Тікелей эфир

Коронавирус залалы: миллиондаған адам кедейленеді, жұмыссыздық 3-4 есе артады. Әлем жаңалықтары

Сурет rg.ru сайтынан алынды
Сурет rg.ru сайтынан алынды
Дүние жүзінде Covid-19 құрбандарының саны 42 мыңнан асты. Ал вирус жұқтырғандар саны 900 мыңға жуықтады.

Іnformburo.kz әлемдегі коронавирус пандемиясына қатысты оқиғаларға шолу ұсынады.

Италияда коронавирус жұқтырып, көз жұмғандарды аза тұтты

31 наурызда Италияда 12 мыңнан астам адамның өмірін қиған коронавирус инфекциясының құрбандарын аза тұтуға орай, ұлттық тулар төмен түсірілді. Сондай-ақ, елдің барлық қалаларында бір минут үнсіздік жарияланды. Covid-19 инфекциясы себебімен қайтыс болғандардың саны бойынша Италия бірінші орында. Елде бір тәулік ішінде өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі сақталуда. Қазіргі таңда 106 мыңнан астам адам қауіпті вирусты жұқтырған.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 31 наурыз

Францияда жан сақтау бөлімінде жатқан науқастардың үштен бірі – 60 жастан кіші

Францияда Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны күрт өсті. Бір тәулік ішінде мұнда 499 адам індеттен көз жұмып, 7 500-ден астам адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Әсіресе елдің шығысы коронавирус инфекциясының ең ірі ошағы болып отыр. Ондағы ауруханалардың жүктемесін сәл жеңілдету үшін арнайы пойыздар сырқаттанғандардың бір бөлігін көрші елдерге көшіріп жатыр. Францияның Бас денсаулық сақтау дирекциясының басшысы Жером Саломонның айтуынша, елде реанимацияда емделушілердің үштен бірі 60 жасқа толмаған. Ауыр халде жатқандардың 68 пайызы әлі отызға да толмаған адамдар екен.

Оқи отырыңыз: Италияда коронавирус жұқтыру қарқыны бәсеңдеді. АҚШ Қытай мен Ресейден гуманитарлық көмек алды.

Дональд Трамп америкалықтарды сәуірдің соңына дейін карантинді қатаң сақтауға шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтарға коронавируспен күресте алдағы екі апта өте "ауыр" болатынын ескертті. Болжам бойынша, АҚШ-та сәуір айының ортасында өлім-жітім өте көп тіркеледі. Тіпті, әлеуметтік қашықтықтың қатаң шараларын сақтаған күннің өзінде құрбандар саны жүздеген мыңға дейін жетуі мүмкін.

"Америкалықтарға келесі 30 күн ішінде нұсқауларды толық орындау маңызды. Бұл өмір мен өлім мәселесі", – деді Трамп.

Қазір АҚШ Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша дүние жүзінде көш бастап тұр. Онда 190 мыңға жуық адам індетке шалдығып, 4 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі

Коронавирус пандемиясына байланысты миллиондаған адам кедейленеді

Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, коронавирус пандемиясы биыл Қытайда, Шығыс Азия мен Тынық мұхитының басқа елдерінде экономикалық өсімнің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан млндаған адамдар кедейленеді.

Қытайдың ЖІӨ-нің өсу болжамы базалық жағдайда 2,3%-ға және нашар жағдайда – 0,1%-ға дейін төмендеді. Шығыс Азия мен Тынық мұхитындағы дамушы елдердегі экономикалық өсім 2,1%-ға дейін төмендейді, ал жағымсыз жағдайда ол минусқа түседі. Басқа елдер үшін болжам әзірге дайын емес.

Бұған дейін Дүниежүзілік банк коронавирустық инфекцияның таралуымен күреске бөлінетін қаражаттың көлемін 14 млрд долларға дейін көбейтетінін, ал алдағы 1,5 жыл ішінде кедейлерге көмек көрсетуге шамамен 160 млрд доллар бөлінетінін мәлімдеді. Ал жағдай әрмен қарай ушыға түссе, бұл аймақта 11 млн адам кедейлік көруі мүмкін. Коронавирустық пандемияға дейін Дүниежүзілік банк экономикалық өсу кедейлердің санын 35 млнға азайтуға көмектеседі деп есептеген еді.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы

Еуропада жұмысынан айырылғандар саны артып жатыр

Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының мәліметтері бойынша, соңғы екі аптада Еуропада кем дегенде млн адам жұмысынан айырылды. Бұл тек келісім-шарт бойынша жұмыс істеген және жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш білдірген адамдар. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, жалпы саны екі есе көп болуы мүмкін. Жұмыссыздық толқыны коронавирустық пандемияның күрт өсуімен сәйкес келді. ЕКП бас хатшысы әрмен қарай да қол қусырып, бос жүретін адамдар санының артуы мүмкін екендігін айтты.

"Егер бұл жағдай төтенше шаралармен реттелмесе, Пасхадан кейін не болатынын елестетіп көріңіздер. Жұмыссыздардың саны үш есе, төрт есе өседі. Халықаралық еңбек ұйымының қазіргі дағдарыс әлемдегі 24-36 млн жұмыс орындарын жоғалтуға әкеп соқтыруы мүмкін деп мәлімдеуі кездейсоқ емес. Егер біздің құрлығымыз осы төтенше жағдайды жеңу туралы шұғыл шешім қабылдамаса, бұл шығындардың басым бөлігі Еуропаға тура келеді", – дейді Лука Визентини.

Бұл шешімді ЕуроОдақтың қаржы министрлеріне 2 апта ішінде қабылдау тапсырылды. Бірақ осы уақыт ішінде тағы 1 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Кәсіподақтар ЕуроОдақты жұмыс орындарын сақтауға, ал оларды алып отырған адамдарға табыс шығынын өтеуге шақырады. Бұл үшін 200-400 млрд еуро мөлшерінде қор қажет. Әйтпесе, дағдарысты еңсеру шаралары әлдеқайда қымбатқа түседі деп ескертті Визентини.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен күреске қатысатын дәрігерлерге айына 850 мың теңгеге дейін үстемеақы беріледі

Ресейде карантин тәртібін бұзғандар 7 жылға дейін түрмеге қамалады

Ресейдің мемлекеттік думасы карантин режимін бұзғандар мен коронавирус туралы жалған ақпарат таратқандарға жазаны қатаңдататын заң жобасын қабылдады. Құжатта карантин режимін бұзғандарға ең ауыр жаза 7 жылға дейін, жалған ақпарат таратқандарды 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Заң бұзушылықтан адам қайтыс болған жағдайда ең ауыр жаза қолданылады. Яғни 1-2 млн рубльге дейінгі айыппұлдан бөлек, үш жылдан бес жылға дейін (5-7 жыл екі немесе одан да көп адам қайтыс болған жағдайда) түрме мерзімі болуы мүмкін.

Ал адам өлімі болмаған "қылмыс деректері" бойынша айыпталушыларға 700 мың рубльге дейін айыппұл салынуы мүмкін немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Әкімшілік құқық бұзғандар 150 мың рубльге дейін айыппұл төлейді.

Серіктестер жаңалықтары