Тікелей эфир

Соңғы қоңырау салтанаты 3-4 маусымда, ҰБТ өз уақытында өтеді

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Қазақстанда төтенше жағдай режимі аяқталса да, өңірлерде карантин шаралары сақталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен төтенше жағдай режимі аяқталса да, кейбір өңірлерде қатаң карантин шаралары сақталады. Бұл туралы коронавирус жағдайына қатысты өткен брифингте вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

"Карантин режимі жалғасады. Карантиндік шектеулер әр өңірдің жағдайына байланысты қаралып, шешім қабылданады. Бабаларымыз айтқандай, қырқына шыдадық, қырық біріне шыдайық", – деді ол.

Оның сөзінше, 20 сәуірден бастап шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қолдау шараларының арқасында 1,1 млн жуық қазақстандық жұмыс орындарына оралды.

Оқи отырыңыз: Жаңа тұрғын үй бағдарламасы мен биологиялық қауіпсіздік кеңесі. Президент мәлімдемесіндегі маңызды мәселелер

11 мамырдан бастап ауданы 2 мың м2 дейінгі азық-түліктік емес дүкендер, сұлулық салондары, балаларды дамыту орталықтары жұмысқа кіріседі. Саябақтар мен скверлерде серуендеуге рұқсат етіледі. Ірі саябақтарда ойын-сауық қызметіне әзірге рұқсат берілмейді. Бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынады.

"Көптеген азамат, кәсіпкер сауда жәнк ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар, қонақ үйлер жұмысын қалпына келтіру туралы сұрақтар көтеріп жатыр. Бұл кезеңде олар жұмысқа кіріспейді. Мәселе әр өңірдегі санитарлық-эпидемиологияық жағдайға байланысты қаралады. Коронавирус жұқтыру деңгейін 2 пайызға дейін түсірсек, сауда және ойын-сауық орталықтарын ашуға мүмкіндік бар", – деді Ералы Тоғжанов.

Спорт жаттығуларына рұқсат беріледі. Балабақшаларда жұмыс істейтін ата-аналар үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып кезекші топтар жұмыс істейді. Бұрын орта есеппен бір балабақшада 25-30 жуық баламен қамтылса, карантин кезінде әрбір балабақшада 15 баладан аспауы керек.

Төтенше жағдай режимі алынса да, карантиндік шаралар мемлекеттік шекарадан өту бекеттері бар өңірлерде сақталады. Шектеу шаралары бұрынғы тәртіпте қадағаланады. Қала маңында тұратын, бірақ қалада жұмыс істейтіндер аймақ әкімдігінің бекітілген тізімі бойынша блок бекеттерден өте алады. Темір жол қатынасын қалпына келтіру бұл кезеңде қарастырылмаған.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу

Вице-премьер әуе тасымалы арқылы ел ішінде қозғалуға мүмкіндік барын айтты. Осыған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Семей, Қызылорда, Петропавлға әуе рейстері ашылса, бүгін Президент шешімімен Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Тараз, Талдықорған қалаларына әуе хабарламалары ашылды. Ішкі рейстерге Covid-19 тестін жасату міндеттелмейді. Оның сөзінше, Қазақстанда жаппай скрининг аяқталуға жақын. Бүгінде 400 мыңға жуық тест жасалған.

3,3 млн оқушы, 1 млн ЖОО мен колледж студенті оқу жылының соңына дейін қашықтан білім алады.

"Аттестаттарды табыстау мен соңғы қоңырау мектептерде 3-4 маусымда ашық алаңда, санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, шектеулі адамдар санымен өткізіледі. 20 маусымнан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуді қатаң санитарлық ережелерді сақтай отырып, 168 пунктте штаттық режимде өткізу жоспарланған", деді үкімет басшысының орынбасары.

Оқи отырыңыз: "Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады". Президент сұхбатындағы 11 өзекті мәселе

Үкімет жанынан беделді ғалымдар мен сарапшылардан құралған биологиялық қауіпсіздік бойынша ғылыми кеңес құрылады. Коронавируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне үстемеақы тамыз айына дейін беріледі.

Мемлекеттік комиссия жұмысы тоқтатылды. Ендігі шешімді Үкіметтің жанынан арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия шығарады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары