Тікелей эфир

Қояншық ауруы (Эпилепсия) дегеніміз не? Аяқ астынан ұстамасы ұстаған адамға қалай көмектесу керек?

Арнайы Informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы.
Арнайы Informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы.
Қазақстанда 70 мың адамға осы диагноз қойылған, оның 28 мыңы – балалар мен жасөспірімдер. Informburo.kz бұл ауру туралы нені білу керектігін айтады.

26 наурыз – халықаралық қояншық ауруымен күрес күні, оны басқаша күлгін күн деп те атайды. Бұл атаулы күнді 2008 жылы осы дертпен ауыратын тоғыз жасар шотландтық Кесседи Меган ойлап тапты. Оның бастамасын бұл аурумен ауыратындар да, өзі сияқты әлемнің түкпір түкпіріндегі адамдар қолдады. Күлгін күннің бастамашысы өзіне сенімді тұлға болып қалыптасқан, әлеуметтік желілерде де белсенді.

Қояншық ауруы кез келген жерде кез келген уақытта ұстауы мүмкін. Құрысып құлап жатса, айналасындағылар оларды ішімдік ішкендер не қаңғыбастар деп ойлап, уақытында көмек көрсетпей кететін кездері аз емес. Мұндайда оның талма ауруы көз жұмуына әкелуі де мүмкін.

Оқи отырыңыз: Жөтелді үй жағдайында қалай емдеуге болады?

Informburo.kz ауру белгілері туралы айтып, ұстамасы ұстаған адамдардың жанынан не себепті бай-жай өтпей, көмектесу керектігін талдап түсіндіреді.

№1. Қояншық ауруы дегеніміз не?

Қозу және тежеуші жүйелердің бұзылуынан туындайтын бас миының ауруы ретінде танылған. Нейрондар жоғары қуатты электр күшін бөле бастағанда, тежеуші күштің оған әлі келмей қалады. Осыдан ұстамасы басталады. Көпшілік ойлағандай мұндайда адам есінен танып, аузынан ақ көбік атқыламайды. Ұстаманың түрі болуы мүмкін: қалтыраудан бастап, денесінің құрысуына дейін. Бұл ауру жұқпайды және психикалық ауру болып саналмайды. Қояншығы ұстап ауыруы ғана ықтимал. Алайда, балалардың дене қызуы көтерілгенде талып қалуының бұл ауруға еш қатысы жоқ.

Ежелгі Грекия және Рим елдерінде бұл ауруды "Қасиетті ауру" деп атаған. Пётр Первый, Микеланджело, Юлий Цезарь, Наполеон, Ван Гог секілді танымал тұлғалар осы аурумен ауырған екен.

Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі

№2. Аурудың негізгі белгілері қандай?

Қояншық ауруы кезінде адамның қозғалысы, тәртібі, сезімталдығы бұзылады, кейде есінен танып қалады. Дені сау адамның да есінен тану қаупі бар. Олар бірнеше секундтан минуттарға дейін созылады. Талып қалудың мынадай түрлері болуы мүмкін:

  • Есінен тану;
  • Қатып қалу;
  • Қысқа уақытта біртүрлі иіс, дәм, дыбыс сезу;
  • Іштің жоғары бөлігін өзгеше сезіну;
  • Беті мен аяқ-қолдары жансызданады;
  • Қысқа уақытқа талып қалу (есінен танбастан);
  • Бұлшық еттері сілейіп, еріксіз қимыл-қозғалыстар жасайды;
  • Дене мүшелері булығады;
  • Баланың сөйлеу қабілеті кеш дамиды, оқуда қиындық туындайды;
  • Түнде бұтына кіші дәретін жіберіп қою;
  • Түсінде сөйлеу, түсінде жүру (Айкезбе).

Оқи отырыңыз: Ангинадан айығу үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі

№3. Қояншық ауруын емдеуге бола ма?

Өте қиын мәселе. Уақыт өте келе өздігінен кететін, жасы ұлғайған сайын жоғалатын түрлері болады. Қояншық ауруы көбіне балаларда кездеседі, өйткені олар өздігінен қозу және тежеу процестерін реттей алмайды. Бұл – бас миының дамуының принципі саналады. 10 жастан кейін ми пісіп жетілгенде, бала бұл процестерді басқаруға үйренеді. Сол кезде қояншық ауруы тоқтауы мүмкін.

