Тікелей эфир

Жаңа тұрғын үй бағдарламасы мен биологиялық қауіпсіздік кеңесі. Президент мәлімдемесіндегі маңызды мәселелер

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді.

Бүгін елімізде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жарияланған Төтенше жағдай режимі аяқталды. Осыған орай Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізіп, індеттен кейінгі елдің тұрмыс-тіршілігін тіктеуге қатысты шаралар қабылдады. Informburo.kz соның ең маңыздыларын ұсынады.

"Індеттің шарықтау шегінен өттік, бірақ карантиндік шектеулер қала береді"

Соңғы екі ай еліміз үшін ауыр сынақ болды. Дегенмен, індет толығымен жойылған жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіп төндіріп тұр. Сондықтан, Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын жеткізді. Қазірдің өзінде көптеген саланың қызметі қалпына келіп, 1 миллионнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша бірқатар дүкендер ашылады, сән салондары, білім орталықтары және тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады.

"Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады. Көптеген шектеулер алынып тасталды. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: "Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады". Президент сұхбатындағы 11 өзекті мәселе

Жаңа санитарлық ережелер әзірленеді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізеді. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істейді. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Ал, жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі.

"Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс. Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік ара қашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет", – деді Президент өз сөзінде.

Оқи отырыңыз: 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Тоқаев мәлімдемесінің толық мәтіні

Індеттің екінші кезеңі басталуы мүмкін

Жер шарын құрсауына алған кеселдің қаупі әлі де сейілген жоқ. Сондықтан, Президент халықты өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, барынша сақтанып жүруге шақырды. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды.

"Менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда. 4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді", – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Төтенше жағдай кезінде 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алған.

Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе

Дағдарыстан кейінгі даму жоспары

Коронавирус пандемиясы бүкіл дүние жүзіндегі елдердің экономикасын тұралатып тастағаны анық. Эпидемия салдары тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін. Президент тапсырмасымен, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Олар ел экономикасын жандандырудың кешенді жоспарын әзірлейді және жоспар жуық арада бекітіледі. Ал, мемлекеттік органдар оны жүзеге асырудың барлық жолдарын мұқият пысықтауы қажет.

"Дағдарыстың күрделі кезеңін қалай еңсеретініміз, елімізді және экономиканы одан әрі дамуға қалай бейімдейтініміз осыған байланысты. Біз дағдарыс салдарынан әлемдегі ахуалдың және ұлттық экономиканың түбегейлі өзгергенін анық көріп отырмыз. Қазіргі ахуал мен факторлар, алдағы өзгерістер 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жаңа нұсқасында ескерілуге тиіс", –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, елде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Енді дағдарыс және одан кейінгі даму кезінде барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға басымдық беріледі. Әрі отандастырымыздың табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту жоспарлануда. Сондай-ақ, білім және ғылым жүйесін жетілдіру көзделген. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жуық арада ең өзекті деген мәселелерді шешу қажеттігін алға тапсырды.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы

Отандық өнімге қолдау көрсетіледі

Бұл мақсатта қолданыстағы қуатты шикізат базасы негізінде өнеркәсіптердің жұмысы қайта жаңартылады. Экспорт пен ішкі нарықтағы нақты мүмкіндіктер анықталмақ. Әрі экономиканың негізгі секторларының рөлі тізіліп, энергетика секторына реформа жасалады. Әсіресе "жасыл энергетика" саласын дамытуға басымдық беріледі. Төтенше жағдай кезінде азық – түлік қауіпсіздігі-жалпы мемлекет қауіпсіздігінің негізгі кепілі екенін көрсетті. Сондықтан, аграрларға барынша қолдау көрсетіледі, деді Мемлекет басшысы.

"Отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі тамыз айына дейін жалғасады. Отандық өнімдер мен жабдықтарды барынша пайдалану бизнесті дамытудың басым шарты ретінде белгіленетін болады. Қазақстанда 1 миллион 700 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Алайда олардың өнімдері сауда нысандары арқылы ресми сатылмайды және қайта өңдеу кәсіпорындарына түспейді. Мемлекет олардан салық алмайды, мұндай шаруашылықтарда жұмыс істейтіндер әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Үкіметке "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, бірнеше өңірде "Егістіктен сөреге дейін" пилоттық жобасын іске қосуды тапсырамын", – деді Президент.

Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама ретінде әзірленеді. Бұл бағдарламаны іске асыру барысында "Даму" қорының кепілдендіру тетіктерін қолдана отырып, "ҚазАгро" желісі арқылы жылдық 6% мөлшерлемесі бойынша жеңілдетілген шағын несие беру көзделуде. Мұндай шаралар, 2 миллионға жуық ауыл тұрғындарының табысын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53-тен 70%-ға дейін арттырады және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің импортын азайтады.

Оқи отырыңыз: Президенттің төтенше жағдай кезінде халықты әлеуметтік қолдау шаралары. Толық тізім

"Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді

Қомақты қаражат шағын бизнесті несиелеуге де жіберіледі. Бірақ, қаржыландырылып жатқан жобалар экономикалық табыс әкелетін және ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуы тиіс. Қазына ақшасын оңды-солды шашпай, мақсатты жұмсалуын құзырлы орындар бақылауы қажет.

"Осыған орай, мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс. Біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде көп кездеседі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне кейіннен талдау жасалады

Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Жаңа "5-10-20" тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй кезегі мәселелесін шешу үшін "5-10-20" жаңа несиелік жобасын іске қосуды тапсырды. Бұл мақсатқа дағдарысқа қарсы шаралар аясында 390 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр. Президенттің айтуынша, биыл Қазақстанда 15 миллион шаршы метр құрылыс нысаны мен 150 мың пәтер пәтер салу көзделуде.

"Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыру маңызды. Бұл үкімет жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі. Ол үшін құрылымды жаңғырту керек. Үкіметтегілер "Қазақстанның Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі негізінде "Отбасы банк" даму және қолдау институтын құруы керек. Елбасының "7-20-25" бағдарламасы ипотекалық несиелендіру мен тұрғын үй құрылысына үлкен септігін тигізді. Кезекте тұрғандардың мәселесін шешу үшін жаңа "5-10-20" тұрғын үй несиесін жүзеге асыруды тапсырамын. Ол үшін 390 миллиард теңге бөлеміз", – деді Президент.

Үкімет жыл соңына дейін "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ негізінде "Отбасы банк" атты тұрғын үйді орталықтандырып есепке алатын және тарататын толыққанды даму және қолдау институтын құруы керек. Сол арқылы қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында пайдаланатын болады.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі

42 500 әлеуметтік төлем алуға өтініш берген жұмыссыздарға қолдау көрсетіледі

Мемлекет басшысының айтуынша, төтенше жағдай кезінде тағайындалған әлеуметтік төлемді алушылардың 40 пайыздан астамы – бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төлегендер. Мұндай азаматтар мемлекеттік көмекті қажет ететіндер, сондықтан оларды экономикаға барынша тарту қажет, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Бұл адамдардың қайтадан "көлеңке" кетіп, өз проблемаларымен қалуға жол бермеу керек. Қиын жағдайлар туындаған кезде мемлекеттік қолдауға, әлеуметтік қорғауға, болашақта лайықты зейнетақыға, ең алдымен, ресми жұмыс істейтін, салық төлейтін адамдар сене алады. Сондықтан дәл осындай азаматтар уақытша жұмыссыздармен қатар Үкімет пен әкімдердің жіті назарында болуы тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Нарықтық экономика жағдайында әркім уақытша жұмысынан айырылуы мүмкін екендігін алға тартқан Президент, Үкіметке еңбек биржасында тіркеуді мүмкіндігінше жеңілдетуді, рәсімдерді шектеп, жұмыссыздық мәртебесін және оған байланысты жеңілдіктер алу уақытын қысқартуды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Індет пен міндет. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің түсіндірмесі

Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрылады

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі дағдарыс бүкіл әлемге медицина, білім беру, әлеуметтік қорғау сынды әлеуметтік салалардың қаншалықты маңызды екенін көрсетті, деді. Президент пандемиядан кейін көптеген саланың жұмысын жаңартып, балалар мен студенттерді қашықтықтан оқытудың әдістерін әзірлеуді тапсырды. Әрі цифрландыруды және медицина сапасын жетілдіру қажеттігін алға тартты.

"Бізге денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға, медициналық мекемелерді толық технологиялық қайта жарақтандыруға, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған түбегейлі өзгерістер қажет. Бейімделу жүйелері кез келген сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, демографиялық бақылау, телемедицина мен қашықтан диагностиканы енгізу тәсілдері әзірленуі тиіс. Ұлттық санитар-эпидемиологиялық қызмет түбегейлі нығайтылмақ.

"Жалпы, Covid-19 және осындай вирустар бір жолғы оқиға емес. Сондықтан біз тек практикалық тұрғыдан емес, ғылыми тұрғыдан да үнемі дайын болуымыз керек. Үкімет беделді ғалымдар мен сарапшыларды тарта отырып, биологиялық қауіпсіздік кеңесін қалыптастыруы тиіс", – деп мәлімдеді Президент.

Оқи отырыңыз: Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай: су астындағы ақ алтын алқабы. Оқиғаның толық хроникасы

Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 100 мың теңгеден беріледі

Мемлекет басшысы, 1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында болған су тасқынына да тоқталды. Техногенді сипаттағы төтенше жағдай кезінде Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың мыңнан астам тұрғын үйін су басқан. Сондай-ақ 9 елді мекенді су басу қаупі туындады.

"Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол бермедік. Қазір су тасқынының зардаптарын жою, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Біз ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Жалпы күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынады. Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі. Сондай-ақ, зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмай, барлығына жәрдем беріледі.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары