия, Иран, Оңтүстік Корея негізгі үлесін қосты:
Оңтүстік Корея, Италия мен Қытайда тіркелген деректер саны сонша, басқаларын айырып қарау қиын. Дегенмен оң жақтағы төмен бұрышқа қарап көрейік.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 8-ге жетті
Экспонентті өсімі қарқынды ондаған ел бар. Бүгінде олардың үлкен бөлігі – батыс елдері.
Егер сіз дәл осындай өсім қарқынын тым болмаса бір апта ұстасаңыз, төмендегі жағдай болады:
Егер сіз не болатынын немесе оның қалай алдын алатынын түсінгіңіз келсе, осы жағдайға тап болған елдерге көз салуыңыз керек: Қытай, атипті пневмония бар батыс елдері, сондай-ақ, Италия.
Қытай
Дереккөз: Journal of the American Medical Association деректері мен автордың визуалды анализі
Бұл ең маңызды графиктердің бірі.
Сарғыш бағандар Хубэй провинциясындағы күн сайынғы ресми тіркелген коронавирус жағдайларын көрсетеді: сол күні қанша адамға осы диагноз қойылды.
Оқи отырыңыз: Коронавирустен көз жұмғандар саны 81-ге жетті. Қауіпті індет туралы қазақстандықтар нені білуі қажет?
Сұр бағандар күн сайынғы коронавирус жағдайларының шынайы санын көрсетеді. Ол кезде бұл жағдайлар мәлім болмаған еді. Оларды өткенге көз тастап қана анықтай аламыз.
Осылайша, сарғыш түстегі цирфлар биліктің анықтағаны, ал сұр түстегілер негізінде не болып жатқанын көрсетеді.
Жаңадан диагностикаланған жағдайлар саны (сарғыш) 21 қаңтарда жүзге дейін көтерілді. Негізінде сол күні геометриялық прогрессиямен өскен 1 500 жаңа жағдай тіркелген. Бірақ, билік бұл туралы білмеді, оларға тек 100 жаңа коронавирус жағдайының анықталғаны мәлім болды.
Екі күн өткен соң, Ухань шекарасын жапты. Бүгінде күн сайын диагноз қойылған жаңа жағдайлардың саны 400-ден асты. Мына цифрға назар аударыңыз: олар күніне коронавирустың 400 жаңа дерегі табылған соң, қаланы жабу туралы шешім шығарды. Негізінде ол күні 2 500 жаңа жағдай тіркелген болатын. Бірақ бұл оларға белгісіз еді.
Оқи отырыңыз: Қытаймен шекарадан тек ресми делегация шенеуніктері мен жүктер өткізіледі
Келесі күні Хубэй провинциясындағы 15 қала жабылды.
Ухань ашық болған 23 қаңтарға дейінгі сұр графикке қараңыз: экспонентті өсіп, ауыру деректері саны адам нанғысыз қарқынмен арта түскен. Ухань қалай шекарасын жапты – өсім бәсеңдеді. 24 қаңтарда 15 қала жабылған кезде шынайы науқастардың саны (біз әлі сұр баған жайлы айтып отырмыз) тоқтады. Екі күн өткен соң, жаңа деректердің жоғары шекті санына жетіп, содан бері ол төмен түсіп келеді.
Сарғыш (ресми) жағдайлар геометриялық прогрессия бойынша өсуін жалғастырып, 12 күн ішіндегі жағдай эпидемияның шырқау шегі болып көрінуі мүмкін. Негізінде бұл жалған. Симптомдар қатты бола түсіп, адамдар жиі дәрігерлерге жүгінді. Ал ауруды анықтау жүйесі тиімді бола түсті.
Ресми және шынайы жағдайлар концепциясы өте маңызды. Мұны есімізде сақтап, кейін қайта оралайық.
Қытайдың қалған аймақтары орталық үкіметке жақсы үйлестірілгендіктен, олар тез және қатаң шешімдер қабылдады. Нәтижесі мынадай:
Әр жазық сызық – Қытайдың коронавирус жағдайы бар аймағы. Олардың кез келгенінде экспоненттіге айналуға мүмкіндік бар еді, алайда қаңтар соңында қабылданған шаралардың арқасында барлығы вирус тарала бастағанда тоқтатып үлгерді.
Оңтүстік Корея, Италия, Иранда өзгенің тәжірибесін үйренуге бақандай бір ай уақыт болды. Бірақ, оны істемеді. Хубэй секілді оларда экспонентті өсім басталғанда, олар ақпан соңында Қытайдың барлық аймағын басып озды.