Аурудың баланың дамуын тежеуге, мүгедектікке әкелетін ауыр түрлері де бар. Пациенттің ұстамасы ұстағанда көмектесу емдеумен пара-пар.

№4. Ұстамасы ұстаған адамға қалай көмектесу керек?

Келесідей әрекеттерді орындау керек:

  • Айналасындағы өткір заттардың бәрін алып тастау, ауру адам қауіпсіз жерде болып, өзіне қол жұмсамауы тиіс;
  • Тынысын тарылтпау үшін мойнын босату, мәселен жейдесінің жоғары түймелерін шешу;
  • Ауруды бір бүйіріне қарай бұру;
  • Басына жұмсақ бір нәрсе қою;
  • Аузына ештеңе салмау;
  • Жедел жәрдем шақыру.

Адамдардың арасында мұндай аурулардың ұстамасы ұстағанда жағын ашып, тілін шығару қажет деген пікір қалыптасқан. Алайда, бұлай жасауға мүлдем болмайды. Бұл адамның жүрегін айнытады, ол құсығына шашалып қалуы мүмкін.

Ұстамасы ұстаған уақыт пен оның ұзақтығын анықтау – ем тағайындап, емдеу жолын табуға керек. Емдейтін дәрігерге ұстаманың бейнежазбасы да қажет болу мүмкін.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Что такое эпилепсия, и как помочь человеку справиться с внезапным приступом?

№5. Қояншық ауруымен ауыратындарға мемлекет не ұсына алады?

Бұл аурумен ауыратындарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде диагностика жасалады, және емханаға жатқызылып, амбулаторлық ем тағайындалады.

Емдеуге қажетті тырысуға қарсы дәрілер пациенттерге тегін беріледі. Қазақстанда мұндай препараттардың 10 тобы, 120 түрі бар. Оның ішінде 6 тобын тегін береді. Бұл әсіресе балаларға жеткіліксіз, өйткені оларға Қазақстанда тіркелмеген емдік дәрілердің түрлері де қажет.

Үйде емделуге мына дәрілер берілед:

  • окскарбазепин;
  • бензодиазепины (диазепам, брюзепам, клоназепам);
  • левитирацетам;
  • прегабалин;
  • габапентин;
  • фенобарбитал.

Ауруханаларда:

  • вальпроаты (депакин, конвулекс);
  • ламотриджин;
  • топирамат;
  • карбамазепин;
  • бензод.

Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі

№6. Баласында қояншық ауруының белгілері байқалса, ата-анасы не істеу керек?

Тұрғылықты мекен-жайы бойынша неврологқа жүгіну керек. Ол тексерісті тағайындайды, егер қажет болса тексеріп, ем жасайтын стационарға жолдама береді. Мұндай балаға басқа сау балалармен бірдей қарау керек. Қояншық ауруымен ауыратын балаға мүмкіндігі шектеулі бала деп қарамау маңызды саналады. Қояншық ұстамасы баланың өміріндегі уақытша белгілер ғана. Ауру оған спорттық және шығармашылық әуестіктерімен айналысуға кедергі бола алмайды. Бастысы, емі дұрыс таңдалуы керек. Ата-анасы балаға ауру туралы айтып, тіпті оның көзінше ауруды талқыламауы тиіс.

Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?

№7. Осындай диагноз қойылған ересек адам нені білуі қажет?

Өзімен бірге ұстамасы ұстаған уақытын, оның түрін, ұзақтығын, қолданған дәрілері мен көлемі жөнінде жазып жүретін күнделігін алып жүру керек. Бұл дәрілерді уақытылы қабылдап, өз денсаулығын күтуге көмектеседі.

Жүйелі түрде тамақтануы тиіс, өйткені тамақтану режимі ішіп жүрген дәрілерінің қанға сіңуіне әсер етеді.
Шет елдерде бұл аурумен ауыратын адамдар өздерінің ұстамасы бар екенін ескерту үшін күлгін браслеттер тағып жүреді.

Informburo.kz материалды дайындау барысында көмектескені үшін Астана медицина университетінің неврология кафедрасының доценті Алтыншаш Жақсыбаеваға алғыс білдіреді.

Авторы Жадыра Жұлмұхаметова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Серіктестер жаңалықтары