Тікелей эфир

ЖОО студенттерінің 36 пайызы фастфуд тұтынады, 37 пайызының асқазаны ауырады. Зерттеу нәтижелері

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Informburo.kz Қазақ тағамтану академиясы, "Аман-саулық" ҚҚ және ALMAU бірлесе жүргізген Алматы студенттерінің тамақтануы туралы зерттеу нәтижесін ұсынады.

Әлеуметтанушы Данил Бектұрғановтың айтуынша, зерттеу келесі негізгі 3 сұрақтың жауабын анықтау мақсатымен жүргізілген:

  • Алматы қаласындағы ЖОО және колледж студенттерінің дұрыс тамақтану туралы қаншалықты хабардар?
  • Студенттердің жасы, тұрғылықты жері, қаржылық жағдайы және өзге факторлар олардың тамақтануына қалай әсер етеді?
  • Білім беру мекемелері студенттерді дұрыс тамақтану туралы қаншалықты ақпараттандырады?

1049 респонденттерге барлығы 20-ға жуық сұрақ қойылған. 2019 жылдың 25 қыркүйегі мен 25 қарашасы аралығында жүргізілген сауалнамаға AlmaU, ҚазҰУ, АЭЖБУ, ЕЮА, КНТУ, ҚазХҚӘТУ және ҚАУ, Тұран, АМЖТ колледждерінің студенттері қатысқан.

Сауалнамаға қатысқан ЖОО студенттерінің 34 пайызы, колледж студенттерінің 50 пайызы ата-аналарымен бірге тұрады. Жатақханада тұратындар: ЖОО студенттері – 36 пайыз, колледж студенттері – 26 пайыз. Студенттердің 23 пайызы пәтер жалдайды.

Оқи отырыңыз: Мектептегі тамақтандыру саласына өзгерістер енгізіліп жатыр

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, ЖОО студенттерінің 16 пайызы, колледж студенттерінің 19 пайызы дұрыс тамақтану қағидаларын білмейді екен. Студенттердің үштен бір бөлігі күніне үш рет тамақтанса, екі рет тамақтанатындар – 23-24 пайыз. ЖОО студенттерінің 8 пайызы, колледж студенттерінің 2 пайызы күніне бір рет қана тамақтанады. Қалған респонденттер "күніне үш реттен артық не әр кезде әрқалай тамақтанамыз" деп жауап берген.

Студенттердің үштен бірі фастфудты таңдайды

Студенттердің қандай тағамдарды тұтынатынын зерттегенде ЖОО-ға қарағанда колледж студенттерінің тәтті снектер, газдалған және шырынды сусындарды көп тұтынатыны анықталды. Студенттердің үштен бір бөлігі тез дайындалатын тағамдармен ауқаттанғанды жөн көреді. "Аман-Саулық" қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова 16-18 жастағы студенттердің 9 пайызының тұрақты түрде фастфуд жеуді әдетке айналдыруы үрей тудыратынын айтады.

ЖОО студенттері:

  • фастфуд – 35,8%;
  • тек фаст-фуд – 8,1%;
  • тәтті снектер – 23,3%;
  • тәтті газдалған сусындар – 22,5%;
  • жеміс шырындары – 20,3%;
  • энергетикалық сусындар – 15%.
Колледж студенттері:
  • фаст-фуд – 28,7%
  • тек фаст-фуд – 9,6%
  • тәтті снектер – 31,5%
  • тәтті газдалған сусындар – 28,7%
  • жеміс шырындары – 33%
  • энергетикалық сусындар – 22,4%
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың басым бөлігінің жалақысы азық-түлік алуға жетпейді

Студенттердің тамақтануға ақшасы бола бермейді

Сауалнамаға қатысқан студенттердің 44 пайызы тамақтануға күніне 500-1000 теңге, 38,5 пайызы – 1000-2000 теңге, 16,5 пайызы – 2000 теңгеден көп ақша жұмсайтынын айтқан. AlmaU университетінің оқытушысы Гүлнәр Әсемқұлова сауалнама кезінде "ақшасы жоқ студенттердің" жауап беруден бас тартқанын айтты.

"Қалталарында екі жүз теңге де болмайтын студенттер болды. Басы-қасында жүргендіктен, оған өзімнің көзім жетті. Күніне бір рет тамақ ішуге де мүмкіндіктері жоқ. Студенттердің көп бөлігі басқа өңірлерден келген жастар. Жатақханасы кемінде 45 мың теңге делік. Күнделікті сабаққа келіп кетуі, тамақтануы қаражатты қажет етеді. Сол үшін де бірінші курс студенттері арасында да сабақты екінші орынға қойып, жұмыс істейтіндер бар", – дейді оқытушы.

Сауалнамада "500 теңгеге қай оқу орнында тамақтануға болады?" деген сұрақ болған. Студенттер көбі Алматы қаласында ондай жердің жоқ екенін айтқан. Гүлнәр Әсемқұлова студенттер ақшалары жететін болғандықтан, тәттіні көп тұтынады деген пікірде.

Оқи отырыңыз: Түрік асханалары Алматыны жаулап алды. Қазақ кәсіпкерлері неге бәсекеге қабілетсіз?

Сауалнама жүргізуге қатысқан студент Азамат Еділұлы "студенттер фастфудқа дәмді болғаны үшін құмар" деген көпшілік ойымен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, университеттерде тамақ бағасы қымбат, ал фастфуд жеген тиімді және жеңілірек.

Сауалнама қатысушыларының 24 пайызы – тағамның дәміне, 14 пайызы – құрамына, 19%-ы – бағасына, 41 пайызы үш критерийге де назар аударатынын көрсеткен.

Жоғарыда аталған және өзге де зерттеу нәтижелері төмендегі инфографикада бейнеленген:


Алматы ЖОО мен колледждері арасындағы студенттердің тамақтануы

Алматы ЖОО мен колледждері арасындағы студенттердің тамақтануы / Инфографиканы "Аман-саулық" қоғамдық қоры ұсынды


Студенттердің көбі асқазан ауруларына шалдыққан

Сауалнамаға қатысқан ЖОО студенттерінің 31 пайызы және колледж студенттерінің 24 пайызы тамақтануға байланысты денсаулықтарында ақау барын мойындаған. Олардың ішіне 62,5 пайызы медициналық көмекке жүгінген. Тамақтануға байланысты ең көп таралған проблемалар – улану (60%), асқазан-ішек жолдары аурулары (гастрит, асқазан жарасы, панкреатит – 33%), аллергия, тері бөртпелері және тағы басқа (7%).

"Толыққанды әрі дұрыс тамақтану жастар денсаулығын қалыптастыруда маңызды фактор екені анық. Алынған мәліметтер студент жастардың дұрыс тамақтанбауына байланысты барлық қауіп факторларын жете бағаламайтынын көрсетеді. Алматы студенттерінің көпшілігінде асқазан-ішек жолдарының проблемалары бар, басым бөлігі гастрит, асқазан жарасы, панкреатит, тері бөртпелері және аллергия сияқты ауруларға тап болған", – деді Бақыт Түменова.

Оның сөзінше, физикалық денсаулық, өмір сүру ұзақтығы, иммунитет және зат алмасу жай-күйі дұрыс тамақтанумен тікелей байланысты.

Оқи отырыңыз: Күмістелген судың пайдасы мен зияны. Оны қауіпсіз тұтыну мөлшері қандай?

ЖОО мен колледждерде дұрыс тамақтануды насихаттау бойынша ақпараттық іс-шаралар өткізіле ме деген сауалға студенттердің 73 пайызы "иә", 27 пайызы "жоқ" деп жауап берген. Бақыт Түменова Қазақстанның барлық оқу орындарында дұрыс тамақтануды насихаттайтын ақпараттық жұмысты жүйелі түрде жүргізу қажет екенін айтады.

Сауалнама қорытындысы:

  • ЖОО мен колледж студенттерінің тағамға деген құмарлығы мен әдеттері олардың оқу ақысын қалай төлейтініне байланысты емес;
  • ЖОО мен колледж студенттерінінің тамақтануға арналған күнделікті шығындары бірдей;
  • колледж студенттері ЖОО студенттеріне қарағанда тәтті тағамдарды көп тұтынады;
  • ЖОО студенттерінің үштен бір бөлігі мен колледж студенттерінің төрттен бір бөлігінде тамақтануға байланысты денсаулығында мәселе болған,
  • ЖОО студенттерінің 69 пайызында және колледж студенттерінің 56 пайызында бұл мәселелерді медицина қызметкерлерінің көмегімен шешуге тура келген;
  • Сұралған ЖОО студенттерінің 72 пайызы және колледж студенттерінің 74 пайызы оқу орындарында дұрыс тамақтануды насихаттау бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізілмегенін айтты.

"Аман-Саулық" қоғамдық қорының президенті, дәрігер Бақыт Түменова ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу жөн екенін айтты. Студенттер арасында дұрыс ақпараттандыру арқылы да тамақтануға қатысты аурулардың алдын алуға болады.

Оқи отырыңыз: Қазақтың тұзды пайдалану мәдениеті және төсті неге күйеуге не келінге береді?

Сарапшылар инфаркт, инсульт, склероз, диабет секілді аурулардың жасарып келе жатқанын айтады. Қазақстанда 18 жастан жоғары адамдардың 52 пайызында, ал 18 жасқа дейінгілердің 20- пайызында артық салмақ бар. Сол себепті дәрігерлер қантты азайтуды, тіпті бас тартуды ұсынды. Ал тез дайындалатын тағамдарды айына ең көп дегенде бір рет тұтыну керек. Күніне 5 грамм тұз тұтынған жөн, бірақ қазақстандықтар мөлшерден үш есе, яғни 17 грамм тұтынады.

Зерттеу нәтижесі бойынша сарапшылар Білім және ғылым министрлігі, университет ректораттары мен колледждер басшылығына асханаларда қолжетімді бағада және әртүрлі тамақтардың болуын қамтамасыз етуді ұсынып отыр. Асханаларда фастфуд пен тәтті сусындар болмау керек.

Серіктестер жаңалықтары