Шығыс елдері
Оңтүстік Кореяда орасан өсім болса да, бір қызығы – Жапония, Тайвань, Сингапур, Тайланд, Гонконгте неліктен мұндай жағдай болған жоқ?
Тайвань, тіпті, графикте жоқ. Онда вирус жұқтырушылар саны 50-ге жетеді.
Осы елдердің барлығы 2003 жылы атипті пневмониядан зардап шекті. Сол кезде үйренгені көп болды. Аурудың қаншалықты вириалды және өлімге әкеп соғатынын білген соң, олар оған байыппен қарау керек екенін түсінді. Сол себепті олардың графигі ертерек өсе бастағанына қарамай, экспоненттерге ұқсас емес.
Бізде коронавирустың таралуын үкімет қандай қатер екенін түсініп, оны тоқтатқаны жөнінде мысал бар. Алайда басқа елдер үшін бұл жағдай басқаша болуы мүмкін.
Ол туралы айтпас бұрын Оңтүстік Корея туралы ескертпе берейік: ел коронавирустың алғашқы 30 дерегінде тоқтатты, алайда 31-ші науқас мыңдаған адамға вирусты таратқан супер-таратушы болып шықты. Тарату симптомдары пайда болғанға дейін билік проблеманы түсінген уақытта вирус бостандыққа шығып кетті. Енді олар осы жағдайдың салдарының зардабын тартады, алайда олардың вирусты тоқтатуға деген күш-жігері тиімділігін көрсетіп отыр. Италия оларды науқастардың саны бойынша басып озды. Ал Иранда 10 наурызда асып түсті.
АҚШ. Вашингтон штаты
Сіз қазірдің өзінде батыс елдеріндегі өсімді көріп, алдағы бір аптадағы болжамның қаншалықты жаман болатынын білесіз. Вирустың таралуын Уханьда немесе басқа шығыс елдеріндегідей тоқтату жүріп жатпағанын көріп, мұның аса үлкен эпидемияға айналатынын түсінесіз.
Вашингтон штатындағы, Сан-Франциско шығанағы аймағындағы, Париж бен Мадридтегі бірнеше жағдайды қарастырайық.
Вашингтон штаты — бұл америкалық Ухань. Деректер саны геометриялық прогрессия бойынша өсіп келеді. Бүгінде ол 140-ты құрады.
Алғашында өлім шектен тыс тежелді. Біршама уақыт өткен соң, штатта үш науқас пен бір өлім тіркелді. Басқа елдердегі коронавирустан көз жұму көрсеткіші 0,5-5% аралығында екенін білеміз (толығырақ кейіндеу айтамыз). Қалай көрсеткіш 33%-ға теңесуі мүмкін?
Вирус апта бойы байқалмай таралып келген. Үш қана жағдай болғанға ұқсамайды. Билік сол үш жағдай туралы ғана білген, оның бірі көз жұмған. Жағдай қатты болған кезде басқалар вирус бойынша тексеріледі.
Бұл Қытайдағы сарғыш-сұр бағандарды шамалы еске түсіреді: олар тек сарғыш (ресми) жағдайлар туралы ғана білді және олар оң көрінді (бар-жоғы үш науқас). Алайда негізінде жүздеген, тіпті, мыңдаған жаңа жұқтыру дерегі болуы мүмкін еді.
Бұдан істің күрделі екенін байқаймыз: сіз шынайы жағдайды емес, ресми жағдайды ғана білесіз. Сізге шын мәнінде не болып жатқанын білу қажет. Ауырғандардың шынайы санын қалай бағалауға болады? Оның аздаған әдістері бар екен. Менде бар екі модельге сүйеніп, сандармен ойнай аласыз (
үлгіні көшіру сілтемесі).
Біріншіден, өлім жағдайлары арқылы. Егер аймағыңызда өлім тіркелсе, ағымдағы аурулардың нақты санын бағалау үшін олардың санын пайдалана аласыз. Біз вирус жұқтырған сәттен бастап өлімге дейін қанша уақыт қажет екенін шамамен білеміз. Бұл 17,3 күн. 29 ақпанда Вашингтон штатында қайтыс болған адам вирусты 12 ақпанда жұқтырған.
Бізге өлім белгілі болды. Осы сценарий бойынша ол 1%-ға тең (толығырақ кейінірек талқылаймыз). Бұл дегеніміз 12 ақпан күні аймақтағы жүздеген деректің біреуі ғана 17 күн өткен соң өліммен аяқталды.
Енді коронавирус жағдайының екі есе көбею уақытын пайдаланыңыз – 6,2 күн. Осылайша, осы адамның қайтыс болғанға дейін 17 күн ішінде деректер саны былай көбейтілуі тиіс ≈8 (=2^(17/6)). Осы жағдайлар мүлдем анықталмаса, онда бір ғана расталған өлім сол күні 800 нақты жұқтыру оқиғасын білдіреді.
Вашингтон штатында бүгін 22 адам қаза тапты. Біздің болжамды есептеулерімізді пайдалана отырып, біз бүгін ғана коронавирустың ≈16000 шынайы жағдайы бар екенін білеміз. Бұл Италия мен Ирандағы ресми оқиғаларға ұқсас.
Егер біз жағдайды егжей-тегжейлі зерттейтін болсақ, онда өлімдердің 19-ы вирусты кең ауқымда таратпауы мүмкін бір кластерден екенін түсінеміз. Егер осы 19 өлімді бір деп қарасақ, онда штаттағы өлімдердің жалпы саны төртті құрайды – осы сан бойынша есептеулерді жаңартқанда бүгін 3 000 дерек болатынын есептеп шығарамыз.
Тревор Бедфорд әдісінде вирустар мен оның мутациялары ағымдағы деректер санын бағалауға қолданылады.
Вашингтон штатында қазір ≈1100 жұқтырған науқас бар деген қорытыныдыға келеміз.
Бұл тәсілдердің ешқайсысы мінсіз емес, бірақ, олардың барлығының көрсететіні бір нәрсе: біз оқиғалардың шынайы санын білмейміз, бірақ, ол ресми жағдайдан әлдеқайда көп. Жүз емес, мыңдаған есе көп болуы мүмкін.
АҚШ. Сан-Франциско шығанағы аймағы
3 наурызға дейін Сан-Франциско ауданында ешқандай өлім тіркелмеді. Осыған байланысты шынайы жағдайлардың санын бағалау қиын болды. Ресми дерек –86, бірақ, АҚШ-тың бағалауы әдейі төмен болды. Өйткені, оларда коронавирусты анықтайтын тест жиынтығы жеткіліксіз еді. Тест жиынтығын құру туралы шешім қабылданды, бірақ оның жұмыс істемейтіні белгілі болды.
3 наурызға қарай әртүрлі елдерде жүргізілген тест саны мынадай:
Осы мәліметтердің дереккөздері
Коронавирустың бірде-бір жағдайы тіркелмеген Түркияда бір тұрғынға тестілеу АҚШ-қа қарағанда 10 есе жиі жүргізілді. Бүгінде АҚШ-тағы жағдайды жақсы деуге келмейді: ≈8000 тест өткізілді, алайда ≈4000 адам сынақтан өтті.
Бұл жағдайда сіз жай ғана ресми оқиғалар санының шынайы жұқтыру санына ара қатынасын пайдалана аласыз. Қалай және қайсын шешу керек? Сан-Франциско шығанағы аймағында саяхат жасаған немесе саяхатшымен байланыс жасаған барлық адам тексерілді. Бұл дегеніміз билік саяхатқа ғана назар аударып, қоғам арқылы жұқтырудың бірде-бір дерегіне қол жеткізбеді. Саяхат арқылы таратумен салыстырғанда қоғам ішінде коронавирус тарату жағдайларының қаншалықты кең таралғанын елестету арқылы сіз нақты жағдайдың қандай екенін бағалай аласыз.
Мен тамаша статистиканы жариялайтын Оңтүстік Корея үшін осы ара қатынасты есептеп көрдім. 86 оқиға болған кезде олардың 74-і қоғам арқылы жұқтырған, яғни 86% (86 санын ерекшелеудің қажеті жоқ, бұл жәй ғана сәйкестік).
Осы санның көмегімен шынайы жағдайлардың санын есептеуге болады. Егер бүгін Сан-Франциско шығанағы аймағында 86 оқиға анықталса, онда нақты сан ≈600.
Франция. Париж
Франция 1400 жұқтыру дерегі мен 30 өлім туралы мәлімдеді. Жоғарыда келтірілген екі әдісті пайдалана отырып, жағдайлардың шынайы санының диапазонын ала аласыз: бұл 24 000-нан бастап 140 000-ға дейін.
Франциядағы коронавирус деректерінің шынайы саны бүгінде 24 000- нан 140 000-ға дейін.
Франциядағы деректер саны ресми тіркелгендерден бір немесе екі есе көп.
Сенбейсіз бе? Тағы уханьдық графикке қарайық.
Дереккөз:Journal of the American Medical Association деректері мен автордың визуалды анализі
Егер 22 қаңтарға дейінгі сарғыш бағандарды қоссаңыз, 444 жағдай болады: сұр бағандарды қоссаңыз ≈12 000. Уханьда 444 науқас туралы ойлаған кезде, олардың 27 есе көп болғанын көреміз. Егер қазір Францияда 1400 науқас болса, олардың саны негізінде ондаған мың болуы мүмкін.
Бұл математика Парижге де қолданылады. ≈30 ресми дерек кезінде шынайы жұқтырғандар саны жүздеген, тіпті, мыңдаған болуы мүмкін. Иль-де-Франс аймағында анықталған 300 науқастан жұқтырушылар саны он мыңнан асып кеткен болуы мүмкін.
Испания. Мадрид
Испаниядағы көрсеткіштер Францияныкіне өте жақын (1 400-ге қарсы 1 200 ауру анықталды және екі жағдайда да өлім саны - 30). Демек, ұқсас ережелер бар: Испанияда 20 мың адам жұқтырған.
Мадрид провинциясында ресми деректер бойынша 600 жұқтырушы мен 17 өлім тіркелді. Ал шынайы жұқтыру деректерін 10 мыңнан 60 мыңға дейін бағалауға болады.
Егер сіз бұл деректердің рас болуы мүмкін емес деп ойласаңыз, мұндай жағдайда Ухань қоршауда болар еді.
Науқастар саны АҚШ, Испания, Франция, Иран, Германия, Жапония немесе Швейцариядағы көрсеткішпен бірдей Ухань оқшауланды.
Егер Хубэй бір ғана аймақ десеңіз, онда 60 миллионға жуық адам тұратынын еске салайын. Бұл Испаниядағы халықтан да көп, Франциямен шамалас.
2. Коронавирус тарала бастағанда не болады?
Коронавирус келді. Жасырынып қалды, бірақ, геометриялық прогрессиямен өсіп жатыр.
Ол елге соққы берген кезде не болады? Бұл сұраққа жауап беру оп-оңай. Себебі, Қытай, Италия секілді күресіп жатқан елдер бар.
Өлім
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) аурудан өлу көрсеткішін 3,4% деп бағалап отыр. Бұл цифр контекстен шығады, сондықтан оны түсіндіруге рұқсат етіңіз.
Барлығы ел мен уақытқа байланысты: өлім көрсеткіші Оңтүстік Кореяда 0,6%-дан Иранда 4,4%-ға дейін. Сонда қайсына сүйену керек? Біз мұны түсіну үшін мынадай әдісті пайдаланайық.
Өлімді бағалау үшін сүйенуге болатын екі көрсеткіш – бұл ауырғандардың санына қарай өлгендер, аурудан айыққандардың санына қарай өлгендер. Бірінші бағалау төмендеу болады, себебі, ауру адамдардың біраз бөлігі көз жұмуы мүмкін еді. Екінші әдіс, керісінше, өлімнің сауығудан да тез жүруі мүмкін деген ықтимал бағалауды жоғарылатады.
Олардың мәні аурулар қалмайынша жақындай түседі, яғни, олар "науқастарға қарай өлгендер саны" нүктесінде түйіседі. Сондықтан, бақыланатын тенденцияны экстраполяцияласа, қорытынды өлім қандай болатынын болжауға болады.
Деректер нені көрсетеді? Қытайда өлім қазір 3,6%-дан 6,1%-ға дейін. Егер болашақ трендтермен есептесе, онда олар 3,8% – 4% айналасында. Бұл көрсеткіш қазіргі бағалаудан екі есе жоғары және тұмауға қарағанда 30 есе нашар.
Біз Хубэй мен Қытайдың қалған аймақтарындағы мәліметтерді есептедік.
Хубэйдегі өлім 4,8% құрайды. Қытайдың басқа бөлігінде ~0,9%.
Иран, Италия мен Оңтүстік Кореяның графигіндегі мәліметтерге қарасақ – өлімдердің саны азды-көпті релевантты деп санауға болатын санаулы елдер.
Иран мен Италияда өлім 3% – 4% диапазонында. Қорытынды деректер осы мәнге жақын деп болжауға болады.
Оңтүстік Корея, мысалы, қызық, себебі, ол жерде біздің екі көрсеткішіміздің қатысы жоқ: өлгендердің жалпы саны жұқтырғандардың 0,6%-ына ғана тек, бірақ, өлгендер саны сауыққандардың 48%-ы.
Бұл елдің өте сақ екенімен байланысты болар. Кәрістер барлығын тестілеп жатыр (анықталған жағдайда өлім төмен болып көрінеді) және жазылып шыққандарды неғұрлым ұзақ мерзім бойы қадағалауды жалғастырады (сондықтан, зардап шеккен адам қайтыс болған кезде сандар тез өседі). Әу бастағы өлгендердің жұқтырғандардың жалпы санына қатынасы 0,5%-ға жуықтағаны жағдайдың аса өзгермейтінін көрсетеді.
Соңғы орынды мысал – Diamond Princess круиздік лайнері: 706 науқас, 6 өлім, 100 адамның сауығуы. Қорытынды өлім 1%-дан 6,5%-ға дейінгі аралықта.
Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады:
- Эпидемияға дайындалған елдерде өлім ≈0,5%-дан (Оңтүстік Корея) 0,9%-ға дейін (Қытайдың қалған бөлігі).
- Эпидемияға дайын емес елдерде өлім ≈3% – 5%-ды құрайды.
Басқаша айтқанда, тез әрекет ететін елдер өлім санын он есе қысқартуы мүмкін. Тез әрекет ету өлім санын ғана емес, зардап шеккендердің санын да бірден қысқартады. Бұл вируспен күресуді жеңілдетеді.
Тез әрекет ететін елдер өлім санын кем дегенде 10 есеге қысқартады.
Сонымен елге дайындалу үшін не қажет?
Денсаулық сақтау жүйесіндегі жүктеме деңгейі
Коронавирус деректерінің шамамен 20%-ы ауруханаға жатқызуды талап етеді, 5% - интенсивті терапия бөлімшесіне (реанимация) және1% – ӨЖЖ (өкпені жасанды желдету) немесе ЭКМО (жасанды жүрек және өкпе) сияқты құралдарды қолдана отырып интенсивті көмек көрсетуді талап етеді.
ӨЖЖ және ЭКМО аппараттары сияқты жабдықтарды өндіру мен сатып алудың оңай болмауы мәселе болып отыр. Бірнеше жыл бұрын АҚШ-та мысалы, тек 250 ЭКМО-аппараты болды.
Егер кенеттен 100 000 адам жұқтырса, олардың көпшілігі тестілеуден өткісі келеді. 20 000-ға жуық адамды ауруханаға жатқызу қажет. 5 000-ға жуық адамға интенсивті терапия бөлімшесі қажет. 1 000 адамға жетіспейтін аппараттар қажет. Бұл тек 100 000 адамға ғана.
Бұл маска тапшылығы секілді басқа проблемаларды есептемегенде. АҚШ сияқты елдерде медицина қызметкерлеріне қажетті маскалардың 1%-ы ғана бар. Егер бір уақытта аурудың көп дерегі анықталса, онда маска екі аптаға ғана жетеді.
Жапония, Оңтүстік Корея, Гонконг немесе Сингапур сияқты елдер, сондай-ақ, Хубэйден тыс Қытай аймақтары коронавирус жағдайына дайындалған және емделушілерді қажетті күтіммен қамтамасыз ете алды.
Бірақ қалған батыс елдері Хубэй мен Италия секілді әрекет етіп жатыр. Сондықтан ол жақтарда не болады?
Шамадан тыс жүктелген денсаулық сақтау жүйесі қалай жұмыс істейді?
Хубэйде және Италияда болған оқиғалар бір-біріне қатты ұқсас. Хубэйде он күн ішінде екі аурухана салған күннің өзінде ол нысандарға адам толып қалды.
Емделушілер ауруханалар толып қалды деп шағымданды. Оларға дәліздерде, күту бөлмелерінде күтім жасау керек болды.
Медицина қызметкерлері сағат бойы қорғайтын киімдерін ауыстырмайды, себебі киім тапшы. Нәтижесінде олар бірнеше сағат зақымданған аумақтарды тастап кете алмайды. Кеткен күннің өзінде олар шаршап, аяқтарын әзер алып жүреді. Орнына кезекке шығатын басқа дәрігер жоқ. Мамандар сұранысын жабу үшін зейнетке шыққандарды шақыруға тура келеді. Ал медбике ісімен таныс емес адамдарды бір сағатта шұғыл әрекет етуге үйретеді. Дәрігерлердің барлығы демалыссыз әрі үзіліссіз жұмыс істейді.
Мұндай жұмыс режиміндегі медицина қызметкерлері әзірге ауырмайды. Бірақ олардың жеткілікті қорғалған жабдықтарсыз, вируспен тұрақты байланысы барын ескеру керек. Егер дәрігерлер өздері ауырған жағдайда 14 күн карантинде жатып, ешкімге көмек көрсетпеуі қажет. Сөйтіп олар екі апта уақыттарын жоғалтады, тіпті өліп кетуі мүмкін.
Науқастар өзара ӨЖЖ немесе ЭКМО аппараттарын бөлісуге тура келгенде ең қорқынышты жағдай реанимацияда орын алады. Олармен бөлісуге болмайды, сондықтан медицина қызметкерлері қай науқас пайдаланатынын анықтау керек. Сонда оларға кімнің өлетінін, кімнің тірі қалатынын шешуге тура келеді.
"Бірнеше күннен кейін таңдауға тура келеді. Барлығын интубациялауға болмайды. Біз жас пен денсаулық жағдайын негізге ала отырып шешім қабылдаймыз", – деді Кристиан Салароли, италиялық дәрігер.
Мұның бәрі артық жүктелген денсаулық сақтау жүйесіндегі өлімнің ≈ 0,5% орнына ≈4% құрайтынын көрсетеді. Егер сіз қалаңыз немесе сіздің еліңіз осы 4% жағдайында болсын десеңіз, онда бүгін ештеңе жасамаңыз.
3. Не істеу керек?
Қисықты түзеу
Енді бұл пандемия және оны жою мүмкін емес. Бірақ сіз оның әрекеттесуін азайта аласыз.
Кейбір елдер үлгі алуға тұрарлық. Олардың ең үздігі – Қытаймен тығыз байланысты Тайвань. Бүгінде мұнда 50 науқас тіркелген. Олар ерте кезеңде шешім қабылдап, вирустың таралуын тежеуге бағытталған барлық шараларды қолданды.
Олар вирустың таралуын тежей алды, бірақ көптеген ел мұны істей алмады.
Егер біз инфекциялар санын барынша қысқартатын болсақ, денсаулық сақтау жүйеміз ауру жағдайларын барынша жеңе алады. Бұл өліммнің төмендеуіне әкеледі. Егер біз осы тәсілді ұзақ ұстап тұрсақ, қоғамның қалған бөлігі вакцинациялануы мүмкін нүктесіне қол жеткіземіз. Бұл қауіп-қатерді толық жоюға мүмкіндік береді. Сондықтан біздің мақсатымыз коронавирусты жұқтыруды түбегейлі жою емес, оны кейінге қалдыру.
Жұқтыру жағдайларын неғұрлым ұзақ уақытқа қалдырсақ, денсаулық сақтау жүйесі соғұрлым жақсы жұмыс істейді. Соғұрлым өлім төмен және ол жұқтырғанға дейін вакцинацияланатын халықтың үлесі жоғары болады. Сонымен, қисықты қалай түзеу керек?
Әлеуметтік оқшаулану
Ухандағы жағдайда қалада карантин енгізілген күннен бастап вирус жұқтырғандардың саны айтарлықтай азайғанын байқауға болады. Адамдар бір-бірімен араласпағандықтан, коронавирус кең таралмады.
Ғылымда адам жөтелген кезде бұл вирус 2 метрге дейін таралатыны туралы айтылады. Ал, 2 метрден астам қашықтықта тамшы жерге түсіп, ешкімге қауіп төнбейді.
Сондай-ақ, вирус адамдар тікелей байланысқанда жұғады. Мұндай жағдайда ол металл, керамика, пластикалық материалда сағаттап немесе бірнеше күн бойы сақталуы мүмкін. Яғни, есіктің тұтқасы, үстел, лифтінің басу түймесі сияқты заттар инфекция көзі болып отыр.
Сондықтан, вирустың таралу қарқыны бәсеңдемейінше адамдар үйде отырған абзал. Бұл практика сонау 1918 жылы болған тұмау пандемиясының кезінде-ақ дәлелденіп қойған.
1918 жылғы тұмау пандемиясы
Сол індет кезінде Филадельфия билігі дер кезінде шешім қабылдамағандықтан, көп адам қайтыс болғанын көруге болады.
Сент-Луиста керісінше барлық шаралар уақытында жасалған. Ал, Денвер бастапқыда бәрін дұрыс жасап, кейінірек босаңсып кеткендіктен, мұнда жаппай адам өлімінің тіркелуі екі мәрте қайталанған.
Жалпы айтқанда, 1918 жылы АҚШ-тағы тұмау індеті кезінде адам өлімі сақтану шаралары туралы шешімді тез қабылдауға тікелей байланысты болған. Жедел шешімнің арқасында өлім екі есеге азайды.
Қазіргі жағдайда Италия осы мәселені шеше алды. Алдымен, ел билігі Ломбардияны қызыл аймақ деп белгіледі. Алайда, бір күн өткен соң, басшылар өз қателігін түсініп, бүкіл елде карантин жариялау керек деп шешті. Жақын күндері біз олардың нәтижесін көре аламыз деп үміттенемін.
Саясаткерлер халықтың оқшауланып, үйде отыруына қалай ықпал ете алады?
Егер коронавирус келген аймақта қызмет етсеңіз, Италия мысалынан үлгі алып, елде карантин жариялауға бұйрық беріңіз.
Мәселен, италиялықтар мынадай шешім қабылдады:
- Отбасылық немесе жұмыс жағдайына байланысты нақты себептер болмаса, ешкім карантин аймағынан шыға алмайды;
- Аяқ астынан шұғыл шаруа шығып қалмаса, карантин аймағының ішінде қозғалуға рұқсат жоқ;
- Вирустың белгілері байқалған адамдардың үйде отыруы міндеттеледі;
- Медицина қызметкерлерінің жұмыстан сұрануы уақытша тоқтатыла тұрады;
- Барлық білім беру орындары (мектеп, университет), спорт залдары, музей, мәдени-әлеуметтік орталықтар, хауыздар мен театрлар жабылады;
- Ресторандар мен барлар таңғы 6 мен кешкі 6 аралығында жұмыс істейді. Адамдар арасында кем дегенде 1 метр арақашықтық сақталуы тиіс;
- Пабтар мен клубтар жабылуы тиіс;
- Барлық сауда орындарында тұтынушылар арасында 1 метр қашықтық сақталғаны абзал. Бұл ережені орындамаған компаниялар жабылуы қажет. Ғибадатханаларға да осы ереже ұсынылады;
- Ауруханаға туыстар мен достардың келуіне тыйым салынады;
- Іскерлік кездесулер кейінге қалдырылады. Қызметкерлердің үйден жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек;
- Барлық қоғамдық және жеке спорт жарыстары кейінге қалдырылсын.
Бұл қабылдауды қажет ететін ең аз деген шаралар. Егер қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсат болса, Ухань үлгісі бойынша әрекет ету керек. Адамдар қазір шағымданса да, ертең риза болады.
Басшылар әлеуметтік оқшаулауға қалай ықпал ете алады?
Егер сіз ұжымды басқарсаңыз және сіз не істеу керегін білгіңіз келсе
Staying Home Club ресурсы көмектеседі.
Бұл америкалық технология компанияларының тізімі. Олар әлеуметтік оқшаулау саясатын іске қосты. Әзірше олардың саны – 85. Оқшаулау саясаты үйде жұмыс істеу рұқсатынан және кеңсеге келуді шектеуден іс-сапарларды немесе корпоративтік іс-шараларды тоқтатқанға дейін өзгереді.
4. Қашан?
Сіз осы уақытқа дейін жоғарыда айтылған барлық нәрсемен келісуіңіз мүмкін және әу бастан әрбір шешімді қашан қабылдау керек немесе әрбір шарада не тирггерге айналуы керек деген сұраққа жауап іздедіңіз.
Тәуекелге негізделген шешім моделі
Бұл мәселені шешу үшін мынадай
модель әзірледім.
Бұл модель аймағыңыздағы деректердің ықтимал санын, қызметкерлердің жұқтырғанын және жағдайдың уақыт ішінде қалай дамитынын бағалауға мүмкіндік береді. Бұдан карантин жариялауға уақыт келмеді ме деген сұрағыңызға жауап таба аласыз.
Модель бізге мынадай нәрселерді айтады:
- Егер коронавирустан 11 адам көз жұмған Вашингтон штатында компанияңыздың 100 қызметкері бар болса жұқтыру ықтималдылығы - 25%, кем дегенде қызметкерлеріңіздің біреуі жұқтырған және сіз дереу компанияңызды жабуға тиіссіз.
- Егер Оңтүстік шығанақта 250 қызметкеріңіз бар болса (Сан-Матео және Санта-Клара округі, оларда 22 ресми жағдай тіркелді, ал нақты сан 54-тен кем емес болуы мүмкін), онда 9 наурызға қарай сізде жұқтыру мүмкіндігі ≈2% болады, бұл кем дегенде бір қызметкер ауырады деген сөз.
- Егер сіздің компанияңыз Парижде және 250 қызметкеріңіз болса, онда бүгін қызметкерлеріңіздің бірінің коронавирусты жұқтыру ықтималдығы 0,85%-ды құрайды, ал ертеңге қарай ол 1,2%-ды құрайды. Сол себепті сіз 1% жағдайы қалсын десеңіз ертеңнен қалдырмай кеңсеңізді жабуға тиіссіз.
Бұл модельде "компания" және "қызметкер" сияқты таңбашалар қолданылады. Бірақ ол мектептер, қоғамдық көлік секілді басқасына да пайдаланылуы мүмкін. Сол себепті егер Парижде бар болғаны 50 қызметкердің болса, бірақ олар мыңдаған басқа адамдарға тап болатын метроға барады. Онда олардың кем дегенде біреуінің жұқтыру ықтималдығы әлдеқайда жоғары және сіз дереу кеңсеңізді жабуыңыз керек.
Сіз басшылар тобына кіресіз бе?
Ұсынылған модель өте өзімшіл. Ол әрбір компаниядағы қауіп-қатерді жеке-жеке қарайды.
Егер сіз кәсіпкерлер тобының бір бөлігі болсаңыз, холдингтің директорлар кеңесіне немесе саяси фракцияға кірсеңіз, онда сіздің есептеріңіз бір компанияға емес, барлығына ортақ. Есептер өзгереді: кез келген компанияның зақымдану ықтималдығы қандай? Егер сіз орташа саны 250 қызметкері бар 50 компаниядан тұратын топты басқарсаңыз, онда Сан-Франциско шығанағы аймағындағы компаниялардың кем дегенде біреуінде жұқтыру ықтималдығы 35%-ды құрайды. Ал келесі аптада ықтималдық 97%-ды құрайды.
Қорытынды: Күту құны
Бүгін шешім қабылдау қорқынышты көрінуі мүмкін, бірақ бұл мәселені басқаша ойлау керек.
Бұл теориялық модель әртүрлі қауымдастықтарды көрсетеді: біреуі әлеуметтік оқшаулау бойынша шаралар қабылдамайды, екіншісі оқшаулауды вирус шыққан N күні қабылдайды , үшіншісі - N+1 күні. Мұнда барлық сандар толық ойдан шғарылған (олар Хубэйде болған жағдайды шамамен еске салу үшін таңдады, күн сайынғы нашар жағдайдаы жаңа науқастар, с =6000). Бұл бір нәрсе геометриялық прогрессияда өсу кезінде бір ғана күннің маңызды болуы мүмкін екенін көрсететін иллюстрация. Сіз бір күнге кідірудң өзі науқастар санының одан жоғары шыңға жететінін көре аласыз, бірақ содан кейінгі күнделікті жағдайлар нөлге теңеседі.
Бірақ аурулардың жиынтық саны туралы не айтуға болады?
Бұл теориялық модельде Хубэйдегі жағдайда тек бір күн күту жұқтыру деректерін 40%-ға көбейтті. Егер Хубэй билігі 23 қаңтар орнына 22 қаңтарда карантин жариялағанда науқастар санын 20 000-ға азайта алатын еді.
Есіңізде болсын, бұл тек жұқтырғандардың саны. Науқастың көз жұмуын күткеннен өлім әлдеқайда көп болар еді және өлім саны біз айтқан 40%- данда өсетін еді. Денсаулық сақтау жүйесінің коллапсы өте қиын жағдайда болып, бұл өлімнің 10 есе өсуіне әкеледі. Осылайша әлеуметтік оқшаулауды бір күн кеш енгізудің өзі қоғамда науқастар санының артып, өлім санының өсуімен аяқталуы мүмкін.
Бұл экспоненциалды қауіп. Әр күн маңызды. Сіз шешім қабылдауды бір күнге шегерсеңіз, бірнеше коронавирустық инфекция дерегіне өз үлесіңізді енгізбейсіз. Мүмкін, сіздің қауымдастығыңызда жүздеген немесе мыңдаған науқас бар шығар. Әлеуметтік оқшаулау жоқ кезде жұқтыру деректері күн сайын геометриялық прогрессия бойынша өсе береді.
Ақпаратпен бөлісу
Бәлкім, бұл мәтінді тарату соңғы онжылдықтағы адам өмірін сақтап қалатын оқиға болар. Апаттың қалай алдын алуға болатынын бәріміз түсінуіміз керек. Дәл қазіргі сәттен әрекет ету қажет.