Тікелей эфир

Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Бұл дертке 55 жастан асқан әйелдер жиірек шалдығады. Бірақ соңғы кезде ауру "жасарып", 30-45 жас аралығындағы келіншектерден де анықталып жатыр.

Сүт безі қатерлі ісігіне жыл сайын шамамен 1 млн әйел ауырады және әр екінші әйел дер кезінде емделмеу салдарынан қайтыс болады. Қауіпті дертке кез-келген нәзік жанды шалдығуы мүмкін. Сондықтан, дәрігер кеңесіне сүйеніп, аурудың алдын алу жолдарын ұсынамыз.



"Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуының себебі көп. Бірақ, соған қарамастан, ғалымдар сүт бездеріндегі патологиялық процестің дамуына әсер ететін факторлардың белгілі бір тобын анықтады. Егер әйелдің ең жақын туыстарының біріне 50 жасқа дейін обыр диагнозы қойылса, сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі артады. Себебі, 10 пайыз жағдайда бұл дерт тұқым қуалайды. 50 жастан асқан әйелдерде қатерлі ісікке шалдығу қаупі едәуір жоғары", – деді "Салауатты Астана" ЖШС отбасылық дәрігерлік орталығының дәрігері Көкенай Ташимова.

Сүт безінің қатерлі ісігін не тудырады?

  • сүт безінің жарақаты;
  • дұрыс тамақтанбау;
  • артық салмақ;
  • темекі шегу және алкогольді ішімдік ішу;
  • радиациялық әсер;
  • тұқым қуалайтын фактор;
  • кеш босану;
  • жиі түсік жасату.

Оқи отырыңыз: "Қатерлі ісіктен жазылуға болады". Обырды жеңген 4 жанның әңгімесі

Сүт безі қатерлі ісігінің белгілері:

  • көкіректе түйін сезіледі;
  • бір омырау екіншісінен үлкен болып, көлемі өзгереді;
  • төс тығыздалып, белгісіз сұйықтықтың не ірің бөлінуі;
  • тері түсінің өзгеруі (қызарып, солғын тартады);
  • ісік үстіндегі теріде ойықтар мен қабықшалар пайда болады;
  • сүт безіндегі ауырсыну (әсіресе, етеккір келгенде);
  • қолтықтың маңайы тығыздалып, ісік пайда болады;
  • қолда ісік пен ауырсыну білінеді (бір жағында);
  • әлсіздік пайда болады, жүрек айнып, бас айналады.

Егер осындай белгілерді сезінсеңіз, бірден дабыл қағып, тұрғылықты жеріңіздегі маммолог, онколог, акушер-гинеколог және жалпы практика дәрігеріне қаралыңыз. Өйткені бұл ауруды асқындырып алсаңыз, ісік алғашқы кезеңнен төртінші сатыға дейін тез өтіп кетуі мүмкін. Төртінші кезеңде емделу екіталай.

"Бастапқы кезеңдерде аурудың белгілері байқалмайды, сондықтан оны адамдарға өздігінен анықтау қиын. Ісікті тек қана ультрадыбыстық және басқа құралдармен зерттеу арқылы тез табуға болады. 45 жасқа дейінгі әйелдерге УДЗ, ал жасы 45-тен жоғары әйелдерге рентгенологиялық маммография тағайындалады", – деді дәрігер Көкенай Ташимова.

Оқи отырыңыз: Көзілдірік және линза: қайсысын таңдаған дұрыс?

Сүт безі обырынан сақтану жолдары:

  • Дұрыс тамақтану. Фастфуд, ащы, тұзды, майлы және қуырылған тағамдардан бас тартып, жеміс-жидек, көкөніс, белокқа бай тағамдарды тұтынған жөн. Сондай-ақ, құрамында пайдалы майлар, дәрумендер мен минералдары бар ас ішкен абзал;
  • Уақытында бала туу. Кеш жүктілік кезінде сүт безі обырының қаупі бар. Аборттан аулақ болып, жүктілікті дұрыс жоспарлау керек;
  • Таза ауада серуендеу;
  • Физикалық белсенділікті арттыру;
  • Дұрыс тынығу;
  • Ұйқы режимін сақтау;
  • Темекі мен алкогольді ішімдіктерден бас тарту;
  • Менопауза кезінде гормональды препараттарды қабылдаудан бас тарту;
  • Ыңғайлы төстартқыш кию;
  • Кеудені өздігінен тексеру. Ай сайын етеккір циклі аяқталғаннан кейінгі бірінші аптада сүт бездерін қолмен ұстап, тексеру керек. Егер күмәнді қуыстар мен түйін, ісіктер байқасаңыз, маммологтың көмегіне жүгінуге болады.

Оқи отырыңыз: Күмістелген судың пайдасы мен зияны. Оны қауіпсіз тұтыну мөлшері қандай?

Есіңізде болсын: сүт безі қатерлі ісігін ерте диагностикалау көп жағдайда сәтті емделуге және ұзақ өмір сүруге кепілдік береді. 40 жасқа дейінгі әйелдер жылына бір рет сүт бездеріне ультрадыбыстық тексеру жасатып, жамбас органдарын да бақылатып тұру керек.

Серіктестер жаңалықтары