Чикаго – халық саны жөнінен АҚШ-тағы үшінші үлкен қала. Алғашқы екі орын Нью-Йорк пен Лос-Анджелеске тиесілі.
Қала XX ғасырдағы Аль-Капоне сынды атышулы қылмыскерлерімен белгілі болған. Қазіргі таңда бұрынғы итало-ирландтық қылмыстық топтар жоқ. Десе де, Чикаго АҚШ-тағы бүгінгі ең қауіпті қалалардың тізімінде топ бастап тұр.
Соңғы қақтығыс өткен аптаның жексенбісінде болды. MSNBC арнасының мәлімдеуінше, оқыс оқиғадан салдарынан 8 адам мерт болып, тағы 13 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Чикагоның қылмыстық көрсеткіші 2016 жылы рекордтық деңгейге көтерілген. Нақтырақ айтсақ, қылмыстан қайтыс болғандардың саны бір жылда 756-ға жеткен (салыстыру үшін 2015 жылғы көрсеткіш – 486 адам). Ал жалпы қылмыстық әрекеттерден жарақат алып, зәбір көргендер саны – 4 500.
Оқи отырыңыз: АҚШ: тәуелсіздік жолындағы күрес. Фоторепортаж
Ең қауіпті аудандардың басым бөлігі қаланың оңтүстігінде орналасқан. Ол аймақты жергілікті тұрғындар Саут Сайд (South Side – "оңтүстік жақ") атайды. Бұл аймақта 800 мыңға жуық адам мекендесе, оның 93 пайызы – африкалық-америкалықтар.
Төменде Чикагоның ең қауіпті 10 ауданы туралы мәлімет ұсынып отырмыз.
Гейдж Парк ауданы (Gage Park)
Гейдж Парк Чикагоның оңтүстік батыс бөлігінде орналасқан. Аудан Чикаго тұрғындары үшін салыстырмалы түрде қауіпсіз саналғанымен, қылмыс статистикасы бойынша қауіпті ондыққа кіреді. Аудан тұрғындарының 92 пайызы – латын америкалықтар, ал қалған аз бөлігін қара және ақ нәсілділер құрайды.
Чикаго полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ауданның әрбір 41-тұрғыны күнделікті қылмыстың құрбаны болады. Ал 100 мың адамға шаққанда орта есеппен күніне 7 қылмыс жасалады.
Оқи отырыңыз: АҚШ vs. Иран: әлем баспасөзіне шолу
Чикаго Лоун ауданы (Chicago Lаwn)
Чикагодағы қауіпті аудандар ондығын Чикаго Лоун бастайды. Ауданның әрбір 23-тұрғыны күнделікті қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Ал 100 адамға шаққанда, күн сайын 12 қылмыс жасалады.
Чикаго бойынша қылмыс әрекеттерінен мерт болғандар статистикасын жинайтын коммерциялық емес Red Eye Chicago еріктілерінің есебінше, бұл ауданда 2006 жылдан бері 154 адам өлтірілген. Оның үштен бір бөлігі қастандықпен өлтірілсе, қалған оқиғаларға аудан тұрғындарының қатысы болған.
Оқи отырыңыз: Алып қаладағы алып зауыттар неге керексіз болып қалды? Бірге анықтайық. Фоторепортаж
Фюллер Парк ауданы (Fuller Park)
Фюллер Парк 2012 жылы Чикагодағы ең қауіпті аудан атанған. Сол жылы ауданда 1 000 адамға 263 қылмыстан келген. Ал қазір мұнда қылмыс көрсеткіші төмендеп, Чикаго бойынша жетінші орында тұр.
Қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше, әр 100 мың адамға есептегенде осы ауданда күніне 16 заң бұзушылық жасалады. Ал әрбір 17-тұрғын қылмыстық әрекет құрбаны болады.
Оқи отырыңыз: "Model T"-ден Мустангқа дейін: Генри Форд жетістігінің сыры. Фоторепортаж
Ривердейл ауданы (Riverdale)
Ривердейлде қылмыс көрсеткіші ұлттық есептен 185 пайызға көп. Ал 100 мың адамға есептегенде, бұл ауданда күн сайын 20 қылмыс жасалады. Ауданның әрбір 14-тұрғыны қылмыстық әрекеттің құрбаны болуы мүмкін.
Чикаго полиция департаментінің дерегінше, бұл ауданда өз өлімімен қайтыс болған азаматтардан қастандық салдарынан мерт болғандар саны көбірек.
Оқи отырыңыз: Америкалықтар 9/11 террористік шабуылын қалай еске алады?
Аубурн Грешам ауданы (Auburn Gresham)
Бұл ауданда кезінде ирландық америкалықтар мекен еткен. Ал қазір тұрғындардың 97 пайызын қара нәсілділер құрайды. Аубурн Грешам биылғы қылмыстық көрсеткіштері бойынша қауіпті аудандар арасында 6-орында тұр. Мұнда орта есеппен 100 мың адамға шаққанда күніне 20 қылмыс жасалады. Ал әрбір 14-тұрғын қылмыстық әрекеттің құрбаны болуы мүмкін.
2013 жылы Аубурн Грешам АҚШ-тағы ең қауіпті төрт ауданның бірі болған. Сол жылы адам өлімінің көрсеткіші күрт өсіп, зорлық пен ұрлық та артқан. Қазір қылмыс деңгейі төмендегенмен, ұрлық пен тонау әрекеттері өскен.
Оқи отырыңыз: Трамп исламофобиясы. Америкада мұсылман болу қаншалықты қауіпті?
Чатхам ауданы (Chatham)
Федералды тергеу бюросының жыл сайынғы қылмыс статистикасына сүйенсек, аталмыш аудандағы қылмыс көрсеткіші АҚШ-тың жалпыұлттық орта есебінен үш есе көп. Нақтылап өтсек, мұнда әр 100 мың адамға күнделікті 21 қылмыстық әрекеттен келеді. Чатхамның әрбір 14-тұрғыны күнделікті қылмыстық шабуылдың құрбаны болуы мүмкін.
Чикаго полиция департаментінің ашық дерегіне сүйенсек, қаланың Чатхам ауданында соңғы бір айда бес рет қастандық жасалған. Сондай-ақ, алты ұрлық және төрт тонау әрекеті тіркеліпті. Бұл өткен айдың статистикасымен салыстырғанда 25 пайызға төмен.
Оқи отырыңыз: Ниагараға саяхат. АҚШ пен Канаданың шекарасындағы табиғат ғажайыбы
Гранд Кроссинг ауданы (Grand Crossing)
Гранд Кроссинг ауданы адам өміріне төнетін қауіп көрсеткіші бойынша 8-орында тұр. Федералды тергеу бюросы мұндағы қылмыс көрсеткіші ұлттық есептен 238 пайызға көп екенін мәлімдеген. Мұнда 100 мың адамға күнделікті 24 қылмыс әрекеттен келеді. Нақтырақ айтқанда, ауданның әрбір 12-тұрғыны күнделікті қылмыстық әрекеттердің құрбаны болуы мүмкін.
NBC арнасының дерегіне сүйенсек, 2013 жылы Гранд Кроссинг Чикагоның ең қауіпті ауданы болған. Сол жылы ауданда 135 адам атыстан мерт болыпты.
Оқи отырыңыз: Көлік өндірісінің астанасы тоқырауға жақын. Детройт бұрынғы қалпына орала ма?
Вест Гарфилд Парк ауданы (West Garfield Park)
Бұл ауданда әрбір 8-адам қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Ал қылмыс көрсеткіші ұлттық есептен 409 пайызға көп. Федералды тергеу бюросының дерегінде әрбір 100 мың адамға 36 қылмыстық әрекеттен келетіні көрсетілген.
Chicago Tribune басылымының жазуынша, Вест Гарфилд Парк 2014 жылы Чикагоның ең қауіпті ауданы атанған. Адам өлімі салыстырмалы түрде төмен болғанымен (бір жылда 31 адам мерт болған), ұрлық, зорлық және тонау әрекеттері жиілеген.
Оқи отырыңыз: Әлемдегі төртінші үлкен музейде қазақ батырларының жарағы тұр. Фоторепортаж
Вест Инглвуд ауданы (West Englewood)
Вест Инглвудта 100 мың адамға орта есеппен күніне 36 қылмыс жасалады. Ал аудан тұрғындарының әр 11-азаматы орта есеппен қылмыстық әрекеттердің құрбанына айналады.
Тонау және ұрлық жасау барысында да қылмыскерлердің көзіне түскен азаматтар жазықсыз өлтіріледі. Мұнда жыл басынан бері 200-ге тарта ауыр қылмыс жасалған. 20 адам мерт болған.
Оқи отырыңыз: Эльдорадо қазынасы мен Будда мүсіндері. Метрополитен өнер музейінен фоторепортаж
Инглвуд ауданы (Englewood)
Инглвуд көп жылдардан бері Чикагоның қылмыс орталығы болып келген. Ең көп қастандық та, тонау да, зорлау да осы ауданда бәрінен жоғары. Полиция департаменті дегеніне сүйенсек, Инглвуд көшелеріндегі қылмыстық әрекеттердің құрбандары көбіне балалар болған.
Тіпті, осыдан бір апта бір 15 жастағы Марлин Гайнз есімді жасөспірім адасқан оқтан қайтыс болған. Ал жыл сайын жазықсыз мерт болатын азаматтардың үштен бір бөлігі мектепке бара жатқан немесе қайтқан оқушылар болған екен.
Оқи отырыңыз: Детройттағы қазақ: "Көліктер жүріп жатыр, демек тіршілік те бар"
Қылмыстың көп болу себебі не?
Чикаго аудандарының қылмыстық көрсеткішінің арту себебін анықтау үшін Мануэль Чавес есімді әлеуметтанушы, Мичиган штаты университетінің профессорымен сұхбаттастық. Ол ғылым жолына түскелі бері АҚШ-тың қауіпті қалаларындағы қылмыстың өсу себебін зерттеп келеді.
"Чикагоның солтүстік-шығыс бөлігінде өте бай, ауқатты азаматтар тұрады. Ал оларды есірткімен оңтүстіктегі қара нәсілділер мен батыс аудандардағы латын америкалықтар қамтамасыз етеді. Қылмыстың өсуі сол тұтынушыларға талас болып отыр", – деді профессор.
Ол латын америкалық қылмыстық топтардың мүшелері мен түрмеге түскен азаматтармен сұхбаттасқан. Ал оның әріптесі қара нәсілділер арасынан қылмыс топ мүшелерін мәлімет жинаған екен.
"Балалар жас кезінен есірткі сатып, қомақты ақша тауып үйренеді. Сосын қылмыстық топтардың мүшесі болу олар үшін абырой. Сондықтан да бала кезінен қару қолданып, адам өлтіруге тез бейімделеді", – деді Мануэль Чавес.
Чавес мырзаның айтуынша, көбіне қара нәсілділер өзара атысады. Ал латын америкалықтардың аудандарында қылмыстық топтардың арасында атыс өте сирек орын алады.
"Қара нәсілді америкалықтар өте қызу қанды болып келеді. Сосын олар өз клиенттері үшін таласады. Ал латын америкалықтар есірткі тұтынушы аудандарды өзара келісе отырып, бөліп алған", – деді ол.
PS: Чикагоның ең қауіпті аудандарында абайсызда қылмыстық әрекеттің ортасында қалып қоймау үшін оларды таңғы уақытта аралауды жөн көрдік. Бірақ таңғы уақыт болса да, асыққан полиция көліктерін жиі кездестірдік.