Ниагара Сарқырамасы туралы не білесіз?
Солтүстік Америка құрлығындағы АҚШ пен Канаданың шекарасында орналасқан сарқырама осыдан 18 мың жыл бұрын жаппай еріген мұздардың есебінен пайда болған. Сарқырама екі елдің шекарасындағы Ұлы көлдердің қосылған нүктесінде орналасқан. Нақтырақ айтар болсақ, Эри мен Онтарио көлдерінің су арнасы бірігетін өзеннің бойында.
"Ниагара" сөзі Батыс Еуропа саяхатшыларының картасында 1691 жылы алғаш рет қолданылды. Төркіні Солтүстік Американың Ирокез тілдер (Iroquoian) тобына жататын үндістер тіліндегі "Onguiaahra" сөзінен шыққан. Ал мағынасы "бұғаз" деген ұғымды береді, яғни екі көлді қосатын су арнасы ретінде осылай аталып кеткен.
Сарқыраманың су құлайтын ең биік нүктесі – 51 метр. Ал оның ұзындығы 792 метрге созылған.
Сарқырамаға қалай жетеміз?
Ниагара сарқырамасы АҚШ-тың Нью-Йорк штатының солтүстік-батыс нүктесінде. Табиғат көркін тамашалағысы келген туристер сол штаттың Буффало қаласына барады. Қала салыстырмалы түрде шағын болғанымен, сол штаттағы Нью-Йорктен кейінгі екінші үлкен қала болып есептеледі және бірнеше мың туристі қабылдау инфрақұрылымы бар. Айта кетсек, Ниагараны көруге жыл сайын 30 миллионнан астам турист келеді екен.
Егер сіз Нью-Йорк қаласына келіп түссеңіз, Ниагара сарқырамасына жетуге сізге аса көп уақыт және қаржы кетпейді.Ең жылдам түрі әрине ұшақпен болмақ. Нью-Йорк қаласынан Буффалоға ұшу орта есеппен бір адамға 250 АҚШ долларына шығады және 1 сағат 30 минут уақытыңызды алады. Ал пойызбен жетуді ойластырсаңыз, билет құны 60-70 АҚШ долларына дейін төмендейді. Бірақ жүру уақыты – 8 сағат. Пойызбен барудың бір артықшылығы Нью-Йорк штатының көрікті ормандары мен америкалықтардың шынайы тұрмыс-тіршілігін тамашалай аласыз.
Ал ең тиімді жолдардың бірі – көлікпен бару. АҚШ территориясында көлік жүргізу үшін америкалық куәлік алуға міндетті емессіз. Қазақстандық куәлігіңіз жарамды. Себебі Қазақ үкіметі беретін жүргізуші куәлігінің халықаралық статусы бар.
Көлікті жалға алу қанша тұрады?
Нью-Йорк пен Буффало қалаларының ара қашықтығы 605 шақырымдай. Ниагара сарқырамасына көлікпен 7-8 сағатта жетуге болады.
АҚШ-та көлікті жалға беретін компания жетерлік. Ол үшін неше орындық және көлік түрін анықтап алыңыз. Ал тәулігіне жалға алу бағасы орта есеппен $35-75 аралығында. Ең танымал priceline.com, zipcar.com және budget.com сайттарынан кез келген автобрендтің соңғы модельдегі көліктерін таңдай аласыз. Мысалы, Ford Fiesta немесе Honda CR-V кроссоверлері тәулігіне 50 АҚШ долларынан тұр. Егер 4-5 адам болып саяхаттасаңыз, жол жүру шығынын үнемдейсіз. Оған қоса, өз бағытыңызды өзіңіз жоспарлап, жол бойындағы өзге де туристік мекендерге тоқтап өте аласыз.
Аталған көлік қызметтеріне тіркелу де аса қиындық тудырмайды. Жалпыға бірдей анкетаны толтырып, жүргізуші куәлігіңіз бен паспортыңызды суретке түсіріп жүктейсіз. Оның артынша олар сіздің атыңызға көлікті ашатын карта жасап, мекенжайыңызға жылдам жеткізеді.
Көлікпен саяхаттаудың артықшылығы неде?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, көлікпен саяхаттаудың артықшылығы көп. Бастысы өз саяхатыңызды өзіңіз жоспарлауыңыз болып отыр.
АҚШ территориясы үлкен әрі табиғаты әсем. Оны пойыз немесе ұшақпен көріп, ғажабына тамсану мүмкін емес. Ал көлікпен кез келген жерге жетіп, қалағаныңызға кідіре аласыз.
Нью-Йорк пен Буффало арасында тоқтап өтетін туристік орталықтар да көп. Мысалы, Адирондак, Катскилл таулары мен Уоткинс Глен ұлттық бағы солардың қатарында. Біз көлікпен Уоткинс Глен бағына кіріп өтуді жөн көрдік.
Уоткинс Глен бағы несімен танымал?
Нью-Йорк қаласынан 415 шақырым жерде табиғи сұлулығына адам қолы тимеген Уоткинс Глен бағына жетесіз. Онда америкалық үндістер салған жол торабымен шатқалдар бойымен кішігірім сарқырамалар басына шығасыз.з.
Ұлттық баққа келген саяхатшылар Уоткинс Глен қалашығына тоқтайды. Мұнда қалта көтеретін қонақ үйлер мен түрлі дәмханалар көп. Сонымен қатар, көлікті қалдырып кететін тегін тұрақтары бар. Ең тиімді ұсыныс Watkins Glen Villager деп аталатын қонақ үйден табылды. Ол жерде тегін көлік тұрағынан бөлек, төленетін бағаға таңғы ас пен бассейін де кіреді екен. Егер Нью-Йорк қаласынан түскі уақытта шықсаңыз, Уоткинс Гленде тоқтап өтуге кеңес береміз.
Қонақ үйден 2 минуттық қашықтықта Уоткинс Глен бағы орналасқан. Таңғы астан кейінгі серуенді осы бақтағы көлдер мен сарқырамаларды аралаудан бастау кез келген туристің көңілінен шығарына сенімдіміз. Айта кетсек, Нью-Йорк штатына танымал Фингер (Finger) көлдерінің тоғызы осы бақ аумағында орналасқан.
Уоткинс Глен бағында екі сарқырама бар. Солардың бірі Cavern Cascade деп аталады. Ол мыңдаған жылдар бұрын жартылай еріген мұздардың ағып өткен жолында қалыптасқан. Шатқалдың қалыптасуы да мұз дәуірінің соңғы жылдарымен тікелей байланысты.
Уоткинс Глен бағының әкімшілігі туристерге қолайлы болу үшін баққа кіре берісін де шатқалмен көтерілетін жол бойында дәретханаларды орнатқған. Одан бөлек, іштен сумен қамданатын пунктілер де бар. Дәретханалар әдеттегідей таза әрі барлық қажетіліктермен жасақталған.
Жалпы Нью-Йорк штаты континенталды қоңыржай белдеуінде орналасқандықтан мұнда жаңбыр жиі жауады. Ал орманды Уоткинс Глен бағы төңірегінде бұл жиілік одан да жоғары болары анық. Сондықтан өзіңізбен бірге міндетті түрде қолшатыр және ауыстыратын киім алып жүрген абзал.
Үш сарқырама
Уоткинс Глен бағы Ниагара сарқырамасынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Демек, көлікте 2-3 сағатта жете аласыз. Ал Ниагарада тұрақтаудың бірнеше түрі бар. Әдеттегідей қонақ үй не хостел орнына, аirbnb.com қызметін пайдалануға кеңес береміз. Ол қаржылай да тиімді болары анық. Нақтырақ айтсақ, бір бөлмені тәулігіне 30 АҚШ долларына табасыз. Әрі жергілікті америкалықтармен достасып, тіл білу деңгейіңізді жетілдіре аласыз.
Ниагара үш бөлек сарқыраманың қосындысы екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олар Америкалық (American) , Канадалық (Canadian or Horseshoe) және Брида Вейл (Brida Veil) деп аталады. Канадалық сарқырама арасындағы ең ұзыны әрі биігі болып келеді. Ұзындығы 792 метрді құраса, биіктігі 51 метрге жетеді екен.
Ниагара сарқырамасын толық тамашалауға барлық мүмкіндік жасалған. Мысалы, Сарқыраманы оның үстінен тамашалағыңыз келсе, арнайы туристер үшін құрылған жартылай көпір тәріздес көру алаңы бар. Оған шығу тегін. Ал сарқырамада құлаған су нөпірін жақыннан көргіңіз келсе, міндетті түрде моторлы кемелердің қызметіне жүгінген жөн. Билет құны ересек адамдар үшін $19.25 болса, 6-12 жас аралығындағы балаларға – $11.20. Ал 5 жасқа дейінгі балаларға кемеге отыру тегін.
Кәдесыйлар мен америкалық үндістердің жәдігері
10 мың жылдық тарихы бар сарқырама аумағы – жергілікті америкалықтардың, яғни америкалық үндістердің мекендеген жері. Кейіннен олар резервацияға көшкендерімен осы өңірдегі топонимикалық атаулар сақталған. Тіпті Ниагара сөзінің өзі америкалық үндістердің көне тіліндегі сөзден келіп шыққаны жайлы жоғарыда жазып өткен болатынбыз. Одан бөлек, америкалық үндістердің көпжылдық тарихы осы өңірлермен тікелей байланысты.
Сондықтан да Буффало қаласының әкімдігі осы өңірде өмір сүрген Сенека үндістер тайпасының мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеп, туристерге де таныстыру жолында бірқатар шаралар ұйымдастырады. Негізі АҚШ-тың кез келген аймағына тән құбылыс. Себебі бүгінгі америкалықтар тарихты ұмытпау үшін оны ары қарай жаңа ұрпаққа дәріптеуді жалғастырып келеді.
Буффалода америкалық үндістердің орталығы бар. Одан бөлек, Сенека тайпасының қолдан жасалған әртүрлі бұйымдары кәдесый ретінде сатылады. Бұл туристер үшін таптырмас естелік болары анық. Себебі олардың дүңгіршектерінде сатып алушылар үнемі кезекте тұрады.
Сенека-Ирокез ұлттық музейі
Ниагара сарқырамасын толық шарлап шыққан соң, сізге тарихқа үңілуге кеңес береміз. Буффало қаласында туристер баруға міндетті мекендердің тағы бірі – Сенека-Ирокез ұлттық музейі.
Музейден, әрине, отарлаушылардың жергілікті америкалықтарды резервацияларға күштеп көшіргені жайлы мардымды ақпарат таба алмайсыз. Десе де, Сенека тайпасының өмір салты мен мәдениеті жайлы көп мәлімет ала аласыз.