Коронавирус Қазақстанда: 7 сәуір хронологиясы. 35 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, 78 еріктіден алғашқы күзет ротасы құрылды
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 25 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
23.40. Коронавирус жұқтырғандар саны – 697:
- Нұр-Сұлтан – 222;
- Алматы – 119;
- Қызылорда облысы – 66;
- Қарағанды облысы – 55;
- Жамбыл облысы – 45;
- Ақмола облысы – 42;
- Түркістан облысы – 33;
- Атырау облысы – 32;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25;
- Шымкент – 20;
- Ақтөбе облысы – 11;
- Алматы облысы – 10;
- Шығыс Қазақстан облысы – 6;
- Маңғыстау облысы – 5;
- Қостанай облысы – 3;
- Батыс Қазақстан облысы – 2;
- Павлодар облысы – 1.
Жазылғандардың жалпы саны – 51.
Көз жұмғандар – 6.
23.40 – Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 12 адам тіркелді. 11 науқас Шиелі ауданында тіркелсе, 1 науқас Арал ауданында анықталды. Барлығы да коронавирустық инфекция жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынамалар алынған. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысында оларда Covid-19 диагнозы нақтыланды.
Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, медициналық бақылауға алынуда.
Қазақстан бойынша барлығы – 697 адам.
23.30 – Қазақстанда коронавирус жұқтырған тағы бір адам жазылып шықты. Ол Нұр-Сұлтан қаласында.
Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі
21.14 – Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен байланыста болғандардың арасында инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты 16 індет ошағынан шектеу алынды. Ол төмендегі мекен-жайлар:
- Алатау ауданы – "Заря Восток" ы/а, Сары-ой, 234; Ақкент, 7. ш/а;
- Алмалы ауданы – Желтоқсан көшесі, 125; Жароков көшесі, 16; Жароков көшесі, 7;
- Бостандық ауданы – Тұрғыт Озал көшесі, 242;
- Медеу ауданы – Зенков көшесі, 59; Достық көшесі, 162; Гоголь көшесі, 75; Достық көшесі, 111;
- Жетісу ауданы – Еңлікгүл көшесі, 34а;
- Түрксіб ауданы – "Алтай-1" ы/а, 8; "Жас қанат" ы/а, 86; Майлин көшесі, 77; Спасская көшесі, 63а;
- Ғанибет көшесі, 276.
Алматы Тауарлардың сапасы мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, 7 сәуірдегі жағдай бойынша қала аумағында коронавирус инфекциясының 38 ошағы бар.
20.55 – Қазақстан армиясында коронавирустың алдын алу шаралары күшейтілді. Барлық әскери бөлімдер мен мекемелерде өткізу режимі медициналық сүзгімен жабдықталған бақылау-өткізу пункті арқылы ғана жүргізіледі. Мекемелерде бір рет қолданылатын медициналық маскаларды ауыстыру тәртібін сақтай отырып тағу міндетті.
Барлық әскери қызметшілер міндетті түрде күніне екі рет медициналық тексеруден өтеді. Жеке құрамды сапқа тұрғызу бір қатардың әскери қызметшілері арасында 2 метр аралықты сақтай отырып жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: Карантин бізге неге керек?
19.19 – 9 сәуірде Қазақстанға Covid-19 инфекциясымен күреске қазақстандық дәрігерлерді қолдау үшін Қытайдан мамандар тобы арнайы рейспен келеді. Топ құрамына коронавирус инфекциясының алдын алу және науқастарды емдеуде тәжірибесі мол жоғары білікті дәрігерлер кіреді.
Сондай-ақ делегациямен бірге ҚХР-дан гуманитарлық көмектің екінші бөлігі келеді деп күтілуде.
18.47 – Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 медицина қызметкері ауыр халде жатыр. Қазақстанның 8 өңірінде жалпы саны 67 дәрігер Covid-19 инфекциясын жұқтырған. Бүгінде 9 емделушінің жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Қалған 57 науқас хаттамаға сәйкес ем қабылдауда. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, ауру симптомдарсыз өтіп жатыр.
