Алматыда бір ерекше мурал пайда болды.
Мурал (Mural) – ғимараттарға көркемдік сыйлауға бағытталған көшедегі заманауи өнер туындысы, монументалдық көркемсурет. Көбінесе, қабырғаға салынған аса ауқымды картина немесе үлкен "граффити" осылай аталады.
Ондағы қазақ музыкалық аспаптары гаджет көмегімен жанданып, ойнай бастайды.
Муралды қалай жандандыру туралы нұсқаулық |
Толықтырылған нақтылық (дополненная реальность) деп аталатын заманауи амалмен бұл жаңалықты мектептің 7- 8 сыныбының оқушылары дүниеге әкелді. Олар сондай-ақ, қаладағы хайуанаттар саябағының келушілерін арттыру, судың сапасы мен су арқылы берілетін аурулардың байланысын зерттеп шешім ұсыну секілді нақты жобалармен айналысады. Осылайша, келешектің балалары мектеп қабырғасынан-ақ нақты мәселелерді шешуге атсалыса бастады. |
Қазақстанда қанша мектеп жеке инвестицияға салынған?
Қазақстанда қазір 7500 мектеп бар. Соның ішінде тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік бюджет есебінен 1500 мектеп, ал жеке инвестициялардың есебінен 138 мектеп салынған.
Бұл деректі ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күнінде тағы бір жеке меншік мектептің іргетасын қалау рәсімінде айтты. Оның айтуынша, мақсат бұл саладағы бәсекелестік арттыру және ауыл мен қала мектептері арасындағы жер мен көктей айырмашылықты жою.
Мәселен, мектеп салуға жұмсалған жеке инвестицияны қайтару мүмкіндігі бар. Сонымен бірге мектептердің жобасын жасауға қойылатын талаптарды, құрылыс нормативтерін өзгерту жағы да қарастырылып отыр.
Алматыда жалпы ауданы 12 500 шаршы метрді құрайтын мектептің жаңа ғимаратын салуға 5 млрд теңгеден аса қаржы жұмсау жоспарланған. Оның жобасын Финляндияның мектеп ғимараттарын жобалаумен ғана шұғылданатын сәулетшілері жасады.
Финляндия мектебінің ерекшеліктері
Осы елдің мектептері әлемдегі ең таңдаулы білім ордасына жататыны жиі айтылады.
Алматыдағы іс-шараға қатысқан Қазақстандағы Финляндия Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Микко Кивикоски (Mikko Kivikoski) өз еліндегі мектептердің негізгі үш ерекшелігін атайды:
- 100 пайыз мемлекеттік, жеке меншік мектеп деген болмайды
- Сапалы білімге қол жеткізуде теңдік қағидаты қатаң ұсталады. Білім беру сапасы қалада болсын, ауылда болсын бірдей.
- Оқытушы мамандығы аса абыройлы болып саналады.
Оның айтуынша, мектептерде мұғалім болуға ең үздік түлектер ғана жіберіледі. Тіпті бастауыш сынып мұғалімдері университетте 7 жыл оқиды. Олардың барлығы магистр дәрежесін алған. Балабақша тәрбиешілерінің өздері – университет түлектері. Бір жұмыс орны үшін байқауға қатысатын мұғалімдердің саны 20-дан асады.
Елшінің мәліметінше, мектеп мұғалімі еңбекақысы Финляндиядағы орташа айлық жалақыдан жоғары. Демек, 3 мың евродан асады. Оқушыға сапалы білім іздеп қаланың басқа ауданына немесе басқа қалаға барудың қажеті жоқ. Бала тұратын аудандағы кез-келген мектеп сапалы білім береді дегенге фин балалары сенімді көрінеді.
– Мұғалімге деген құрмет ата-анадан басталуы керек. Ата-анасы ұстазды құрметтесе, бала да құрметтейді, – дейді елші.
Фин мектебінің бюджеті қалай жасақталады?
Алматыдағы High Tech Academy директоры Никке Кескинен (NIKKE KESKINEN) айуынша, оған салықтар есебінен мемлекеттік бюджет те, өзіндік үлесімен муниципалдық бюджет те қатысады. Бір оқушыға білім беруге бюджеттен жылына 7-10 мың евро жұмсалады. Бұл қаржы оны оқытуға, тағамына, оқушының денсаулық шығындарына, мұғалімнің жалақысына, коммуналдық төлемдерге арналған. Қаржының қалай жұмсалатынын мектеп директорының өзі шешеді.
Ал Қазақстанда мектеп бюджетінің 20 пайызға жуығы тек коммуналдық қызметтерге кететінін осы орайда айта кетейік.
– Қазір ақпараттар ағыны қас–қағымда өзгеретін сәт туды. 70-ші жылдардағыдай емес. Бір оқулық шығарсаң, бір-екі жыл өтпей ескіріп қалады. Қазіргі әлем тек пәндерден ғана тұрмайды. Осынау қырық құбылған заманда біз балаларға келешекте қандай машықтар қажет болатынын қазірден біліп, бағдар сілтеуіміз керек, – дейді Никке Кескинен.
Оның пікірінше, мектеп – балаға оқуға мүмкіндік беретін кеңістік болуы тиіс. Балаларды бұрынғыдай жеке кластарға қамап оқытудың күні өтіп барады.
Балалар білім көзі
– Бұрын мұғалім – бар білімнің көзі болатын. Ал қазіргі интернет заманында балалар білім көзіне айналды. Мұғалімнің міндеті – тәжірибе иесі ретінде олардың қызығушылығын ашу. Балалар еркін жағдайда ғана өздерін танып біледі, ойлау еркіндігін игереді. Қазіргі мұғалім бір оқулықтың аясындағы білімді сырттан тықпалауды емес, баланың ішкі сұранысынан туған қызығушылықты танып, тауып, оны дамыта түсуді мақсат етуі тиіс, – деген пікірде ұстаз.
– Балалар көп жағдайда тіпті ересектерден де креативті әрі ақылды. Олардың осындай айшықты ақылы мен білімін, жан сарайының байлықтарын ресурс ретінде пайдаланбаймыз. Осыны жолға қою керек. Біз оларды ойлы әрі ізденімпаз, креативті әрі қуатты, алға ұмтылған инновациялық, алғыр әрі ашық қоғамның бір қүрамдас бөлшегі ретінде тәрбиелеп шығаруға тиіспіз, – дейді Еркін Тәтішев.
Қазіргі сұраныс көп машық қандай?
Мектеп директоры Татьяна Бассо оқушыларды құрмет-ізет, еркіндік, жауапкершілік, саналылық, даму және ізгілік секілді құндылықтарға жастайынан баулу керек деп санайды.
Сондай-ақ, мектеп түлектерінің мынадай машықтарды игеріп шығуын уақыт талап етіп отыр:
- Оқып үйрену;
- Сыни ойлау;
- Командалық жұмыс;
- Білімін көрсете білу, яғни тұсаукесер (презентация);
- Мәліметтерді зерттеу және талдау;
- Мәліметтерге негізделген шешімдер қабылдай білу;
- Үдерістерді әзірлей білу
Татьяна Бассоның айтуынша, қазіргі сұраныс ең көп машықтарға мыналар жатады:
Қазақстандағы жекеменшік білім беру
Жекеменшік білім беру – Қазақстанда ұлттық білім берудің бір бөлігі болып табылады. Республика аумағында алғашқы жекеменшік білім беру мектебі 1992 жылы құрылған. Қазір Қазақстанда жұмыс істейтін жекеменшік мектептердің жартысынан астамы 1992-2002 жылдар аралығында ашылды.
Республикалық жеке меншік білім беру ұйымдары қауымдастығының мәліметінше, 2015-2016 жылдармен салыстырғанда, 2017-2018 жылдары жекеменшік мектептердің саны Алматы қаласында (+9 мектепке), Ақтөбе облысында (+1), БатысҚазақстан облысында (+1) и және Қарағанды облысында (+1 мектепке) өскен.
Еліміздегі мектеп жасындағы балалар саны 3 млн.-ға жуық. Жекеменшік білім беру мекемелерінің үлесі 1%-дан төмен. Ал, әлем бойынша бұл көрсеткіш 12-29% құрайды.
Бүгінде Қазақстанда 3 300-ге жуық ұстаз жеке меншік білім беру ұйымдарында жұмыс істейді.
Жеке меншік мектептерде жылдық оқу құны орта есеппен 900 мың теңге. Соңғы үш жылда бұл нарық 28% -ға өсіп, жылына 20 млрд жуық теңгені құрап отыр. Бұл 2018 жылғы дерек.
Келешектің мектебінің 6 ерекшелігі
Осы орайда айта кетейік, өткен жылы Стив Джобстың жесірі Лоурен Джобс ең үздік мектеп концепциясын жасауға байқау жариялап, жеңімпазға 50 млн доллар ұсынған. Осының нәтижесінде 2000-ға жуық мектеп күш біріктіріп, әлемдегі ең үздік тәжірибені зерттеген. Соның нәтижесінде келешектің мектебінде болуға тиіс 6 ерекшелікті анықтапты:
- Жалықтыратын дәрістер мен тест орнына жобалардың және кейстердің негізінде оқыту, яғни, мұғалімнің қалауынша бағдарлама бойынша емес, баланың қалаған дүниесіне оқыту;
- Шуылға толы кластарда емес, жобалық топ аясында, құрама немесе квест түрінде, немесе тыныш бөлмелерде оқыту;
- Балаларға өз қолдарымен бірдеме жасауға мүмкіндік беретіндей етіп сыныптар жақсы жабдықталуы тиіс;
- Мұғалімдер – оқытушы емес, кеңесші. Олар балаларды бағамен қорқытып-үркітудің орнына, оларды тыңдап үйренуге, пікіріне құлақ асуға тиіс;
- Спортқа және жаттығу құралдарына арналған ауқымды кеңістік болуы қажет;
- Сыныптар жабық емес, ашық кеңістікте болуға тиіс.