Тікелей эфир

Қытай ертең Covid-19 құрбандарын аза тұтады. Әлемде коронавирус тарамаған 41 аумақ қана қалды. Әлем жаңалықтары

Сурет rg.ru сайтынан алынды
Сурет rg.ru сайтынан алынды
Дүние жүзінде Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 1 миллионнан асты, індет құрбандары 52 мыңнан көп.

Іnformburo.kz әлемдегі коронавирус пандемиясына қатысты оқиғаларға шолу ұсынады.

АҚШ Covid-19 жұқтырғандар арасында бір тәуліктегі өлім көрсеткіші бойынша "рекорд" жаңартты

АҚШ бір тәулік ішінде коронавирустен болған өлім саны бойынша Италияның қайғылы "рекордын" жаңартты. Қазіргі уақытта құрама штаттарда коронавирус құрбандары 6 мыңнан астам. Ал бір тәулік ішінде АҚШ-та инфекция жұқтырған 1 169 адам көз жұмғаны хабарланды.

Бұл бір елде бір тәулік ішінде өлімнің ең жоғары үлесі. Бұған дейінгі "рекорд" Италияға тиесілі. Бұл елде 27 наурызда 969 өлім тіркелген еді.

Елдегі тіршілік тұралап қалды, америкалықтардың 90%-дан астамы аса қажеттілік туындамаса үйлерінен шықпауға кеңес алды. Билік ел тұрғындарын аурудың таралуына кедергі жасау үшін далаға шыққан кезде беттерін тұмшалауға шақырды. Бұл міндетті түрде медициналық маска болуы шарт емес.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: 3 сәуір хронологиясы. Онлайн

Миландағы крематорий жабылды

Италия – ауырғандар саны бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында, бірақ өлім көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Соңғы мәліметтер бойынша, коронавирусты италиялық 115 мыңнан астам азамат жұқтырып, 14 мыңға жуық адам көз жұмған. Өлімнің көп болуына байланысты ай соңына дейін Миланның басты крематориі жабылды. Ол жерде Covid-19 қайтыс болғандардың денелерін кремациялайтын болады.

Сонымен қатар, Италияда соңғы күндері қайтыс болған адамдардың саны шамамен бір деңгейде тұр. Өсімнің болмауы аурудың шарықтау шыңы өтті деген үміт беріп отыр.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 2 сәуір

4 сәуір Қытайда ұлттық аза тұту күні болып жарияланды

Қытай билігі 4 сәуірді Covid-19 инфекциясын жұқтырып, қайтыс болғандарды еске алу үшін аза тұту күні деп жариялады. Бұл күні Қытайдағы және шетелдік елшіліктер мен консулдықтардың ғимараттарындағы тулар түсіріліп, қоғамдық ойын-сауық шаралары тоқтатылады.

Жергілікті уақыт бойынша 10:00-де бүкіл ел бойынша қытайлықтар індет құрбандарын үш минуттық үнсіздікпен еске алады. Бұдан бөлек марқұмдарды еске алу үшін көліктердің, пойыздардың, кемелердің және әуе шабуылына қарсы қорғаныс дабылы естіледі.

Қытайдың Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комиссиясының мәліметі бойынша, елде коронавирустан 3 322 адам қайтыс болды. ҚХР-да инфекция ошағы басталғаннан бері Covid-19 жұқтырудың 81 620 дерегі тіркелді.

Оқи отырыңыз: Екіжүзділік пен эгоизм. Карантин кезінде қоғамда не байқадық?

Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар арасында алғашқы өлім тіркелді

Қырғызстанда 61 жастағы ер адам коронавирустық инфекцияның алғашқы құрбаны болды. Ол 2 сәуір күні Ош облысының Ноокат аумақтық ауруханасында жан тапсырды. Науқас жақында шетелден келген, сонымен қатар өзінің созылмалы ауруы болған. Қазіргі уақытта Қырғызстан аумағында коронавирусты жұқтырудың 130-дан астам дерегі тіркелген.

Оқи отырыңыз: Covid-19 жұқтырғандар саны миллионға жуықтады. Қытай шетелден азаматтарын эвакуациялауды бастады.

Әлемде коронавирус тарамаған 41 аумақ бар

Covid-19 пандемиясының жекелеген елдерде таралуы мен зақымдануы туралы статистиканы бақылайтын Джонс Хопкинс университеті инфекцияны жұқтыру жағдайы ресми тіркелмеген елдер мен аумақтардың тізімін жариялады. Тізімде 41 аумақ бар. Қатарында Антарктида, Фолкленд аралдары, Тонга, Кук аралдары, Науру, Малави, Солтүстік Корея, Түркіменстан, Тәжікстан, Йемен және т.б. мемлекеттер мен аумақтар бар. Алайда, сарапшылар осы тізімдегі кейбір елдер ресми статистиканы коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың болмауынан емес, басқарудың авторитарлық режиміне байланысты бермей отыр деп санайды.

Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап

Қытайда мысық пен ит етін жеуге тыйым салынды

Мұндай тыйым Қытайдың барлық аумағында салынған жоқ. Бастаманы бірінші болып Шэньчжэнь қаласы қолға алды. Онда мысықтар мен иттердің етін жеуге салынған тыйым 1 мамырда күшіне енеді.

Ақпан айында Қытай билігі жабайы жануарларды сатуға және жеуге тыйым салған болатын. Өйткені олардың еті Covid-19 қоздырғышын пайда болдырады деп болжануда. Бірқатар сарапшылар да әлемде коронавирустың өршуі қытайлықтардың жабайы жануарлар етін кеңінен қолдануына байланысты деп санайды. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметі бойынша, Азия елдерінде жыл сайын 30 миллионға жуық ит еті желінеді екен.

Серіктестер жаңалықтары