Тікелей эфир

Түйіндемені қалай дұрыс толтыру керек? Кәсіпкерлер мен HR-мамандардан 10 кеңес

Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Мақалада бірде бір басшының назарынан тыс қалмайтын түйіндемені рәсімдеу құпияларымен бөлісеміз.

Түйіндеме – сіздің қандай маман екеніңізді көрсететін басты құжат. Оны оқыған болашақ басшыңыз сізді кездесуге бірінші шақырғысы келетіндей болып жазылуы тиіс.

Іnformburo.kz тілшісі түйіндемеге міндетті түрде қандай мәліметтердің жазылуы тиістігін зерттеп көрді.

№1. Түйіндеме мәтіні қысқа-нұсқа болғаны дұрыс

Ол – ғылыми жұмыс, не болмаса өмірбаян емес. Жай ғана сіздің сауалнамаға берген жауабыңыз. Онда сіз өзіңіздің кәсіби мансабыңызда қол жеткізген басты табыстарыңыз туралы айтуыңыз керек. Түйіндемеге түкке тұрғысыз мәліметтерді жазудың қажеті жоқ. Оны екі беттен асырмаған абзал.

№2. Мәтінді жеңіл оқылатындай етіп жазыңыз

Ішіндегі өзекті сөздерді қою түсті қаріптермен белгілеңіз: мәселен, бұған дейін жұмыс істеген компанияларыңыз немесе өзіңіздің басқа да жеке қырларыңызды ашатын сөздерді.

Түйіндеменің әр бөлімін мүмкіндігінше жолақтармен бөліп қойған дұрыс. Сонда ол көзге тартымды, ал ішіндегі мәліметтері түсінікті болады.

№3. Түйіндеменің үстіңді жағында лауазымыңыз бен аты-жөніңізді жазыңыз.

Іnformburo.kz сұрау салған кәсіпкерлер мен HR-мамандардың пікірлерінше, түйіндеменің басындағы (үстіңгі жағындағы) ақпараттар адам туралы көп мәлімет береді. Ә дегеннен маман туралы көзқарас қалыптастырады.

Тақырыбына түйіндеме деп жазудың керегі жоқ. Оның орнына өзіңіз қалаған лауазымды көрсетіңіз. Әрі қарай міндетті түрде аты-жөніңіз, тегіңіз, әкеңіздің аты, жасыңыз, сондай-ақ тұрғылықты мекен-жайыңыз және/немесе қай жерге көшіп баруға дайын екеніңізді жазыңыз.

№4. Басшылар түйіндемедегі фотосуретіңізге қалай қарайды?

Өзіңіз туралы жазылған негізгі мәліметтердің жанына фотосуретіңізді орналастырыңыз. Оның көлемі үлкен болмауы тиіс. Сапасы жақсы болғаны маңызды және қандайма бір топталған суреттерден қиылып алынбаған болуы керек.

Жұмыс беруші суреттен кәсіби маманды көруі тиіс. Сол үшін демалыстағы суреттер мен жай ғана селфилер оған бармайды. Егер түйіндемеге салатын сапалы суретіңіз болмаса, ерінбей суретке түсіңіз. Ол сіздің табысыңыздың кілті болуы әбден мүмкін.

№5. Қалайтын жалақыңызды көрсетіңіз

Қандай жалақы алғысы келетіні туралы жазылмаған түйіндемелер көптеген HR-мамандар мен кәсіпкерлердің есінде қалмайды екен. Егер сізді жұмысқа алатын басшылардың пікірімен санассаңыз, олардың кеңесіне құлақ түріңіз – өз еңбегіңізді қаншаға бағалайтыныңыз туралы көрсетіңіз.

Мақаланың орысқа нұсқасын оқи отырыңыз: Как правильно составить резюме? 10 советов от бизнесменов и HR-специалистов

№6. Жұмыс тәжірибесіне қатысты мәліметтерге не енгізу керек?

Бұл – сіздің түйіндемеңіздің ең басты бөлімі саналады. Адамдардң көбі қашан, қайда, кім болып істегенін ғана жазады. Заманауи сауатты кадр мамандары қызметте жеткен табыстарыңыз туралы жазуға кеңес береді. Мүмкін сіз бұған дейін жұмыс істеген компанияңызда сауда-саттық көлемін ұлғайтып немесе қымбат тұратын келісім-шартқа қол қойған шығарсыз. Бұл туралы міндетті түрде мақтану керек.

Сонымен қатар сарапшылар өзіңіздің лауазымдық міндеттеріңіз туралы жазуға да кеңес береді. Бұған дейінгі жұмыста немен айналысқаныңыз, қандай міндеттерді орындағаныңыз туралы өз сөзіңізбен жеткізіңіз.

№7. Курстар мен сертификаттарыңыз туралы мәліметтер түйіндемеңізді тартымды ете түседі

Бөлек бір бөлімде біліктілікті арттыру бойынша өткен курстарыңыз бен алған сертификаттарыңыз туралы айтыңыз. Бұл бөлімде жазылған әр ақпарат сіздің мүмкіндігіңіздің мол екеніне кепілдік береді.

Алайда оның екінші жағы да бар. Егер курстар мен сертификаттар туралы ақпараттардың сіз үміткер болып отырған вакансиямен байланысты болмаса, ол туралы жазудың қажеті жоқ.

№8. Неше тіл білетініңіз туралы ақпаратты қалай жазуға болады?

Егер бір тіл білсеңіз, тек сол туралы жазыңыз. Екі не одан да көп тіл білсеңіз, олар туралы келтіріңіз.

Өзіңіз білмейтін тілді білемін деп жазбаңыз. Егер ағылшын тілінен базалық біліміңіз болса, дәл солай жазыңыз. Асырып айтудың пайдасы жоқ.

№9. Әуесқойлық

Әуесқойлығыңыз сіз туралы көп нәрсені білдіреді. Көп адамдар түйіндемеде өзінің қызығушылықтары туралы жазады. Алайда сарапшылар олай істемеуге кеңес береді. Өйткені жұмыс іздеудің бұл кезеңінде сіздің әуесқойлығыңыз туралы ақпараттар маңызды саналмайды. Бұл туралы әңгімелесу кезінде айтсаңыз да жеткілікті.

№10. Түйіндемені толтырғаннан кейін бәрін тағы бір мәрте тексеріп шығыңыз

Жібермес бұрын түйіндемені тағы бір мәрте оқып шығыңыз. Мүмкін керек емес жерлерін алып тастап, тағы басқа да ақпараттар қосқыңыз келетін шығар. Бастысы – түйіндемеде грамматикалық, тыныс белгі қателерін жібермеуге тырысыңыз. Мүмкін бір жерінде қате кеткен шығар. Егер қатеңізді дер кезінде түземесеңіз, өзіңіз туралы теріс көзқарас қалыптастыруға жол бересіз.

Материалды жазуға көмектескені үшін AsstrA компаниялар тобының HR-менеджері Юлия Весновскаяға, Verny Capital компаниясының HR-директоры Яна Кимге, жеке кәсіпкер Марклен Оганянға алғыз білдіреміз.

Авторы Ербол Қазистаев.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Серіктестер жаңалықтары