Тікелей эфир

Алып қаладағы алып зауыттар неге керексіз болып қалды? Бірге анықтайық. Фоторепортаж

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Бүгінде Детройттағы зауыттардың барлығы дерлік жабылған. Informburo.kz тілшісі бос қалған индустриялық ғимараттарға барып, арнайы фоторепортаж дайындады.

XX ғасырда Детройттың көлік құрастыру астанасы болғаны белгілі. Америкадағы тұңғыш көліктер осы қалада құрастырылды. Ал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Детройт "Демократия арсеналы" деп аталды. Себебі АҚШ-тың Еуропадағы серіктестері Детройтта құрастырылған ұшақ, соғыс көліктері мен танктерді қолданып, фашистік Германияға тойтарыс берді.

Өткен ғасырдың басында Детройт әлемдегі ең жылдам дамыған қала еді. 25 жылда халық саны үш есе өседі. Ал 1950 жылдарға қарай Детройт тұрғындарының саны 2 миллионға жуықтайды. Халық санының күрт өсуі қаладағы көлік индустриясының дамуымен тікелей байланысты. Алып көлік концерндері қала төңірегінен зауыттар салып, қол күшіне үнемі тапшылық болған. Ал зауыттардың кейіннен жабылып қалуына түрлі себептер айтылады.

Мысалы, кейбір сарапшылар Детройттағы қара нәсілділерге қатысты сегрегация мен жұмысшылардың жалақыға наразылығы алып концерндердің зауыттарын басқа штаттарға, тіпті, басқа елдерге көшіруіне жеткізген деген де ой түйеді. Бүгін біз Детройттың құлдырау себептерінің тереңіне үңілмей, зауыт жұртында не болып жатқанын әңгімелекпіз.

Fisher Body Plant 21

“Body By Fisher” таңба белгісін қазір көп адам білмеуі де мүмкін. Бірақ XX ғасыр басында олар америкалықтар арасында аса құрметке ие еді. Себебі өткен ғасырда құрастырылған әр екінші көлікте Fisher Body компаниясының таңбасы бар бөлшек болған. Олар Детройттағы барлық көлік концерндерін қамтамасыз етіп отырған.

XX ғасыр басында Детройт қаласының тумасы ағайынды Фишерлер көлік құрастыру саласында жеке бизнесін бастайды. Олар жылдам дамып келе жатқан индустрияның серпінінен қалмауға тырысады. Нәтижесінде, 30 жылда 40 зауыт ашып үлгереді.


Бұл жерде Fisher Body компаниясының 21 зауыты болған / Фото іnformburo.kz


1970 жылдары Фишерлер отбасы көлік құрастыру саласынан біржола кетуді ұйғарады. Оған жұмысшылардың бойкоты мен нәсіларалық қақтығыстар себеп болған. Одан бөлек, көлік индустриясынан түсетін табыс та айтарлықтай азайған болатын.


Үңірейген терезелерге қарап кезінде ірі өндіріс орталығы болды деп айту қиын /Фото іnformburo.kz


Фишерлердің автобөлшек шығаратын зауыттарын Дженерал Моторс компаниясы сатып алады. Себебі олар көбіне аталмыш компанияның көліктеріне бөлшектер дайындайтын.


Фишер зауыттарында қолданылған қойма текшелері /Фото іnformburo.kz


Суреттегі Фишерлердің 21-ші зауыты 1984 жылы жабылған. Зауыт Детройттың орталығына жақын орналасқан. Сол себепті де оны бұзып, орнын босатып, жерді басқа мақсатта пайдалану маңызды еді. Бірақ Дженерал Моторс компаниясының жетекшілері зауыт орнын тазартуға қаржы бөлмеген. Мұндағы түрлі химиялық қалдықтар бүгінге дейін қала тұрғындарына залалын тигізіп отыр.


Жеті ағайынды Фишерлердің автобөлшек дайындайтын кәсіпорынының жұрты /Фото іnformburo.kz



Бүгінде Фишерлер автокөлік құрастыру секторынан біржола кеткен. Олар құрылыс саласына ауысқан / Фото іnformburo.kz


Детройт қаласының Қоршаған ортаны қорғау агенттігі зауыт төңірегіндегі қоқыс қалдықтарын тазалауға $1 миллиондай қаржы жұмсаса да, зауыттан шығатын қоқыс азаяр емес.

Russel Industrial Center

Форд Моторс компаниясына арнап автобөлшек шығаратын Murrey Body корпорациясы 1915 жылы өзінің ең үлкен зауытын құрады. Ол Рассел индустриялық орталығы деп аталды.

Ол XX ғасырдың басында әлемдегі ең үлкен үш зауыт кешендерінің бірі болған.


Рассел индустриялық орталығы жеті ғимараттан тұрады, 200 мың шаршы метржерді алып жатыр /Фото іnformburo.kz


Murray Body корпорациясын негізін салушы Уильям Муррей көлік бизнесінен 1955 жылы кетуді ұйғарып, зауыт кешендерін саудаға қойған. Содан бері оның бірнеше иесі ауысыпты. 1970 жылдары зауыт әртүрлі цехтерге бөлініп, жалға беріліпті.

XX ғасырдың соңғы екі онжылдығында зауыт бос тұрған. 2003 жылы Деннис Кефаллинос есімді кәсіпкер зауыт кешенін $1 миллионға сатып алып, жөндеу жұмыстарын жасайды.


Деннис суретшілер мен музыканттарға бөлек студиялар дайындап, жалға беріп отыр / Фото іnformburo.kz



Рассел индустриялық орталығының иесі Джон Мюррей 1955 жылы автокөлік бизнесінен біржола кетеді /Фото іnformburo.kz


Қазіргі таңда зауыттың 100 мың шаршы метрі жартылай жөндеуден өткен.


Индустриялық орталықтың аз бөлігі жалға берілген / Фото іnformburo.kz



Рассел индустриялық орталығының кейбір ғимараттары қауіпті деп табылса да, кәсіпкерлер оны әлі пайдаланып отыр / Фото іnformburo.kz


Ford Piquette Plant

Бұл Генри Фордтың ең алғашқы жеке зауыты. 1904 жылға дейін Форд компаниясы зауыт кешенін жалға алған. Зауыт айтарлықтай үлкен емес. Бірақ мұнда Фордтың алғашқы 300 мың көлігі шығарылыпты.


Генри Фордтың қолжетімді Model T көліктері осы зауытта құрастырылған / Фото іnformburo.kz


Зауыт небәрі үш қабатты бір ғимараттан тұрған. Дәл осы зауытта Фордтың индустриялық конвейерлері сынақтан өтіп, көлікті жылдам құрастырудың технологиясы қолданысқа енгізіледі.


Форд қызметкерлерінің жалақысын екі есе көтерді. Сол себепті де өз бәсекелестерімен соттасуына да тура келген / Фото іnformburo.kz


Зауыт ғимаратына 100 жылдан асса да, пайдаға жарап отыр. Бүгінде бұл кешенде Форд компаниясындағы алғашқы көліктер музейін тамашалай аласыз. Музей қызметкерлері туристер үшін күніне 5 рет мұндағы әрбір көлікке толық анықтама береді.


Model T сериясымен шыққан көліктер осындай болған / Фото іnformburo.kz



Музейден Фордтың алғашқы 20 жылдағы барлық көліктерін көре аласыз / Фото іnformburo.kz


Форд қарапайым америкалықтарға қолжетімді көлік құрастыруды мақсат еткен және ол ойы жүзеге асқан. Себебі нарықтағы көлік бағасы $2500-3000 болған кезде, Model T көлігі небәрі $850 тұрған екен.

Packard Automotive Plant

Детройттағы бос қалған тағы бір үлкен зауыт – Packard. Ол Детройттың шығыс бөлігіндегі 16 га жерді алып жатыр. Ал зауыт кешенінің ауданы 325 мың шаршы метрді құрайды.


Packard тек Детройттағы емес, бүкіл әлемдегі ең үлкен зауыттардың бірі болды / Фото іnformburo.kz


Packard Motor Car компаниясы зауытты 1903 жылы ашады. Сол кезде бұл зауыт ең заманауи жабдықталған екен. Ал 1958 жылға қарай оның жұмысы толығымен тоқтап, Packad Motor Car компаниясы көлік индустриясынан біржола кетеді.

Зауыт кешені 1990 жылдардың соңына дейін түрлі кәсіптік мақсатта қолданылған. Одан кейін тек қойма ретінде пайдаланылыпты. 2000 жылдары мұнда пейнтбол ойнайтын алаңдар ұйымдастырылады, ғимараттар граффити суретшілеріне таптырмайтын мекенге айналады.


Packard зауыты Детройттың орталық ауданында 16 га жерді алып жатыр / Фото іnformburo.kz


2010 жылы зауыт аумағы қоршауға алынып, саудаға қойылды. 2013 жылы аукционда $6 миллионға сатылды. Бірақ, сатып алған техастық кәсіпкер аукционда жариялаған соманы толық бере алмай, зауыт тағы да бос қалады. Сол жылы желтоқсанда Фернандо Палазуело есімді испан инвесторы Packard зауытын жарты миллион АҚШ долларына сатып алады. Ол зауыт аумағын толық жөндеуден өткізіп, тұрғын үй, бизнес кеңселері мен сауда орталықтарын ашуды жоспарлаған.


Қаңыраған ғимаратқа кіруге тыйым салынған. Себебі ол апаттық жағдайда / Фото іnformburo.kz



Packard Motor Car компаниясы көбіне люкс класс көліктерін шығарған / Фото іnformburo.kz


2017 жылы зауыттың бір бөлігінде жөндеу жұмыстары басталды. Бірақ кейіннен тоқтап қалды. Детройт тұрғындары Packard зауытының толығымен жаңғыруына үмітпен қарайды. Бірақ әзірге еш нәтижелі іс атқарылып жатқан жоқ.


Бүгінде зауыт граффити суретшілерінің таптырмас орнына айналды / Фото іnformburo.kz



Amazon компаниясының The Grand Tour тележобасының үшінші маусымы осы зауытта түсірілген / Фото іnformburo.kz


Қазіргі таңда зауыт территориясына бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Сыртында кешеннің жалға берілетіні жайлы жарнама ілулі тұр.

Hudson Plant

Детройт көлік құрастырушы кәсіпкерлер мен инженерлер қаласы десек алдамаймыз. Себебі Солтүстік Америкадағы инновациялық жобалардың барлығы дерлік осы қалада басталған.

Хадсон кешені де Hudson Motor Car компаниясының алғашқы әрі негізгі зауыты болған. Компания туралы интернетте дерек аз. Себебі Детройттағы көлік құрастыру индустриясы жайлы әңгіме өрбігенде көптеген оқырмандардың көз алдына 3 негізгі көлік концерндері елестейді. Шындығында, Детройтта Форд, Крайслер және Дженерал Моторстан басқа көлік компаниялары көп болған. Мысалы, Hudson Motor Car компаниясы 50 жыл бойы көлік шығарумен айналысқан.


XX ғасырдың бірінші жартысында Hudson Motor Car компаниясы Форд, Дженерал Моторс және Фиат-Крайслерге үлкен бақталастық тудырған еді / Фото іnformburo.kz



Осы зауытта әлемдегі ең алғашқы гибридті көліктер тестілеуден өткізілген / Фото іnformburo.kz


Hudson зауыты 1908 жылы ашылыпты. Компания жетекшілерінің мақсаты да мың АҚШ долларынан арзан тұратын көлік құрастыру болды. 1947 жылға қарай компания 23 зауыт кешеніне дейін үлкейіп, 3 миллион дана көлік шығарып үлгереді. Бірақ Детройттағы басқа көлік компаниялары сынды соғыстан кейін тоқырауға ұшырап, American Motors корпорациясымен бірігеді.


Зауыт жұмысы тоқтағаннан кейін оның айналасындағы өмір де тоқтаған / Фото іnformburo.kz



Қазіргі таңда, бұл өңірде тұратын халық саны айтарлықтай азайған / Фото іnformburo.kz


Зауыт жұмысы 1957 жылы толығымен тоқтайды. Кейінгі жылдары тек қойма ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ, зауыттың кейбір бөліктері жалға беріліп, әртүрлі мақсатта пайдаланылады.


Hudson зауыты компанияның бүгінге дейін қалған соңғы кешені. Ол толығымен Детройт әкімдігі қарауына алынған / Фото іnformburo.kz


Ford Highland Park

Бұл Генри Фордтың екінші зауыты. Ол 1910 жылы ашылып, көп өтпей Model T көліктерін құрастыратын негізгі зауытқа айналады. Көлік құрастыру конвейерлері осы зауытта жаңартылып, көлік шығару жылдамдығы артады. Мысалы, бастапқыда Форд компаниясы бір көлікті шығаруға 728 минут жұмсаған болса, Ford Highland Park зауытында бұл көрсеткіш 93 минутқа дейін қысқарады.

Зауыт кешеніне 8 ғимарат кірген. Мұнда зауыт конвейерлерінен бөлек, әкімшілік басқару кеңселері мен инженерлердің зерттеу орталықтары орналасты.


Бұл жерде Генри Фордтың екінші заманауи зауыты болды / Фото іnformburo.kz


Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары дәл осы зауытта АҚШ армиясы үшін 1690 әскери танк құрастырылған. Одан бөлек, мұнда әскери көліктер мен соғыс ұшақтарының бөлшектері жасалды. Ал соғыстан кейін ауылшаруашылыққа қажет тракторлар шығарылады.


Бүгінде зауыт қаңырап қалса да, тарихи маңызы бар ғимарат ретінде тіркелген / Фото іnformburo.kz



Зауыт кешені ғимараттарының бір бөлігі жалға берілген / Фото іnformburo.kz


1990 жылдары Форд компаниясы ауылшаруашылығына қажет техника шығармауды шешіп, Highland Park зауытының жабдықтарын сата бастайды. Ал 2011 жылдан бері зауыт кешені тек қойма ретінде пайдаланылып келеді. Оның бір ғимараты ғана жеке кәсіпкерлерге жалға берілген.


Генри Форд зауыттағы жабдықтарды толық ауыстырғанша, жаңа зауыт құруды жөн деп білген. Сондықтан Highland Park зауыты ауылшаруашылық техникасын құрастыруға бейімделеді / Фото іnformburo.kz


Форд компаниясы АҚШ-тағы ең тұрақты көлік құрастырушы концерндердің бірі. Ол 2008 жылғы дағдарыстан да еш қиындықсыз өтіп, көлік өндірісін жалғастырып келеді. Ал Highland Park ғимараттары салынғанына бір ғасырдан асып кеткендіктен, оны индустриялық кешен ретінде пайдалану қауіпті болып саналып отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары