Интернетте ауыздың уылғанын кетіретін халық емдері жайлы ақпаратқа толып тұр. Алайда, оларға сүйеніп, өз бетіңше емдеу қауіпті.
Ауыздың уылуы және оның белгілері
Ауыздың кілегей қабығы қабынып, уылғанда қызыл иек ісінеді. Иектің әр жері күлдіреп ағарады немесе ауыз, еріннің астыңғы қабаты мен таңдайда, тамаққа дейін жара пайда болып, ойылады. Шайнау, жұту, сөйлеу қиындай түседі, кейде тіпті дызылдап, ұйықтай алмай қалады.
Оқи отырыңыз: Ангинадан айығу үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі
Аурудың пайда болуының бірнеше себебі бар.
- Жарақат салдарынан. Егер тілді, иекті немесе ерінді тістеп алсаңыз, қатты тағамдар ауызды сызып кетсе, немесе ыстық тамаққа күйіп қалса кішкентай ашық түсті дақтар пайда болады.
- Ауыз қуысы тазалығын сақтамау салдарынан. Көбіне уылғанда ауызда иектің әр жер үлпілдеп ағарады, кілегей қабығы қызарады.
- Кейбір препараттарды қабылдау салдарынан (көбіне антибиотиктер мен химиотерапиядан), аллергия, тамаққа тәбет болмайды, ауыз қуысында инфекция пайда болады. Қызыл иегі қабынып, ісінеді, ағарып, ойылады.
Уылған ауызды қалай емдейді?
Ол үшін әуелі оның себебін анықтау керек. Егер сіз ауыздың кілегей қабығы жарақатынан уылғанын нақты білсеңіз, әрі ол онша алаңдатпаса, шамалы шыдай тұрсаңыз болады. Ауыздың аздаған ойылуы 3-5 күнде өздігінен кетеді. Ал, қалған жағдайлардың бәрінде тіс дәрігеріне көрінген жөн.
Тіс дәрігері Юлия Степанцова былай дейді: "Ауыз уылғанда оның себебін білмей өздігінен ем қабылдаудың қажеті жоқ. Оны өз бетіңізбен емдей алмайсыз. Мүмкін арнайы құрылғымен ауыз қуысын тазалау керек болады, ал инфекция салдарынан болса терапевт дәрігер ем тағайындауы тиіс. Мұндайда қажетті анализдерді тапсырып, берген дәріні қабылдау керек, олай болмаса инфекцияның көзі жойылмайды".
Оқи отырыңыз: Күмістелген судың пайдасы мен зияны. Оны қауіпсіз тұтыну мөлшері қандай?
Дәрігерге жеткенше, ауруды жеңілдетудің екі жолы бар:
- Ауыз қуысын шаю. Бұл үшін шөп ерітіндісін (түймедақ, емен қабығы, қырмызыгүл) немесе стоматологиялық тұнбаларды сатып алуға болады.
- Күлдіреген қызыл иекке "Камистад" немесе "Метрогил-Дента" гельдерін жағу керек. Бұлардың қабынуға қарсы әрекеті бар және ауыруды азайтады. Балаларға қолданғанда абай болу керек: нұсқаулықта көрсетілген мөлшермен қолданған жөн.
Егер ауыз ауылса өткір ащы, қышқыл, ыстық және қатты тағамдарды қолданудан бас тартқан дұрыс. Ауруды салқын сусындар мен балмұздақ шамалы жеңілдетеді.
Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі
Балалардың уылған аузын емдеудің жолдары
Балалардың ауыз қуысының кілегей қабығы өте нәзік және жұқа, жарақат алу қаупі де жоғары. Ауыздарына әр нәрсені салады, дәмін татып көреді. Тісі шыққанда қызыл иектері қышығанын жеңілдету үшін қолына түскен затты тістейді. Үлкендеу балалар қаламсаптар мен қарындаштарды мүжігенді ұнатады. Сондықтан балалардың ауызы жиі уылуы мүмкін.
Оларға да үлкен кісілер сияқты ауыз уылғанда су ішу, тамақ ішу қиындай түседі, ауызы өртеніп, қышуы да ықтимал. Ауыз қуысын тексеріңіз: уылғанда қызыл иегі ісініп, ағарған жаралар пайда болады, дене қызуы көтеріліп, бөртпе шығуы мүмкін. Сәбилерге анасының омырауын ему қиындайды, сондықтан емізгенде де тынышталмайды.
Оқи отырыңыз: Сүт және сүт өнімдерінің пайдасы мен зияны қандай?
Балалардың ауызы уылғанда сақ болған жөн. Өйткені олардың иммундық жүйесі толық қалыптаспаған. Инфекция салдарынан ауыз уылса, балалардың ағзасы оған қарсы күресе алмайды. Сондықтан оларға халық емін қолданудың қажеті жоқ: дәрігерге көрсетіп, себебін анықтап, ем алған дұрыс.
Авторы Анастасия Горбунова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.