Тікелей эфир

Әлемдегі төртінші үлкен музейде қазақ батырларының жарағы тұр. Фоторепортаж

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Informburo.kz тілшісі Нью-Йорктегі ең үлкен музейден арнайы фоторепортаж дайындады.

Метрополитен өнер музейі осыдан 149 жыл бұрын АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында құрылған. Бүгінде ол көлемі жағынан әлемде төртінші, ал музейге келушілер саны бойынша үшінші орынды алады. Өткен жылы мұндағы музей көрмелерін 7 миллионға жуық адам көріпті.

Музей ағылшын тілінде қысқаша The Met деп те аталады. Оның "Көне грек-роман", "Мысыр", "Африка, Океания және Америка", "Азия" сынды ерте тарихты зерделейтін тұрақты залдары бар. Одан бөлек, мұнда орта ғасыр тарихы мен өнер туындылары, Ренессанс және заманауи дәуірімен де таныса аласыз. Біз бүгінгі фоторепортажды уақытша қойылған қару-жарақтар залынан бастауды жөн көрдік.

Әз-Жәнібек дулығасы мен Қайтпай сұлтан соғыс киімі

Бұл залда адамзат тарихының түрлі кезеңіндегі түрлі өркениет өкілдерінің қолданған соғыс жәдігерлері қойылған. Олардың арасында қазақ тарихынан сыр шертетін жарақтар да бар. Мысалы, төмендегі суретте әз-Жәнібек ханның дулығасын көресіз.


әз-Жәнібек ханның дулығасы Монғолия жерінде табылғаны жазылған

әз-Жәнібек ханның дулығасы Тибетте табылғаны және Монғолия өркениетіне жататыны жайлы жазылған / Фото іnformburo.kz


Дулығаның төменгі жағындағы арабша жазу "Аса мәртебелі, сыйлы, ең жоғары құрметке лайық, өктем Сұлтанмахмұд Жәнібек хан әмірімен" деген ұғымды береді екен. Тарихшылар дулығаның көмегімен XIV ғасырда Орта Азия мәдениеті мен Таяу Шығыс Ислам мәдениетінің тығыз байланысы болғанын анықтаған. Өзге де деректерде әз-Жәнібек хан Жәнібек ибн Өзбек немесе Жәлеладдин ибн Өзбек деп те келеді.

Төмендегі суретте соғыс кезінде қолданылатын жарақ түрін көресіз. Мұнда Үндістандағы Темір әулеті үстем құрған Моғол империясының патшасы Шах Жахан мен Мысырдағы Мәмлүктер сұлтандығын билеген Қайтпай сұлтанға тиесілі соғыс киімдері қойылған.


Бұл әскери киімдегі араб сөздері оның Шах Жаханға тиесілі болғанын анықтайды. Оны Шейф хан есімді Темір әулетінен шыққан әскери қолбасшы тарту еткен / Фото іnformburo.kz


Қайтпай сұлтан Мысырдың 18-ші мәмлүк билеушісі болған. Ол ең ұзақ билік құрған сұлтандардың бірі. Қайтпай салдырған діни әрі мәдени ғимараттар бүгінгі Мысыр, Израиль, Сауд Арабиясы және Сирия елдерінде сақталған.

Оның киімі болат, темір, мыс және алтыннан құралған. Бұл мәмлүктер өркениетінен қалған 4 соғыс сайманының бірі екен. Қайтпай мәмлүктер сұлтандығын 1496 жылға дейін билейді. Ал 1517 жылы Мысырды Осман түріктері жаулап алған. Қайтпайдың соғыс киімі жеңістің символы ретінде Стамбұлдағы Осман арсеналында ұзақ жылдар бойы сақталыпты.


Қайтпай сұлтан Мысырды 1456-96 жылдары билеген / Фото іnformburo.kz


Қару-жарақ залында ағылшын, француз, жапон, испан және итальялықтардың ертеректе қолданған соғыс жарақтары бар. Мысалы, төмендегі суреттерде Осман түріктері, парсы билеушілері мен әскери қолбасшыларының құрал-саймандарын көресіз.


Араб жазулары қасиетті Құран кітабынан үзінділер келтіреді / Фото іnformburo.kz



Тарихшылар дулығаны парсы билеушісіне тиесілі болған деп топшылайды. Ал арабша сөздерде оның иесінің есімі жазылмаған. Тек "билеуші" деген ұғым бар / Фото іnformburo.kz


Ал мына ерді Осман түріктер империясының XVI ғасырдағы әскери қолбасшылары қолданған.


Түріктер ері Метрополитен өнер музейінде 1913 жылдан бері сақтаулы / Фото іnformburo.kz


Жапония – көп ғасырлар бойы шетел басқыншыларына төтеп бере алған аз империялардың бірі. Сол себепті де олардың әскери дайындығы нық, ал қару-жарағы әр уақытта дайын болған. Төмендегі әскери киімдер Токугава әулетінен кейінгі орындағы феодал Маеда отбасына тиесілі. Олар Хонсю аралының Кага провинциясына билік еткен.


Маеда отбасының XVIII ғасырдағы соғыс киімдері / Фото іnformburo.kz



Миочин Миносуке есімді қолбасшының құрал-сайманы / Фото іnformburo.kz



Качуши (kachushi) стилінде XV ғасырда дайындалған қылыш / Фото іnformburo.kz


Көрмеде орта ғасырдағы Еуропа мен Азиядағы империялар мен корольдіктердің билеушілерінің жәдігерлері де бар. Мысалы, төменде Қытайдағы Фин династиясына тиесілі дулыға. Бас киімнің иесі XVIII ғасырда өмір сүрген және оның буддист болғаны белгілі. Себебі бас киімде ранджана немесе ланца жазу стиліндегі буддистік үгіт-насихат бар.


Дулыға Тибеттегі діни орталықтардың бірінде сақталған / Фото іnformburo.kz



Бұл бас киім Испаниядағы Насрид корольдігінің (1230-1492 ж.ж.) әмірі Абдаллах Мұхаммедке тиесілі / Фото іnformburo.kz



Византия империясы (VI-VII ғасыр) кезеңінен сақталған бас киім / Фото іnformburo.kz


Көрменің орталық бөлігінде Еуропа корольдіктерінің құрал-саймандары тұр. Мысалы, мына салт аттылардың соғыс киімі Орта ғасырлардағы Еуропа елдерінде кеңінен тараған. Дәл осы нұсқа Германияда сақталып, бүгінге дейін жетіп отыр.


Фото іnformburo.kz


Көне дәуірдегі мифтердің тартымдылығы

Еуропаның орта ғасырлардағы мүсіншілері мен суретшілері көне дәуір ғылымын зерттеп, Эллада, Кейінгі Грекия, Рим және Мысыр өркениеті мен мифологиясына қанық болған. Сол себепті де, олардың еңбектерінде көне заманның кейіпкерлерін жиі кездестіреміз.

Мысалы, төмендегі суреттер арқылы Медуза есімді горгонаның басын шапқан көне грек батыры Персейді, Рим мифологиясындағы Гераклды (гректердің Геркулесі), Теңіз жыртқышына құрбандыққа берілген Андромеда сынды кейіпкерлерді көре аласыз. Ал бұл мүсіндердің авторлары орта ғасырларда Еуропада өмір сүрген.


Медузаның басын алған Персей. Авторы, италиялық мүсінші – Антонио Канова / Фото іnformburo.kz



Мерген Геракл. Француз мүсіншісі Эмиль Антуан Бурдельдің 1909 жылғы туындысы / Фото іnformburo.kz


Еуропа мүсіншілері Көне грек батырларын ғана суреттеп қоймай, әрбір тарихи оқиғаны ескере отырып өз туындыларын жасаған. Мысалы, төмендегі суретте Көне грек полистері мен Троя арасындағы соғыс батыры Ахилге әкесінің құрал-саймандарды алып бара жатқаны бейнеленген.

Туындының авторы Уилльям Тид есімді ағылшын мүсіншісі болды. Ол бұл өнер туындысын 1804-12 жылдар аралығында жасаған.


Ахилдің әкесі Тетис Эгей теңізі арқылы жүзіп өтіп, баласына қару-жарағын тапсырған. Аңыз бойынша, Тетис Ахилдің Троя соғысында құрбан болатынын білген / Фото іnformburo.kz



Пиза қаласының билеушісі Уголино балаларымен бірге түрмеге қамалған сәтінен. Олардың аштықтан өлгені жайлы дерек Данте Алигьеридің "Құдыретті Комедиясында" суреттеледі / Фото іnformburo.kz



Құрбандыққа шалынған Андромеда / Фото іnformburo.kz


Аңыз бойынша, Андромеданың анасы Кассиопеяның айтқан сөзіне теңіз құдайы Посейдон ашуға мінеді. Теңіз құдайының жауына айналмау үшін Кефей өз қызын, яғни Андромеданың теңіз жыртқышына бермек болады. Бірақ оны Персей құтқарып алып, үйленеді. Мүсінді италиялық мүсінші Доменико Гуиди дайындаған.

Ал кейінгі суретте екі өркениеттің тоғысуынан пайда болған мүсінді көресіз. Мұнда XIX ғасырдағы француз Антуан Августин орта ғасырлардағы өнер кейіпкері Венера мен Мысыр мифологиясындағы Сфинкске сүйенген кейпін бейнелеген.


Бұл мүсін "Венера және Сфинкс" деп аталады / Фото іnformburo.kz



Италиялық мүсінші Антонио Канованың алғашқы Венерасы / Фото іnformburo.kz



Француз Филипп Бертранның "Лукреция" мүсіні / Фото іnformburo.kz


Лукреция Рим мифологиясында әдемілікті символы ретінде танылған сұлу болған. Аңыз бойынша, оны Римнің соңғы императорының ұлы Секстус Таркиниус зорлап кеткен. Содан кейін ол өзіне өзі қол жұмсайды.

Кейінгі суретте мүсіншінің креативтілігі ерекше көзге түседі. XVIII ғасырдағы италиялық мүсінші Джованни Волпато Ніл өзенін адам кейпінде көрсеткен. Ніл өзені Мысыр өркениетіне тіршілік алып келуші әке рөлінде бейнеленген.


Ніл өзені тіршілік алып келуші / Фото іnformburo.kz



Италиялық Аттилио Пиччириллидің Фрагилина есімді әйелдің жалаңаш түрі / Фото Informburo.kz



Рим мифологиясындағы аңшылық пен ай құдайы Диана мүсіні / Фото іnformburo.kz


Неоклассика мен импрессионизмнің қымбат суреттері

Еуропа мәдениетінде қайта өрлеу, яғни Ренессанстан кейінгі даму кезеңінде Импрессионизм көпке белгілі болғаны рас. Себебі осы ағым кезінде суретшілер өмірді айқын боямасыз бейнелеуге тырысты. Бұл тарихта қайта өрлеудің шыңы деп те суреттеледі.

Метрополитен өнер музейінде неоклассика мен импрессионизмнің белсенді өкілдерінің суреттерін кезіктіресіз. Мысалы, Жак Луи Давид, Винсент ван Гог, Клод Моне.


Жак Луи Давидтің "Сократтың өлімі" атты картинасы / Фото іnformburo.kz


Импрессионист Клод Моненің "Бақтағы орындықта отырған Камиль Моне" деп аталатын картинасы да Метрополитен музейінің меншігінде. Ол сатылымға қойылмаған. Десе де, оның нарықтағы бағасы өзге де импрессионистердің суреттері сынды қымбат болары анық.


"Бақтағы орындықта отырған Камиль Моне" картинасы Клод Моненің танымал туындысының бірі / Фото іnformburo.kz



Француз суретшісі Ренуардың "Жалаңаш әйелдің сүйеніп жатқан сәті" атты картинасы / Фото іnformburo.kz


Пьер Огюст Ренуар импрессионизмнің негізгі өкілдерінің бірі. Оның Reclining Nude деп аталатын картинасының атауы кейінгі суретшілердің туындыларында да қайталанды. Мысалы, Модильянидің де дәл осылай аталатын картинасы бар. Ол соңғы рет $157 миллионға саудаланған болатын.

Белгілі голланд суретшісі Винсент ван Гог мпрессионизмді ары қарай дамытушы әрі жалғастырушы, яғни постимпрессионист ретінде танымал. Оның бірнеше картинасын Метрополитен музейінен көре аласыз.


Ван Гогтың 1887 жылы салған "Күнбағыс" картинасы / Фото іnformburo.kz



Ван Гогтың "Wheat Field with Cypresses" атты картинасы / Фото іnformburo.kz


Ван Гогтың автопортреттері өте танымал. Мысалы, төмендегі суретте де ван Гог автопортретіне қарап, суретке түсуге кезекке тұрған адамдардың көп екені байқалады.


ван Гогтың 1887 жылы салған автопортреті / Фото іnformburo.kz



Фото іnformburo.kz


Музейде Анри Руссо есімді француз суретшісінің картинасын да көре аласыз. Ол да пост-импрессионист. Сонымен қатар, ол сурет өнеріндегі примитизм жанрының өкілі.

Төмендегі суреттен Руссоның "Арыстанның асы" деп аталатын картинасын көруге болады. Картина Джунгли әсерін жеткізуші ретінде танымал.


Анри Руссоның "Арыстанның асы" / Фото іnformburo.kz


Поль Гоген есімді тағы бір постимпрессионизм ағымының өкілінің еңбектері де көрмеге қойылған. Оның бірнеше танымал суреті Таити аралына саяхаттаған кезде туған. Мысалы, төмендегі "Екі таити әйелі" атты картинасы 1899 жылы салынған.


Поль Гогеннің "Екі таити әйелі" атты картинасы / Фото іnformburo.kz


Кубизм мен абстрактты экспрессионизм

Біз тамашалаған кейінгі залда заманауи өнер туындылары көрмеге қойылған. Олардың арасында қоғамға айтарлықтай танымал суретшілер де бар. Бірақ картиналарын түсіну қиындау. Себебі олар кубизм мен экспрессионизм ағымдарының өкілдері.

Төмендегі Марк Ротко есімді америкалық суретшінің картинасы – No.16 деп аталады. Оның нақты ұғымын бір көргеннен тану мүмкін емес. Ротко қазіргі Латвия территориясында туып, кейіннен АҚШ-қа көшкен. Оның туындылары өнер әлемінде өте жоғары бағаланады. Мысалы, төмендегі сынды картиналары халықаралық бессаудада 75-80 миллион АҚШ долларына шейін тұрады.


Марк Ротконың кезекті танымал туындысы / Фото іnformburo.kz


Заманауи суретшілердің абстрактылы туындыларын түсіну қиын. Абстрактылы экспрессионизмнің тағы бір өкілі Кацио Ширага. Жапон суретшісі өз естеліктерінде америкалық экспрессионист Джексон Поллокқа еліктегенін жазады.

Төменде жапонның танымал суретшісі Кацио Шираганың еңбегі. Оның ресми атауы жоқ.


Кацио Ширага Жапонияға қарағанда, Еуропада аты көбірек шыққан / Фото іnformburo.kz



Америкалық заманауи суретші Клиффорд Стиллдің атауы жоқ картинасы / Фото іnformburo.kz


Заманауи өнердің тағы бір беделді өкілдерінің бірі – Чак Клоуз. Бұл америкалық суретші өзінің фото реалистік портреттерімен танымал. Мысалы, төмендегі портрет Лукас I деп аталады.


Америкалық суретші Чак Клоуз портрет жанрын қайта жандандыра алды / Фото іnformburo.kz



Тағы бір экспрессионист Филипп Густон өзінің балаша сызған қызғылт түсті картиналарымен белгілі / Фото іnformburo.kz



Бұл картина "Мысық ұстаған әйел" деп аталады. Оның авторы Фернард Легер кубизмнің жаңа формасын қалыптастырған екен / Фото іnformburo.kz


Заманауи өнер өкілдерінің арасындағы абстрактылы мүсіндер жасаған тұлғалар да болды. Солардың бірі – Альберто Джакометти. Швейцариялық мүсінші өзінің жүріп бара жатқан адамдар көрінісіндегі мүсіндерімен танымал. Біреуі Метрополитен музейінде көрмеде тұр.

Джакометтидің мүсіндері өте қымбат тұрады. Оның "Үш адамның серуені" деп аталған картинасы бессаудада $140 миллионға сатылды. Ал төмендегі сол мүсінінің екінші нұсқасы.


Джакометтидің "Мысық" атты мүсіні / Фото іnformburo.kz



Джакометтидің "Үш адамның серуені II" деп аталатын туындысы / Фото іnformburo.kz


Заманауи өнер өкілдерінің арасында танымал суретшілердің бірі – Пабло Пикассо. Испан суретшісі кубизмнің негізін салған. Оның картиналары әлемдегі ең қымбат өнер туындылары ретінде танымал. Өзі Испанияда туғанымен, өмірінің соңына дейін Парижде тұрған.

Метрополитен өнер музейінің меншігінде оның бірнеше картинасы бар. Біреуі төмендегі "Орындықтағы әйел" туындысы. Пикассоның бұл картинасы саудаға түспеген. Десе де, оның сатып алғысы келетіндерден қомақты қаржы көлемінде ұсыныстар түскен.


Пабло Пикассоның "Орындықтағы әйел" картинасы / Фото іnformburo.kz


Метрополитен өнер музейінде орта ғасыр өнерімен де таныса аласыз. Одан бөлек, мұнда белгілі филантроптардың жеке жиынтықтары бар. Олар бөлек залдарға қойылған.

Алдағы уақытта аталмыш музейдің көне дәуіріне шолу жасаймыз. Нақтырақ айтсақ, музейдегі көне Мысыр, Грекия, Рим, Африка, Эльдорадо, Океаниядағы жәдігерлерден фоторепортаж дайындау жоспарда бар.

Серіктестер жаңалықтары