Іnformburo.kz әлемдегі коронавирус пандемиясына қатысты оқиғаларға шолу ұсынады.
Covid-19 жұқтырғандар саны миллионға жуықтады
Бүгін-ертең әлем бойынша Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар саны миллионға жетуі мүмкін. Мұндай болжамды Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары жасады.
"Мен жаһандық деңгейде инфекцияның тез таралуына қатты алаңдаушылық білдіремін. Өткен аптада қайтыс болғандар саны екі еседен астам өсті. Алдағы бірнеше күнде вирус жұқтырғандар саны миллионнан асып, көз жұмғандар саны 50 мыңға жетеді", – деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус.
Ұйым сарапшыларының пікірінше, тек биліктің ғана емес, сонымен бірге барлық азаматтардың жауапкершілігі бұл індетті жеңуге септік етеді. Сондықтан, мамандар барлық елдерді бұл мәселеге шындап қарап, өздерінің денсаулық сақтау жүйесін әзірлеуге, азаматтардың денсаулығын қорғауға шақырып отыр.
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 1 сәуір
Италияда Covid-19 жеңіл түрін жұқтырғандар да қайтыс болып жатыр
Италияның Громо қаласында коронавирус инфекциясының жеңіл түрімен сырқаттанған егде жастағы науқастардың ұйқыда жатып қайтыс болған оқиғалары тіркелді. Бұл туралы Италияда коронавирустың таралуымен күресіп жатқан ресейлік дәрігерлер айтты. Онда қарттарға арналған пансионаттардың бірінде бір тәулікте 5 науқас ұйқы үстінде қайтыс болған.
Дәрігерлердің айтуынша, қазір Италияда ресейлік дезинфекция қызметі де жұмыс істеуде. Дезинфекция Бергамо, Вальбондион, Клузон, Чени және Вертол қалаларында жүргізілді. Қала көшелері мен қарттар үйлері хлор ерітіндісімен өңделеді. Соңғы дерек бойынша, Италияда 110 мыңнан адам инфекция жұқтырып, 13 мыңнан астам адам көз жұмған.
Оқи отырыңыз: Коронавирус залалы: миллиондаған адам кедейленеді, жұмыссыздық 3-4 есе артады.
ДДСҰ медициналық масканы тағуа қатысты ұсынысын өзгертуі мүмкін
ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус медициналық маска мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады. Қазіргі уақытта адам ауырған жағдайда немесе науқасқа күтім жасаған жағдайда ғана бетперде кию ұсынысы күшінде қалады. Алайда соңғы күндері бірнеше ғылыми журналдарда ауру жұқтырғандардың едәуір пайызының симптомсыз өтуі, бірақ олардың инфекцияны басқаларға жұқтыруы туралы дерегі бар мақалалар жарияланды. Яғни, өзін сау деп санаған адам маскасыз сөйлейді және инфекцияны таратады. БАҚ мәліметтері бойынша, қазір бірқатар елдердің билігі халыққа бетпердесіз көшеге шығуға тыйым салуды қарастыруда.
"Бұл – жаңа вирус. Біз өз ұсыныстарымызды біліміміздің толығуына қарай жаңартып келеміз. Қазір маскаға байланысты ұсыныстар мәселесі зерттелуде және ДДСҰ сарапшылары ғылыми деректерге сүйене отырып, шешім қабылдайды, – деп түсіндірді дәрігер Тедрос.
Сонымен қатар, ДДСҰ директоры қазір бүкіл әлем бойынша зерттеулер жүргізіліп жатқанын, ғалымдар вирус туралы көбірек білуге және аурудың тиімді емін табуға тырысып жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, 74 ел түрлі препараттарды сынауға қатысуға ниет білдірген. Бұл зерттеулер ДДСҰ бастамасымен өтуде.
Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап
Қытай коронавирустан зардап шеккен елдерден өз азаматтарын эвакуациялауды бастады
Қытай билігі азаматтарын коронавирустан зардап шеккен елдерден чартерлік рейстермен көшіріп жатыр. Соңғы уақытта 9 чартерлік рейс ұйымдастырылып, онда әр түрлі елдерден ҚХР азаматтары эвакуацияланды. Қытай билігі өз отанына жалпы саны 1 457 азаматты қайтарды. Олардың барлығы қатаң карантиннен өтіп, коронавирустың бар-жоғына тест тапсыруға міндеттелді. Індеттің ошағы саналған елде қазір инфекцияның қарқыны бәсеңдеді. Соңғы мәлімет бойынша, Қытайда 81 мыңнан астам адам ауру жұқтырып, 3 мыңнан астам адам індеттің құбраны болған.
Оқи отырыңыз: Telegram бот арқылы 42 500 теңге әлеуметтік төлемді қалай алуға болады? Нұсқаулық
Өзбекстан Қырғызстан және Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің тапсырмасы бойынша 1 сәуірде коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек көрсету үшін Ауғанстанға гуманитарлық көмек жөнелтілді. Ангрен – Ташкент – Термез – Мазари-Шариф бағыты бойынша пойызбен жөнелтілген гуманитарлық жүкке медициналық маскалар, қорғаныс комбинезондары, тепловизорлар, пирометрлер, ұн, май, күріш, сабын және балаларға арналған киім кірді. Ал Әндіжан облысындағы теміржолмен Қырғызстанға жөнелтілген жүктерге 1 000 тонна ұн, түрлі тамақ өнімдері, бір реттік қорғаныс киімдер, көзілдіріктер, респираторлар, қолғаптар, пирометрлер және сынақ жүйелері енгізілді.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы
Мәскеудегі оқшаулау режимі сәуір айының соңына дейін созылуы мүмкін. Билік ауруханалардың шамадан тыс жүктелуінен қорқады
Мәскеу қалалық әкімдігі Ресей астанасында өзін-өзі оқшаулау режимі сәуір айының соңына дейін созылуы мүмкін деп күтеді. Қатаң шаралар шетелде жүрген ресейліктердің чартерлік рейстермен отанына жиі оралуымен және коронавирустың анықталған жағдайларының өсуіне байланысты ұзартылуы мүмкін. Билік індет дендесе, денсаулық сақтау жүйесі жүктемеге төтеп бере алмайды деп алаңдап отыр.
"Мәскеу мэрінің жарлығына сәйкес карантин тәртібін 14 сәуірге дейін сақтау қажет", – деп хабарлады 30 наурызда эпидемияға қарсы күрес жөніндегі Мәскеу жедел штабының Telegram арнасы. Кейін хабардан режимнің аяқталу күні жоғалып кетті. Жедел штаб өкілі мұны техникалық ақауға байланысты деп түсіндірді.