Тікелей эфир

Қан тамыры қысымы ауруынан қалай сақтану керек және оның алдын алу жолдары қандай?

Сурет my fly.ru сайтынан алынды
Сурет my fly.ru сайтынан алынды
Адамдар салауатты өмір салтын ұстана бермейді. Соның салдарынан қан қысымы ауруына шалдығып, еңбекке жарамсыз болып қалған жастар көбейген.

Қан тамырының қысымы – ең көп тараған сырқаттың бірі. Статистика бойынша елі­мізде әрбір оныншы адам ауырады екен.

Ал республика бойынша адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде қан қысымы бірінші орында тұр екен. Екінші орында – ауыр дене жарақаттары, соңғысында – қатерлі ісік аурулары. Сондықтан дәрігерлер аурудың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап келеді.

Оқи отырыңыз: Ангинадан айығу үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі

Ауру жас талғамайды

Қан қысымының қалыпты көр­сеткіші тонометр бойынша 120/80 болуы керек. Егер тонометр тілі 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 көрсететін болса, бұлар қан қы­сымы көтерілуінің екінші және үшін­ші сатысы деп саналады. Әсіре­се, үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті саналады.

Адам ағзасындағы қан айналымы бұ­зылса, жүрек қан тамырла­ры тартылып,жіңішкергенде, қаны қою­ланса қысым көтеріледі. Бұл көбіне аз қи­мылдайтын адамдарда жиі кездеседі. Бір орында көп отыратын немесе кешке дейін бас кө­термей төсекте жататын адамның ағзасында­ғы, тамырлардағы қан қоюланады да, ішкі температураның әсерімен қысымы жоға­ры­лайды. Осындайда адамның басы ауы­рып, мазасы кетеді.

Ал қан қысымының ауруының алдын алғысы келе­тін­дер көп қимылдап, көп жүріп-тұруы керек. Талдықорған қаласындағы №1 қалалық емханадағы аурудың алдын алу бөлімінің меңгерушісі, кардиолог Кира Иманғазинованың айтуынша, адам қимылдаған сайын оның ішкі энергиясы да қуат­та­нып, іске қосыла бас­тайды.

Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі

– Кез келген ауру тұқым қуалайды. Ал тұқым қуалайтын аурумен күресу қиынға соғады. Өйткені ата-анасынан берілген аурудың белгілері о бастан болуы мүмкін. Сондықтан қан қысымы тек орта жастан асқан адамдарда ғана пайда болады деген түсінік қате.

Қан қысымының көтерілу себептері

– Қан қысымының көтерілуіне көбіне тұрмыстағы кикілжің, әлеуметтік жағдай, темекі шегу, арақ ішу, артық салмақ, жүйкенің сыр беруі әсер етеді. Әр адамның өз денесіне сай қан қысымы бар. Бірақ 140-тан асқанда дәрігерге қаралып, ем жүргізуді бастау керек. Мұндай қан қысымымен тіркелген адамды дәрігер үш айдан алты ай аралығында бақылауға алып, ем жүргізеді.

Ал дәрігердің тіркеуінде тұрмайтын адамдар үшін емханаларда скрининг тестер жасалып тұрады. Біз жылына он мың адамды өткіземіз. Адамдар екі жылда бір рет келіп, скрининг тестен өтіп, анализ уақытында тапсырса дәрігер арудың алдын алады. Яғни, холестерин мен қанттың қан құрамында қалыпты болуын қадағалаймыз.

Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?

Алдын алудың бірден бір жолы скрининг тестен өту ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Арнайы орталыққа барып, кеңес алып, лекция тыңдап отыру керек. Өйткені қан қысымының көтерілуі көптеген аурудың асқынуына әсер етеді.

Қазір әр аптаның бейсенбі күндері терапевт, психолог мамандармен бірге отырып, тіркеуге алынған адамдарды қабылдаймыз. Өйткені терапевт мамандар аурудың пайда болу салдарын қарастырғанда кардиологтан гөрі психологтың көмегі қажет адамдарды анықтайды. Ондайлар әдетте көп болып шығады.

Психолог пен психиатр мамандарының ара жігін ажырата алмағандықтан, оларға басында ауытқуы бар адамдар ғана барады деген пікір қалыптасып қалған. Біз оларға тек ауру туралы ой жаулап алған санасын басқа жаққа бағыттауға тек психолог көмектесетінін айтып түсіндіреміз. Тіпті тұрғындар емханаларда ілініп тұрған қарапайым түсіндіру парақшаларын да оқи бермейді, – дейді кардиолог.

Оқи отырыңыз: Жөтелді үй жағдайында қалай емдеуге болады?


Емхана қабырғасына емделушілер үшін ақпарттық нұсқаулықтар да ілінген

Емхана қабырғасына емделушілер үшін ақпарттық нұсқаулықтар да ілінген / Фото informburo.kz


Оқи отырыңыз: Қазақ ұғымындағы қанның қасиеті мен қасіреті. Қан, тамыр ұстау және қан алу мен сіңіру туралы тарихи түсініктер

Қан қысымы ауруының алдын алуға болады

– Қан қысымымен тіркеуде тұрғандар өздеріне тегін берілетін дәрі-дәрмек уақытында болмай қалса, сатып алмай, қолындағысын үнемдеуге тырысады. Сөйтіп қан қысымы қалыпты болып тұрғанда ішпейді. Соның салдарынан жіңішкерген қан тамырлары кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін екенін ойлай бермейді.

Сонымен қатар қан қысымы ауруының алдын алудың бірден бір жолы – кешкі уақытта жарты сағат болсын жаяу жүріп, серуен құру. Күні бойы аяғына тыным жоқ адамдар көп жүрдік деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Бірқалыпты жүріспен 500 метр болсын жаяу жүру денсаулыққа өте пайдалы.

Ал кейбір адамдар қан қысымының жоғарылағанын сезбестен жүре береді. Бұл өте қауіпті. Өйткені үлкен қан қысымы жүрек қалқаншасын кеңейтіп жібереді. Тіпті таңертең қан қысымы қалыпты болып, кешке ғана көтерілетін болса да емделу керек. Өйткені адам кез келген уақытта инсульт алуы мүмкін.

Сондықтан бас айналғанда, құлақ шулағанда немесе жүрегі айнып, құсқысы келгенде бірден қан қысымын өлшеп, дәрігерге қаралу керек, – дейді кардиолог Кира Иманғазинова.

Оқи отырыңыз: Қан доноры болу қауіпті ме? Маман кеңесі

Қауіпті жоғары қан қысымының белгілері:

  • Бастың жиі ауыруы;
  • Қатты жүрек соғысы мен шамалы салмақ түскен кезде демігудің пайда болуы;
  • Әлсіздік пен бас айналу;
  • Анда-санда сол жақ иық пен кеуденің ауыруы.

Бүл айтылған белгілердің барлығы басқа бір себептердің де әсерінен болуы мүмкін. Сондықтан қан қысымыңыздың көтеріліп кеткендігіне күмәніңіз болса, онда өлшетіп, тексерілу үшін дәрігерге қаралғаныңыз жөн.

Қан қысымы төмен болғанда не істеу керек?

Қан қысымының жоғарылауы туралы жиі сөз қозғалғанымен, оның төмендеуі жөнінде аз айтылады. Өйткені қан қысымының төмендеуі едәуір сиректеу кездеседі. Дегенмен бұл дертті де назардан тыс қалдыруға болмайды.

Оқи отырыңыз: 71 жастағы қазақстандық донор 16 мың доллардың қанын тегін өткізген

Қан қысымының төмендеуін медицинада "гипотония" деп атайды. Егер әйел адамның қалыпты қан қысымы – 95/60-тан, ал ер адамдарда - 100/95-тен төмендесе, бұл гипотония болып есептеледі. Қан қысымының төмендеу белгілері біртіндеп дамуы да, аяқасты ұстама түрінде білінуі де мүмкін. Осыған сәйкес медицинада "жіті артериялық гипотония" және "созылмалы гипотония" деген бар. Ол бас миының қанмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілмеуіне және осының салдарынан ми мен ішкі ағзалардағы оттегінің жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Сондықтан бұл дертті дер кезінде емдемесе болмайды, – дейді кардиолог Астанова Тавус.

– Көбіне аурудың белгісі ретінде ұзақ отырып, тез түрегелгенде немесе таңертеңгі кездері басының аздап айналатынын айтады. Бірақ бұны қан қысымының төмендігімен тығыз байланысты деу қиын. Қан қысымы жоғары адамдарда да осы белгілер байқалады. Бұған қан қысымының реттелу жүйесінің қысқа мерзімді бұзылуы себеп болуы мүмкін. Артериалды гипотониямен ерлерге қарағанда, көбіне әйелдер ауырады және көп жағдайда сырқат белгілерін 20-40 жас аралығында сезіне бастайды. Физикалық белсенділіктің аздығы да қан қысымының төмендеуіне себеп бола алады. Мұндай жағдайдың алдын алуға қан айналымы жүйесін абайлап жаттықтыру шаралары көмектеседі: спорттық жаттығулар, салқын душ, көбірек су ішу. Осындай жеңіл шараларды үнемі қолданып отыру керек.

Оқи отырыңыз: Нәрестенің кіндікбау қаны таптырмас ем екені рас па? Қазақстанда оны қайдан сатып алуға болады?

Ал қан қысымы сыр берсе, жедел жәрдем қызметкерлері жүректі электрокардиограммаға түсіріп, коронарография орталығының дәрігерлерімен тәуліктің кез келген уақытында байланысқа шығып, диагнозын анықтай алады. Қажет болған жағдайда коронарография орталығына жіберіп, бітелген тамырды ашады. Науқасқа төрт ай ішінде аурудан айығып, жұмысын жалғастыра беруіне болады.

Бір ескеретін жайт, мемлекеттік медициналық мекеменің көмегіне жүгінген сырқат адам үнемі бақылауда болады. Ал жекеменшік клиникалар тек алғашқы көмек көрсетумен шектеледі. Ал біз тіркеуге алған соң, ол адамға үнемі хабарласып, анализдерін уақытында тапсырып, дер кезінде қаралып тұруын бақылаймыз.

Адамдардың көбі өз денсаулығына жауапсыздықпен қарайды. Соның салдарынан инфаркт, инсульт көбейген. Одан әрі қант диабеті, көз ауруын қоздырады. Ал аурудың көбеюі еңбекке жарамсыз жастардың қататырн көбейтті. Бір жағынан экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді. Өйткені оларға мүгедектік берілген соң, зейнетақы төленеді. Науқастардың дені ауруы асқынған кезде дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ол кезде қолымыздан келгенше көмек көрсеткенмен науқасты емдеп жазу мүмкін емес.

Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қан қысымының алдын алуды, салауатты өмір салтын ұстануды көбірек насихаттаған жөн, – дейді Қарасай аудандық ауруханасының кардиолог маманы Тавус Астанова.

Оқи отырыңыз: Қан тапсырам деп жан тапсырды. Астана ауруханаларында адам өлімінің жиілеуіне не себеп?

Гипотонияның белгілері қандай?

Бастың ауырлауы, тез шаршағыштық, бастың айналуы – гипотонияның басты белгілері болып табылады. Кейде көңіл-күйдің төмендігі, ашушаңдык байқалады. Сырқат адам ұмытшақ болады, бірдеңеге ден қоя алмай қиналады. Біреудің самай тұсы, қарақұсы не төбесі солқылдап ауруы мүмкін. Бас айналу кезінде көзі қарауытып, қол-аяқтары мұздап, кейде есінен танып, талып қалады.

Бұл әсіресе отырған орнынан немесе төсектен атып тұрған кезде де жиі байқалады. Артериялық қан қысымы төмендегендіктен жүректің тынбастан жұмыс істеп тұрған бұлшық етіне оттегі жетпейді де инфаркт басталуы мүмкін.

Артериялық қан қысымының төмендеуінен жағдайдың өте ауыр күйге түсуін гипотониялық криз дейді. Мұндай кезде адамның құлағы бітіп, басы айналып, құсқысы келеді, қол-аяғы ұйып, бозарады, мұздай тер басады.

Оқи отырыңыз: Ауаның ластануынан балалар демікпеге, қатерлі ісікке, жүрек-қан тамырлары дерттеріне шалдығып жатыр

Гипотониядан сақтанудың жолдары

– Қан қысымы төмен адамдардың ұйқысы тәулігіне 7-8 сағаттан кем болмауы керек. Гипотониктер үшін ұйқы – ең жақсы дәрі. Ұйқысы қанбаған кезде олар ашуланшақ, ызақор, енжар ғана болып қоймай, естен тануға да бейім келеді. Төсектен тұрған уақытта біртіндеп, асықпай көтерілген дұрыс. Алдымен жатқан қалпыңызда керіліп, мұнан кейін біраз отырып алып,қана тұру керек. Ал таңертеңгілік жаттығуды төсекте жатып жасауға болады.

Аз-аздан жиі тамақтаныңыз. Шамадан тыс тамақтану гипотония дертін қоздырады. Себебі қанның барлығы ішке қарай ағады да, бастың қан тамырларына қорек жетіспей қалады. Сондықтан күніне 5-6 рет тамақтанған дұрыс.

Қан тамырларын нығайту үшін суық су құйынып, контрасты душ қабылдаған жөн. Бұл әрекеттерді күніне екі рет жасасаңыз, пайдасы да орасан зор болмақ. Суық және ыстық суды кезектестіріп жуыну денені шынықтырып, қан тамырларын дағдыландырады. Сонымен қатар тұрақты түрде моншаға не саунаға барудың да пайдасы зор. Күйзеліс, қобалжу да кері әсерін тигізеді. Өйткені гипотония орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуына байланысты пайда болады.

Таңғы аста шай немесе күшті кофе, тұздалған балық, сары май, ірімшік жеген дұрыс, – дейді Тавус Астанова.

Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?


Тавус Ахатаова

Тавус Астанова кезекті емделушіні қабылдап отыр/ Фото informburo.kz


Гипотониялық криз болған кезде қандай көмек көрсету керек?

  • Ауру адамның жейдесінің түймесін ағытып, аяғын сәл жоғары көтеріп жатқызып қояды;
  • Мұздай су бүркіп, бетін алақанмен шапалақтайды, сонда жүйкелері тітіркеніп, мидың қан айналысы жақсарады;
  • Мүсәтір спиртін иіскетеді;
  • Дәрігер келгенше кофеин, цитрамон, аскофен, қою шай немесе кофе беруге болады.
Оқи отырыңыз: Тамыр ұстағанның бәрі емші емес. Қазақ емі мен халық емшілігін шатастырмаңыз

Қарапайым қағидаларды орындау арқылы аурудан айығуға болады

Адамға қойылған кез келген диагноз оның психологиясына қатты соққы береді дейді психолог Жансая Закенова.

– Соңғы төрт-бес жыл көлемінде науқастар психологтың көмегіне мұқтаж екенін түсіне бастады. Бұрын ұялатын. Қазір бірінші сеанстан кейін көңіл-күйлері өзгеріп, өзінің сырқаты туралы көзқарастары өзгергенін байқауға болады. Ал маған келген аурулардың көбі – салы суға кеткен адамдар. Тіпті көбі – ашушаң, эмоциясын жасыра алмайды. Науқас үшін көңіл-күйдің дұрыс болуы маңызды. Өйткені адамда өмір сүруге деген құштарлығы басым болса, көңілді жүретін болса ғана ішкі органдары да жақсы жұмыс жасайды.

Науқастың жан дүниесіне үңілу арқылы оның өткен өміріндегі қуанышты сәттерін есіне түсіріп, өзінің қоршаған ортаға, туған-туыстарына қажет екенін сезіндіру керек. Жан-жағындағы адамдарға жай ғана көмегі оларды қуантатынын айтып, түсіндіреміз. Мысалы, гүл өсіріп, онымен сөйлесу, ит-мысық асырау, серуен құру сияқты қарапайым әдістерді өмірде қолдану адамның психикасына өте күшті әсер етеді. Сонымен қатар музыкатерапия, арттерапия ем жүргіземіз. Адамның есту, көру қабілетіне қарай науқасқа кемінде бес сеанс ем қабылдауға кеңес береміз. Кейде науқастар өздерінің балаларына осы әдістерді қолданғанын, оның әсері жайлы айтып келеді.

Оқи отырыңыз: Шипагерлік - қазақ даласында ертеден бері бар ғылым. Оның басты ерекшелігі қандай?

Әр психологтың энергиясы күніне төрт адамды қабылдауға жетеді. Өйткені бір науқаспен 45-60 минут жұмыс жасаймыз. Бірақ күніне 8-9 адам қабылдайтын кезіміз де болады. Ол кезде бастапқы әдіспен шектелеміз. Сонымен қатар кейбір ауыр науқастардың үйіне барып, көмек көрсетуге тура келеді. Өйткені психологияда адам санасы арқылы ауруды басқаруға болатыны дәлелденген. Тіпті обыр ауруынан жазылып кеткендер бар. Сондықтан ең бастысы адамның ойлау жүйесін аурудан басқа жаққа аударып, санасынан шығару, – дейді психолог.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша, әлемде жыл сайын инсульттан 12 млн адам бақилық болса, Ресейде 1 млн 300 мың адам көз жұмады. Қазақстанның 100 мың тұрғынына шаққанда 180 адам осы ауруға шалдыққан. Бұл – Қазақстанда әр оныншы адам осы аурумен ауырады деген сөз.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары