Тікелей эфир

Алматыдан 10 миллион теңгеге қандай пәтер сатып алуға болады?

Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Informburo.kz осындай ақшаға қаланың қай жерінен пәтер табуға болатынын зерттеп көрді.

Алматыдан бар болғаны 10 миллионға пәтер сатып алу мүмкін бе? Қанша бөлмелі болады? Қаладан қандай ұсыныстар бар? Informburo.kz пәтерді дәл қазір сатып алу керек болған жағдайда осы қаржыны қалай жарату керектігін білді.

Пәтерді қай ауданнан іздеу керек?

Алматыда пәтердің жағдайы мен орналасқан жеріне байланысты бір шаршы метрі 360 мыңнан 430 мыңға дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Қалада қазір сегіз аудан бар:

  • Алатау;
  • Бостандық;
  • Алмалы;
  • Әуезов;
  • Жетісу;
  • Медеу;
  • Түрксіб;
  • Наурызбай.

Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығының Президенті Лариса Степаненко пәтерлерді оңай табуға болатын төрт ауданды атады.

– Алматы үшін 10 миллион теңге – азғантай сома. Оған Әуезов және Жетісу аудандарынан 1-2 бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Бостандық ауданынан осы сомаға бір бөлмелі және ауданы азырақ бір жарым бөлмелік пәтер келеді. Наурызбай ауданынан жаңа салынған үйлерден 10 миллион теңгеге 40-45 шаршы метрлік пәтер сатып алуға мүмкіндік бар, – дейді ол.

Оқи отырыңыз: "Алматы жастары 3.0" тұрғын үй бағдарламасының шарттары қандай? Бүгін құжат қабылдау басталды

Қаланың орталығында, мәселен Алмалы ауданында жатақханадан жекешендірілген пәтерді табу мүмкін.

– Бірнеше ай бұрын біз Алмалы ауданындағы Жұмалиев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысынан 35 шаршы метрлік шағын ас бөлмесі мен балконы бар, магистральды газға қосылған пәтерді бар болғаны 9,3 миллион теңгеге сатып жібердік. Кірпіштен салынған, екі бөлмелі, екінші қабатта орналасқан үй – мұндай ақшаға таптырмас нұсқа. Бірақ ол – бұрынғы ведомствалық жатақхана, – дейді Л.Степаненко.

"Осы үйде бір алаңда 6 пәтерден орналасқан" деп қосты ол.

Бұрынғы жатақханадан пәтер қарайсыз ба?

Л.Степаненко "бұрынғы жатақхана" дегеннен бәрінің қашатынын айтады. "Алайда, жекешелендірілген жатақханалардың арасынан тым тәуір пәтер табуға болады" деп есептейді ол.

Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға үй беріле бастады. Жалдамалы үйлер мен 2% несиені алу үшін қойылатын талаптар

– Жекешелендірілген пәтерлерде отбасылар тұрады, ағылып жатқан адам болмайды. Коридорлық типтегі жатақханалардың өзінің жуынатын бөлмесі мен ас бөлмесі болғандықтан, толыққанды пәтер саналады. Мен мұндай нұсқалардан қорықпай қарауға кеңес берер едім. Егер пәтердің үлкен балконы, ас бөлмесі болса, алаңда 4 не 6 пәтер болғанның не айырмашылығы бар? Керісінше ондайлардың қабаттарында тазалық жақсы сақталады. Және арзан бағадағы қаланың орталығындағы пәтердің бұрын қалай аталғанында тұрған не бар? – дейді ол.

Ақшасы бар адам өзіне не керектігін өзі шешуі керек – пәтерді тұру үшін ала ма, әлде тек ақша салып, сатып алып қою үшін қажет пе? Пәтердің орналасқан жері мен көрсеткіштері осыған байланысты болмақ.

– 10 миллионнан астам ұсыныстың ішінен әсіресе 1-2 бөлмелі пәтерді көп кездестіреміз. Егер 3 бөлмелі болса, қаланың төменгі жағында, жөндеусіз болуы ықтимал. Алайда сатып алушыға көлемі үлкендеу болғаны керек болса оны сатып алып, әрі қарай оған біртіндеп жөндеу жұмыстарын жасап алуға болады, – дейді Л.Степаненко.

Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?

Панельді ме, әлде кірпіштен салынған үй ме?

Панельді үйге қарағанда кірпіштен салынған үй негізі қымбатырақ. Бірақ мұнда құрылыс материалдарына ғана емес, үйдің ішіндегі пәтердің орналасуына да назар аудару керек.

– Кірпіштен қаланған үйдің жылы болатыны туралы пікір бар. Негізі солай, бірақ пәтердің орналасуына да қарау керек. Панельді үйдің орта тұсындағы үйлер де жылы болады. Кірпіштен салынған үйдің солтүстік-батыс бұрышында орналасқан үй салқын болуы мүмкін. Өйткені оған күн аз түседі, – деп түсіндірді Л.Степаненко.

Бәрі нақты ұсыныстар мен сатып алушының нені қалайтынына байланысты.

– Кірпіш – панельге қарағанда экологиялық таза материал дейді. Есесіне панельді үйлердің қабырғалары тегіс болады, сол үшін жөндеу жасағанда жақпасына көп шығынданбайсыз. Тек бетін тегістеп, түсқағаздарыңды жапсыра бересіз. Ал, кірпіш үйлерде қабырғалар қисық болады және оны тегістеуге көп ақша кетеді. Сондықтан кірпіш үйлерге жөндеу жүргізу қымбатқа түседі, – дейді Л.Степаненко.

Оқи отырыңыз: "Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы". Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуінен репортаж

Кірпіш пен панельді үйлерден басқа, монолиттен тұратын ғимараттар бар. Құрылыс кезінде болашақ қабырға мен жабындының орнына құрылысшылар қаңқасын жинап, үстіне бетон құяды. Монолитті ғимараттар пайдаланылу мерзімі жағынан панельді ғимарттардан асып түседі. Бұдан бөлек оның дыбысты және салқынды өткізбейтін жақсы жағы бар. Ал, кірпіштен соғылған үйлерден гөрі монолитті үйлер пайдаланылу сипаты жағынан артта қалады, есесіне олар тез салынады және бағасы арзанға түседі.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Какую квартиру в Алматы можно купить за 10 миллионов тенге?

Таңдауда үйдің салынған мерзімі қаншалықты маңызды?

"Риелторская группа" ЖШС "Алатау" филиалының директоры Темірлан Жұмабеков үйдің қандай материалдан салынғанына ғана емес, жылына да назар аудару қажеттігін айтады. "Алматыдан 10 миллион теңгеге пәтер сатып алу мүмкіндігі бар, алайда олардың басым бөлігі ескі үйлерден" дейді ол.

– Айталық: жас отбасы 10 миллион теңгеге 1961 жылы салынған пәтерді сатып алады. 5 жылдан кейін сатып, ауданы үлкен жаңа пәтер алғысы келеді. Сатуда қындық болады, өйткені бес жылдан кейін қазіргідей өтімді болмайды. Жылы өткен сайын сәйкесінше банктердің мұндай пәтерлерді кепілге алуына мүмкіндік азаяды. Сондықтан тек қолма қол ақшаға сатылуы мүмкін. Бұл ретте сатып алатын адамдардың саны да айтарлықтай азаяды, – дейді ол.

Әрбір банктің өзінің кепілге алу саясаты болады. Қағидаға сәйкес, панельді үйлерге қарағанда кірпіштен салынған үйлер ескі болса да өтімдірек деп түсіндірді Жұмабеков. Қамыстан, ағаштан салынған үйлер кепіл ретінде мүлдем қабылданбайды.

Оқи отырыңыз: Әскери қызметкерлерге баспана беру тәртібі өзгерді

– Қазір таңдаған пәтеріңізді болашақта қайта сату, ауыстыру кезінде немесе кеңейткенде қаншалықты өтімді болатынын білген маңызды. Егер менің ақшам болса, нарықтағы бағасының бірдейлігіне қарай бірнеше пәтердің ішінен 1961 жылғы, жаңалау 1968 немесе 1972 жылдардағы үйлерден жаңалауын таңдаймын, – дейді Темірлан Жұмабеков.

Нарықта қандай ұсыныстар бар?

Біз хабарландыруды қарап шығып, олардың ішінен әрбір аудандағы 10 миллион тұратын барынша жақсы пәтерлерді таңдап көрдік.

Алатау ауданында 9,6 миллион теңгеге 1966 жылғы 42 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер сатылады. Қабаты 2/2. Үй қамыстан тұрғызылған, Райымбек даңғылы мен Емцов көшелерінің қиылысында орналасқан. Пәтердің жағдайы жақсы: қонақ бөлмесінде жаңадан жапсырылған түсқағаз, үйдің төбесі әктелген. Сатушы жиһаздардың жартысын қалдыруға дайын. Көлік тұрағында орын бар.

Алмалы ауданында Қабандай батыр мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан 23 шаршы метрлік 1 бөлмелі пәтер 10 миллион теңгеге сатылады. Үй 1968 жылы кірпіштен салынған. Қабаты 3/3. Пәтер жекешелендірілген жатақханада, бұрышта емес, жеңіл жөндеу жүргізілген.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары біріктіріледі. Үкімет қанша адамды үймен қамтиды?

Әуезов ауданындағы Саин және Төле би көшелерінің қиылысы жанында 42 шаршы метрлік 2 бөлмелі үй сатылады. Үй 1973 жылғы, кірпіштен салынған. Қабаты 1/4. Пәтер бұрышта орналаспаған, жылы, жақсы, бірақ коридорлық типтегі жекешелендірілген жатақханада орналасқан. 9 млн теңге сұрап тұр, бөлмелері оқшауланған. Саудаласса түсуі де мүмкін.

Бостандық ауданында Брусиловский көшесінің бойындағы үйлердің бірінен 35 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер сатылады. Қабаты 2/2. 1960 жылғы кірпіштен салынған үй. Қыста жылы. Жағдайы орташа, жуынатын бөлмесі мен дәретханасы біріктірілген. Жиһазы жоқ. Жертөлесінде зат қоятын бөлмесі бар.

Жетісу ауданында 70 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтер 9,7 млн теңгеге сатылады. 1960 жылы қамыстан тұрғызылған үй. Қабаты 1/2. Пәтердің пластикалық терезелері бар, бөлмелері оқшауланған. Көлік қоятын орны мен шағын сарайы бар.

Медеу ауданындағы "Думан-2" ықшам ауданында 1 бөлмелі 45 шаршы метрлік панельді 2015 жылғы үй 9,5 млн теңгеге сатылады. Қабаты 3/3. Сатушы нағыз сатып алатын адаммен жақсылап саудаласамыз деп отыр.

Наурызбай ауданындағы "Қарғалы" ықшам ауданында 2 бөлмелі 41,7 шаршы метрлік үй 9,7 млн теңгеге сатылады. 1969 жылғы үй. Қабаты 1/2. Пәтермен бірге екі сарай беріледі. Жылу электрге қосылған, газға қосып алуға мүмкіндік бар.

Түрксіб ауданында 48,6 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер 9,8 млн теңгеге сатылады. Кірпіштен салынған 1968 жылғы үй. Қабаты 3/4. Бөлмелері оқшауланған, жуынатын бөлмесі бөлек-бөлек. Пәтер бұрышта орналаспаған. Ауласы таза. Газбен жылытылады.

Оқи отырыңыз: "Заң жалаңаш келді". Нұрлан Нығматулин тұрғын үй саласындағы былықтардың бетін ашты

Сатып алушыға 5 маңызды кеңес

Пәтер сатып алу кезінде Лариса Степаненко төмендегідй кеңес береді:

1. Риэлтормен жұмыс істемес бұрын оның құзіретін тексеріп алыңыз.

– Егер риэлторға жүгінетін болсаңыз, Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы құрамына кіретін, риэлторлық қызметті кәсіби тұрғыда тұрақты ұсынатын компанияны таңдаңыз. Қазір ақшаны алып, сапалы қызмет ұсына алмайтын компаниялар қаптап кеткен, – дейді Степаненко.

2. Қажетті құжаттардың бәрін қарап алыңыз.

– Егер сатушыны хабарлама арқылы тапсаңыз, онымен өзара келісім жасасатын болсаңыз: бірінші, сатушының жеке куәлігі мен пәтер құжаттарының түпнұсқасын сұраңыз. Ол құқық белгілеуші құжаттардың біреуін (сату-сатып алу, жекешелендіру, сыйға беру келісім-шарттарын, мұрагерлік туралы куәлік) және техникалық төлқұжатын көрсету керек. Техникалық төлқұжаттың пәтердің жоспарына сәйкестігін тексеріңіз. Егер пәтердің жоспарына өзгерістер енгізілсе, олар заңдастырылуы керек, – деп атап өтті Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының Президенті.

3. Пәтердің кепілге салынбағанына немесе тыйым салынбағанына назар көз жеткізіңіз.

– Тіпті пәтер құжаттарының түпнұсқасы болса да, пәтерді сот орындаушылары тыйым салып, салық органдары жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығын қоюы мүмкін. Сондықтан жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығы бар-жоғы туралы анықтаманы сұраңыз. Пәтердің барлық құжаттары дұрыс екеніне көз жеткізгеннен кейін алдын ала төлем жасап, әрі қарай нотариуске рәсімдеуге барыңыз, – деп кеңес береді Л.Степаненко.

4. Пәтердің барлық меншік иелерінен сатуға келісім алыңыз.

– Бір пәтердің бірнеше меншік иесі болуы мүмкін. Олардың меншік құқығын мұрағаттық туралы куәлік немесе жекешелендіру келісім-шарты растайды. Мұндай жағдайда олардың әрбірі нотариалды куәландырумен пәтерді сатуға келісім беруі немесе мәміле кезінде жеке өзі қатысуы тиіс. Әйтпесе сотпен мәмілеге қарсы шығуы мүмкін, – деп түсіндірді Риэлторлар қауымдастығының жетекшісі.

5. Сатушымен тек банкте есеп айырысыңыз.

– Мәміле сомасы қанша болғанына қарамастан, тәуекел етіп, қолма-қол ақшамен жүрмеуге кеңес беремін. Қалада қолма қол ақшаны алып, сабылып жүрмес үшін, сатушымен банкте есеп айырысуға келісіңіз, нотариуста сату-сатып алу келісім-шартын куәландырғаннан кейін банкте ақшаны табыстау керек, – деп кеңес береді Л. Степаненко.

Оқи отырыңыз: 60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?

Егер қолыңызда 10 млн теңге болса, неге ипотека рәсімдемеске?

Қолыңызда 10 миллион барма? "Негізі сіз 10 миллион теңге тұратын пәтерден әлдеқайда кең, жайлы пәтер сатып ала аласыз" дейді Т.Жұмабеков. Жай ғана ақша қосу жеткілікті, жылжымайтын мүлікті сатып алу мәмілесінің 75-80%-ы банк қаржысымен жүзеге асады.

– Бірінші кезекте бұл ипотека – мемлекеттік бағдарламалар мен банктердің меншікті бағдарламалары. Ипотекамен көптеген қазақстандықтардың баспана мәсәлесі шешіліп жатыр. Бастапқы жарна 20%-дан басталады. Қолыңызда тіпті 5 миллион теңге болса да, ресми табысыңызбен сіз 20-25 миллион теңгенің үйін ала аласыз, – дейді Жұмабеков.

Егер сатып алушы өзіне және нарықты білетініне сенімді болса, майда-шүйдеге риэлторлар көмектеседі. Ипотеканың қандай нұсқаларын таңдауға болатынын айтады, төлемдер бойынша алдын ала есептерін шығарады, артық төлем қанша болатынын, пәтерге тыйым салынған-салынбағанын және тағы басқалар туралы түсіндіреді.

Егер сатып алумен асықпайтын мүмкіндік болса, 10 миллион теңгені үлескерлік құрылысқа салуға болады. Бұл жерден міндеттерін жауапсыз орындайтын құрылыс компанияларын қалай тануға болатыны туралы оқыңыз.

Авторы Наталья Батракова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Серіктестер жаңалықтары