Шығыс Қазақстан облысының тумасы Мейіржан Темірбек үйінің қасындағы 15 сотық жерге бау бақшасын жайқалтып отыр. "Осындай оншақты диірмен болса, үлкен егістік алқаптарын да суаруға болар еді" дейді ол.
Айтуынша, құрылғыны алғашында ауыл ішінде орнатқысы келіпті. Бірақ дайын құдық болмаған. Бастама көтергенімен қолдай қойған адам да табылмаған. "Әйтпесе ауылдың ішін қоршап, ағаш отырғызып, желмен суарылып тұратын етіп ойластырған едім" дейді Мейіржан.Диірмен бес жыл бойы жұмыс істеп тұр
Бұл істі ертеден жоспарлағанымен, бес жыл бұрын ғана іске асырыпты. Өйткені, құрылғы туралы ойларын жетілдіру керек болған. Нәтижесінде осындай дүние шыққан.
– Өзгелер сияқты электр қуатымен істейтін насосты қоя салуыма да болар еді. Бірақ энергияның балама көзін пайдаланып су шығаруға болатынын көрсеткім келді. Біздің аймақтың желді, соның пайдасын көрейін деген мақсат, – дейді өнертапқыш.
Екі апта жасадым
Дәл іске келгенде Мейіржан көп кідірмеген. Қолда бар құралдарды дәнекерлеп орнату үшін 15 күнге жетер-жетпес қана уақыт кеткен.
Құрылғыны жасау үшін ең қарапайым құралдар жеткілікті. 10 метр тұрба, 50 метр темір (угольник), екі мойынтірек (подшипник), жанармай құятын ескі-құсқы бөшке (қабырғасын кескенде дайын иілген қалақшалар шығады).
– Бөлшектері жеке-жеке құралған. Ол бір бөлшегі бүлінсе, шешіп алып жөндеу үшін ыңғайлы,– дейді өнертапқыш.
Дәнекерлеуді үйренемін деп біраз күйдім
Мейіржан дәнекерлеуді осыдан 10 жыл бұрын меңгеріпті.
– Үй шаруасына қажет болған соң үйрендім. Өйткені техника бар, басқасы бар, үнемі біреуге жалынып жүргеннен гөрі өзің істеген жақсы, – дейді ол. Осылайша, алғашында қызып тұрған темірді шап беріп ұстап, алақаны тұтас күйген кездері де болғанын еске алады.
Күніне сегіз тонна су шығара алады
Желді жылдамдығын дәл есептеу мүмкін емес. Мәселен, қатты соғып, дауылға айнала бастаса, серіппе тартылып, жанына қайырылып, желге қырынан қарап тұра қалады.
– Диірмен механикалық түрде жұмыс жасайды,яғни, желдің күші механикалық энергияға айналдырылады. Құдықтың түбіндегі су төмен түсіп кетпеуі үшін клапан орнатылған. Желді күні бөшкелерді толтырып болған соң тоқтатып қоямын. Жел секундына 2-3 метр жылдамдықпен тұрақты соғып тұрса, күніне 8 тоннаға жақын су шығарады, – дейді ол.
Жасап берші дейтіндер бар
– Диірмен айналып су шығара бастағанда ақысын берейін, маған да істеп берші дегендер болды. Әсіресе электр жарығынсыз күн көріп отырған малды ауылдардан ұсыныс көп. Бірақ бұл – мен үшін кәсіп көзі емес,әркімнің қолынан келетін дүние, – дейді ол.
Мейіржанның негізгі мамандығы – бағдарламашы. Қазір ол туған ауылы Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылында мектепте информатика пәнінен дәріс береді.
"Өзенге арналған жобам да бар" дейді өнертапқыш
Бірақ өнертапқыштың ауылында өзен жоқ.– Гидросоққылы насос деп аталады. Ол өзен ағысының күшімен суды кез-келген биіктікке айдай алады. Біраз зерттеп қарадым. Қолымда дайын жобасы да бар. Қазір Африка елдерінде сондай құрылғыны пайдаланады. Еш электр қуатын қажет етпей су айдайды.
Біз ешқандай көкеніс сатып алмаймыз
– Өзіміз өсірген көкөніс бір жылға жетіп артылады. Еш екпесіз, сенімді. Қолдың өнімі бір жылдан ұзақ сақталса да бүлінбейді, ал сатып алсаң бір-екі айдан соң қарайып, шіри бастайды, – дейді Мейіржан.
Германия желден алған электр энергиясын экспорттайды
Бүгінгі таңда жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) әлемдік энергетикалық баланстағы үлесі шамамен 14 пайыз. Олардың бес пайызы күн энергиясына келеді, ал биомассаның үлесі 1,8 пайызды құрайды. Дегенмен, әлемнің бірқатар аймақтарында ЖЭК дәстүрлі энерготасымалдаушылармен бәсекеге түсе алатын деңгейде.Мысалы, Германияда елдің солтүстігі мен солтүстік-шығысындағы тұтас аудандар желден алынған электр энергиясын экспорттаушы болып табылады. Олар өздеріне ғана емес, көрші өңірлерге де электр энергиясын жеткізеді. Сонымен қатар неміс құс фабрикаларының жартысынан көбі өз биогазының есебінен электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
Әлемде энергия өндірудің баламалы тәсілдерін дамуын ынталандырады
Бірқатар елдер ауыл шаруашылығы шикізатынан өндірілетін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ұлттық саясатының басымдықтарының бірі ретінде таңдаған. Мұндай мемлекеттер қатарында – Германия, АҚШ, Бразилия, Канада, Жапония және Қытай, Финляндия, Италия және басқа да Еуро Одақ елдері бар.
Ғалымдардың болжамы бойынша, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2040 жылға қарай 47,7 пайызға, ал биомассаның үлесі 23,8 пайызға жетеді.
Қызықты деректер:
Алғашқы жел фермасы 1980 жылы АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Нью-Гемпшир қаласында пайда болды.
Ең ірі электр станциясы АҚШ-тың Техас штатындағы Роско қаласында орналасқан. Жел паркінің қуаты 781 МВт.
Ең ірі жел генераторы 2002 жылы Германияда жасалынған. Оның қуаты 4,5 МВт. Үш қалақты. Әр қалақтың ұзындығы 52 метр, ені 6 метр, салмағы 20 тонна. Роторы 120 метр мұнараға бекітіледі.
Эйфель мұнарасына реконструкция жасау жоспарына сәйкес онда екі жел турбинасы орнатылған.
Францияның инженерлер тобы Wind Tree атты ағаш түріндегі жел генераторын жасап шығарды. Құрылғының жапырақ түріндегі пластиналары желдің бағытына қарай орнын ауыстырып тұрады.
Ресейдің жел энергетикасы бір жылда өндіретін энергия көлемін қытайлық жел агрегаттары екі сағатта өндіріп шығарады.
Айта кетейік...
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес электр тұтынудың жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 2020 жылға қарай 3%-дан астамын құрауы тиіс.
Ал Қазақстанның жел энергетикасын дамыту әлеуеті өте жоғары. Өйткені елімізде өте қолайлы жел дәліздері бар: жел бір бағытта соғатын аймақтар (Ерейментау, Жүзімдік) және қарама-қарсы бағыттарда алмасып отыратын аймақтар (Жоңғар қақпасы, Шелек, Қордай).
Осыдан-ақ қазақстандық балама энергия көздерінің, атап айтқанда жел энергиясының әлеуеті үлкен, инвестициялық сыйымдылығы мен тартымдылығы жоғары екендігін байқауға болады.