Тікелей эфир

Трамп исламофобиясы. Америкада мұсылман болу қаншалықты қауіпті?

Фото washingtonpost.com сайтынан алынды
Фото washingtonpost.com сайтынан алынды
Дональд Трамп билікке келгелі АҚШ-та мұсылмандарға шабуыл саны артқан. Оның басты себептерін бірге анықтайық.

Адам құқығы бәрінен жоғары қойылатын демократиялық Америка құрама штаттарында да түрлі қоғамдық мәселелер жетерлік. Олардың бірі – мұсылмандарды жек көрушілік. Оның негізгі әрі өзекті себебі – исламды терроризммен байланыстыру болып отыр.

Америкада қанша мұсылман бар?

Ислам – АҚШ-тағы христиан мен иудаизмнен кейінгі үшінші үлкен дін. 2017 жылғы жалпыұлттық санақ бойынша АҚШ-та 3,45 миллион мұсылман өмір сүреді. Бұл ел халқының 1,1 пайызын құрайды. Pew зерттеу орталығының есебінше, америкалық мұсылмандардың 25 пайызы исламға кәмелет жасында келгендер.

Америкалық мұсылмандар қауымдастығына әлемнің түрлі елдерінен келген азаматтар кіреді. Social Policy институтының 2017 жылғы дерегіне сүйенсек, олардың төрттен бірі қара, 24 пайызы ақ нәсілді, 18 пайызы азиялық және тағы 18 пайызы араб текті екен. Одан бөлек, АҚШ-тағы испан тілді қауымдастық өкілдері 5 пайызға жеткен. Ал қалған 7 пайызы нәсілдердің араласуынан туған жандар екен.

Америкалық мұсылмандардың жартысы АҚШ-та дүниеге келген. Екінші жартысын басқа елдерден көшіп келгендер толықтырады. Америкалық мұсылмандардың 86 пайызы АҚШ азаматтығына ие.

Америкалықтар мұсылмандарды не себепті ұнатпайды?

Informburo.kz тілшісі бұл сұраққа жауап іздеп, Солтүстік Америкадағы ең үлкен Ислам орталығына барды. Журналистің сұрақтарына имам Ибрахим Казеруни жауап берді.

– Еуропалықтар Америка құрлығына келген кезде жергілікті халықпен неге сыйыспады? Себебі, америкалық үндістер оларға ұқсамайтын. Мәдениеті мен сенімі басқа болды. Өркениеті де дамымаған еді. Сол үшін де олар өз жерінде "бөтен" саналды. XX ғасыр басында Еуропадан көшкен италиялықтар мен ирландиялықтар және соғыстан кейін көшкен еврейлердің өзі сол кездегі АҚШ тұрғындарына "бөтен" болатын. Америкалықтарға жаңа құрлыққа құл болып келген қара нәсілділердің еркіндік алуын қабылдау да қиынға тиді. Линкольн афро-америкалықтарға еркіндік алып берсе де, кейінгі 100 жылда расистік сегрегация әрекеттері тоқтамады. Енді Таяу Шығыстағы саяси және экономикалық дағдарыстың әсерінен АҚШ-қа баса көшкен мұсылмандар америкалықтардың "бөтен" көру құбылысына тап болып отыр, – дейді имам.


Имам Ибрахим Казеруни АҚШ-қа осыдан 20 жыл бұрын Ирақтан көшіп келген

Имам Ибрахим Казеруни АҚШ-қа 20 жыл бұрын Ирактан көшіп келген / Informburo.kz фотосы


Ибрахим Казеруни дінтану бойынша PhD дәрежесін алған. Ол Дирборндағы Мичиган университетінде студенттерге дәріс оқып, Ислам орталығында зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Имамның айтуынша, АҚШ тұрғындары "америкалық" мәртебесіне қандай адамның ие бола алатынын анықтай алмай әлек. Есесіне олар сырттан өздеріне ұқсамаған біреуді тауып, "біз оларға ұқсамаймыз" деген оймен қысқа қайырып отыр.

"Неге мұсылмандар "америкалық" атана алмайды? Неге олардың АҚШ аумағында өмір сүруге құқықтары жоқ? Америкалықтар өздерін оқшаулауға тырысып, соның әсерінен исламофобия қалыптасты", – дейді ол.

Мұсылмандарға қарсы қандай стереотиптер бар?

Америкалықтардың мұсылмандар жайлы ойының теріс қалыптасуына Голливуд фильмдерінің ықпалы да болды. Мысалы, XX ғасырдың басында америкалық кинематографияда арабтар ұрлықшы, өтірікші және қылмыскер кейпінде жиі бейнеленген. Оған 1920 жылдары түсірілген Шейх (The Sheik), Бағдаттағы ұрлықшы (The Thief of Bagdat), Сахара перзенті (A Son of Sahara) сынды фильмдер дәлел бола алады.

1970 жылдары анти-ислам стереотиптері ойына келгенін істейтін Араб түбегі мен Парсы шығанағындағы мұнай магнаттарымен байланыстырылады. Ал соңғы 30 жылда мұсылмандар жайлы негативті ой терроризммен тығыз байланыстырылып келеді.

Оқи отырыңыз: Трамп АҚШ-ты иммигранттардан тазартпақ. Америкалықтар бұл популистің қайта президент болғанын неге қалайды?

АҚШ-тың Мичиган штатындағы Дирборн қаласында мұсылмандардың Америкадағы ең үлкен қауымдастығы өмір сүреді. Informburo.kz тілшісі олардың исламофобияға қатысты ойларын білді.

Pew зерттеу орталығының осы жылдың наурыз айында жасаған сауалнамасына сенсек, АҚШ-тағы кәмелетке толған америкалық мұсылмандардың 56 пайызы кем дегенде бір рет ислам дінінің өкілі болғаны үшін дөрекі не балағат сөз естігенін айтқан.

Тілшінің сұрағына жауап беруге келіскендер де оны қостайды. Олардың қатарында "Сенің орның Америкада емес", "Өз еліңе кет", "террорист", "Құран қылмысты үгіттейді" сынды жек көрушілік тіркестер бар.


Соңғы үш жылда мұсылмандарға қарсы бейбіт шерулер реті де көбейген

Соңғы үш жылда мұсылмандарға қарсы бейбіт шерулер де көбейген / Cкриншот Youtube хостингінен алынды


Ал Muslim Diaspora Initiative жинаған дерек бойынша, соңғы үш жылда АҚШ-тың Калифорния, Нью-Йорк, Техас, Флорида және Мичиган штаттарында мұсылмандарға қарсы шабуыл жиілеген.

Америкалықтар тарапынан жасалып жатқан анти-ислам әрекеттерін 6 топқа бөліп қарауға болады. Олар:

  • Шариғатқа қарсы заңнама бекітуді ұсыну;
  • Сирия босқындарын қабылдауға қарсылық;
  • Мешіт, медресе, мұсылман мектептерін салуға қарсылық;
  • Саяси биліктегі басшылардың мұсылмандарға қатысты үгіт-насихат жүргізуі;
  • Мешіттер мен Ислам орталықтарына жек көрушілік кейпіндегі суреттер немесе шошқаның басын лақтырып кету;
  • Мұсылмандарға қарсы шабуыл жайлы медианың ақпарат таратудағы біржақты болуы.

"Make America Hate again"

АҚШ саяси билігінің басына Дональд Трамптың келуі мұсылмандарды 2001 жылғы террористік шабуылдың салдарынан да қиын жағдайда қалдырды. Себебі, Трамп пен Республика партиясынан президенттік сайлауға шыққан өзге де үміткерлер сайлауалды кампаниясында мұсылмандарға тікелей шабуыл жасауды әдіс ретінде пайдаланды.

Мысалы, Трамп 2015 жылы сайлауалды насихаты барысында әр мешітке бақылау камераларын орнатып, АҚШ резиденті атанған Сирия босқындарын кері қайтару мәселесін көтерген болатын. Одан қалса, АҚШ-тағы әрбір мұсылманға мониторинг ұйымдастырып, шекараны мұсылман елдеріне түбегейлі жабу туралы айтты. Трамп президенттік қызметіне кіріскен күні мұсылманы басым 7 ел тұрғындарына АҚШ-қа келуге шектеу қойғаны қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Muslim Diaspora Initiative дерегіне сүйенсек, Трамптың анти-исламдық насихаты мен 2015 жылдың қараша айында Парижде болған террористік шабуылдан кейін АҚШ-тағы мұсылмандарға тікелей қауіп төне бастаған.


2015 жылы Париждегі террористік шабуылдан кейін белгісіз біреулер Род Айленд штатындағы әл-Хода мешіті сыртына "Мұхаммед қассапшылар пайғамбары" деп жазып кеткен

Род Айленд штатындағы әл-Хода мешітінің сыртына "Мұхаммед – қасапшылар пайғамбары" деп жазып кеткен / Фото wpri.com сайтынан алынды


Мысалы, белгісіз біреу Вирджиния Политехникалық институтының дәретханасына "Мен 11/11/2015 күні осындағы барлық мұсылмандарды өлтіруге келемін" деп жазып кеткен. Вашингтон штаты атынан шыққан республикалық конгрессмен Джей Родни өзінің facebook парақшасында Барак Обаманың Сирия босқындарын қабылдау туралы шешімін абсурд деп бағалап, мұсылмандардың батыс өркениетімен өмір сүре алмайтынын жазды. Халықты босқындарды қабылдауға қарсылық көрсетуге шақырып, мұсылмандарды варварларға теңеді. 2015 жылдың қараша айында Пенсильвания штатындағы Питтсбург қаласында салынып жатқан мешіт алдына америкалықтар қарсылық танытып шеруге шықты. Олар "Мешіттің салынбауына қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Террористер, кетіңдер!" тектес ұрандар көтерді. Мешіт құрылысы уақытша тоқтатылды.

Оқи отырыңыз: Америкалықтар 9/11 террористік шабуылын қалай еске алады?

Одан бөлек, АҚШ-тың барлық штатындағы мешіт пен ислам орталықтарына белгісіз тұлғалар тарапынан қорқытқан қоңыраулар келіп түскен. Ислам орталықтарының есік алдына шошқаның басы және Құран Кәрімнің жыртылған беттері қалдырылған кездер де бар.

Имам Казеруни мұсылмандар көп шоғырланған мекендерде жек көрушілік аз екенін айтады. Бірақ кейбір штаттарда мұсылман қауымдастықтары шағын және олар қорғауды қажет етеді.

"2001 жылғы қыркүйектегі шабуылдан кейін мұсылмандарға қарсы жек көрушіліктің алдын тез ала алдық. Бірақ Трамптың популистік идеологиядағы исламға келтіріп жатқан зардабы террористік шабуылдан да көбірек қауіп төндіріп отыр", – дейді ол.


Мұсылмандарға қарсы жек көрушілік әрекеттерінің статистикасы

Исламофобия деңгейінің статистикасы / Скриншот newamerica.org сайтынан алынды


Имам Ибрахим Казерунидің ойынша, жергілікті БАҚ беттерінде мұсылмандарға қатысты әділ талдау жасалып жатқан жоқ.

"Мысалы, егер АҚШ-тың ақ нәсілді мектеп оқушыларын не билік қызметкерлерін атса, ол жергілікті БАҚ-та "жаппай атыс" деп суреттеледі. Ал ол мұсылман болса, террористік шабуыл деп бағаланады. Неліктен? "Барлық террористер – мұсылман" деген өтірік стереотип журналистердің де көзін байлап отыр", – дейді имам.

Трамп твиттеріндегі исламофобия

2019 жылдың маусым айында Принстон университетінің профессоры Карстен Мюллер АҚШ президенті Дональд Трамптың твиттеріне жасаған талдау нәтижесін жариялады. Ол Трамп твиттерінен мұсылмандарды жек көруге шақыратын корреляцияны анықтаған.

"Твиттер жиі қолданатын азаматтар тұратын аймақтарда анти-исламдық әрекеттер күрт өскен. Әрине, әр твиттегі көтерілген мәселе аз уақытта мейнстримге айналуына Трамптың популист болғаны негіз емес. Исламофобия Трампқа дейін болған және одан кейін де болады. Тек Трамп оны өршітіп отыр", – деп жазады Мюллер өз зерттеу жұмысында.

Мюллер зерттеу барысында Дональд Трамптың 2009 жылдан бергі барлық твиттерін (35 137 твит) көшіріп алып, талдау жасаған. Белгілі болғандай, Трамптың босқын (refugee), шариғат (sharia), мешіт (mosque), мұсылман (Muslim), ислам (Islam) сынды сөздерді қолданған твиттері жалпы ұлттық талқыға түсіп отырған.


Америкалық мұсылмандар өз құқықтарын қорғау үшін бейбіт шерулер ұйымдастыруға мүдделі

Америкалық мұсылмандар өз құқықтарын қорғау үшін бейбіт шерулер ұйымдастыруға мәжбүр / Фото pri.org сайтынан алынды


Профессор Мюллердің зерттеуіне орай, 2015-2017 жылдар аралығында Трамптың мұсылмандарға қарсы жазған твиттері негізінде БАҚ-та 85 520 түрлі жаңалықтар жасалған.

Мұсылмандар не істеуі керек?

Имамның айтуынша, мұсылмандар қауіпсіз қоғамда өмір сүруі үшін еврейлердің атқарған ісін қайталауы тиіс. Еврейлер АҚШ-тағы антисемиттік идеологияны жоюға жарты ғасырдан артық уақыт жұмсаған.

"Нацистік Германияның ықпалымен Еуропадағы еврейлер жаппай қырылғанда, оларды құтқаруға ешкім асықпады. Ал қазір бір еврейге қарсы жек көрушілік танытылса немесе нашар сөз айтылса, бүкіл әлем болып оған қарсы тұрады. Себебі, еврейлер антисемитизмге қарсы күресетін коммерциялық емес қауымдастықтар мен адам құқығын қорғау ұйымдарын құрып үлгерді. Әрбір медиа компанияда антисемитизмді тұрақты түрде жазып отыратын кем дегенде бір жауапты журналист бар. Еврейлердің құқығын қорғайтын арнайы адвокат кеңселері ашылды. АҚШ билігі мен медиа нарықты өзіне қарата алды. Бизнесте жетістікке жеткен еврей текті миллиардерлер қомақты қаржысын еврейлер құқығын қорғауға жұмсайды", – дейді ол.

Серіктестер жаңалықтары