Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты Қазақстанда төтенше жағдайдың жариялануына орай халыққа үндеу жолдады.

Президенттің айтуынша, коронавирустың теріс ықпалы жаһандық экономикаға тиіп отыр. Бұл әлемдік экономикалық жүйені қайта форматтау қажеттілігімен байланысты. Жаһандық дағдарыстың салдарын Қазақстан да сезініп отыр.

"Бірақ, экономикалық өзгерістерге қарамастан, біз әлеуметтік қысым мен жұмыссыздық өсіміне жол бермес үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Біздің еліміздің халықаралық резервтері 90 млрд долларға жуық. Бұл біздің экономикалық тұрақтылығымыз бен мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауының кепілі", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бюджет шығындары жұмыспен қамту мен бизнес үшін аса тиімді бағыттарға қайта есептеліп бөлінетінін айтты. Отандық кәсіпкерлерді қолдау мен жаңа жұмыс орындарын құруға 300 млрд теңгеден кем емес қаржы бөлінеді.

Informburo.kz үндеудің мәтінін жариялайды.


Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?


Құрметті отандастар!

Баршаңызға мәлім, қазір бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде.

Дүние жүзін коронавирустың таралуы алаңдатып отыр.

Бұл індет күннен-күнге ушығып барады.

Өкінішке қарай, осы дерт біздің елімізде де тіркелді.

Менің кешегі Жарлығыммен бүгін таңғы сағат 08.00-ден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді.

Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылады.

Президент жанынан Мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарады.

Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылады.

Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады.

Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды.

Көптеген азаматтарымыздың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін.

Дегенмен, бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз.

Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз, бірақ азық-түлік дүкендері және базарлар өз жұмысын жалғастыра береді.

Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылады.

Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті.

Сондай-ақ, азаматтарымыз отбасылық іс-шараларды өткізбеген жөн деп санаймын.

Қазақстан Республикасының аумағына кіруге және шығуға шектеу қойылады.

Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режим күшейтілді.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест-жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді.

Ауруханаларда орын жеткілікті.

Осы шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. Мұны дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын.

Сақтанғанды Құдай сақтайды.

Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді.

Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз.

Бұл – уақытша дүрбелең.

Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек!

Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет.

Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін.

Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек.

Дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет.

Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады.

Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз.

Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды.

Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бұған қажетті қорымыз қалыптасты. Қаражат бар.

Осы орайда, азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді.

Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді.

Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз.

Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады.

Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар тек ресми мәліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек.

Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет.

Татулық пен тұтастықтың арқасында кез-келген қиындықтан шығуға болады.

Сондықтан, бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет.

Береке мен бірлік бәрін де жеңеді!


Үндеудің қазақ және орыс тілдеріндегі толық мәтіні Қазақстан Президентінің ресми сайтында жарияланған.


Оқи отырыңыз:

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Үшінші күн
Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter