Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, көп ұзамай бірқатар қалаларда карантин жариялануына байланысты қазақстандықтардың көпшілігі күнкөріс көзінен айырылды. Қысылтаяң уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты қолдауға арналған нақты шаралар қабылдады. Эпидемия кезінде зейнетақы көтерілді, табысынан айырылғандарға жәрдемақы тағайындалды, кәсіпкерлердің салығы мен несиелері кейінге шегерілді. Әсіресе халықтың осал топтарына белсенді әлеуметтік көмек көрсетілуде.


Сoronavirus2020.kz сайтының инфографикасы

Табысынан айырылғандарға 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы берілді

Пандемия кезінде тұрмыс-тіршілігі тұралаған халыққа жасалған ең үлкен қолдау – 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақының тағайындалуы болды. 23 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев табысынан айырылған қазақстандықтарға көмек ретінде жәрдемақы берілетінін мәлімдеді. Төлемді кемінде 3 миллионға жуық адам алуы тиіс. Олардың қатарында ақысыз демалысқа жіберілген азаматтар ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да бар.

"Тек Алматы қаласында карантин кезеңінде кәсіпорындардағы жұмысшылар саны 266 мың адамға азайды. Ұқсас жағдай жеке кәсіпкерлерде байқалады, олардың 80%-ы қызметін тоқтатты. Осылайша, алдын-ала есеп бойынша карантин 500 мыңға жуық азаматтың қаржылық жағдайына теріс әсер етті: Сондықтан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлем енгізуді тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?

Қазір жәрдемақыны 4 миллионнан астам қазақстандық алып үлгерді. Карантиннің алғашқы айында – 3 млн 727 мың теңге әлеуметтік төлем үлестірілсе, екінші айда – 418 мыңнан астам қаражат аударылды.

Осы уақытқа дейін 42 500 теңге төлемге 8 млн 21 мың адам өтініш берген. Олардың арасындағы 3 млн 585 мың өтінімге төлем тағайындаудан бас тартылды. Материалдық көмек алуға ниеттілердің ең көп саны келесі өңірлерде:

  • Алматы облысы – 1 млн 44,8 мың;
  • Түркістан облысы – 998,9 мың;
  • Алматы – 896,2 мың;
  • Нұр-Сұлтан – 594,5 мың;
  • Шымкент – 534,4 мың.

Өңірлер бойынша келесі облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған:

  • Алматы облысы – 603,4 мың;
  • Түркістан облысы – 496,6 мың;
  • Алматы – 403,1 мың.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге төлем алуға өтініш беру жалғасуда. Қандай қателіктерден абай болу керек?

Зейнетақы мен жәрдемақы көлемі артты

Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырды. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. 2,2 миллионнан астам қазақстандық мамыр айынан бастап зейнетақыны жаңаша есеппен алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақылардың жылдық мәнде 10 пайызға қалай өсетінін түсіндірді. Жалпы, 2020 жылы зейнетақы мөлшері 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсуі керек. 2020 жылдың басында 5% өсу байқалды. Тиісінше, ағымдағы индекстеу 5 пайыз құрайды. Министрліктің мәліметінше, отандастарымыз көтерілген зейнетақы мен жәрдемақыларды мамыр айында алады. Сондай-ақ, мамырда тұрғындарға сәуір айындағы айырмашылығы қоса есептеледі.

Оқи отырыңыз: 1 сәуірден бастап зейнетақы қалай өседі? Еңбек министрлігінің есебі

Коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңгеден

10 сәуірде ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңда қазақстандықтардың үштен бір бөлігі толықтай оқшауланған қалаларда өмір сүріп жатқанын, бұл ел халқының 37 пайызы екенін атап өтті. Әрі карантинге жабылған өңірлерде тұратын азаматтардың жекелеген санаттарына коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңгеден берілетінін жеткізді.

"Мен карантиндік қалалардың тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді төмендету бойынша кешенді шешім қабылдауды тапсырамын. Менің білуімше, мұндай шешім әлі табылған жоқ. Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына баса назар аудара отырып, тиісті шаралар қабылдауды жеделдету қажет", – деді Президент.

Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызмет жеткізушілерімен келісімшарты бар тұтынушылар үшін коммуналдық қызмет төлеуді қарастыратын механизм әзірледі. Осылайша карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес шоттарына 2 ай бойы ай сайын 15 мың теңгеден жіберіп отырады. Төлем мына санаттағы тұрғындарға қарастырылған:

  • 1, 2, 3 топ мүгедектері;
  • мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • көпбалалы отбасылар;
  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;
  • мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;
  • төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
  • атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.

Төлемді қалай алуға болатынын мына жерден оқыңыз: Коммуналдық қызметтер үшін кімдерге 15 мың теңгеден беріледі?

Азық-түлік себетінің орнына ақшалай көмек тағайындалды

Мұқтаждарды қолдау шаралары үнемі кеңейтіліп отырады. Президент Үкіметке халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуді тапсырды. Бастапқыда ең қажетті азық салынған жиынтықтар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 800 мың тұрғынға таратылды:

  • АӘК алатын отбасылардың балалары;
  • барлық үш санаттағы мүгедектер;
  • мүгедек балаларды асыраушы ата-аналар;
  • ресми тіркелген жұмыссыздар.

Көп ұзамай азық-түлік себеттерінің орнына ақшалай көмек беру туралы шешім қабылданды. 15 сәуірде Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің азық-түлік және тұрмыстық жиынтығын ақшалай шотына аудару арқылы беру ұсынысын мақұлдады.

"Өңір әкімдіктері ұсынылған тетікке сәйкес көмекті алушыларға ақшалай қаражаттың уақытылы аударылуын қамтамасыз етуі керек. Карта шоттары болмаған жағдайда немесе көмек алушылардың жасына не мүгедектігіне байланысты келуге мүмкіндігі болмаса, санитарлық талаптарды сақтай отырып, азық-түлік жиынтығын үйге жеткізуді қамтамасыз ету қажет", – деді Асқар Мамин.

Оқи отырыңыз: Дағдарыс жағдайындағы жылжымайтын мүлік нарығы. Баспана қымбаттай ма?

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотека мерзімін ұзарту

Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қаржылық қиындыққа тап болған тұтынушыларға ипотека бойынша мерзімін ұзартты. 2020 жылдың 16 наурызынан бастап, негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдер 90 күнге кейінге қалдырылды. Дегенмен, тұтынушылар себебін көрсете отырып, интернет-банкингте қарызын кейін төлеу туралы өтініш беру керек. Ол үшін ешқандай құжат тапсыруға негіз жоқ.

Өтініштер 15 сәуірден қабылдана бастады. Басты шарт: тұтынушының 16 наурызға дейін мерзімі өткен қарыздары болмауы тиіс. Борыш мерзімі үш айға артады, сондықтан ай сайынғы төлемдер келесі кезеңдерде өзгермейді. Бұған қоса, банк 2020 жылдың 16 наурызынан 16 маусымына дейінгі аралықта мерзімі өткен төлемдер бойынша айыппұлдар мен өсімдерді есептемейді.

Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру: ең маңызды 33 сұраққа жауап

МӘМС енгізу мерзімі шегерілді, шілдеге дейін тегін медициналық көмек көрсетіледі

Мемлекет басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді. Азаматтар шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Ал бұған дейін Қазақстанда 1 сәуірден бастап МӘМС жүйесін енгізу жоспарланған болатын.

Қазір Қазақстанда 16,4 млн адам сақтандырылған. Оның ішінде 11 миллионға жуығы – мемлекет төлейтін әлеуметтік осал санаттағы адамдар.

Жеңілдік берілген кезең аралығында қазақстандықтарға өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, жарналарды төлеу және МӘМС қатысушысы болу ұсынылды.

Оқи отырыңыз: #Biz birgemiz! Төтенше жағдай кезінде кімге және қандай көмек беріледі?

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді

Кәсіпкерлерге салық жеңілдігі берілді, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер үшін несиелік берешектерін өтеу 90 күнге шегерілді. Әрі заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер бір жылға мүлік салығынан босатылатын болды.


Сoronavirus2020.kz сайтының инфографикасы

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктерге жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюды, шағын және орта бизнес өкілдерін 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақ үй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.

Оқи отырыңыз: Медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақы. Маңызды 10 сұраққа жауап

Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге үстемеақы берілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Covid-19 таралуына қарсы күреске қатысатын медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын ерекше бақылауға алу қажеттігін, оларды жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етуді тапсырды. Әрі дәрігерлердің еңбегін көтермелеуді міндеттеді.

"Біз коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істейтін 30 мыңдай медицина қызметкеріне көмектестік. Жергілікті билік басқа санаттағы медицина қызметкерлерінің мәселесін шешуден қашпауы керек. Аймақтар да дәрігерлер мен мейірбикелерді материалдық жағынан қолдауға тиіс. Дәрігерлердің, барлық медицина қызметкерлерінің ерлігі мен еңбегін тағы да атап өткім келеді. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсетуге тиіспіз", – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен коронавируспен күреске қатысатын медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үш ай бойы үстемеақы төленеді. Олар үш санатқа бөлінді:

  • Қауіптілігі аса жоғары. Инфекциялық ауруханалар мен реанимациялық орталықтардағы коронавирус диагнозы расталған пациенттермен тікелей жұмыс жасайтын медицина қызметкерлеріне 20 төменгі жалақы мөлшерінде – 850 мың теңге үстемеақы;
  • Қауіптілігі жоғары. Провизорлық стационарларда коронавирус симптомдары бар (температура, жөтел, респираторлы вирустық инфекция, пневмония), бірақ диагнозы әлі расталмаған пациенттермен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне 10 төменгі жалақы мөлшерінде – 425 мың теңге үстемеақы;
  • Қауіптілігі орташа. Карантиндік стационарлардың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері, КВИ анықтайтын зертханалардың қызметкерлері, өткізу пункттеріндегі карантиндік тәртіпті қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлеріне 5 төменгі жалақы мөлшерінде – 212,5 мың теңге үстемеақы төленеді.

Медицина қызметкері коронавируспен ауырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі – 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы

Полиция қызметкерлері жоғары жалақы алады

Медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үстемеақы қосу қажеттігін алға тартқан Президент эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысып жүрген басқа да қызметкерлер туралы да естен шығармады.

"Бұл сондай-ақ полицейлерге, әскери қызметшілерге, мемлекеттік органдардың "бірінші желі" қызметкерлеріне қатысты. Көмек қолын созып, қоғамға пайдалы жұмыс істейтін еріктілердің қауіпсіздігі туралы да алаңдаған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: "Бұл – уақытша дүрбелең!" Президент төтенше жағдайға байланысты үндеу жолдады

Осылайша, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін де көтермелеу ұйғарылды. Олар төтенше жағдай кезінде бір айлық жалақы көлемінде үстемеақы алады.

"Бізде басшыларды қоспағанда, қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатын қатардағы құрамның жалпы саны – 52 мың адамды құрайды. Олардың әрқайсысының жалақысы әртүрлі, бірақ жалпы сомасы шамамен 6 млрд теңгеге жуық қаражат осы қызметкерлерге ақшалай ынталандыру түрінде беріледі", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.

Үстемеақыны барлығы 52 мың адам алады. Олар блок-бекеттерде кезекшілікте тұрған, коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды емдеп жатқан медициналық мекемелердің күзеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлер.