Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 71 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
23 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 8 322
- Алматы – 2 164;
- Нұр-Сұлтан – 1 598;
- Атырау облысы – 879;
- Шымкент – 606;
- Қарағанды облысы – 562;
- Батыс Қазақстан облысы – 386;
- Қызылорда облысы – 283;
- Түркістан облысы – 315;
- Алматы облысы – 284;
- Ақтөбе облысы – 270;
- Жамбыл облысы – 259;
- Павлодар облысы – 177;
- Маңғыстау облысы – 166;
- Ақмола облысы – 145;
- Қостанай облысы – 120;
- Шығыс Қазақстан облысы – 62;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 46.
Жазылғандардың жалпы саны – 4214.
Көз жұмғандар – 35.
Елордада карантин режимі жеңілдетілмейді
Қала әкімдігі ел астанасында карантин режим бұрынғы қалпында қалатынын хабарлады. Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында:
"Тұрғындар қатаң санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Қала аумағында блок бекеттер әлі де жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен еріктілер күшейтілген жұмыс тәртібімен жұмыс жасауда" делінген.
Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, күнделікті рейд барысында көшеде жүрген жандардың көпшілігі санитарлық талаптарды орындамайтыны анықталған. Қазірге дейін елордада санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындамаған 26 нысан (құрылыс компаниясы, кафе, ресторан, қонақүй және т.б.) жабылған. Ал, 150-ден астам кәсіпорынға ескерту жасалып, кейбіріне айыппұл салынған.
"Рейд кезінде саябақтар мен алаңдарда адамдардың көпшілігі маскасыз жүретіні анықталды. Мұндай немқұрайлық коронавирус инфекциясының тез таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істей береді. Олар жұмыс істеп жатқан нысандарды күн сайын тексеріп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Адамдардың инфекцияны жұқтыру қаупі әлі де жоғары", – деді қала әкімі.
Оқи отырыңыз: Биыл айт намазы мешітте оқылмайды. Ораза айт мерекесін үйде қалай өткізген жөн?
Ақтөбеде коронавирус жұқтырған әйел көз жұмды
Бұл ақпаратты Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Әсет Қалиев растады. Оның айтуынша, әйелдің Covid-19 жұқтырғаны рас, алайда, оның өліміне басқа диагноздары себеп болыпты.
"Қайтыс болған әйел жұқпалы аурулар госпиталінде небары бір тәулік жатты. Палатада жатқан кезінде аяқ астынан жағдайы нашарлап, дәрігерлер оған жедел түрде көмек көрсетті. Соған қарамастан, сәл уақыттан соң, науқастың жүрегі тоқтаған. Ол бұған дейін өкпе артериясының эмболиясымен ауырған екен. Сондай-ақ, ол жүрек-қан тамырлары ауруларымен есепте тұрған. Яғни, науқастың көз жұму себебі коронавирус деп қарастыра алмаймыз. Covid-19 әйелдің жағдайының нашарлауына әсер етті ме, жоқ па, оны комиссия шешеді", – деді Әсет Қалиев.
Басқарма жетекшісінің айтуынша, пандемия басталғалы бері Ақтөбе облысында Covid-19 жұқтырған 252 адам тіркелген. Қазір 63 науқас стационарда емделіп жатыр. Олардың екеуі жансақтау бөліміне түскен. Бір науқастың жағдайы өте ауыр, ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Оқи отырыңыз: "Заңнама жүйесін жетілдіру қажет". Төтенше жағдай сабақтары туралы сарапшылар пікірі
Жолаушыларды шығарып салушыларға әуежай ғимаратына кіруге рұқсат етілді
Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов ішкі рейстерге қойылатын санитарлық-карантиндік талаптар жеңілдетілетінін мәлімдеді.
"Қазірге дейін жүргізіліп келген мониторинг әуежай қызметкерлері мен жолаушылар ғимарат ішінде де, ұшақ бортында да карантин талаптарын орындап жүргенін көрсетті. Әуежай әкімшілігі санитарлық-карантиндік талаптарды қатаң сақтап отырғанын ескере отырып, 25 мамырдан бастап, жолаушыларды шығарып салушылардың ғимарат ішіне кіруіне рұқсат берілді", – деді Сәдуақас Байғабылов.
Сондай-ақ, әуежайдың қауіпсіздік қызметі ғимаратқа кірген әрбір азаматтың маска таққан-тақпағанын және дене қызуын тексеретіні белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Қазақстан эскалация алдында немесе Ресейдегі коронавирус қарқыны елімізде қайталана ма?
Батыс Қазақстан облысында карантин режимі ұзартылды
Батыс Қазақстан облысында карантин мерзімі 15 маусымға дейін ұзартылды. Өңірдегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметінше, қазіргі сәтте облыста Covid-19 жұқтырғандар саны 370-ке жетіп отыр.
"Облыстағы вирус жұқтыру деңгейі 2,8 пайыз бен 4,3 пайыз аралығында болғандықтан, карантин уақытын 15 маусымға дейін созу туралы қаулы қабылданды. Осы уақытқа дейін вирус жұқтырған 340 адам Оралдан екені анықталса, қалғандары – аудан тұрғындары", – деді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы жетекшісінің орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Соңғы күндері вирусты жаңадан жұқтырғандар Бәйтерек, Ақжайық, Теректі, Сырым, Тасқала, Бөрлі аудандарында тіркелген. Қазірге дейін облыста тіркелген 370 науқастың 144-і облыстық жұқпалы ауруханасына жатқызылған. Олардың 226-сы жазылып, үйлеріне оралған.
Батыс Қазақстан облысында карантин режим 31 наурызда енгізілген болатын. Облыс орталығына кірер тұсқа блок бекеттер қойылып, қоғамдық көліктер мен адамдардың қозғалысына шектеу қойылды. Сондай-ақ, базарлар мен өндірістік тауарлар сататын дүкендер уақытша жабылды.
Кейінірек кейбір карантин шаралары жеңілдетілді. Қазір Орал қаласында азық-түлік дүкендері мен бизнес-орталықтар жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық көліктер жүре бастады. Ал, кинотеатрлар мен ресторандар, ойын-сауық орталықтары әзірше жабық.