1️8.26 – 42 500 теңге төлеуге қаражат зейнетақы жинақтарынан алынады деп мессенджерлерде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Қаржы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінеді.
Оқи отырыңыз: Коронавирус майданы. Батырлар жыры сарынына салғанда...
17.43 – "Біргеміз" қоғамдық қоры халықтың әлеуметтік осал топтарынан 23 мыңнан астам адамға 50 мың теңгеден төлеуге шамамен 1,2 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. Осылайша, 1-топтағы мүгедектер, мүгедек баланы күтумен айналысатын ата-аналар сынды санаттар көмектің бірнеше түрін алады.
16.51 – Нұр-Сұлтанда кәсіпкерлер палатасы ШОБ субъектілері арасында жүргізген онлайн-сауалнама төтенше жағдай салдарынан елордада 1 791 адам жұмысынан айрылғанын көрсетті, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
16.24 – ТЖ кезінде табысынан айырылған 198 645 адамға МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем тағайындалды. 7 сәуірдегі жағдай бойынша әлеуметтік төлем тағайындау үшін 1 млн 285 мыңнан астам азаматтан барлығы 2 млн 22 мың өтініш түскен. Мәліметті тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейін өтініш берушінің деректері "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізуге жолдайды.
Оқи отырыңыз: Коронавирус қаупі жағдайында қорқынышты қалай жеңуге болады? Психоаналитик кеңесі
16.12 – Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің барлық тігін цехында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған қорғаныс заттарын тігу жүргізілуде. Бірінші кезеңде маскалар өндірісі жолға қойылып, 1 миллионға жуық қорғаныс бұйымдары дайындалды. Сондай-ақ, полиция қызметкерлеріне арналған су өткізбейтін, аралас матадан жасалған, көп рет қолданылатын қорғаныс комбинезондарын тігу басталды.
160 комбинезонның алғашқы партиясын блок бекетте қызмет атқаратын елордалық полицейлер алды. Жақын арада ІІМ-нің барлық аймақтық бөлімшелері қорғау костюмдерімен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте оларды карантиндік іс-шараларға тартылған қызметкерлер алады.
16.00 – 4-6 сәуір аралығында Мемлекеттік кіріс органдары жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың банктік шотына қойылған 320 мыңнан астам тыйым алынды. Осылайша оларға 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік берілді, деп хабарлайды МКК.
Оқи отырыңыз: Індет пен міндет. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің түсіндірмесі
15.45 – Қазақстанда коронавирустан жазылып шыққандардың саны 50-ге жетті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында Covid-19 жұқтырған тағы 3 науқас сауығып, ауруханадан шықты.
15.43 – "Қазпошта" АҚ онлайн-шот ашу және мемлекеттік жәрдемақы алуға арналған виртуалды карта шығару қызметін пысықтап жатыр. Бұл азаматтарға бөлімшелерге келмей, онлайн қызмет алуға жол ашады. Аталған қызмет жақын күнде іске қосылады. Пошта бөлімшелерінде төлем алатын барлық зейнеткерлерге сәуір айынан бастап зейнетақыны үйге жеткізу бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінгі күні 389 572 зейнетақы үйге жеткізілді, 6 мың зейнеткер төлем картаға ауыстырылды.
15.30 – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр, республикалық Шұғыл әрекет ету штабының басшысы Асқар Маминмен кездесті. Елбасы қалыптасқан жағдайда экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.
"Әлемдегі экономикалық жағдай күрделі. Бірақ бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша біздің еліміздің көрсеткіштері жаман емес. Алайда, карантиннің салдары елдің экономикалық көрсеткіштеріне әлі толық көлемде әсер етпегенін ескеру қажет. Шағын және орта бизнесті қолдау, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері маңызды болып қалуда. Қазір біз дағдарыстан кейінгі кезеңде не істейміз деп ойлауымыз керек. Экономика төмендейді және оның салдары 2008 жылғы дағдарыстан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оқи отырыңыз: Қытай ертең Covid-19 құрбандарын аза тұтады. Әлемде коронавирус тарамаған 41 аумақ қана қалды. Әлем жаңалықтары
15.16 - Қостанай облысында Covid-19 инфекциясын жұқтырған 2 науқастың жағдайы белгілі болды. Олар ерлі-зайыптылар, осыған дейін коронавируспен ауырып Қостанай облысында бірінші болып тіркелген азаматшамен қарым-қатынаста болған. Науқастар Алматы "Шарм-эль-Шейх" (Мысыр) рейсімен бірге ұшып келген. Еске саламыз, алғашқы сырқаттанған азаматшаның вирусты жұқтыруы Алматы қаласынан келген күнінен 13 күн өткенде тіркелді. Тиісінше, екі жаңа жағдай да осы науқаспен қатынаста болғаннан кейін 13 күні анықталып отыр.
14.55 - 8 сәуір сағат 8.00-ден бастап Алматы облысында тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің жұмысын реттейтін қаулы күшіне енеді. Құжатқа сәйкес мына нысандардың қызметі уақытша тоқтатуға жатпайды:
- меншік нысанына қарамастан медициналық, оның ішінде стоматологиялық ұйымдар;
- өнеркәсіптік, өндірістік кәсіпорындар және тіршілікті қамтамасыз ету нысандары;
- көктемгі егіс, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жол жұмыстарын жүргізуге байланысты объектілер;
- дәріханалар, оның ішінде ветеринарлық нысандар;
- азық-түлік дүкендері;
- көлік құралдарының қосалқы бөлшектерін, тұқымдарды, көшеттерді, минералдық тыңайтқыштарды сату, құрылыс материалдары мен көтерме сауда объектілері (бірақ тауарларды босату алдын ала тапсырыс бойынша ғана жүргізілетін жағдайда);
- уақытша сақтау қоймалары, олардың жұмысын қамтамасыз ететін адамдар мен ұйымдар;
- жеке орналасқан почта байланысы объектілері және екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар (жұмыс уақытын шектеу сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін);
Халық үшін ресми такси және елді-мекен ішіндегі қоғамдық көліктер қызмет көрсетуді жалғастырады. Бұл ретте қалалық және аудандық автобустардың сыйымдылығы 40%-дан аспауы тиіс.
Оқи отырыңыз: Екіжүзділік пен эгоизм. Карантин кезінде қоғамда не байқадық?
14.37 – Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы 8 сәуірде қазақ тілінде өтетін 1-11 сыныптарға арналған BALAPAN телеарнасындағы бейнесабақтар кестесін жариялады:
14.25 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Continental Logistics" көлік-логистикалық орталығына барып, елорда мен өңірлерге азық-түлік жеткізу жұмыстарымен танысты. Мемлекет басшысы Twitter парашасында еліміз әлеуметтік маңызы бар тауарлармен толық қамтамасыз етілген деп хабарлады. Жалпы сомасы 14,8 млрд теңге болатын мемлекеттік қор қалыптасуда. Сондай-ақ ол, Орталық Азия елдерімен өзара ниеттестік белгісі ретінде Қазақстан мұқтаж елдердің үкіметтері жәрдем сұраған жағдайда гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
Оқи отырыңыз: Covid-19 жұқтырғандар саны миллионға жуықтады. Қытай шетелден азаматтарын эвакуациялауды бастады. Әлем жаңалықтары
14.11 – Алматыда көлік қозғалысы бес есеге азайды. "Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі" аппараттық-бағдарламалық кешенін талдау, қаланың негізгі көшелерінде көліктердің қозғалысы едәуір төмендегенін көрсетеді.
"Бүгін сағат 08.00-ден 09.00-ге дейін АШАЖ, Райымбек – Саин, Сейфуллин – Жансүгіров, Төле би – Розыбакиев көшелерінің барлық бағытында бейнебақылау жүйелерімен тіркелген көлік саны 4 мың 836 болды. Бұл аумақтарда 11 наурызда осы уақыт аралығында көлік саны 19 мың 546 бірлікті құрады. Бұған дейін біз қалада 35 бақылау-өткізу бекетінің ұйымдастырылғанын айтқан болатынбыз. Барлығы бір тәулікте 18 мың 798 көліктің қала ішінде жүру құқығының бар-жоғы тексерілгендігін хабарладық. Қаладағы аудандық ПБ-на қалада себепсіз жүргені үшін 128 жүргізуші жеткізілді, 30 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды", – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік Полиция басқарасының басшысы Жандос Мұраталиев.
14.10 – Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 15 адам тіркелгенін хабарлады:
- Шымкент – 1;
- Қарағанды облысы – 7;
- Жамбыл облысы – 5;
- Қостанай облысы – 2.
Қазақстан бойынша барлығы – 685 адам.
Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап
13.25 – Түркістан облысының білім басқармасы онлайн білім алу үшін гаджеттері немесе ноутбуктері жоқ оқушыларға уақытша 29 мың ноутбук таратып берді.
12.55 – Ақтөбе облысында 1 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Испания арқылы транзитпен ұшып келген науқас ауруханаға 22 наурыз күні түскен. Оған вирусқа қарсы, симптоматикалық ем жүргізілді. 15-ші тәуліктерде КВИ-ға талдау алынып, нәтижелері теріс болды. Науқастың қазір жағдайы қанағаттанарлық, бүгіннен бастап дәрігерлердің бақылауымен үй карантинінде 14 күн болады.
Қазақстан бойынша жазылғандардың жалпы саны – 47.
- Алматы – 21;
- Нұр-Сұлтан – 24;
- Ақтөбе облысы – 1;
- СҚО – 1.
12.44 – Алматы облысындағы "Асыл Арман"кешенінің аумағында қызмет атқаруға кіріскен 78 еріктіден тұратын алғашқы күзет ротасы құрылды. Ауысым тәулігіне екі рет – 8.00 және 20.00-де жүргізіледі, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тұрғын үй кешенінде карантин 2020 жылдың 1-14 сәуірі аралығында әрекет етеді. Осы уақыт ішінде блок бекетте және бүкіл тұрғын үй кешенінде әскерилер мен тәртіп сақшылары қызмет атқарады.
Оқи отырыңыз: Коронавирус залалы: миллиондаған адам кедейленеді, жұмыссыздық 3-4 есе артады. Әлем жаңалықтары
12.38 – Азаматтардың электронды үкімет порталына жіберген өтініштері 1-2 күн ішінде қаралады. ЭЦҚ алмау үшін жұмыс режимін жеңілдету мақсатында азаматтарға қызметтерге қол жеткізу мүмкіндік беретін бір реттік құпия сөз беріледі.
12.20 – ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Абылайхан Оспанов 42 500 теңге әлеуметтік төлемді тіркеу жүйесіндегі ақауларға қатысты түсініктеме берді:
"Қызмет көрсетудің бірнеше арнасы бар: egov.kz порталы, 42500.enbek.kz сайты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тізімі бойынша SMS арқылы автоматты түрде тағайындау және қызмет көрсету. Кеше өтініш беру үшін тағы Telegram-бот іске қосылды. Азаматтардың ыңғайлылығы үшін біз жүктемені бөліп, өңірлер бойынша 18 телеграмм-бот құрдық. Кез-келген өңірді таңдап, өтінімді толтыруға болады. Сізден тек сол сілтеме бойынша қызмет алуды сұраймыз. Себебі қазір өз арналарында жазылушылар санын арттыру үшін азаматтарға фэйк аккаунттарын қызмет көрсете бастады. Біз қолдау қызметіне олар туралы мәліметтерді жібердік, жақын арада жалған аккаунттрадың жұмысы тоқтатылады", – деп атап өтті Абылайхан Оспанов.
Сондай-ақ ол egov жұмысындағы олқылықтар туралы айтты. Қазір электронды үкімет порталына түсетін жүктеме 20 есеге артыпты. Порталдың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 2 мыңнан астам процессор және басқа да жүйе құраушы бағдарламалар іске қосылды.
"Сіздер электрондық үкімет сервистерінің жұмысындағы іркілістерді байқадыңыздар. Біз мүмкіндігінше, пайдаланылатын серверлік ресурстарды (екі еседен астам), байланыс арналарын және жұмысшыларды ұлғайту үшін, тез арада шаралар қабылдадық. Қазіргі уақытта электрондық үкімет порталының жұмысы тұрақтанды", – деді Абылайхан Оспанов.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі
12.22 – Шығыс Қазақстанда карантин кезінде 600-ден астам әскери қызметші қоғамдық орындарды патрульдейді. Жасақтар тәулік бойы қоғамдық орындарды бақылайды. Мұндай шара қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды.
"Бірлескен торуылдауға барлығы "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінен 650-ден астам әскери қызметші және 55-тен астам әскери полиция қызметкері қосылды", – деп хабарлады Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
12.10 – Алматыда коронавирус жұқтырған екі ересек адамның жағдайы өте ауыр, деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев. 7 сәуір күні қалада Covid-19 жұқтырудың расталған 119 жағдайы тіркелді. Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар стационарларында 99 науқас емделуде, оның төртеуі бала.
"80 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық болса, 2 ересек адамның жай-күйі өте ауыр. Ал 4 науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. 13 ересек адамның денсаулығы орта ауырлық деңгейінде, оның ішінде облыс тұрғыны бар", – деді басқарма басшысы.
Бүгінгі күні емдеуден шығарылған пациенттер жоқ. Мегаполисте емделіп жазылғандардың саны барлығы – 21. Карантиндік оқшаулауда 385 азамат бар, оның 39-ы бала. Үй карантинінде – 5 144 адам жатыр.
11.56 – Ғалымдар масканың тиімділігін растады. Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабының хабарлауынша, әлем ғалымдары жүргізген зерттеуде медициналық масканың коронавирус инфекциясының таралуын тежейтіні дәлелденді. Олар Gesundheit II арнайы аппараттың көмегімен адамның тыныс алуы нәтижесінде маска түрлі вирустарға тосқауыл болатынын анықтаған. Масканың арқасында 111 науқас тыныс алған ауада вирустың айтарлықтай төмендегені байқалыпты.
Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?
11.09 – Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы контентті әзірлеу және қашықтықтан сабақ өткізу алгоритмін жариялады:
10.48 - Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 125 042 жеке тұлғаның (жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға) шоттарына салынған тыйымды алып тастады.
Қайтарып алынған өкімдер әрі қарай қарау үшін банктерге жіберілді. Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы бұрын жіберілген салықтық бұйрықтарды қайтарып алу туралы хат жолданды. Мұндай шара, төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылған тұлғалар 42 500 теңге сомасында ай сайынғы әлеуметтік көмекті еш қиындықсыз алу үшін қолға алынды.
9.33 – Covid-19 жұқтырған 20 науқастың жағдайы ауыр. Дерті асқынғандардың жетеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
"Кеше үш науқастың жағдайы жақсарып, тыныс алу аппаратынан ажыратылды. Ем қабылдап жатқан 88 адамның жағдайы орташа, 510 науқас жеңіл дәрежеде", – деп хабарлады министр.
Қазір ауруханаларда барлығы 680 науқас бар. Қазақстан бойынша 19 112 адам вирус жұқтырғандармен байланыста болған, олардың 97% оқшаулауда. Өткен тәулікте 78 жаңа жағдай тіркелді, өсім 13 пайызды құрады. Аурудың ең үлкен өсімі өңірлерде байқалады.
Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж
"Өңірлер бойынша 73 жаңа жағдай тіркеліп, 29%-ға өсті. Ең көп өсім Ақмола облысында - өткен күні 83%-ға жоғарылады. Қарағанды облысында 16 адам жұқтырды, өсім-50%. Үшінші орында Қызылорда облысы, жаңадан тіркелген 13 науқас бар, өсім 35 пайызды құрады. Жамбыл облысында 12 адам ауру жұқтырған, онда өсім 43% болып отыр", – деді Денсаулық сақтау министрі.
08.40 – Қазақстанда коронавирус жұқтырған тағы 8 адам тiркелдi:
- Қызылорда облысы – 4 адам;
- Атырау облысы – 3 адам;
- Нұр-Сұлтан – 1 адам.
Қазақстан бойынша жалпы саны – 670 адам.