18 мамырдан бастап Қазақстандағы барлық мешіттер арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады.
"Осы уақыттан бастап мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болады. Ал жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз. Жеке құлшылық кезінде, Құран оқыту, неке қидыру рәсімі барысында карантин талаптарын қатаң ескерулеріңізді сұраймыз. Өзімізге қамқорлық – өзгелерге қамқорлық екенін естен шығармайық", – деп хабарлады бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мешітте атқарылатын іс-шараларға қойылатын талаптарды жария етті.
Оқи отырыңыз: Қазақстан қалалары мен елді мекендері бойынша 2020 жылғы ораза кестесі
Мешіттерде жеке намаз оқуға қойылатын талаптар:
- Тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етіледі. Мешіттерде жамағатпен (бес уақыт намаз, жұма, тарауық намазы) намаз оқылмайды;
- Мешітке жеке құлшылыққа келген азамат немесе азаматша ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;
- Намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек және арнайы белгіленген орындарда намаз оқып, одан соң мешіттен бірден шығып кету;
- Мешітке келетін адам санын діни ғимараттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырмау;
- Мешітте қол алыспау керек;
- Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін барлық есіктерді ашып қою қажет;
- Әр 3 сағат сайын намаз оқитын залдарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет;
- Намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен болу керек;
- Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар намазды үйлерінде оқығаны абзал;
- Мешіт дәретханаларын қолдану барысында ара қашықтықты және сантитарлық талаптарды сақтауы тиіс;
- Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
- Мешітке кіру бөлек есік және шығу бөлек есік арқылы болуы тиіс.
Оқи отырыңыз: Құран оқу, пітір беру, салауат айту, отбасыға көңіл бөлу. Оразада орындайтын 10 амал
Мешітте құран оқытуға қатысты талаптар:
- Құран оқытуға келушілер арасында ара қашықтықты (10 адамнан артық кіргізбеу) сақтау;
- Құран оқытуға келушілердің аралары 1,5 метр қашықтықты сақтау және арнайы белгіленген орындарға отыру;
- Құран оқитын бөлмелерге имамдар және келушілер міндетті түрде бетпердемен отыру;
- Гигиеналық талаптарға сәйкес бата жасау (бет сипау және т.б.);
- Әр 3 сағат сайын құран оқитын бөлмені желдетіп отыру;
- Құран оқитын бөлмеге кірмес бұрын антисептикалық құралдарды пайдалану;
- Құран оқитын бөлмеге кіру бөлек есік және шығу бөлек есік арқылы болуы тиіс.
Оқи отырыңыз: Шаш кесу, тырнақ бояу, тіс жұлдыру, екпе салдыру. Ораза ұстаушыға не рұқсат, неге тыйым салынған?
Неке бөлмелеріндегі іс-шараларға қатысты талаптар:
- Неке қиюға шариғат талаптарына сәйкес, неке бөлмесінде куәгерлерден басқа адамдар болмауы тиіс;
- Неке қиюшылардың аралары 1,5 метр қашықтықты сақтау және арнайы белгіленген орындарға отыру;
- Неке залдарында имамдар және келушілер бетперде және медициналық қолғаппен болу керек;
- Неке қиып болған соң бірден мешіттен шығуы керек;
- Неке қию бөлмесіне кіруден алдын антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
- Әр 3 сағат сайын неке залдарын залалсыздандыру қажет.