Тікелей эфир

Алматының Наурызбай ауданы: 61 млрд теңге неге жұмсалды?

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
Наурызбайлық тұрғындарды толықтай ауыз сумен қамту үшін ірі су тоғандарын салуға бюджеттен 31 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталады.

Алматының Наурызбай ауданы құрылғанына 5 жылдан асты. Бұл уақытта мемлекет бюджетінен қыруар қаражат бөлінген қаланың кенже ауданы біршама даму сатысын өткерді. Дегенмен, таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Наурызбай ауданындағы ауыз су мәселесін сынға алған болатын. Ауданның осы және өзге мәселелері қалай шешіліп жатыр? Іnformburo.kz тілшісі бұл тақырыпта арнайы фоторепортаж дайындады.

Наурызбай ауданында 70 мыңға жуық тұрғын ауыз судан тарығуда

Қазір аудан халқының саны 137 мыңнан астам. 5 жылда тұрғындар саны шамамен 70%-ға көбейген. Халық саны артқан сайын күрделеніп бара жатқан басты мәселе – ауыз су тапшылығы. Халықтың 30 пайызы ғана орталық су жүйесіне қосылған болса, 20 пайызы тіршілік нәрін жеке су ұңғымалары арқылы тұтынып отыр. Наурызбай ауданы қалаға қосылған уақытта олардың саны 54 еді, ал қазір тек 36-сы жұмыс істейді. Санитарлық талаптарға сай келмегендіктен, біразы жабылып қалған. Ұңғымалардан шығатын ауыз судың сапасын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тек шағым түскен кезде ғана тексереді. Есесіне тариф құны қалалық мөлшерден әлдеқайда қымбат. Судың текше метрінің құны жан басына шаққанда 80-200 теңге аралығында.


Аудандағы 12 мың халық тіршілік нәрін осындай жекеменшік ұңғымалардан тұтынады

Аудандағы 12 мың тұрғын суды осындай жекеменшік ұңғымалардан тұтынады / Алмаз Төлекенің фотосы


Аудан тұрғындарының қалған 50 пайызы (70 мыңға жуық адам) тіршілік нәріне тіпті жарымайды. Оларға ауыз су Ақсай және Қарғалы өзендері арқылы ашық су тоғандарынан жіберіледі. Су әуелі сұйықтық сүзгілеу станциясында тазартылғанымен, оның сапасы сын көтермейді. Әсіресе, жаңбыр жауып, өзен тасығанда, лайланған су ішуге мүлде жарамсыз боп қалады. Бұл кезде халыққа су сүзгі станциясының қоймасындағы ауыз су жіберіледі. Бірақ ол 4 сағатқа ғана жеткілікті.


"Қарғалы" су сүзгі станциясы

"Қарғалы" су сүзгі станциясына 2000 текше метр су сыяды / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Су диірменін қолдан істеуге болады. Оны құрастырып шыққан мұғалімнің әңгімесі


Су сүзгі станциясындағы мамандар судың тұнықтығы мен құрамын сағат сайын тексереді

Су сүзгі станциясындағы мамандар судың тұнықтығы мен құрамын сағат сайын тексереді / Алмаз Төлекенің фотосы


Наурызбай ауданының тұрғындарына жазғы мезгілде тамшы су табудың өзі қиямет-қайым. Себебі, жергілікті жұрт өзен суын бау-бақша өнімдерін суаруға көп мөлшерде жұмсайды. Мұндай жағдайда "Алматы су" МКК-ның 14 су тасығыш көлігімен тұрғындарға ауыз су жеткізіледі.


Көліктер ауыз суы жоқ шағынауданның барлығына жіберіледі

Көлікпен жеткізілген суды тұрғындар пластик құтылармен үй-үйлеріне тасиды / Аудан әкімінің баспасөз қызметінің фотосы


2020 жылы аудан халқын толықтай ауыз сумен қамтамасыз ететін станциялардың құрылысы басталады

Аудан халқын толықтай сапалы ауыз суға қосу үшін 2020 жылы Ақсай және Қарғалы өзендерінің жоғарғы жағына екі ірі су тоғаны салынады деп жоспарланып отыр. Әр станция Таусамалы, Таужолы, Шұғыла, Тастыбұлақ, Ақжар, Құрамыс, Қарғалы, Қарағайлы, Жайлау шағынаудандарын және бау-бақша бірлестіктерін тәулігіне 15 мың текше метр сумен қамтамасыз ететін болады. Жобаның сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылысқа 34 млрд теңге бөлінді. Байқау жарияланып, мердігерлер анықталғасын құрылыс жұмысы 2021 жылы басталмақ. Құрылыс аясында аталмыш шағын аудандарда 107 шақырым су және 81 шақырым кәріз құбырын салу көзделуде.


Су және кәріз құбырларын салу жұмыстары биылдан басталып кетті

Су және кәріз құбырларын салу жұмыстары басталды / Алмаз Төлекенің фотосы


"Бұл станцияларды салу қажеттігі аудан құрылған кезден бастап көтерілді. Бірақ құрылыстың кешігуіне аумақтың "Іле Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қарамағында болуы себеп болды. Жер телімінің нысаналық мақсатын ауыстырып, қаланың меншігіне өткізуге екі жылдай уақыт кетті. Енді құрылыс кезінде қазіргі жұмыс істеп тұрған "Қарғалы" және "Ақсай" су сүзгі станциялары да күрделі жөндеуден өтеді. Ал қос тоған салынғасын, "Алматы су" МКК-ның меншігіне беріледі. Сол уақытта жекеменшік су ұңғымалары қызметін тоқтатуы мүмкін", – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.


Наурызбай ауданының әкімшілік кешені

Наурызбай ауданының әкімшілік кешені / Алмаз Төлекенің фотосы


Ауданды дамытуға қазынадан бөлінген 61 млрд теңге неге жұмсалды?

Алматы қаласына 2014 жылдың 2 шілдесінде қосылған Наурызбай ауданын дамыту үшін мемлекеттік бюджеттен 61 млрд теңге бөлінген болатын. Қаражат толықтай игеріліп, келесі бағыттарда жұмсалған:

  • ішкі істер басқармасы ғимаратын салуға – 3 млрд теңге;
  • әкімшілік кешені ғимараттарының құрылысына – 4 млрд теңге;
  • білім беру нысандарының дамуына – 8 млрд теңге;
  • денсаулық сақтау нысандарына – 7 млрд теңге;
  • инженерлік инфрақұрылымға – 7 млрд теңге;
  • жол құрылысы мен күрделі жөндеуге – 6 млрд теңге;
  • Қарғалы өзінінің жағалауын нығайтуға – 2 млрд теңге;
  • ауданды көріктендіруге – 8 млрд теңге;
  • көше тазалығы мен күтіп ұстауға – 10 млрд теңге;
  • ауданды жарықтандыру қызметіне – 6 млрд теңге.

Аудандағы көшелердің көбінде тротуар мен арық жоқ

Аудан көшелерінің көбінде жаяу жүргінші жолдары мен арықтар жоқ / Алмаз Төлекенің фотосы


Алматы облысының құрамында болған кезде аудандағы үйлер ретсіз салынған болатын. Көшелердің көбі өте тар салынып, тұрғындардың қолайлылығы үшін жүргінші жолы мен арық жүйесін жасауға орын қалдырмаған. Сондықтан, жаңбыр жауса, лезде су басу қаупі туындайды. Аудан алғаш құрылғанда небары 20 шақырым арық желісі болса, қазір жалпы ұзындығы 62 шақырымға жуық. Ал аудан аумағында 348 көшенің бүгінге дейін 234-не орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қалған аумақтарға кәріз бен су құбырлары тартылған соң асфальт төселмек.


Қолданыстағы Абай даңғылының батыс бөлігі Нұрлы көшесімен қиылысады

Абай даңғылының батыс бөлігі Нұрлы көшесімен қиылысады / Алмаз Төлекенің фотосы


Абай даңғылын ұзарту жұмыстары 2021 жылдың соңында аяқталады

Наурызбай ауданында салынып жатқан маңызды жол торабы – Абай даңғылы. Ол Момышұлы көшесінен бастап, қаланың батыс шекарасына дейін созылады. Қазір даңғылдың батыс жағындағы 1,2 шақырымы қолданысқа берілген. Ал шығыс бөлігіндегі құрылыс әлі жалғасуда. Даңғылды созу үшін бас-аяғы 231 жер телімі мемлекеттің мұқтажы үшін алынады. Олардың 61-і сатып алынған болса, 89 телімнің мәселесі әлі шешілмеген. Өйткені өтемақымен келіспей, сотта істі созып жүрген меншік иелері көп. Дегенмен торап 2020 жылдың соңына дейін ашылады деген болжам бар.


Абай даңғылын ұзарту жұмыстары Әшімов көшесінің қиылысында жүріп жатыр

Абай даңғылын ұзарту жұмыстары Әшімов көшесінің қиылысында қызу жүріп жатыр / Алмаз Төлекенің фотосы


Бос тұрған аумақтарда қарқынды құрылыс жұмысы жүргізіліп, көпқабатты үйлер бой көтеріп жатыр. Биылдың өзінде Наурызбай ауданынан мемлекеттік бағдарламамен 2000-ға жуық баспана пәтер кезегінде тұрғандарға үлестірілген.

Оқи отырыңыз: Алматыдан 10 миллион теңгеге қандай пәтер сатып алуға болады?


Ауданда қарқынды құрылыс жүріп жатыр

Ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр / Алмаз Төлекенің фотосы


Наурызбай ауданы мектептерінде 500 оқушыға орын жоқ

2014 жылы ауданда 14 бөбекжай жұмыс істесе, қазір олардың саны 85-ке жеткен. Жекеменшік балабақшаларды көптеп ашудың арқасында бүлдіршіндердің кезегі жылдамдаған. Бірақ орта білім беру ошақтарында орын тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу мақсатында 2023 жылға дейін "Қалқаман" және "Шұғыла" шағын аудандарында екі мектеп салу жоспарлануда. Бұған қоса, оқушылардың уақытын тиімді өткізуі үшін "Шұғыла" ауданында оқушылар сарайы мен спорттық кешен тұрғызу қарастырылған. Жас ауданда бес жыл ішінде 2400 балаға арналған 2 мектеп салынып, 1 мектепке қосымша жапсарлас нысан тұрғызылыпты. Назарбаев зияткерлік мектебі және 3 жекеменшік білім беру мекемесі ашылған.


Кәсіпкерлердің қаржысына тұрғызылған мектеп-гимназия

Кәсіпкерлердің қаржысына тұрғызылған мектеп-гимназия / Аудан әкімінің баспасөз қызметінің фотосы


Аудандағы емханаларға тіркелгендер саны артқан

Әуелде ауданда медициналық мекемелер де жетіспейтін. Басы ауырып, балтыры сыздағандар қаланың орталығындағы емханаларда дәрігерге қаралуға мәжбүр еді. Бүгінде бұл мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Қазір мұндағы медициналық мекемелерінің жалпы саны – 75. Бес жыл көлемінде заманауи құрылғылармен жабдықталған 4 емхана мен 1 жедел жәрдем станциясы салыныпты. Сондай-ақ, Қарағайлы, Құрамыс дәрігерлік амбулаторияларына жөндеу жүргізілген. Биыл аудандағы емханаларға тіркелгендер саны 114 602 адамды құрады.

Қоғамдық көліктердің жаңа бағыттары ашылды

Автобус тапшылығы мен аялдама жоқтығы ауданда бұрыннан тұратын кез-келген тұрғынға таңсық емес. Кезінде автобус саны өте аз болып, жолаушылар қоғамдық көлікті сағаттап тосатын еді. Қазіргі таңда аудан аумағында 19 қоғамдық көлік маршруты жолаушы тасымалдайды. Жылжымалы құрам жаңартылып, аялдамалар салынды.


№14 автобустың соңғы аялдамасы Қарғалы өзеніндегі бөгеттің алдында

№14 автобустың соңғы аялдамасы Қарғалы өзеніндегі бөгеттің алдында / Алмаз Төлекенің фотосы


Әлеуметтік жағдайы жақсарып, еңсесін тіктеген аудандағы оң өзгерістер тұрғындардың көңілінен шыққан. Көпшілігі қалалық болғандарына қуанатынын жеткізді.

"Бұрын біз осында Қарасай ауданы кезінде көшіп келгенде, не жол, не автобус жоқ еді, ал көшелер лас болатын. Қазір аудан қатты өзгерген. Қаншама жол салынып, көшелер асфальтталды. Мектептер бой көтеріп жатыр", – деп пікір білдірді аудан тұрғыны Мырзагүл Ерғалиева.


Аудандағы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлер

Ауданның қазіргі көрінісі / Алмаз Төлекенің фотосы


Ауданда жалақысы жоғары жұмыс табу қиын

Бес жыл ішінде Наурызбай ауданының салық түсімдері 391 млн теңгеден 7,3 млрд теңгеге дейін өскен. Шағын өнеркәсіптік кәсіпорындар ашылып, 4000-ға жуық жаңа жұмыс орындары құрылған. Аудандағы орташа жалақы – 153 мың теңге көлемінде. Алайда аудан тұрғындарының көбі Алматының орталық бөліктеріне қатынап жұмыс істейді. Себеп жалақының төмендігі және кәсіп түрінің шектеулілігі. Аудандағы кәсіпорындардың негізгі бағыты темірбетон бұйымдарын әзірлеу, құрылыс материалдары мен ағаштан жасалған бұйымдар шығару. Тиісінше, таңдау аз.

Оқи отырыңыз: Жұмыс жоқта екі қолға бір күрек табылады. Бірге іздейік...

"Ақжар шағын ауданында тұрып жатқаныма 17 жыл болды. Кезінде жағдайымыз қиын еді. Құжаттар жасау үшін Қаскелеңге баратынбыз. Қазір алысқа ұзамай әкімшілік кешеннен барлық қызмет түрін аламыз. Наурызбай ауданы құрылғалы бірқатар өзгерістер болып жатыр, бірақ мен өзімді әлі қала тұрғыны ретінде сезінбеймін. Ауыз су жоқ, үйде жарық жиі өшеді, көшелердің көбі әлі қараңғы. Дүкендер аз, сауда орталықтары жоқ. Қызмет көрсету орындары да тапшы", – деді аудан тұрғыны Жұлдыз Досболова.

Ауданда расымен ірі сауда орындары жоқ, қызмет көрсету орталықтары да аз. Мәдени ошақтар, спорттық нысандар мен спорт алаңдары тапшы. Бұл мәселені шешу үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.

Тағы да өзекті мәселе – халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету. Ауданда 512 трансформатор болса, оның 60 пайызы жекеменшікте. Алдағы уақытта желілерді сот арқылы иесіз деп танып, қаланың теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 245 көшеге қаланың шеткі аудандарын дамыту бағытында қолға алынған "Жаңа Алматы" бағдарламасы бойынша жарық бағандарын орнату көзделген.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары