Детройт ақ нәсілділер қаласы болған
Детройт көшелерінде серуендеп жүріп, аз уақытта қала халқының басым бөлігі афро-америкалықтар екеніне көз жеткізесіз. Бірақ үнемі олай болған емес. 1917 жылы Детройт тұрғындарының 83 пайызы ақ нәсілді еуропалықтар болды.
Детройт АҚШ-тың орталық-батыс бөлігіндегі ең үлкен қалалардың бірі. Ол көлік өндірісінің дамуына дейін АҚШ-тың Канадамен шекарадағы маңызды портты қала болды. Ал қала халқы француздар, испандар, голландықтар және ағылшындардан тұрды.
Қала саны индустрияландыру процесіне дейін айтарлықтай өспеген. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Детройт өңірінде 50-ге тарта үлкенді-кішілі көлік концерндері мен автобөлшектер дайындайтын цехтар ашылады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмысшыға тапшы кәсіпорындар тек инженерлерге емес, қарапайым қатардағы жұмысшыға да жоғары жалақы ұсынуды бастайды. Сол себепті де иммигранттар мен елдің өзге өңірлеріндегі америкалықтар Детройтқа жаппай көшеді. Олардың қатарында "америкалық арманын" іздеген афро-америкалықтар басым болды.
"Ұлы миграция" себебі неде?
1865 жылы азамат соғысынан кейін АҚШ-та құлдық жойылғанымен, адамдар санасында ол көп жылға дейін қалды. Қара нәсілділер еркіндік алып, сайлауда дауыс беру құқығын алғанымен, ақ нәсілділермен бір ауданда көрші тұрып, бір мектепте не бір университетте оқи алмайтын. Тіпті дәретханалары мен дәмханалары бөлек болатын.
Ал Детройтта көлік құрастыру индустриясы қарқын алып, зауыттарда жұмысшы тапшы болған кезде, қара нәсілділер оңтүстіктен жаппай солтүстікке көше бастаған. Бұл тарихта "Ұлы миграция" немесе "Қара миграция" деп аталады.
Кен Коулмен есімді детройттық тарихшы өзінің америкалық NBC арнасына берген сұқбатында, нәсілдік сегрегация мен нәсіларалық қақтығыстар да Детройттың дамуына кері әсерін тигізді дейді.
– Бір ғасыр бұрын Детройт америкалық арманды жүзеге асыратын қала болды. Себебі мұнда ешқандай жоғары білімсіз үй алып, көлік сатып алуға жеткілікті ақша табуға мүмкіндік бар еді. 1920 жылдары ай сайын 1 мың афро-америкалық Детройтқа көшіп келіп жатқан екен. Осылай Детройттың қара нәсілді халқының саны 20 жылда 5700-ден (1910 ж. – ред.) 120 000-ға (1930 ж. – ред.) жетеді, – дейді ол.
Кен Коулменнің айтуынша, қоныс аударған афро-америкалықтардың жер алып, үй салуына кедергілер көп болды. Мысалы, олардың ақ нәсілді америкалықтар тұратын аудандардан үй алуына рұқсат берілмеген. Себебі ол кезде АҚШ-та нәсілшілдік әлі бар еді.
Афро-америкалықтар Детройттың солтүстігіндегі сыртқы аудандардан жер алып, орналасады. 1950 жылға қарай қаладағы қара нәсілділер саны 300 мыңға жеткен. Олардың басым бөлігі көлік құрастыру зауыттарында жұмыс істейтін.
– Кейбір ақ нәсілді америкалықтарға қалада қара нәсілділердің көбейіп жатқаны ұнамағаны анық. Олардың төзімі 1943 жылы шегіне жетіп, екі нәсіл арасында үлкен қақтығыс болады. Сол кезде, кей ақ нәсілділер "қараларды қыру маусымын аштық" деп қуанған болатын, – дейді Коулмен мырза.
Кен Коулмен АҚШ-тағы нәсілдік теңсіздікке қарсы күресуші белсенділердің бірі. Ол өзінің "Детройт 1967: негізі, әсері, жемісі" (Detroit 1967: Origins, Impacts, Legacies) деп аталатын кітабында осыдан 52 жыл бұрын болған қақтығыстың себебі мен оның бүгінгі қоғамға алып келген өзгерісі жайлы жазған.
Қандай автоконцерндер Детройтта құрылды?
XIX ғасырда көлік тек байларға қол жетімді транспорт түрі болды. Ал Детройттағы кәсіпкерлер мен өнертапқыштар бұл жағдайды өзгертуді ойлады. 1900 жылы Детройтта небәрі бір автоконцерн тіркелген болса, 1920 жылға қарай 210-ға жуық көлік құрастырушы нарыққа шығып үлгереді.
Олардың қатарында әскери танк пен жүк тасымалдайтын көлік те болды. Тіпті, бумен қозғалатын және толықтай электр энергиясына бейімделген көлік шығаратын компаниялар да бар. Мысалы, 1907 жылы құрылған Anderson Electric Car компаниясы The Detroit Electric деп аталатын электромобилінің 13 000 данасын саудаға шығарған. Әлемдегі ең алғашқы гибридті автомобиль де осы қалада құрастырылады.
Көлік құрастыру нарығындағы ең беделді компаниялар XX ғасырдың алғашқы ширегінде құрылып, нарыққа жаңадан қосылғандарды біріктіре бастайды. Нәтижесінде, АҚШ-та үш алып корпорация бой көтереді. Олар Ford, General Motors және Fiat Chrysler Automobiles еді.
Еуропа мен Жапония бәсекелестігі
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия Федеративті Республикасы (Батыс Германия) мен Жапония елдерінің автоконцерндерінің нарықтағы беделі арта түсті. Мысалы, Жапонияның үш негізгі көлік корпорациясы арнайы АҚШ нарығы үшін өз брендтерін құрастырады. Айта кетсек, Тойотаның Лексусы, Хонданың Акурасы және Ниссанның Инфинити брендтері бастапқыда тек америкалықтар үшін құрастырылды.
Детройтта шоғырланған көлік құрастырушылардың бір кемшілігі болатын. Олар бір көлікке қажет бөлшектерді әр жердегі цехтарда дайындап, кейін біріктіретін. Бұл артық қаржы пен көп уақыт алып, компаниялардың бәсекеге қабілеттігіне әсер етті. Әрине, америкалық автоконцерндердің нарықтағы беделі өзге де қиындықтардың кесірінен төмендеді. Нақтырақ айтсақ, нәсілдік сегрегация, үкіметтің бекіткен салығы мен кәсіподақтардың талаптары мен қарсылықтары да кері әсерін тигізді.
Нәсілдік сегрегация, Union және салық
1940 жылға дейін Детройтта қара нәсілділер аз болды. Ал ақ және қара нәсілділердің саны теңесе түскен кезде, нәсіларалық түсініспеушіліктер мен қақтығыстар жиі бола бастайды. 1967 жылғы қарсылық жалпыұлттық мәселеге дейін көтеріліп, АҚШ конституциясындағы нәсілдік сегрегациялау заңдары жойылады.
Бұл қаланың экономикалық көрсеткіштеріне де теріс әсерін тигізеді. Қалаға тартылған инвестиция көлемі азайып, ереуілдерге байланысты зауыттардың уақытша жұмыс істемеуі көп шығын келтіреді. Нәтижесінде, автоконцерндер зауыттарын өзге штаттарға көшіре бастайды. Детройттың құлдырауы осы кезден басталады.
Одан бөлек, әрбір өндірістік мекемеде жұмысшылардың құқығын қорғайтын тәуелсіз кәсіподақтар болды. Оларды Union деп атайды. Олардың беделі әсіресе Детройт метрополитені аймағында жоғары еді. Себебі сол кездегі әрбір алтыншы америкалық жұмысшы көлік құрастыру зауытында істейтін. Алып компаниялар жұмысшыларға зәру, ал қарапайым халық тіршілік ету үшін алып компанияларға тәуелді болды. Кәсіподақ жалақыны өсіруді, жұмыс климатын жақсарту үшін жиі жұмысшыларды ереуілдерге жиі бастайтын.
Детройт аз уақытта АҚШ-тағы төртінші үлкен қалаға айналғандықтан, урбандалу процесі де көлік құрастырушы компанияларға кері әсерін тигізді. Қала орталығындағы зауыттардың шығыны мен салығы артып, автоконцерндердің Детройт сыртына көшуіне итермелейді.
Дағдарыстан "алып үштік" те аман шықпады
2008 жылы АҚШ-та қаржы нарығы дағдарысқа ұшырап, әлемдік деңгейдегі бірқатар банк пен қаржы институттары тоқырады. Олармен қоса, түрлі саладағы компаниялар да жабылып қалды. Қаржылай қиындыққа тап болғандардың ішінде автоконцерндер де бар еді. "Алып үштіктің" екеуі тоқырау алдында тұрды. Тек Форд компаниясының жетекшілігі нарықтағы орнын сақтап қала алды.
Fiat Chrysler мен GM корпорациялары жабылса, миллиондаған америкалықтардың жұмыссыз қалатыны анық еді. Сондықтан да үкімет олардың активтерін сатып алуға шешім қабылдайды. АҚШ қаржы министрлігінің ақпаратына сенсек, автоконцерндерге 300 миллиард доллар бөлінген. Ұлттық компанияға айналған автоконцерндердің жұмысшылар саны бәрібір қысқарады. Себебі ертеректен жиналып қалған қарыздары көп болатын.
Томас Сургю есімді америкалық тарихшы өзінің "Урбан дағдарысының негізі" (The Origins of Urban Crisis) атты кітабында Детройттың тоқырауы 1950 жылдардан басталғанын жазған. Оның зерттеуінше, Детройттағы автоконцерндер екінші дүниежүзілік соғысы кезінде АҚШ-тың Қорғаныс министрлігінен түскен миллиардтаған тапсырыстың арқасында өседі. Соғыстан кейін танк пен ұшаққа тапсырыс тоқтайды. Сол кезден бастап жұмысшыларды қысқарту басталады. Ал иммигранттар мен қара нәсілділердің миграциясы оған қарамай жалғаса береді.
Сургюдің жазуынша, Детройт экономикалық қуатының бір ғана индустрияға тәуелді болғаны дағдарысқа алып келген. Оған қоса, нәсілдік теңсіздік те тоқырау барысын жылдамдатқан.
Бүгінгі Детройт көшелері қараусыз қалған үй мен зауытқа толы
Жұмыссыздық өсіп, нәсіларалық қақтығыс күшейгеннен кейін, қала тұрғындары жаппай көше бастайды. 1950 жылы Детройт агломерациясында 1,8 млн адам тұрған болса, бұл көрсеткіш 2017 жылға қарай 673 мыңға дейін төмендеген. Ал 1917 жылы қала халқының 83 пайызын ақ нәсілді америкалықтар құраса, бүгінгі тұрғындардың 83 пайызы афро-америкалықтар.
Детройт дағдарыс жылдарынан бері АҚШ-тағы ең қауіпті қалалардың үштігіне енді. Жұмыссыз қалғандар ипотекаға алған үйінің несиесін жаба алмай, амалсыз қалдырып кеткен.
Жұмыссыздар саны артқан сайын қалада қылмыс та көбейген. Ұрлық, тонау, зомбылық, адам өлтіру, зорлау саны күрт өскен. Мысалы, ресми мәліметте, 2017 жылы қалада 44 254 қылмыс тіркеліпті. Оның ішінде 10 193 қастандық, 267 адам өлтіру, 697 зорлау, 14 045 ұрлық, 8258 тонау оқиғалары бар.
Қыздарды зорлаудың көбейгені соншалық, жергілікті әкімдік қараусыз қалған және қайта жөндеуге келмейтін үйлерді бұза бастады. Олардың 2014 жылғы зерттеуі бойынша, қаладағы 78 мың құрылыс кешені қайта жөндеуге келмейді. Бос қалған, бірақ жөндеуге болатын үйлер саны 95 мың.
2014 жылдан бастап Детройт басшылығы бос үйлерді бұза бастайды. Соңғы 5 жылда 8 мың үй бұзылып, орны толығымен тазартылыпты. Бұл көрші тұратын адамдарға да тиімді. Өйткені қараусыз қалған үйде өрт шықса, оның айналаға таралуы жылдам. Осындай өрт салдарынан да көптеген детройттықтар үйлерінен айырылған.
Тіршілік тек Даунтаунда
Детройтта серуендеп жүріп, мұндағы өмірдің баяулығын аңғарасыз. Көшеде жүрген адам саны да аз. Қаланың қаржы орталығында ғана тіршілік ізі бар. Жергілікті тұрғындар мен туристерге толы.
Детройт экономикалық тұңғиыққа құлдилап бара жатса да, жергілікті халық болашаққа аз да болса сеніммен қарайды. Қалаға жаңа өмір келетініне сенеді.
Вашингтондағы үкімет неге көмектеспейді?
Детройттан бизнес өкілдері кеткеннен кейін қала бюджетіне түсетін қаржы да азайған. Қылмыс көбейіп, жұмыссыздар саны артқан соң, қалаға инвестиция алып келу де қиынға айналады. Сол себепті де 2013 жылы Детройт әкімдігі өзін банкрот деп жариялады. Бұл АҚШ тарихында болмаған жағдай еді.
Қаланың экономикалық ауыртпалығын ел үкіметі көтеруге дайын емес. Әрине, белгілі бір деңгейде түрлі бағдарламалармен қаржы бөлініп жатыр. Бірақ қаланың әлеуетін қалпына келтіруге жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілмей жатқаны байқалады. Одан қалса, жеке сектордың 20 миллиард доллар көлемінде қарызы және бар.
2008 жылы Детройт экономикалық дағдарыстың эпицентріне түскен кезде қала бюджетінде мемлекеттік қызметкерлер мен зейнеткерлерге төлейтін қаржы да болмаған. Сол кезде муниципалитетке кіретін Детройт өнер институтындағы картиналар жаппай саудаға қойылмақ болады. Арасында Караваджо мен ван Гог картиналары бар өнер туындылары орта есеппен $2 миллиардқа бағаланған-ды.
Детройт тұрғындарының зейнетақысы мен өнер институтын қарапайым америкалықтар мен белгілі филантроптар құтқарды. Олар "Грекия қарызын төлеу үшін Парфенонды сатпады" деген ұранмен аз уақытта Детройтқа қажет $816 миллиард көлеміндегі соманы жинап береді.
АҚШ үкіметі алып автоконцердерге берілген көмек жеткілікті деп санайды. Дегенмен, қаланың экономикалық қуаты қайта оралуы екі талай. Тек халықтың үміті үзілмейді.