Тікелей эфир

Карантин режиміндегі наурыз. Мерекені қалай үйден шықпай-ақ тойлауға болады?

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Биыл Қазақстан ғана емес, бірнеше ел Наурыз мейрамын мемлекеттік деңгейде тойлаудан бас тартты.

Бүгін – Ұлыстың ұлы күні, наурыз мейрамы. Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан үкіметі адамдар көп жиналатын бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салды. Сондай-ақ, қонаққа бармауға және үйге қонақ шақырмауға кеңес берілді. Мұндай жағдайда наурызды қалай мерекелеуге болады?

Informburo.kz наурыз мейрамын көпшілік орындарға бармай-ақ, отбасында салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындарды жаңғырта отырып, мерекелеуге қажетті ақпарат ұсынады.

Наурыз көже

Наурыз көже – дәстүрлі ұлттық тағам. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Оған дәстүр бойынша бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азық қосқан. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле беріледі. Қазы, қарта, шұжық секілді соғымнан арнайы сақталған мүшелерді де қосады.

Кешірім сұрау

Наурыз мейрамында "Самарқанның көк тасы еріген күн" деген сөз айыталды. Әйгілі астроном Ұлықбектің обсерваториясында сақталған көк тас болыпты, наурызда тасқа күннің сәулесі түсіп, оны жұмсартады деген аңыз бар. Дәл осы күні бұрынғы өкпе-реніштер ұмытылады. Егер ренжіген адам кешірім еткісі келмесе, оған: "Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, тастан қатты емес шығарсың?" деген. Ерте заманда әртүрлі жазаға тартылған қылмыскерлерге қателегін түсініп, кешірім сұраса, Наурыз күні оларға кешірім жасаған.

Ал қазіргі заманда адамдарға телефонмен хабарласып, кешірім сұрауға болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұлттық бренд жасап дамытуға болатын қандай тағам бар?

Наурыз жұмбақ

Наурыз жұмбақ табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, жерге, күн мен түнге байланысты айтылады. Мерекеде қыздар мен жігіттер бір-біріне жұмбақ айтып, сайысқа түскен. Мысалы:

Үшқара Айдай туып, Күндей батар,
Туғанда Шабансары таң сонда атар.
Аспаннан жұлдыз тарап, Шолпан туып,
Таң райы Күнменен манауратар.
Шығыстан Үркер туса егінді ор,
Батса көктен егісті егетін бол.
Қырық күн, қырық түн сол Үркер көктен безіп,
Жоғалып қараңғыда шегеді жол.

Саумалық

Жаңа жыл келген күні саумалық жырын былай айтады:

Саумалық, Саумалық,

Қап тауының көк құсы,

Ұйқыдан көзін ашты ма?

Саумалық, Саумалық,

Самарқанның көк тасы

Жіберді ме, көрдің бе?

Саумалық, Саумалық,

Жаңа келген жақсылықты

Көрдік пе, көрмедік пе?

Саумалық, Саумалық,

Сүті көп, көмірі аз.

Жаңа жыл, жарылқа, ескі жыл, есірке!

Сондай-ақ, отбасымен келесі қазақтың ұлттық ойындарын үйде отырып ойнауға болады.

Арқан тартыс

Арқанның қақ ортасы қызыл орамалмен байланады. Осы орамалдың екі жағынан 1,5-2 метрдей қашықтықта жерге белгі салынады. Екі топқа бөлінген адамдар бойларына қарай арқанның екі шетінен ұстайды. Төреші белгі берген сәттен-ақ екі топтың ойыншылары арқанды өздеріне қарай тартады. Арқанның ортасындағы қызыл орамалды жердегі белгіге бірінші сүйреп әкелген топ жеңімпаз атанады.

Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?

Сақина жасыру

Ойынды өткізу үшін басқарушы және сақина іздейтін кезекші белгіленеді. Қалған ойыншылар дөңгелене отырып, алақандарын ашып қояды. Ойын жүргізуші қолына сақина алып, әр ойыншының қолына кіргізіп, сақинаны бірінде қалдырады. Басқарушы жұмулы қолын әрбір ойыншының қолына салысымен, алақанын жаба қалады. Сақина жасырылғаннан кейін, ойын жүргізуші өз қалауынша ойыншының бірінен "сақинам кімде?" – деп сұрайды. Сол кезде барлық ойыншы тынышталады. Кезекші сақинаның кімде екенін тапса, онымен орын ауыстырады. Ал таба алмаса, өлең айтып, би билеп өнер көрсетеді де, өз қызметін қайтадан атқарады.

Дауыста, атыңды айтам

Ойнаушылар қол ұстасып, шеңбер бойымен дөңгелене тұрады. Шеңбердің сыртына шығарып бір ойыншының көзін байлайды да қолына таяқ ұстатып, шеңбердің ішіне кіргізеді. Көзі байлаулы ойыншы шеңбердің ортасына келген соң, қолындағы таяғын өзіне карсы тұрған ойыншылардың кез келгеніне ұсынады да "дауыста, атыңды айтам" дейді. Таяқтың екінші басынан ұстаған ойыншы атын біліп қоймас үшін дауысын өзгертіп үн қатады.

Көзін байлаған ойыншы таяғының кімге тигенін дәл тапса, сол ойыншымен орын ауыстырады. Таба алмаса, келесі ойыншыға ұсынады, оны да таба алмаса, үшіншіге ұсынады. Осылайша ол үш ойыншының атын атайды. Олардың атын анықтай алмаса, көзі шешіліп, ортада өнер көрсетеді. Болған соң көзі қайта байланады да, ойын жалғаса береді.

Оқи отырыңыз: Қазақтың ұмыт бола бастаған 10 салт-дәстүрі. Тест: біліміңізді тексеріңіз

Белбеу тастау

Жиналғандар дөңгелене шеңбер бойына отырады. Жүргізуші шеңбер сыртында белбеуді қолына ұстап жүгіре басып айналып жүреді де, өзінің көңіліне жаққан ойыншысының артына білдірмей тастауға тырысады (егер ол біліп қойса тастамау керек). Жүргізуші білдірмей тастап кетсе, шеңберді айналып қайтып келіп, белбеуді алады да, артында белбеу жатқан ойыншыны "Орныңды тап" деп белбеумен ұрады. Сөйтіп, шеңберді айналдыра қуалап, қайтып орнына келгенше соғады. Ал ойнаушы белбеуді артына тастап кеткенін біліп қойса, белбеуді ала салып, ойын жүргізушінің өзі босатқан орынға жеткенше қуалайды. Ойын осылай жалғаса береді.

Соқыртеке

Ойыншылар шеңбер құрып, дөңгелене турады да, ортада көзі байланған бір адам "соқыр теке" болады. Қалған ойыншылар соқыр текені қолымен түртіп қойып, одан айнала қашып жүреді. Ал соқыр теке сол түрткен адамды ұстап алып, тануға тиісті. Егер ол ұстаган кісіні таныса, оның көзін байлап, соқыр теке жасайды. Өйтпеген жағдайда соқыр теке ойыны әрі қарай жалғаса береді.

Кім түртті?

Ойын басқарушы келген адамдардың бәрін қатарластыра отырғызады. Сонан кейін оларды қайтадан біртіндеп тұрғыза береді. Мұнан соң басқарушы қалаған бір ойыншыны ұстайды да оның басын төмен иіп еңкейтіп, екі қолымен иығынан басып тұрады. Сонда ол төңірегін мүлде көре алмайды.

Бұл кезде ойынға қатынасушылардың бәрі жабыла барып, оны кезек-кезек түртіп қалады да, тым-тырыс тұра береді. Ал басқарушы одан: "Сені кім түртті?" деп сұрайды. Егер ол бірінші болып түрткен ойыншының атын дәл атаса, түрткіден босатылады да, аты аталған адам оның орнына келеді.

Егер ол алғаш түрткен ойыншының атын дәл басып атай алмаса, бір ауыз өлең айтып, жазадан құтылады.

Оқи отырыңыз: Өкпесүт, үлпершек, ақ тағам. Ұмыт боп бара жатқан ұлт тағамдарын жаңғырту жолы қандай?

Ұшты-ұшты

Ойын бастаушы ұша алатын затты атап, "ұшты" деп қолын көтергенде қатысушылар тез қолдарын көтеріеді. Ойын бастаушы жаңылыстыру үшін ұша алмайтын нәрсені атап, "ұшты" деп қолын көтереді. Сол кезде қатысушының бірі "ұшты" деп қолын көтерсе ұпай беріледі.

Содан кейін ұпайдың шарты туралы келісіп алады. Мысалы, бір ұпай ән салу, не 3 жұмбақ шешу, не 3 жаңылтпаш айту немесе өз көлеңкесімен сөйлесу, көзін байлатып ортаға шығып, "Соқыр теке" болу, т. б. Ұпай көбейген сайын бұл сияқты шарттар да көбейе береді.Мысалы:

Ұшты, ұшты – тарғақ ұшты! (ұшады)

Ұшты, ұшты – жарғақ ұшты! (ұшпайды)

Ұшты, ұшты – үкі ұшты! (ұшады)

Ұшты, ұшты – түлкі ұшты! (ұшпайды)

Ұшты, ұшты – бүркіт ұшты! (ұшады)

Ұшты, ұшты – іркіт ұшты! (ұшпайды)

Ұшты, ұшты – үйрек ұшты! (ұшады)

Ұшты, ұшты – бүйрек ұшты! (ұшпайды)

Сақ құлақ

Бұл ойынды бүгінде "Телефон" деп атап жүр. Ойынды бастаушы екінші ойыншының құлағына сыбырлап айтады. Сол сөзді қағып алған 2-ойыншы үшіншіге, үшінші төртіншіге, төртінші одан әрі тез-тез айтып, онан әрі жеткізе береді. Олардың бәрі сөздерді бір рет қана айтып, тым-тырыс отырады. Ең соңғы ойнаушы ойын бастаушыға сыбырлап өзіне жеткен сөзді айтады. Егер сөз дұрыс жеткен болса, ойын тағы да үш рет басқа сөздермен қайталанады. Егер сөз бұзылып жеткен болса, бастаушы соңғы ойнаушыдан бастап бірінші ойыншыға қарай сыбырмен ғана тыңдап, сөзді бұзушы кім екенін анықтайды. Сөз бұзған ойнаушы жазаланады.

Тауқырайдан

Ойнаушылар бірінің қолы бірінің басына жетерліктей мөлшерде дөңгеленіп отырады. Ойын бастаушыдан басқасы жалаң бас болуы керек. Ойын бастаушы "тауқырайдан-тауқырайдан" деп қайталап айта түседі де, өз басындағы тақияны оң жағындағы көршісінің басына кигізе қояды. Көршісі де сол сөзді қайталап, оң жақ көршісіне кигізеді. Осылай жалғасып кете береді. Бір мезетте, ойын бастаушы көзін жұмып отырады да "тау-тау" деп басын өзі қолымен баса қояды. Тақия кімнің басында қалса, соған айып салады.

Оқи отырыңыз: Қазақ бас киімді неге қадір тұтқан?

Біз де

Қатысушылар қаз-қатар отырады. Ойын бастаушы жиналғандардың алдына шығып, әңгіме айта бастайды. Егер бастаушы ойыншылар қосылатын сөз айтса, басқалар "біз де" деп қосылып айтады да, балалардың қосылмайтын сөзі болса, "біз де" деп айтуға болмайды. Байқамай қосылып, әлгі сөзді айтып қалған бала қатыушылардың тілегін орындап, айып тартады. Айыптан ән салып, не тақпақ айтып, не би билеп құтыла алады.

Жүргізуші: Мен көлге барам,

Қатысушылар: Біз де!

Жүргізуші: Көлден үйрек ұстап алам.

Қатысушылар: Біз де!

Жүргізуші: Үйректің жарымын күшігіме берем.

Қатысушылар: Біз де!

Жүргізуші: Күшігім жейді.

Осы кезде біреу: "Біз де" деп қалса, ойын тоқтайды. Әлгі қателескен бала айып тартады. Бұдан соң ойын қайта басталады. Ойын жүргізуші әңгімені ары қарай құрай береді.

Жаңылма

Қатысушылар қол ұстасып, дөңгелене тұрады да, ортасынан санамақ айтып бір баланы ортаға шығарады. Шыққан бала өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып кез келген жерінде жата қалады, не болмаса құлағын ұстайды, басын сипайды, тағы сол сияқты іс-әркеттерді жасайды. Оның өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып істеген қимылдарын қайталай алмағандар айыпты болып, өлең айтады, билейді, әңгіме айтып күлдіреді.

Байқап қал

Қатысуышлар екі топқа бөлініп, басшыларын тағайындайды. Олар үстел үстіне 15-20 ұсақ нәрсені (қалам, түрлі ойыншық, кішкене сурет т. б.) қойып, бетін шүберекпен жабады. Екі топ басқарушы да өзгелерге көрсетпей үстел үстіндегі нәрселердің тізімін жазып алады. Қатысушыларға бір минут қаратқаннан кейін оларды шығарып жіберіп, өздері көрген нәрселердің тізімін жазып келулерін тапсырады. Қай топ қатысушылары үстел үстінен көрген нәрселердің түрін көп жазып келсе, сол топ ұтқан болып саналады.

Оқи отырыңыз: Қазақтың табақ тарту дәстүрі. Оның түрлері қандай? Мәні, мағынасы неде?

Тартыс

Ойыншылар тепе-тең екі топқа бөлінеді, екі-екіден жұптасып тұрысады. Ортаға екі жұп шығады. Бірі екіншісін арқалап алады. Белгі бойынша олар бір-біріне жақындаса бастайды. Мақсаттары бірін-бірі аударып кету. Тартыс басталады. Егер арқадағы ойыншының бір жері жерге тиіп кетсе, жеңілген болып есептеледі. Ойынға келесі екі жұп шығады. Олар да осылай тартысады. Ойын жалғаса береді. Қай топ көп аударса, сол топ жеңеді. Артынан ойыншылар бір-бірімен орын ауыстырады.

Білектесу

Үстелдің шетіне қарама-қарсы отырған екі адам оң қолдарының шынтағын үстелге тіреп қояды да, бірінің қолын бірі алақандастыра мықтап ұстайды. Сол жақтағы қолдарын әркім өзінің оң жақ қолтығына тығып алады. Осылай ұстасып алған екі адам "ойын басталды" дегеннен шынтақтарын сол орнынан қозғамай, қарсыласының қолын шалқасынан түсіруге ұмтылады.

Тауық күрес

Жиналғандар екі топқа бөлінеді. Осы екі жақтан екі адам ортаға шығып, жалғыз аяғымен ақсаңдай жүріп, иықтарымен қағысып күреседі.

Күресетіндердің бір аяғын тізесіне бүгіп, мата белбеумен байлап тастайды. Сол аяқты, егер оң жақ аяғы бүгулі болса, сол жақ қолын; сол жақ аяғы бүгулі болса, оң жақ қолын шынтағынан бүгіп байлайды. Сонда екеуі де тек бір аяқ, бір қолымен жүріп күреседі. Қайсысы сүрініп жығылса, сол ұтылады

Оқи отырыңыз: Ер қаруы – бес қару. Ұлттық ойын арқылы бес қаруды насихаттау қажет

Кім жылдам

Ортаға шыққан екі адам бір-біріне арқасын беріп, екі жаққа қарап тұрады. Аяқтарының арасын иықтарының деңгейімен бірдей етіп ұстайды. Сонан соң ойын жүргізуші екеуінің аяғының арасына ұзыннан-ұзақ белбеу тастайды да "бір, екі, үш" деп санайды. "Үш" дегенде кім еңкейіп белбеуді бұрын алса, соның жеңгені. Ойынға басқа ойыншы шығады. Ойын жалғаса береді. Екінші кезекте әр жұптың жеңімпаздарымен арадағы жарыс болады. Ең соңында жеңген екі ойыншы қалады. Сол екеуінің қайсысы жеңіп шықса, сол жеңімпаз атанады

Үш орындық

Ортаға үш орындық қойылады. Ойынға қатынасушылардың санына байланысты орындықты көбейтуге болады. Басқарушы белгі берген соң ойыншылар ортада тұрған орындықтарды айнала жүгіреді. Ойын қыза бастағанда басқарушы отырыңдар деген белгі береді. Сол кезде ойыншылар орындықтарға отырыса қалады. Ал орындыққа отырып үлгере алмағандар, ойыннан шығады. Енді орындықтың бірі алынып тасталады да, ойыншылар қалған орындықты айнала жүгіреді. Ойын бір орындық пен екі ойыншы қалғанға дейін, олардың бірі жеңіп шыққанға дейін жүргізіле береді. Сонан соң ойын қайта басталады да, артынан жеңімпаздар арасында өзара тартыс басталады. Жеңіп шыққан ойыншы ең жылдам ойыншы деп аталады.

Материалда Е. Сағындықовтың "Қазақтың ұлттық ойындары" кітабының ("Рауан" баспасы, 1991 жыл) және Wikipedia ашық энциклопедиясының мәліметтері пайдаланылды.

Серіктестер жаңалықтары