Батыс Еуропа елдері XVIII ғасыр соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында индустриялық революцияны басынан өткерді. Бірақ АҚШ XIX ғасырдың соңына дейін аграрлы экономикалы ел болып қала берді. Ал XX ғасырдың басындағы көлік индустриясы мен инновациялық технологиялардың дамуы ел экономикасының қарқын алуына негіз болды. Оған үлес қосқандар аз емес. Генри Форд бұл топтағы ең белгілі новатор болды десек қателеспеспіз.
Ford Piquette Avenue Plant
Генри Форд көлікті бірінші құрастырған инженер емес. Оған дейін Германиядағы Даймлер мен Бенц есімді өнертапқыштар атқа жегілмей қозғалатын арба құрастырғаны тарихтан белгілі. Бірақ Форд өз идеясын алып концерн деңгейіне дейін жеткізіп, көлікті қарапайым адамдарға да қолжетімді ете алды.
Оның алғашқы құрылғысы "квадроцикл" деп аталды. Форд оны 1896 жылы құрастырып, тестілеуден өткізген.
Генри Форд өзі туған Дирборн қалашығында 1903 жылы Ford Motor компаниясының негізін қалайды. Бірақ компания атауы бір жыл өтпей жатып Cadillac Motor деп өзгереді. Генри 1903 жылы өз есімімен аттас екінші компаниясын ашады. Сөйтіп, ол 12 сенімді инвестордан 28 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы алып, өндірісті бастайды.
Компания бастапқы уақытта зауыт ғимаратын жалға алады. Көп уақыт өтпей, 1904 жылы Фордтың алғашқы жеке зауыты, яғни Ford Piquette Avenue іске қосылады.
Оқи отырыңыз: Motown, GM Renaissance және Belle Isle Park. Детройтта туристер баруға тиіс 7 жер
Бүгінгі зауыттардағы конвейер Фордтың идеясы еді
Ford Piquette Avenue зауытында Форд компаниясы XX ғасырдың бірінші жартысында шығарған барлық көліктің концепциясы мен дизайны сызылған. Әлемдегі ең алғашқы индустриялық конвейер де осы зауытта іске қосылыпты.
Бүгінде аталмыш зауыт музейге айналған. Ford Piquette Avenue Plant музейінің директоры Стив Шотвеллдің айтуынша, Фордтың жаңашылдығы мен қалыптастырып кеткен принциптері бүгінгі күнге дейін компанияның нарықта бәсекелеске қабілетті болуына негіз болған.
– Генри Форд зауыт қызметкерлерінің жұмыс істеу тиімділігін үнемі арттырып отыруға тырысқан. Мысалы, зауыттағы конвейерлер бұзылса, оны жөндейтін арнайы инженерлер тобы болған. Генри Форд олардың конвейерді жөндеуге жұмсаған уақытына емес, қызметтік бөлмеде отырған уақытына ақша төлеген. Сол себепті де, инженерлер бұзылған конвейерді барынша жылдам жөндеуге мүдделі болған, – дейді Стив.
Екі еселенген жалақы
Генри Фордтың тағы бір инновациялық шешімі АҚШ-тағы табысы орта тап өкілдерінің қалыптасуына негіз болған екен. Бұл туралы informburo.kz тілшісіне Джо Гримм есімді Мичиган мемлекеттік университетіндегі журналистика профессоры айтып берді.
– Детройт XX ғасырдың басында ең жылдам дамыған қала. Оның қарқынды дамуына Генри Форд үлкен үлес қосты деп айта аламын. Себебі, ол зауыт қызметкерлерінің күндік ақысын бір сәтте екі есе өсіріп жіберді. Содан кейін әлемнің түкпір-түкпірінен бұл қалаға адамдар ағыла бастады, – дейді профессор.
Джо Гриммнің айтуынша, Форд бұл шешімнен еш шығын көрмеген. Табысы артқан азаматтар көп уақыт өтпей көлік алуға асығатыны анық. Осылай Форд компаниясы өз көліктерін сатып алушылардың санын көбейткен екен.
Оқи отырыңыз: Алып қаладағы алып зауыттар неге керексіз болып қалды? Бірге анықтайық. Фоторепортаж
Ал Стив Шотвелл бұл тарихи шешімнің астарында өзге де себеп болғанын айтады. Оның айтуынша, Генри Форд тұрақты зауыт қызметкерлері болғанын қалаған.
– Зауыттарға конвейер жүйесі енгізілгенде адамдар жұмысынан жалыға бастады. Оған қоса конвейерде жұмыс істеу ауыр әрі қауіпті еді. Сондықтан адамдар зауытта көп тұрақтамады. Ал бұл Генри үшін тиімсіз болатын. Себебі, әр кез жаңадан келген адамды конвейер ісіне үйрету қосымша уақыт пен ақшаны талап етті, – дейді Стив.
Форд әдісі мен принциптері
Стив Шотвелл XX ғасырдың басында Детройт төңірегінде көлік индустриясымен айналысатын компаниялар саны күрт өскенін айтты. Демек бәсекелестік те өте жоғары болған.
– Генри Форд күніне 5 доллар жалақы беретінін жариялағанымен, ол бұл мөлшердегі ақыны бірден бермеген. Зауыт қызметкерлері апта сайын күніне әдеттегідей $2.50 жалақыларын алып жүреді. Форд әр күннің үстемеақысынан жиналған қаражатты қызметкерлерге тек жылдың соңында беріп отырған. Осылайша Форд қызметкерлерінің жұмыстан кетпеуіне қол жеткізген, – дейді Шотвелл.
Стивтің айтуынша, бір жылда жиналған жалақысын алған зауыт қызметкерлерінің басым бөлігі сол зауыттан шыққан көліктерді сатып алған. Осылайша, Фордтың төлеген қосымша қаржысы компанияның кірісіне айналып отырған.
Ford Piquette Avenue Plant музейінің Джонатан есімді өзге қызметкері Фордтың қызметкерлерге әділ болғанын айтты.
– Форд көліктің барлық америкалықтарға қолжетімді болғанын қалады. Сол себепті де компания зауыттары көбейіп, қызметкерлер саны артқан сайын ол көліктің нарықтағы бағасын да түсіре берді. Нәтижесінде АҚШ экономикасының негізгі құраушы бөлігі болған орта тап өкілдерінің саны арта түсті, – деді Джонатан.
Тіл мен мәдениет
Стив Шотвелл сұхбат барысында Генри Фордтың принциптеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, Форд шетелден келген жұмысшылардың тіл үйреніп, ел мәдениетімен танысуына аса мән берген.
Оқи отырыңыз: Көлік өндірісінің астанасы тоқырауға жақын. Детройт бұрынғы қалпына орала ма?
– Детройтқа Форд ұсынған 5 доллар жалақыға қызығып көшкендердің арасында америкалықтардан басқа шет елдерден келген азаматтар да көп болды. Мысалы, Форд зауыттарында Ливан және Палестина сынды Таяу Шығыс елдері мен Батыс Еуропадан келген адамдар қызмет етті. Форд оларға арнайы тіл курстарын ұйымдастырып, мәдени лекцияларға қатысуды міндеттеді. Қатыспағандарды жұмыстан босатып отырды, – дейді ол.
Стивтің айтуынша, Генри Форд иммигранттардың америкалық қоғамның мәдениетіне тезірек бейімделуін жақтаушы болған.
Көпке қолжетімді Model T
Ford Piquette Avenue Plant зауытында компания алғашқы жылдары құрастырған көліктерді көруге болады. Форд 1903-1908 жылдар аралығында Model A, B, C, F, K, N, R және S маркалы көлік түрлерін нарыққа шығарды.
Ал 1908 жылы Генри Фордқа ең көп табыс алып келген Model T маркалық көлігінің концепциясы таныстырылды. Бұл модель сол кездегі АҚШ нарығындағы ең арзан көлік болды.
Генри Форд атындағы америкалық инновация музейінің Джозеф есімді қызметкері Model T көлігінің артықшылығы мен оны құрастыру әдісі туралы әңгімелеп берді.
– Model T құрылымының қарапайымдылығы сонша, техникалық білімі не көлік құрастыруда тәжірибесі жоқ кез-келген азамат компания берген нұсқаулықтың көмегімен көлікті жөндей алған. Форд оған қажет барлық жабдықтарды да көлікті сату кезінде бірге беріп отырған, – дейді Джозеф.
Расында Model T америкалықтар арасында ғана емес, өзге елдерде де зор сұраныста болды. Форд компаниясы 1927 жылға дейін T моделінің 15 миллион данасын шығарған.
– Форд компаниясы Детройтта жыл сайын көлік фестивалін ұйымдастырады. Сол кезде 100 жыл бұрын құрастырылған Форд модельдерін кезіктіре аласыз. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Мысалы, өткен жылы Жапония мен Тайланд елдерінен келген Model T көліктерін көрдім, – дейді ол.
Джозеф Генри Форд атындағы музейде күн сайын Model T көлігін бөлшектеп, қайта құрастырады. Оның айтуынша, оған көлікті құрастыруға небәрі 30 минут уақыт қажет екен.
Детройт – демократия арсеналы
Генри Форд 1920-1930 жылдар аралығында Паккард және Кадиллак компанияларымен бәселестікті жоғалтпау үшін Линкольн концерн сатып алады. Ал 1929 жылы Кеңес үкіметімен келісімге отырып, Горький автомобиль зауытын құрастыруға техникалық қолдау жасайды. Есесіне коммунистер 13 миллион АҚШ долларына тең автобөлшектерге тапсырыс беруге келіседі.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Форд және Детройттағы өзге де көлік концерндері жаппай әскери көлік, танк және ұшақ шығарумен айналысты. M-5 танктері, B-24 бомбылаушы ұшақтары көп данамен құрастырылған. Мысалы, Форд Уиллоу Ран зауытында сағатына бір әскери ұшақ жасалып отырған екен.
Оқи отырыңыз: Трамп АҚШ-ты иммигранттардан тазартпақ. Америкалықтар бұл популистің қайта президент болғанын неге қалайды?
Бір жағынан, Форд Еуропадағы нацистік Германияны жеңуге техникалық қолдау жасап жатқанымен, оның Германиядағы концерні Гитлер әскеріне әскери көлік шығарып отырыпты. Кейбір деректерде сол зауытта адамдар жұмысқа күшпен жегілгені айтылады.
Фордтан кейінгі Форд компаниясы
Генри Форд көлік концернін құрған кезде 39 жаста еді. Ол 1947 жылы 84 жасында өмірден озады. Десе де, оның идеясы мен принциптері сақталып қалды.
Стив Шотвеллдің айтуынша, Генридің ең жақын достарының бірі Джеймс Коузен де компанияның дамуына айтарлықтай көп үлес қосқан екен. Оның бастамалары компанияның стандартты емес шешімдеріне негіз болыпты.
– Джеймс Коузен Генридің жанынан бір елі қалмаған досы еді. Расында Генридің көп шешімі сол кісінің идеясынан бастау алған. Олар өмірден кетсе де, қасында жүріп үйренген азаматтар компанияның ары қарай дамуына негіз бола білді, – дейді Стив.
1951 жылы Форд компаниясы жанында ғылыми зертхана ашылады. Зертхана бүгінге дейін автомобиль бөлшектерін дамытумен айналысады.
Mustang – Model T сериясының жаңа түрі
XX ғасырдың екінші жартысында Форд компаниясының табысы азайып, нарықтағы үлесін жоғалта бастады. Нәтижесінде Еуропа нарығында шығарылатын премиум санатындағы Континенталь, Эдсель және Линкольн модельдері біріктіріледі.
Компанияға Генри Форд өнертапқыштығынан кейін жаңа серпін сыйлайтын инновация қажет болғаны белгілі. Сол серпінді Mustang моделі берді.
Форд корпорациясы 1964 жылы Нью-Йорк қаласында өткен бүкіләлемдік көрмеде жаңа Mustang моделін таныстырды. Бұл Фордтың алғашқы спорттық көлігі еді.
Компания түсіне, дизайны мен өзге де артықшылықтарын орай аталмыш модельдің 70 түрін ұсынған. Концерн алғашқы жылы 300 мың дана сатып үлгерсе, 1970 жылға дейін 1,4 миллион Mustang қолданысқа енеді.
Ford Mustang таныстырылғаннан бері ол жыл сайын жаңартылып келеді. Жалпы бүгінге дейін оның 10 миллион данасы нарыққа шығып үлгеріпті.
Форд дағдарыстан да аман шықты
2007 жылы Нью-Йоркте басталған қаржы дағдарысы бүкіл әлемді қиын халге жеткізгені белгілі. Одан АҚШ-тың жеке секторы да зардап шекті. Мысалы, алып көлік концерндері тоқырауға ұшырады.
Бүгінде АҚШ-та үш үлкен автомобиль концерні жұмыс істейді. Олардың екеуі, нақтырақ айтсақ, Дженерал Моторс пен Фиат-Крайслер 2008 жылы құлдырап, үкіметтен субсидия ретінде қомақты қаржы алды. Бірақ Форд компаниясы дағдарыстан аман шықты.
– 2008 жылғы дағдарыстан үш компания да аман шыққанымен, Дженерал Моторс пен Крайслер әлі күнге дейін бойын қайта тіктей алмай жатыр. Олардың Детройттағы соңғы зауыттары да жабылуға жақын. Форд ондай жағдайдың алдын ала алды, – дейді Стив.
Шотвеллдің айтуынша, Фордтың дағдарыс кезінде үкімет қолдауына зәру болмай, аман шығуы Генри Фордтан мұра болып қалған менеджмент прициптерінің арқасы. Айта кетейік, Форд компаниясын бүгінге дейін Генри Форд ұрпақтары басқарады.