Тікелей эфир

Америкалықтар 9/11 террористік шабуылын қалай еске алады?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Informburo.kz тілшісі дайындаған фоторепортаж арқылы 9/11 музейін виртуалды шолып шығыңыз.

XXI ғасыр басында Нью-Йорктағы екі World Trade Center ғимаратына жасалған террористік шабуыл америкалықтардың тарихында ең қаралы күндердің бірі болып қалды. 2001 жылдың 11 қаркүйегінде 19 террорист 4 жолаушы ұшағын басып алып, соның екеуінің бағытын Нью-Йоркқа қарай өзгертеді. Үшінші ұшақтағы террористер Вашингтон маңындағы Пентагон ғимаратын жаруды мақсат етсе, соңғысындағылар Пенсильвания штатындағы Шэнквилл қаласының маңына құлаған. Ресми мәлімдеме бойынша ұшқыштар мен жолаушылар террористерге қарсылық танытып, тартып алмақ болған. Сол себепті де ұшақ көзделген нүктеге жетпей құлаған. Төртінші ұшақ Вашингтондағы Капитолий ғимаратына бағыт алды.

Террористік шабуылдың кесірінен 2977 адам мерт болған. Олардың ішінде ұшақтағы жолаушылар мен ғимараттардағы және оның төңірегіндегі адамдар бар. Сонымен бірге шабуылдың кесірінен қыршыныан қиылғандар қатарына қиранды астында қалған адамдарды құтқаруға асыққан 343 өрт сөндіруші мен 60 полиция офицерін де кіргізеді.

9/11 Memorial

Бүгінде музей Нью-Йорк туристерінің міндетті түрде көретін орнына айналып үлгерген. Ол Манхэттен аралының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан.

Төмендегі суретте музейге кезекке тұрған туристерді көресіз. Жаздың шілде айында келушілердің саны тым көбейіп кетеді. Сол себепті де, кейде туристердің көптігінен кіру уақытының аралығына шектеу қойылады екен.


Фото: Informburo.kz


Музейдің кіреберісінде түрлі елдің туларының тізбегіне көзіңіз түседі. Бұл АҚШ-қа сол сәтте қолдау білдірген елдердің тулары екен. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Музейге кіру құны – 26 доллар.


Фото: Informburo.kz


World Trade Center ғимараттарының жер асты қабаттары алтау болған. Соның үшінші қабатында мемориал музей орналасқан. Музейде ұйымдастырылатын тур жетекшілерінің бірінің айтуынша, музей келушілердің шабуыл кесірін шынайы сезінуі үшін астыңғы қабатқа салыныпты.

Ал төмендегі суретте бірнеше бөлікке бөлініп кеткен ғимарат қаңқасындағы болат бағаналар көрсетілген. Олар жаңа бағананың үстіне көрнекілік ретінде жабыстырып қойылған.


Фото: Informburo.kz


Музейді тірі әрі эмоцияға толы деп суреттеуге болады. Себебі оның басым бөлігі жарылыс кезіндегі куәгерлер мен құрбан болғандардың аудио және видеожазбалардағы көріністері мен айтқан сөздерінен тұрады. Мысалы, музейдің негізгі бөлігіне апарар жолда террористік шабуылдың куәсі болған Нью-Йорк тұрғындарының азалы түрін видеодан көрген музейге келушілер көзіне жас алып, сол кездегі аянышты жағдайды жан дүниесімен сезінгендей болады.

Фото: Informburo.kz


Сонымен қатар музейдің осы бөлігінде террористер басып алған 4 ұшақтың траекториясы белгіленген картаны да көре аласыз. American Airlines компаниясына тиесілі ұшақтар оңтүстік бағытқа ұшып бара жатқан еді.


Фото: Informburo.kz



Фото: Informburo.kz


Музейдің негізгі галереясында алып ғимараттарды ұстауға арналған болат бағаналардың қалдығы шығып тұрған қабырға сол күйінде сақталғанын көруге болады.


Фото іnformburo.kz


Ал музейдің ең көп экспонаты тұрған бөлігіне, кіреберіске Нью-Йорктағы сол кездегі ең биік ғимараттардың Нью-Джерси штаты жағынан түсірілген суреттері қойылған. Екі суретте террористік шабуылға дейінгі және кейінгі жағдай көрсетілген.


Фото: іnformburo.kz



Фото іnformburo.kz


World Trade Center ғимараттарына 2001 жылғы террористік шабуылға дейін де қауіп төнген. 1993 жылы тегі мысырлық Омар Абдул-Рахман дегеннің ұйымдастыруымен ғимараттардың бірінің астындағы көлік тұрағында жарылыс болған. 6 адам мерт болып, мыңға жуығы жарақаттанған. Ресми дерекке сүйенсек, сол күні ғимараттан 50 мың адам эвакуацияланған.

8 жылдан кейін жасалған террористердің екінші шабуылы ғимараттарды түгел қиратты. Ұшақтар ғимараттарға соғылғаннан кейін өртеніп, құлап қалды.


Фото: Informburo.kz


Музей иллюстрацияларына назар аударсақ, құлаған ғимараттардың төменгі қабаттағы қабырғаларына веб-презенттердің көмегімен түрлі сурет шығарылған. Мысалы, мына фотоларда апаттан кейін іздеу салынған адамдарды көресіз. Жоғалған адамдардың басым бөлігінің кейіннен мейіттері табылды. Аман қалғандар саусақпен санарлық болған.


Фото: Informburo.kz


Америкалықтар террористердің нысанасына көп айналса да, толерантты болуға үйренген. Десе де, террористік шабуылдан кейін АҚШ-тың белгілі бір аймақтарында мұсылмандар мен өзге америкалықтардың арасындағы түсініспеушіліктер жиілеп кетеді. Бірақ бүгінгі қоғамында терроризмді ислам дінінен ажыратып қарайтындар көбірек.


Фото: Informburo.kz


Музейде үшінші қабатқа түсетін жерде бұрынғы ғимараттың кезінде болған баспалдақтың қалдығы көзіңізге түседі. Бұл "құтқарылғандар баспалдағы" деп аталады. Себебі шабуыл кезінде осы баспалдақтар арқылы ғимараттағы көптеген азаматтар сыртқа шығып кете алған.

Құтқарушылардың басым бөлігі де ғимаратқа осы баспалдақ арқылы көтеріліп, жол іздеген адамдарды баспалдаққа қарай сілтеп отырған екен.


Фото: Informburo.kz



Фото іnformburo.kz


Төмендегі суретте World Trade Center солтүстігіндегі ғимаратының үстіндегі антеннаның бір бөлігі көрсетілген. Сонша биіктен құласа да, байланыс қызметіне арналған құралдың негізгі бөлігі көп зақым көрмеген. Ол табылған күйі музей экспонаттарының біріне айналыпты.


Фото: Informburo.kz


Үшінші қабаттағы негізгі экспонаттар залына кірген бойда ғимараттардың қалай құлағанын бейнелеген видеожазбаларды көресіз. Бірнеше секундқа созылатын видеоларды куәгерлер түсірген. Кейін оны музейді ұйымдастырушылар арнайы сұратып алған екен.


Фото: Informburo.kz


Сонымен қатар музейге шабуылдан кейін іздеу салынған адамдардың суреті жабыстырылған тақта да қойылған. Дәл сондай тақталар жоғалған адамдарды табуға ерікті түрде келген барлық адамға ақпарат тарату мақсатында құлаған ғимараттың айналасына арнайы қондырылған екен. Суреттер көрініп тұрғандай, жоғалған азаматтардың біразы – өрт сөндірушілері мен полиция қызметкерлері. Себебі олар адамдарды құтқару мақсатында ғимаратқа кірген бойда қайтып шығып үлгермеген.


Фото: Informburo.kz



Фото: Informburo.kz


Музейді әрі қарай аралай отырып, шабуылды жасаушылар жайлы толыққанды ақпарат беретін бөлігіне жеттік. АҚШ үкіметі террористік шабуылды Ирақтағы Әл-Қаида ұйымы жасады деп мәлімдеді. Оған нақты дәлелдерді көрсететін деректі фильм музей көрермендеріне ұсынылған.

Деректі фильмде Әл-Қаида ұйымының қалай күшейгені мен оның негізгі құрылтайшылары жайлы айтылады. Сонымен қатар фильмге бірнеше америкалық журналистердің ұйым жетекшісі Усама бен Ладеннен алған сұхбатының бір бөлігі енген.

Усама бен Ладеннің: "Бізге қарсы соғысып жатқан америкалық әскерлер ғана емес, оларды қолдап отырған әрбір салық төлеуші америкалық – біздің жауымыз" деген сөзінің сұқбат контексінен бөлініп алынып, қосылғанын көруге болады.


Фото іnformburo.kz


Деректі фильм көрсетілген аймақтан кейін шабуыл жасаған 19 террористің АҚШ-тағы әрекеттерінің хронологиясын көрсететін интерактив анықтамаға келіп тоқтайсыз. Мұнда әрбір террористің қай кезде және қай жерден АҚШ визасын алып, жаңа құрлыққа келгенін, олардың күдік тудырмау мақсатында әртүрлі қаладан ұшқанын көруге болады. Сонымен қатар олар террористік шабуылға дейін бірнеше рет ұшақпен бір қаладан екінші қалаға ұшық көрген.

Интерактив анықтама арқылы небәрі екі минутта террористердің бірнеше жыл бойы ойластырған айласының сызбасына көз жүгірте аласыз.


Фото: Informburo.kz


2001 жылдың 11 қыркүйегінде 4 ұшақты басқаруға алған террористер Әл-Қаида ұйымының дайындаған шабуылшылары екендігі кейіннен белгілі болды. Бірнеше ай ішінде АҚШ-тың барлау қызметі шабуылшы террористер мен олардың аталмыш ұйымға қатысы барлығын анықтаған. Төменде шабуылшылардың толық тізімін суреттерімен көре аласыз.


Фото: Informburo.kz


АҚШ-тың Федерал тергеу қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 шабуылшы ел территориясына кіруды мақсат еткен екен. Олардың тек 19-ы АҚШ-қа виза ала алған.

Төмендегі суретте Федерал тергеу бюросының іздеу салған ең қауіпті он адамның қатарына Усама бен Ладеннің кіргенін дәйектейтін анықтамалық құжатты көресіз. Ал оның оң жағындағы іздеу салынған азаматтар –1993 жылы террористік шабуыл жасағандар. Оларды табуға көмектескендерге 2 млн доллар ынталандыру жарияланған.


Фото: Informburo.kz


Музей қабырғаларынан ғимараттардың құлаған сәтін көрсететін видеоларды әртүрлі ракурстан көре аласыз. Қирау апатын көргендердің арасында шошып, жағасын ұстағандар да болды.


Фото: Informburo.kz


Музей экспонаттары арасында сол кезде қиранды астынан табылған заттардың барлығының дерлік бір нұсқасы қойылған. Негізінен белгілі бір деңгейде сол кездегі жағдайды еске түсіреді, оны ұмытпау үшән керек дүниелер. Одан бөлек, апат құрбандарына арнап жазылған өлең сөздері де музейге келушілерге қатты әсер етеді.


Фото: Informburo.kz



Фото: Informburo.kz


Құлаған әр ғимараттың негізгі қаңқасы қызметін атқарған 47 болат бағана болған екен. Сол бағаналардың жер астында қалған бөлігін музейден шыққан бойда кездестіресіз. Болат сынықтарына ұзақ уақыт қарап тұруға болады. Сол кезде басыңа неше түрлі ой келетіні анық.


Фото іnformburo.kz


Екі ғимараттың үйіндісі астынан құламаған бір баған табылған. Сол себепті де бұл "соңғы бағана" деп аталып кетіпті. Ол оңтүстік ғимараттың бір бөлігі болған.


Фото: Informburo.kz



Фото: Informburo.kz



Фото: Informburo.kz


Музейдің әр бөлігіндегі экспонаттардың жанында интерактив дисплей қондырылған. Әрбір музейге келуші дисплей арқылы экспонат жайлы толығырақ мәлімет ала алады. Сонымен бірге оны арнайы тыңдау аппаратымен бірнеше тілде тыңдау мүмкіндігі де қарастырылған.


Фото: Informburo.kz



Фото: Informburo.kz


Музейден шығатын жерде World Trade Center ғимаратының астынан түсірілген тарихи суреті қойылған. Оның жанынан қарт адамдарға арнайы отыратын орындық та қарастырылыпты.


Фото: Informburo.kz


АҚШ-ты еріктілер мен қайырымдылық жасаушылар елі десек, адаспаймыз. Бұл елде әртүрлі әлеуметтік жоба қайырымды кісілердің қолдауы мен еріктілердің жігері арқасында жүзеге асқан. 9/11 мемориал музейі де солардың қатарында. Сондықтан жобаның ары қарай дами бергенін қаласаңыз, шығу есігі алдындағы мына шыны қорапқа қаржылай қолдауыңызды қалдырып кете аласыз. Қаржылай қолдауды музейдің ресми сайты арқылы онлайн жасауға болады.


Фото: Informburo.kz


Музей сыртында ғимарат орнында су арнасы ағып өтетін мемориал құрылғанын көресіз. Бұл мемориал сол кезде адамдарды құтқарып, қайтыс болған өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерінің құрметіне салынған.


Фото: Informburo.kz


Ал мынау зәулім құрылыс кешені бұрынғы биік ғимараттардың орнын басқандай. Бұл - One World Trade Center, қазір Нью-Йорктағы ең биік ғимарат.


Фото: Informburo.kz


Серіктестер жаңалықтары