Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен коронавируспен күреске қатысатын медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үш ай бойы үстемеақы төленеді.
Үстемеақы алатын медицина қызметкерлері:
- Қауіптілігі аса жоғары. Инфекциялық ауруханалар мен реанимациялық орталықтардағы коронавирус диагнозы расталған пациенттермен тікелей жұмыс жасайтын медицина қызметкерлеріне 20 төменгі жалақы мөлшерінде – 850 мың теңге үстемеақы
- Қауіптілігі жоғары. Провизорлық стационарларда коронавирус симптомдары бар (температура, жөтел, респираторлы вирустық инфекция, пневмония), бірақ диагнозы әлі расталмаған пациенттермен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне 10 төменгі жалақы мөлшерінде – 425 мың теңге үстемеақы;
- Қауіптілігі орташа. Карантиндік стационарлардың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері, КВИ анықтайтын зертханалардың қызметкерлері, өткізу пункттеріндегі карантиндік тәртіпті қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлеріне 5 төменгі жалақы мөлшерінде – 212,5 мың теңге үстемеақы төленеді.
Осы топқа жататын зертхана, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, төтенше жағдай бойынша жедел штабтың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда әкімдіктері аумақтық штабының мүшелеріне МӘСҚ емес, бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілері арқылы үстемеақы төленеді.
Медицина қызметкері коронавируспен ауырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі – 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды.
Оқи отырыңыз: Коронавируспен күреске қатысатын дәрігерлерге айына 850 мың теңгеге дейін үстемеақы беріледі
Informburo.kz үстемеақыға қатысты маңызды 11 сұраққа жауап береді.
№1. Үстемеақы қашан төленеді?
Үстемеақы 1 наурыздан бері, науқас анықталған сәттен бастап нақты жұмыс істеген уақытына қарай төленеді. Мәселен, наурыз айында Алматы мен Нұр-Сұлтанда дәрігерлер айрықша көп жүктемемен жұмыс істеді. Сондықтан да төлем сомасы көбейді. Ал басқа аймақтарда коронавирус жұқтырғандар наурыз аяғында және сәуір басында анықталды. Үстемеақы әр айдың бесіне дейін республикалық бюджет есебінен төленеді.
№2. Қызметкерлердің апталық жұмыс уақыты қандай?
- бірінші топтағы инфекциялық профильді стационарда – 36 сағат;
- провизорлық стационарда – 36 сағат;
- карантиндік стационарда – 40 сағат.
Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет"
№3. Үстемеақы алатындар тізімін кім жасайды?
Медициналық қызметкерлерге үстемеақы беру жөніндегі шешімді ДСМ бұйрығына сәйкес жедел штабтар жанынан құрылған өңірлік арнайы комиссиялар қабылдайды. Облыс, республикалық маңызы бар қала әкімі орынбасарынан төмен емес лауазым басшылары комисия төрағасы болып тағайындалады. Ал қор содан кейін осы комиссиялар ұсынған тізімге сәйкес төлем жүргізеді.
№4. Комиссия құрамына кімдер кіреді?
Комиссия құрамына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы, сондай-ақ қор филиалдарының өкілдері кіреді. Комиссия шешім қабылдаған кезде өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды, денсаулық сақтау ұйымы мен оның қызметкерлері жұмылдырылған эпидемияға қарсы іс-шаралардың сипатын назарға алады. Медицина ұйымының басшысы жұқтыру тәуекелінің болуын растайтын негіздер бойынша қызметкердің лауазымы мен нақты жұмыс істеген уақытын көрсете отырып комиссияға ұсыныс жасайды. Ал комиссия оларды тәуекел топтары бойынша бекітеді.
№5. Комиссия қосымша тізім ұсына ала ма?
Иә, комиссия коронавирусты жұқтыру қаупі бар адамдардың қосымша тізімін ұсынуға құқылы. Яғни, штаб жанындағы комиссия бұйрық бойынша тәуекел тобына кірмейтін қызметкерлерін көтермелеуді қарастыра алады. Бірақ бұл төлемдер республикалық бюджеттен емес, медицина ұйымдарының қаражаты, жергілікті бюджет немесе демеушілер тарапынан төленеді.
Оқи отырыңыз: Дәрігерлердің күйзеліске түсуіне не себеп? Психоаналитик түсіндірмесі
№6. Үстемеақының әділ төленуін кім қадағалайды?
Комиссия қызметкерлеріне төленген үстемеақы сомасы туралы ақпаратты салыстыру мақсатында Медициналық сақтандыру қорына ұсынады. Медицина ұйымдарының бірінші басшысы деректерді ақпараттық жүйеге дұрыс енгізуге тікелей жауапты, себебі осы деректер негізінде төлем жасалады.
№7. Бюджеттен қанша қаржы бөлінді?
Эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медицина қызметкерлеріне ақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 35,7 миллиард теңге бөлінеді.
№8. Наурызда қанша қаржы төленді?
Қор қаражаты есебінен 17 425 медицина қызметкеріне 3 371,2 миллион теңге төленді:
- үшінші тәуекел тобы бойынша – 8 949 адамға 846 млн теңге;
- екінші тәуекел тобы бойынша – 7 081 адамға 1,8 млрд теңге;
- бірінші тәуекел тобы бойынша – 1 395 адамға 717,4 млн теңге.
- алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру қызметкерлері, яғни емханалардағы 2 651 медицина қызметкеріне 184,9 млн теңге;
- жедел жәрдем бригадасының 3 985 қызметкеріне 1,18 млрд теңге төленді.
Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж
№9. Дәрігерлерге неге бірдей үстемеақы төленбейді?
Төлем наурыз айында жүргізілді және індетке қарсы негізгі іс-шаралар көбінесе Алматыда, Нұр-Сұлтанда жүргізілді және 3,37 млрд теңгенің шамамен 1,9 млрд теңгесі осы қалалардағы медицина қызметкерлеріне төленді.
№10. Сәуірде үстемеақы алатындар саны арта ма?
Иә, болжамға сәйкес, көтермелеуге ұсынылатын медицина қызметкерлерінің саны 2 есе, яғни 35-40 мың адамға дейін артады.
Өңірлерде анықталған науқастардың және стационарлық карантиндегі пациенттердің өсуін ескере отырып, сәуір айындағы қосымша ақының мөлшері өзгереді.