Күнде таңертеңгі тоғыздан кешкі алтыға дейінгі жұмыс тәртібі адамды шаршатып, күйзеліске түсіруі мүмкін. Жүйкеңіз жұқармауы үшін келесі 12 ережені орындауды ұмытпаңыз.
№1. Түскі асты тастамаңыз
Түскі үзілісті күш жинап, демалу үшін барынша пайдаланыңыз. Өндірістен қол үзбей отырып, тамақтануды доғарыңыз. Біріншіден, компьютердің алдында отырып ішкен ас жақсы қорытылмайды, екіншіден шайнаңдап отырған сырт келбетіңіз бен астың иісі кейбір әріптестеріңіздің ашуын келтіру мүмкін.
Түскі үзіліс кезінде айналаңыздағы жағдайды өзгертіңіз: өзіңізбен әкелген тамағыңызды ас бөлмесіне не асханаға апарыңыз, жақын маңда парк болса немесе ауа райы қолайлы болса көкке шығып тамақтаныңыз, мұндайда қарныңыз тойып қана қоймай, күні бойы тоқ жүруіңізге кепілдік бар.
Оқи отырыңыз: Түйіндемені қалай дұрыс толтыру керек? Кәсіпкерлер мен HR-мамандардан 10 кеңес
№2. Ауаны тазартып алыңыз
Миыңыз жақсы жұмыс істеуі үшін таза ауа қажет. Салқындатқыштар жайлы болғанымен таза ауаны алмастыра алмайды, сондықтан бес минутқа болса да терезені ашып алыңыз. Терезе-есікті аңырайтып ашып қойып, жел өтінде отырмас үшін далаға шығып келіңіз. Бұл деніңіздің саулығы үшін ғана емес, көңіл-күйіңізді көтеру үшін де керек. Қапырық бөлмеде жұмыс істеудің салдарынан тез шаршайсыз, ұйқыңыз келеді, кешке таман тіпті ештеңеге шамаңыз келмей қалуы да ғажап емес.
Оқи отырыңыз: Қолхатсыз қарызды қайтарып алуға болады. Пайдалы 9 кеңес
№3. Өзіңізге өзіңіз массаж жасаңыз
Кеңсе қызметкерлері мойын, қол, бел ауруына көп шағымданады. Күн ұзаққа бір орында отыратын жұмысшылардың басты проблемасы – осы. Бұлардан құтылудың ең оңай жолы – массаж бен жаттығу. Бастысы оларды жүйелі түрде жасаған дұрыс.
Жапонияда мәселен, кеңсе қызметкерлері компьютердің алдындағы жұмыстан кейін жаттығу жасауды әдетке айналдырған. Егер орныңыздан отырып-тұратын уақытыңыз болмаса, монитордың алдында отырып-ақ жаттығу жасай беріңіз. Құлақ, самай-шеке тұсын қолмен уқалаудың өзі пайдалы. Биологиялық белсенді нүктелерді қозғалтудың есте сақтау қабілетін арттыруға септігі бар. Бұдан кейін басыңызды жан-жаққа бұрып, қолды, білегіңізді, саусақтарыңызды сипаңыз. Қозғалыс бірқалыпты болуы тиіс. Желкеңізді шымшып, көзіңізді алақаныңызбен 30 секундқа жауып тұрыңыз. Көзіңіздің бұлшықеттері бей-жай болып, жұмысқа жаңа күшпен кірісесіз.
Оқи отырыңыз: Коммуналдық төлемдерден қалай ақша үнемдеуге болады? 12 пайдалы кеңес
№4. Қоқыс жинамаңыз
Жұмыс үстелінің үстінде пайдаланбайтын заттарды жинамаңыз. Папка, құжаттарды мұрағатқа тастаңыз, артық заттар мен қағаздарды лақтырып тұрыңыз. Егер жұмыс күндері тазалық сақтай алмасаңыз, жұмыс күні кешкісін кідіріп, айналаңызды реттеңіз. Компьютердің де жадын тазалап тұрыңыз, керек емес файлдарды өшіріп отырыңыз. Көз алдыңызда тәртіп пен тазалықты көріп, жұмысқа деген ынтаңыз оянады.
№5. Образыңызды ауыстырыңыз
Күнде күнде бір киімді кие бермеңіз. Сүйікті жейдеңіз бен джинсы сізден, сіз олардан демалуыңыз керек. Айналаңыздағылардың сіздің не кигеніңізде шаруасы жоқ, кескін-келбетіңіздің өзгергені өзіңізге керек. Өзгере отырып, өмірдің тамаша екенін ұғынасыз. Ұйымда қатаң киім үлгісі болғанына қарамастан, сырт келбетіңізді жаңартып тұруға тырысыңыз. Аксессуарлар мен аяқ киімдеріңізге де назар аударуды ұмытпаған жөн. Әтір таңдауда да қателеспеңіз, иіс судың иісі басқаларға да жағымды болу керектігін есте сақтаңыз.
Оқи отырыңыз: Кешіккен немесе кейінге қалдырылған рейстің жолаушысына не істеу керек?
№6. Әр түрлі түстерден айла жасаңыз
Жұмыс орнында көңіл көтеретін түстерді қолданған жөн. Түстердің де өз сиқыры бар:
- Қызыл түс өзіңізге сенімділікті оятады, көшбасшылық қасиетке ие қылады.
- Сарғылт қозғалысқа, жеделдікке итермелейді.
- Сары жинақталуға, алаңсыз ойлануға көмектеседі.
- Жасыл үндестікке итермелейді.
- Ашық көк түс шығармашылық шабытыңызды оятады.
- Көк сезімталдық қасиетін оятып, шешім қабылдауға көмектеседі.
№7. Шай ішудің де пайдасы бар
Шөптерден жасалған шайды қайнатыңыз: жалбыз, түймедақ, жаужапырақ, қырмызыгүлдің дәмін татып көріңіз. Лимон салып, грейпфурттың бір бөлігін салып жіберіп, демделген шәйді ішуде де болады. Әріптестеріңізге де ұсыныңыз. Егер жұмыстан қол тимей, шай дайындауға уақытыңыз болмаса стақанмен су ішіңіз. Су тамақтың қорытуын жақсартып, теріңіздің жағдайын жақсартуға сеп болады.
Өзіңіздің шөліңізді қандырып алып, гүлді суғаруды да ұмытпаңыз. Терезесі ашылмайтын ғимараттарға гүл өсірген өте пайдалы. Оларды күту жұмыстан демалудың тағы бір таптырмас тәсілі.
Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Работа в офисе: 12 антистрессовых лайфхаков на каждый день
№8. Үйде ғана ауырыңыз
Дене қызуы көтерілсе, жұмыс істеу оңай емес. Тұмауратып, жұмысқа келу – ерлік емес, өзімшілдік. Үйде емделіп алып, жұмысқа келіңіз. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ж.Бекшин де осыны ескертті. Ауырған күйде бала-бақшаға, мектепке жұмысқа барып біреуге жұқтырып, зияныңызды тигізесіз.
№9. Жаңа нәрселерді үйреніңіз
Уақытыңыз болуы үшін жұмысты жоспарлаңыз. Қолыңыз босай қалса өзіңізді дамытып, біліктілігіңізді арттыруға күш салыңыз. "Яндекстегі" курстарға, Google, маркетинг, менеджмент, психология, жарнамаға бөлген жарты сағатыңыз білім көкжиегіңізді кеңейтіп, идеялар мен мүмкіндіктерге жол ашады.
Ақысыз өзіңіздің IQ, дамыту туралы мына жерден танысуға болады.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері. Біз күнделікті неге мән бермейміз?
№10. Тойлатыңыз
Туған күніңіз, қызметтегі өрлеу, той, демалыс, бала туу сияқты қуанышты сәттеріңізді әріптестеріңізбен бөлісіп, кеңседегілерге пицца, дәмді торттар әкеліп, немесе өзіңіздің компаниядағы қалыптасқан дәстүрге сай атап өтуді қолға алыңыз. Бұл сіздің ұжымға сіңісіп, басқаларды танып, өз орныңызды ойып тұрып алуға көмектеседі.
№11. Өзіңізбен өзіңіз жұмыс істеңіз
Әр жұмыс күні, апта, айға жоспар құрып, ішкі сезімізге үңіліңіз. Негізінен адамдар таңертеңнен түске дейін өнімді жұмыс істеп, кешке таман қуаты таусылғандай күй кешетіні бар. Сол үшін қиын шаруаларды бірінші жасап, оңайларын ойнап отырып істеп тастайтын уақытқа қалдырыңыз.
№12. Көмек сұраңыз
Көмек сұрау – әлсіздіктің белгісі емес. Білмегеннің айыбы жоқ. Сондықтан білмегенді үйреніп алудан қашпаңыз. Бұған өзіңіздің көкжиегіңізді кеңейтіп, тәжірибемен толығатындай көзқараспен қараңыз. Өзгелер өз білімімен бөлісіп, көмектессе, сіз өз проблемаңызды елестетіңіз. Мұндайда шешілмейтін проблема болмайтынына көзіңіз жетеді.
Авторы Наталья Батракова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.