Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 61 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
13 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 5 417
- Алматы – 1 628;
- Нұр-Сұлтан – 1 118;
- Атырау облысы – 432;
- Батыс Қазақстан облысы – 266;
- Шымкент – 245;
- Қызылорда облысы – 231;
- Қарағанды облысы – 200;
- Жамбыл облысы – 198;
- Түркістан облысы – 190;
- Алматы облысы – 183;
- Ақтөбе облысы – 176;
- Павлодар облысы – 154;
- Маңғыстау облысы – 130;
- Ақмола облысы – 110;
- Қостанай облысы – 68;
- Шығыс Қазақстан облысы – 52:
- Солтүстік Қазақстан облысы – 36.
Жазылғандардың жалпы саны – 2 408.
Көз жұмғандар – 32.
1 маусымнан бастап теміржол тасымалы іске қосылады
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ел ішінде 1 маусымнан бастап теміржол тасымалын іске қосу туралы шешім қабылданды. Жолаушылар пойыздары халықтың сұранысын ескере отырып, кезең-кезеңмен және өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жүзеге асырыла бастайды. Бастапқы кезеңде 54 пойыз іске қосылады, оның ішінде:
- Нұр-Сұлтан – Алматы, Маңғыстау, Өскемен, Сарыағаш, Семей, Арқалық, Павлодар, Петропавл/Қызыл Ту, Орал, Жезқазған, Қызылорда;
- Алматы – Шымкент, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Сарыағаш, Өскемен, Жезқазған, Урлальск, Петропавл;
- Қызылорда – Семей;
- Қостанай – Қарағанды, Арқалық, Алматы;
- Қарағанды – Жезқазған;
- Қызылорда – Көкшетау, Петропавл және қала маңы қатынастары бағыттары.
Жол жүру билеттері 15 мамырдан бастап сатылымға шығады.
Оқи отырыңыз: Мешіттер 18 мамырда ашылады. Намаз оқу, құран оқыту және неке қидыруға қандай талаптар қойылады?
18 мамырдан бастап барлық мешіттер ашылады
Діни құлшылық жасау нысандары арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады. Осы уақыттан бастап мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болады. Мешітке келетін адам санын ғимараттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырмау қажет. Тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етіледі. Мешіттерде жамағатпен (бес уақыт намаз, жұма, тарауық намазы) намаз оқылмайды. Сондай-ақ, жеке құлшылыққа келген азамат немесе азаматша ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут. Ал намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек және арнайы белгіленген орындарда намаз оқып, одан соң мешіттен бірден шығып кетуге кеңес беріледі.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тың карантиннен шығуы неге қиын? Сараптама
18 мамырдан бастап қоғамдық тамақтану орындары қызмет көрсетеді
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын жандандыру туралы шешілді. Санитарлық талаптарға сай келесі нысандарға жұмыс істеуге рұқсат беріледі:
- сыйымдылығы 30 адамдық орынға дейінгі қоғамдық тамақтану орындары;
- таза ауада қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану нысандарының жазғы алаңдары.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейінгі Алматының алғашқы күні. Фоторепортаж
Алматыда балабақшалар әзірге ашылмайды
Қалада мектепке дейінгі мекемелерді кезең-кезеңімен ашу жоспары жасалуда, бірақ әзірге оның нақты жүзеге асу уақыты белгісіз. Бұл туралы Алматының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Мектепке дейінгі ұйымдар карантиндік режимін әлсірету жоспарының 4 кезеңіне жатады.
"Балабақшаларды ашу жоспары әзірге қарастырылмаған. Бұл мәселе, әрине, зерттеуді қажет етеді. Өйткені бұл балалардың денсаулығына қатысты. Балабақша адам көп жиналатын орын. Сондықтан, бұл мәселеге мұқият қарау керек. Біз ата – аналардан келген ұсыныстарды пысықтадық", – Жандарбек Бекшин.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық 4 есе көбейген. Агрессорларды ашудан арылтудың жолы бар ма?
Қазақстанда ТЖ режимін бұзғандар 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді
Елімізде Төтенше жағдай режимін бұзғандар үшін айыппұл 10 есеге көбейеді. Мәжіліс депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгертулер енгізуді қолдады. Жаңа заңға сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзғандар 500 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуге міндеттеледі. Осылайша, шектеу шараларына қатысты талаптарды орындаудан бас тартқандарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгертулер бойынша 10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін (27,7 мың теңгеден 277,8 мың теңгеге дейін) айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделіп отыр. Ал заңды бұзушылықты екінші рет қайталанған жағдайда 200 АЕК-ке (555,6 мың теңге) дейін немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылады.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге төлем алуға өтінім қабылдау тоқтатылды
2,7 миллион қазақстандық 42 500 теңгені екінші рет алды
13 мамырдағы жағдай бойынша 2,7 миллионнан астам қазақстандық төтенше жағдай режимі кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге мөлшерінде екінші төлем алды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік көмек беру бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Төлемді есептеу үшін алғашқы ай ретінде 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейінгі аралық алынады. Қазіргі төтенше жағдай бойынша екінші ай – 16 сәуірден 11 мамырға дейін.
"16 сәуірге дейін өтініш берген азаматтар (әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қашан жасалғанына қарамастан) төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер тағайындау ережесінде көрсетілген шарттарды сақтай отырып, 42 500 теңге төлемге екінші айда үміткер бола алады. 16 сәуірден бастап 11 мамыр күні сағат 18.00-ге дейін өтініш берген азаматтар бір рет төлем алуға үміткер бола алады", – деп хабарлады министрлік өкілі.
Оқи отырыңыз: Пәтер жалдап тұратындар коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге ала алмайды. Маңызды 8 сұраққа жауап
Пәтер жалдап тұратындар коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге ала алмайды
Бұл мәселеге қатысты Алматы әкімдігі пәтерді жалға алатындарды шығындардың өтелуіне құқығы бар адамдардың санатына қосу жөнінде ұсыныс енгізген. Бірақ, тұрғын үйді жалға берудің ашық және нақты мәліметтердің болмауына байланысты бұл ұсыныс үкіметтен қолдау таппааған. Дегенмен, карантин қашан жарияланғанына қарамастан барлық елді мекенде 1-30 сәуір және 1-30 мамыр аралығында екі айға коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге төлем беріледі. Жергілікті атқарушы органдар 1,6 млн азаматқа 15 мың теңгеден көмек береді.
"Төтенше жағдай режимі аяқталғанына қарамастан, шығындарды өтеуге өтініш беруге болады. Егер сіз мамыр, маусым айында өтініш берсеңіз, және санатқа кірсеңіз, осы қаражатты алуға құқығыңыз бар", – деді Алматы энерго-тиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев.
Оқи отырыңыз: Соңғы қоңырау салтанаты 3-4 маусымда, ҰБТ өз уақытында өтеді
Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштер қабылдау аяқталды⠀
Халық көп шоғырланған жерлерге баруды болдырмау мақсатында Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштерді қабылдау 15 сәуір мен 10 мамыр аралығында онлайн және дәстүрлі түрде өткізілді. ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіргендердің жалпы саны – 131 471 адамды құрады. Оның ішінде:
- 111 017 – биылғы оқу жылының мектеп түлектері;
- 20 454 – колледж және өткен оқу жылдарының мектеп түлектері.⠀
ҰБТ-ға қатысуға 100 мыңнан астам өтініш онлайн түрде берілді. Ал, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ және шетелдегі оқу орнын бітірген адамдар үшін ҰБТ-2020 құжаттарды қабылдау 15 мамырына дейін ұзартылды.
Оқи отырыңыз: Жаңа тұрғын үй бағдарламасы мен биологиялық қауіпсіздік кеңесі. Президент мәлімдемесіндегі маңызды мәселелер
ДДСҰ Қазақстанды коронавирусқа қарсы күресте үлгі ретінде ұсынды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге Қазақстанның коронавируске қарсы күрестегі іс-әрекеттерін жоғары бағалады.
"Қазақстан – Covid-19 вирусына байланысты жағдайды тұрақтандыру бойынша белсенді әрекет етіп жатқан ел ретінде керемет үлгі көрсетті", – деп жазды Клюге өзінің Twitter парақшасында.
Kazakhstan a great example of proactive efforts to stabilize #COVID19:
— Hans Kluge (@hans_kluge) May 12, 2020
Strong surveillance
Extensive testing, including Health Workers
Digitalized data collection
Timely prevention & intensified contact tracing
Treating patients appropriately
Research @byelzhan pic.twitter.com/CqMupD5TOc
Ол Қазақстанда жоғары бағаланған вируспен күрес шараларын былай деп көрсетті: күшейтілген бақылау, ауқымды тестілеу, соның ішінде медицина қызметкерлерін тексеру, деректер санын белгілеу, вирусты жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғандарды қатаң қадағалау және вирустың одан әрі таралуының уақытылы алдын алу, науқастарды дұрыс емдеу және зерттеу жүргізу.
Оқи отырыңыз: Елжан Біртанов: Барлық медицина мекемелері жұқпалы аурулар ауруханасының форматында жұмыс істейтін болады
Теңіз кен орнында коронавирус тағы 90 қызметкерден анықталды
Атырау облысында коронавирус жұқтырудың 92 жаңа оқиғасы анықталды. Індетке шалдыққандардың 90-ы Теңіз кен орнында жұмыс істейтін мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері. Бұл жөнінде облыстық жедел штаб хабарлады.
"Бұл 83 ер адам мен жеті әйел. Қазір мамандар олармен байланыста болған адамдарды анықтап жатыр. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде", – делінген хабарламада.
Кен орнында барлығы 359 адам Covid-19 жұқтырғаны тіркелді.
Оқи отырыңыз: Дәрігерлердің күйзеліске түсуіне не себеп? Психоаналитик түсіндірмесі
Covid-19 инфекциясынан жазылған қазақстандықтар донор бола бастады
Нұр-Сұлтанда қауіпті індеттен жазылған екі адам плазмаға қан тапсырып, алғашқы донор болды. Инфекцияны жеңіп шыққандардың плазмасын сырқаттанып жатқан науқастардың ағзасына құю, олардың сауығуын тездетуге мүмкіндік береді екен. Өйткені, ауырғандардың қан құрамында антиденелердің көп мөлшері бар. Мұндай әдіспен ауыр халде жатқан науқастарды емдейді. Плазманы тапсырар алдында донорлар кемінде үш апта карантинде жатып, бірнеше рет коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР-талдау жасатуы тиіс. Айта кету керек, мұндай жағдайда орташа немесе ауыр түрде сырқаттанған адамдар ғана донор бола алады. Себебі, олардың ағзасында антиденелер жеткілікті мөлшері жинақталған.