АҚШ-тағы білім мен кейінгі өмір
Тимур Шымкент қаласында туған. Жоғары білімін Алматыдағы қазіргі Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде алып, 2010 жылы АҚШ-тың Бостон қаласына тіл оқу мақсатында келген. Оның тіл курсы 9 айда бітіп, елге қайтуы тиіс болса да, ол осында қалуға шешім қабылдайды.
– Бостонда (Массачусетс штаты – ред.) 2010-15 жылдар аралығында тұрдым. Ал 2015 жылы Сиэтл қаласына (Вашингтон штаты – ред.) көштім. Көп жылдар бойы мувинг саласында жұмыс істеп, сосын тағдырдың тәлкегімен жүк көлігін жүргізушіге айналдым, – дейді ол.
Оның айтуынша, жүк көлігін жүргізудің басты артықшылығы – оның түрлі штаттарға бару мүмкіндігінде екен. Тимур 4 жылда АҚШ-тың негізгі территориясындағы 48 штаттың барлығында болып үлгеріпті. Аляска мен Гавай аралдарын қосатын тасжол болғанда, ол жаққа да барып үлгерері анық еді.
– Тұрақты тоқтайтын жерім Сиэтл қаласы болғанымен, ол жаққа жүк жеткізу ұсыныстары көп шықпай қойды. Ал Детройтта апта сайын тоқтайтынмын. Сол себепті де бірнеше жылдан кейін Детройттан тұрақты мекен іздей бастадым, – дейді ол.
Осылай Тимур 2,5 жыл бұрын АҚШ-тың автомобиль өндірісінің астанасы болған Детройт қаласына көшкен.
Оқи отырыңыз: Эльдорадо қазынасы мен Будда мүсіндері. Метрополитен өнер музейінен фоторепортаж
Детройт қаңыраған қала ма?
Ресми деректерге сүйенсек, Детройтта 70 мың бос қалған ғимарат, 31 мың қаңыраған үй мен 90 мың бос жер телімі бар. Олардың саны күн сайын артып келеді. Осыған орай, Тимурдың ойын да білуге тырыстық.
– Детройт жайлы айтылатын қисынсыз стереотиптер көп. Мұнда тіршілік жоқ дегенге сенбеймін. Алдымызда көліктер жүріп бара жатыр, артымызда қаншасы тағы бар. Демек тіршілік те бар, – дейді ол.
Тимур қараусыз қалған үйлері көп, қауіпті аудандар бар екенін жоққа шығармайды. Оның ойынша, бұл барлық америкалық қалаларға тән құбылыс екен.
– Мысалы, Чикагода South Side (Саут сайд, Чикагодағы үлкен үш ауданның бірі – ред.), Нью-Йоркта Бронкс дейтін салыстырмалы түрде қауіпті аудандар бар. Детройттың да өзіндік сондай ауданы болары заңдылық, – дейді ол.
Ол аталмыш қауіпті аудандарға бірнеше рет жолы түсіп, көлікпен өткенін айтады. Жанып кеткен, қараусыз қалған үйлерді көріпті. Бірақ бұл тек белгілі бір аудандарға қатысты екен. Ал жалпы тұрғыдан қала қаңырап бара жатыр дегенге сенбейтінін және оны еш сезініп көрмегенін айтады.
– Адамдар бар, жұмыс та бар. Мысалы, мен жүк көлігінің жүргізушісі қызметінен кеткен соң, еш қиындықсыз осында жұмыс таптым. Қазір көлік жөндейтін орталықта менеджер болып істеймін. Еңбекақым төмен деп айта алмаймын. Көліктер бұзылады және бізге келеді. Қаңыраған қалаларда көліктер де болмайды емес пе?! Ал Детройтта көліктен көп нәрсе жоқ, – дейді ол.
"Көршілерімнің дерлік барлығы афро-америкалықтар"
Тимур Детройттың солтүстік-батыс бөлігіндегі Саутфилд (Southfield) ауданында тұрады. Оның айтуынша, бұл аудан қауіпсіз әрі мұндағы тұрғын үй арзан екен.
– Бұл ауданда менен басқа азиялық текті адам тұрмайды. Көршілерімнің барлығы дерлік афро-америкалықтар. Ақ нәсілді бірнеше отбасы ғана бар. Азиялықтар жалпы Мичиган штатында өте аз. Неге екенін білмеймін. Бірақ олардың дүйім бөлігі Калифорния және Нью-Йорк штаттарында шоғырланған, – дейді ол.
Тимурдың айтуынша, Мичиган иммигранттар көп көшпейтін штат болғандықтан, мұнда азиялықтар сирек. Олар көбіне оқу бабымен алып қалалардағы танымал университеттерге келеді. Ал Детройтта ұлттық не әлемдік деңгейде танымал жоғары оқу орны жоқ екен.
– Бостонға оқуға барар кезде Қазақстанда тұрып, интернет арқылы пәтерден бөлме жалдадым. Кейін белгілі болғандай, мен жалдаған пәтер орналасқан тұрғын үйде тек афро-америкалықтар өмір сүреді екен. Жалпы аудан солардікі болса да, еш қысым көрген жоқпын. Қайта олар маған тіл үйренуіме үлкен көмек көрсетті, – дейді ол.
Сол себепті де, Тимур Детройттағы афро-америкалықтар санының көп болуы оны еш ойландырмайтынын айтады.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік жас әнші АҚШ-та концерт берді. Ол қазақ әндерін жаңаша шырқайды
Детройтта өмір сүру қымбат па?
Тимур Бостонда тұрғанда күнделікті қажетіне айтарлықтай көп қаражат жұмсағанын жеткізді. Пәтер жалдау да, азық-түлік бағасы да қымбат болыпты. Себебі бұл қалада аты бүкіл әлемге танымал Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты орналасқан.
– Халықаралық студенттер тарапынан сұраныс көп болғандықтан, Бостонда пәтер жалдау қымбат. Калифорния штатында одан да жоғары. Мысалы, бір бөлмелі пәтерді айына $4 мыңға әрең табасың. Нью-Йорк иммигранттарға ең қолайлы қала болса да, тұрғын үй салыстырмалы түрде қымбат. Ал Чикагода орташа деп айтар едім. 1 000 АҚШ долларынан төмен бағада бір бөлмелі пәтер табуға болады, – дейді Тимур.
Тимур Детройтта пәтер ақысы Чикаго қаласындағыдай екенін айтады. Орта есеппен, бір бөлмелі пәтерді 800 АҚШ долларына табуға болады. Кейбір нашарлау аудандарда, әрине, одан да арзан бағада ұсыныстар бар екені белгілі.
Тимур жүк тасымалдайтын көлік жүргізген кезінде Детройттан үй сатып алғанын айтады. Ол екі бөлмелі үйді 30 мың АҚШ долларына алыпты.
"Жұмыс табу оңай"
Шымкенттің тумасы Тимур өзі еңбекқор азамат екенін жасырмайды. Оның ойынша, Америкада ерінбей жұмыс істегісі келетін адамға әрқашан жұмыс бар.
– Мен Сиэтлде тұрғанымда, жұмыс таппай жүрген екі қазақты бір күнде жұмысқа орналастырдым. Интернетте жұмыс іздейтін платформалар өте көп. Олармен бүгінге дейін жақсы араласамын. Қазір біреуінің жеке мувингтік (үй заттарын көшірумен айналысатын қызмет түрі – ред.) компаниясы бар. Ал екіншісі вьет қызына үйленіп, жақында Ханойға көшкелі жатыр, – дейді ол.
Ол Бостон да, Сиэтлде де еш қиындықсыз жұмыс таба алғанын айтады. Ал Детройтта тіптен жұмысқа ұсыныстар көп. Тек еңбек етуден жалықпайтын азамат болсаң болғаны.
Детройтта қазақтар бар ма?
Тимур Детройтқа енді орналаса бастағанда мұнда қазақтар бар екенін білмеген екен. Кейін бірін, сосын екіншісін кезіктіріп, қазір шетелдегі диаспора болатындай Детройтта қазақтардың саны көбейіп қалғанын айтады.
– Мұнда тұрақты түрде тұратын отбасылы қазақтар бар. Одан бөлек, өзім сияқты жүк көлігін жүргізетін отандастарымызды да кезіктірдім. Сосын уақытша визамен келіп, осында жұмыс істейтін қазақтардың саны да айтарлықтай көбейіп қалды, – дейді ол.
Оның айтуынша, Детройттағы қазақтардың біраз бөлігі грин карта ұтып алғандар, тағы бір бөлігі туристік визамен келгендер екен.
Оқи отырыңыз: Motown, GM Renaissance және Belle Isle Park. Детройтта туристер баруға тиіс 7 жер
Америкалықтар көмек беруден бас тартпайды
Тимур америкалықтардың ашық әрі тік сөйлейтіндерін өте жоғары сыйлайтынын айтты. Оның ойынша, олар қоғамдық ортада қысылмауға бала кезінен үйренеді екен.
– Мен АҚШ-қа кәмелет жасына толып келсем де, америкалықтардан көп нәрсені үйрендім. Қоғамда ашық коммуникацияға жылдам енуге бейімделдім. Олардан қандай көмек сұрасаң да, бетіңді қайтармайды. Жеке өзімде, еш ондай болған емес, – дейді ол.
Тимур америкалық достарының арқасында тілді жоғары деңгейде үйреніп алғанын айтады. Олар Тимурдың қате айтқан сөздерін үнемі түзетіп, ал жаңа сөздерге түсіндірме беруден жалықпайды екен.
"Реднек"-терден абай болу керек
– Әрине, америкалықтардық барлығы бірдей емес. Өзге елден келген иммигранттарды, әсіресе, азиялықтар мен мексикалықтарды ұнатпайтындар бар. Өз қауымдастықтарында нәсілдік дискриминация жасайтындар да бар, – дейді ол.
Тимур АҚШ-тың оңтүстіктегі штаттарындағы ауылдық аймақтарда өзіне нашар қызмет көрсеткен, жаман көзқарасын танытқан америкалықтарды кезіктіргенін де айтты. Кейіннен білуінше, оларды реднек («redneck» сөзі тікелей "қызыл мойын" деп аударылады. Ол жоғары білімі жоқ, жаһандық пайымы төмен, расистік көзқарасы басым ауылдық аймақтарда тұратын америкалықтарға қатысты қолданылатын термин – ред.) деп атайды екен.
– Мұндай адамдар кез келген елде бар. Қоғамда өзге ұлт өкілдерімен араласып тұра алмайды. Өз ұлтын не нәсілін бәрінен жоғары қояды. Қазақстанда да көпті көрмей, ауылда қалып қойғандардың ойы да осылай шектеледі емес пе?! Дәл осындай азаматтар Америкада да бар, – дейді отандасымыз.