Тікелей эфир

ХХІ ғасырдың эпидемиясы – аллергиядан құлантаза айығуға бола ма?

Фото kommersant.ru сайтынан алынды
Фото kommersant.ru сайтынан алынды
Біз аллергияның қандай ауру екенін білеміз бе? Ол неден пайда болады? Аурудан айығудың жолы бар ма?

– Қазіргі кезде өте жиі кездесетін аурулардың бірі – аллергиядан орташа есеппен әрбір үшінші адам зардап шегетін көрінеді. Республикалық аллергология орталығының мәліметінше, Қазақстан халқының 30 пайызы аллергиямен ауырады екен. Олардың басым көпшілігі балалар мен жастар, – дейді мамандар.

Аллергендер емес, ағзаның реакциясы қауіпті

Ең алдымен, аллергия дегеніміз түрлі заттарға ағзаның иммундық жүйесінің жоғары сезімталдығы. Ал аллергияны қоздыратын затты аллерген деп атайды.

Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі


Аллергияның белгілері

Аллергияның белгілері / Фото parkfrunz.spb.ru сайтынан алынды


– Аллергияға тап болған науқастың көзі, мұрны және денесі дуылдап қышып, қып-қызыл болып қызарады. Мұрнынан су ағып, көп түшкіреді. Аяқ асты жөтел пайда болады, терісі бөртеді. Кей кездері науқастың тыныс алуы нашарлап, өкпесі тарылады немесе денесі ісініп, тамағы тітіркенеді, тіпті аллергиялық естен тануы да мүмкін, – дейді республикалық аллергология орталығының меңгерушісі Динара Талғатбекова.

Оқи отырыңыз: Ангинадан айығу үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі


Аллергиялық реакция бірнеше минуттар бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін

Аллергиялық реакция бірнеше минуттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін / Фото kommersant.ru сайтынан алынды


Аллергендердің мынадай түрлері болады: тұрмыстық, тағамдық, шаң-тозаңға, эпидермальдық, инсектілік, дәрілік, өндірістік, тағамдық химияға, вирустық, бактериялық және зең (грибковые) инфекциялары.

– Аллергендер адам ағзасы үшін қауіпті емес, алайда ағзаның аллергиялық реакциясы адам денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін, – дейді Динара Талғатбекова.

Аллергияға бейімділік ата-анадан беріледі

– Егер ата-анасының біреуі аллергиямен ауырса, баласының аллергиямен ауыру мүмкіндігі 50 пайызға, егер ата-анасының екеуі де аллергик болса, онда 75 пайызға ықтималдылығы артады. Себебі балаға ата-анадан аллергияға генетикалық бейімділік қоса беріледі, бұл – бірінші фактор, – дейді Динара Талғатбекова.

Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі

Ал екінші фактор – жүре пайда болатын аллергия.

Айтуынша, өсімдіктердің тозаңынан болатын аллергияның түрлері өте көп кездеседі. Бұл – маусымдық поллиноз, аллергиялық коньюктивтің кең таралған түрі. Қазір жаз мезгілінде осы түрі өршіп тұр.

Ауру жайлы түсінік берсек, поллиноз (латын тілінде pollen – өсімдік пен шөптің тозаңы, ал osіs – ауру) – жоғары тыныс жолдары мен көздің сілемейлі қабығына өсімдік тозаңының түсуінен пайда болатын аллергиялық ауру.


Аллергия тудыратын ағаштардың ішінде бірінші орында –қайың. Одан кейін терек. үйеңкі, шырша қарағай да аллерген ағаш түріне жатады

Аллергия тудыратын ағаштардың ішінде бірінші орында – қайың. Одан кейін терек, үйеңкі, шырша, қарағай да аллерген ағаш түріне жатады / Фото vseodereve.ru сайтынан алынды


Аурудың маусымдық сипаты бар, әсіресе, желмен тозаңданатын өсімдіктер гүлдеп, ауада тозаң көбейіп, ағзаның сезімталдығы күшейген кезде байқалады. Поллиноз бір немесе бірнеше аллергендерде дамуы мүмкін. Аллергендер мұрынның шырышты қабығы, ас қорыту жолдары арқылы ағзаға түсіп, онда арнайы аллергиялық антиденелердің (негізінен иммундық глобулин Е, G) өндірілуіне әкеледі.

Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?


Ойраншөп - аллерген өсімдіктер қатарынан

Ойраншөп – аллерген өсімдіктер қатарынан / tvoymalysh.com.ua сайтынан алынды


Сондықтан, алдын алу үшін өсімдік гүлдеген кезде тыныс жолдарына (дәке маска байлау) және көзіне (қорғаныш көзілдірік кию) тозаң түсірмеуге тырысуы керек, ал қыс айларында ауруды қоздыратын арнайы аллергенді анықтау қажет. Сол аллергеннің өте аз мөлшерін ағзаға енгізу арқылы адамның сезімталдығын азайтады.

Дәрігердің айтуынша, аллергия – жұқпалы ауру емес. Сондықтан, түшкіргенде, жөтелгенде аллергия ауаға тарамайды.

Аллергияның пайда болуына...

– Қоршаған ортаның ластануы, темекі шегу, нашақорлық, полипрагмазия (дәрі-дәрмектердің жиі қолданылуы), сәбилерді жасанды тағамға ерте үйрету, өндірістік-тұрмыстық химиялық заттардың көп қолданылуы, күнделікті тұтынатын тағамдарда ГМА (гендік модификацияланған ағза) қоспаларының, консерванттардың болуы, бауыр мен асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары, стресс, жұқпалар да септігін тигізеді, –дейді аллерголог маман.

Оқи отырыңыз: Жөтелді үй жағдайында қалай емдеуге болады?

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесеңіз...

Ауруды асқындырмай, алдын алу шараларын қолданған жөн.

Біріншіден, аллергендерді жою: үйдегі шаң жинайтын кілем, жүн, құс қауырсынынан жасалған көрпе-төсектерді пайдаланбауы керек, арнайы фильтрі бар шаңсорғышпен үйді тазалап отыру керек. Яғни:

  • Терезеге тор орнатыңыз және оған үнемі су бүркіп, дымқылдап тұрыңыз;
  • Екі-үш апта сайын перделерді жуып тұрған жөн;
  • Отбасы мүшелерінің жиі ванна қабылдап тұруын қадағалаңыз;
  • Үйді жиі желдетіп тұрыңыз, сондай-ақ салқындатқыштың (кондиционер) фильтрлерін алмастыруды ұмытпау қажет;
  • Швабраға сулы шүберек іліп алып, шаң жиналатын қабырғаның жоғарғы жағын сүртіп алған дұрыс. Еденді апта сайын жуып тұру керек;
  • Үйде еденді, кілемдерді шаңсорғышпен шаңын сорып, тазалаған жақсы және кілемдерді ғана емес, жиһаздардың да шаңын сорыңыз;
  • Жуынатын бөлмені хлормен тазалап, суы тамшылап тұрса құбырларды жөндетіңіз;
  • Кітап ұстағанда аллергияңыздың қозатынын байқасаңыз, мұқабасының шаңын шаңсорғышпен сорып тазалап қойған дұрыс. Кітап тұратын сөрелердің беті жабық болғаны жақсы.

– Тағамдық аллергия болған жағдайда гиппоаллергендік диетаны ұстанған дұрыс. Сонымен қатар, аурудың үстіне ауру жамамау үшін, басқа созылмалы, жұқпалы дертіңізді дер кезінде емдеген дұрыс, – дейді Динара Талғатбекова.

Айтуынша, аллергиямен ауыратын адам өз бетімен емделмей, міндетті түрде аллерголог маманнан кеңес алып, аллергоиммунологиялық зерттеуден өткені дұрыс.

Оқи отырыңыз: Ауыздың уылуын (стоматитті) қалай емдейді? Бұл ауру шынымен қатерлі ме?

Өйткені, аллергия өршіп кетсе...

– Дәрі-дәрмектерден: антигистаминді, топикалық және жүйелі глюкокортикостероидты препараттарды, сорбенттерді ішіп, емделу қажет болады. Сонымен қатар ағзадан аллергенді шығару және алдын алу керек, – дейді аллерголог.

Емделгендер 5-7 жыл ғана ауырмай жүреді

– Республикалық аллергология орталығында ағзаның анықталған аллергендерге сезімталдылығын төмендету үшін аллергенспецификалық иммунотерапиясы (АСИТ) жүргізіледі. Ем алғаннан кейін науқастар 5-7 жылға дейін ауырмай жүреді. Кейін белгілері тағы байқалуы мүмкін, – дейді дәрігер.

Айтуынша, аллергенспецификалық иммунотерапия 5 жастан 63 жасқа дейінгі пациенттерге қолданылады.Тек созылмалы ауруы асқынғандарға, туберкулез, онкологиялық ауруларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге рұқсат етілмейді. Сондықтан арнайы иммунотерпияны көрсеткіштер бойынша ғана қабылдау керек.

Оқи отырыңыз: Биологиялық белсенді қоспа (ББҚ) – дәрі емес. Жарнамаға сенген зейнеткерлер ауруына ауру жамады

Оңтүстікте мезгілдік аллергия жиі кездеседі

– Аллергияны аймаққа байланысты бөлуге болмайды, – дейді аллерголог Динара Талғатбекова. – Ол адамның ағзасына байланысты, дегенмен де, Оңтүстік Қазақстан аймағында шаң-тозанға мезгілдік аллергия жиі кездеседі.

Соңғы кезде қала тұрғындарының аллергияға бейімділігі артқан. Оған өндірістің дамуы мен ауаның ластануы себеп. Өндіріс дамыған аймақтарда аллергиялық аурулардың саны 25-30 пайызға дейін артық болады, – дейді Динара Талғатбекова.

Дамыған елдің халқы аллергиямен жиі ауырады

Ғалымдардың айтуынша, жоғары дамып кеткен елдердің халқы аллергиямен жиі ауырады екен.

Біздің иммундық жүйеміз екіге бөлінеді: бірі вирустармен, ал екіншісі – бактериялармен және паразиттермен күреседі. Осы екіншісі аллергиялық қоздыруға әкеліп соғады. Мәселен, иммунитеттің қандай да бір бөлігі жұмыс істемей тұрса, ол өз-өзіне тапсырмалар ойлап табатын көрінеді. Сондықтан біздің дезинфекциялық тазалауымыздан соң бактерия қаншалықты азайса, соншалықты аллергия өршіп кетеді деген қауіп бар. Бүгінде дамыған қоғамда паразит өте аз.

Оқи отырыңыз: Қан тамыры қысымы ауруынан қалай сақтану керек және оның алдын алу жолдары қандай?

Ал дамымаған елдерде, керісінше, бактерия мен паразит өте көп, сондықтан халықтың иммундық жүйесінің сол бөліктері әрдайым жұмыс істеп тұрады да, олардың жаңа "жауларды" іздеуге уақыты болмайды. Сондықтан, бұл елдерде аллергия өте сирек кездеседі екен.

Есіңізде болсын!

  • Алкоголь аллергияны асқынтады;
  • Балалардың диатезі де – аллергияның бір түрі;
  • Маусымдық поллиноздан зардап шегуші болсаңыз, климатты өзгертіп көріңіз (мейлінше ылғалды аймаққа көшу керек);
  • Сүт – белсенді аллерген;
  • Балаға цитрус жемістерін шектеп беріңіз (аллергиясы барлар мүлдем татып алмасын);
  • Жүктілік кезінде антигистаминдік препарат ішуге болмайды (дәрігер басқа дәрілер ұсынады);
  • Суыққа да аллергия болады;
  • Кальций ағзадағы гистаминдердің азаюына әсер етеді.
Оқи отырыңыз: Қояншық ауруы (Эпилепсия) дегеніміз не? Аяқ астынан ұстамасы ұстаған адамға қалай көмектесу керек?

Сонымен, қолымыздан не келеді?

Күнде С дәруменін қабылдаңыз

С дәрумені – бұл өте қуатты антиоксидант, ағзадағы аллергиялық реакцияларды жояды. Сонымен қатар, қанды сұйылтып, оксидатив процестеріне қатысады. Дәл осы қасиеті аллергияны жеңілдетеді.

С дәруменін аллергия маусымында 18 жастан асқан ересектер күніне 1-2 грамнан қабылдауы керек. Ас қабылдау кезінде ішу керек. Ал ең жақсысы осы мөлшерді екіге бөліп, түрлі уақыттарда қабылдау керек.

Магний ішіңіз

Магний ағзадағы жүздеген процесске қатысады, оның ішінде біздің иммундық жүйемізге көмектеседі. Егер ол аз болса иммунитет әлсірейді. Сонымен қатар, магний бұлшық еттерді босаңсытып, осының арқасында тыныс алуға мүмкіндік береді. Ал аллергия немесе астма кезінде терең тыныс алудың қиын екенін мен айтпай-ақ біліп отырсыз.

Мөлшерлемесі: 18 жастан асқан ересектерге ұйықтар алдында 300 миллиграмм ішу керек.

Оқи отырыңыз: ЖОО студенттерінің 36 пайызы фастфуд тұтынады, 37 пайызының асқазаны ауырады. Зерттеу нәтижелері

Көбірек ананас жеңіз

Ананаста бромелайн заттегі бар. Бұл ас қорыту энзимі, ол бізге сүт пен глютенді қажетті көлемге дейін бөлуге көмектеседі, бұл аллергияны жеңілдетеді немесе тіпті де жойып жібереді деген сөз. Бромелайн ананастың дәл ортасында болады.

Рационыңызға омега-3 бар азық-түлікті қосыңыз

Омега-3 майлы қышқылы жасушаны құрауға қатысады, оның ішінде жасуша қауызын қорғайды. Аллергия көбінде өте сезімтал жасушалар болып шығуы мүмкін. Қауызы қаншалықты қатты болса, аллергиялық реакциялар оларға соншалықты аз болады.

Қабылдау шамасы: 18 жастан асқан ересектерге тәулігіне 1000 миллиграмм балық майы немесе күніне балық майынан толық порция. Омега-3 заттегі бар азық-түліктер:

  • Скумбрия;
  • Албырт;
  • Майшабақ;
  • Грек жаңғақтар;
  • Зығыр майы және пісте;
  • Рапс майы;
  • Сардина.

Таза суды көбірек ішіңіз (күніне кем дегенде 1,5-2 литр)

Су барлық айналым процесстерін жақсартады, оның ішінде ағзаны детоксикациялау бар. Аллергия кезінде ол өте қажет. Егер ағзада су жеткіліксіз мөлшерде болса, онда токсиндер мен басқа қалдықтар денеден шыға алмайды. Сондықтан, суды қажетті мөлшерде ішу маңызды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары