Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 52 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

22.20. Коронавирус жұқтырғандар саны – 4 049

  • Алматы – 1 318;
  • Нұр-Сұлтан – 706;
  • Қызылорда облысы – 214;
  • Шымкент – 213;
  • Батыс Қазақстан облысы – 194;
  • Атырау облысы – 193;
  • Ақтөбе облысы – 160;
  • Қарағанды облысы – 159;
  • Жамбыл облысы – 158;
  • Алматы облысы – 156;
  • Павлодар облысы – 150;
  • Түркістан облысы – 143;
  • Ақмола облысы – 101;
  • Маңғыстау облысы – 74;
  • Қостанай облысы – 50;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 30;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 30.

Жазылғандардың жалпы саны – 1 173.

Көз жұмғандар – 29.

23.23 – Батыс Қазақстан облысында індет жұқтырған жан Ресейде жұмыс істейтін 25 жастағы Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Оны бастапқыда шекарадағы санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандар тексерді. Сауалнама кезінде азамат денсаулығына шағымданбаған. Соған қарамастан, мамандар ер адамды алгоритмге сәйкес, карантиндік стационарға жатқызды. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен отандасымыздың Covid-19 вирусына шалдыққаны анықталды.

Оқи отырыңыз: 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Тоқаев мәлімдемесінің толық мәтіні

22.40 – Қазақстанда 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталса да, карантиндік шектеулер қала береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.

"Егер жағдай нашарламаса, төтенше жағдай 11 мамырда тоқтатылады. Алайда, карантиндік режимге байланысты шаралар сақталады. Бұл халықтың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Біздің азаматтарымыз қалыпты өмірге біртіндеп қайтып келеді деп үміттенемін. Бізде ұзақ мерзімді стратегиялық даму жолы бар", – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономикалық дамуды қалпына келтіру бойынша кешенді бағдарламаны жүзеге асыру қажеттігін мәлімдеді. Сондай-ақ бүгінгі жағдайдан сабақ алу маңызды екендігін алға тартты.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі

22.20 – Коронавирус инфекциясынан тағы 2 адам қайтыс болды. Олардың біреуі Жамбыл облысында, біреуі Қарағанды облысында көз жұмды.

Қауіпті кеселді тағы 21 адам жұқтырды:

  • Нұр-Сұлтан – 5;
  • Алматы – 1;
  • Атырау облысы – 9;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1;
  • Жамбыл облысы – 4;
  • Батыс Қазақстан облысы – 1.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 4 049 адам анықталды.



21.30 – Оралда жұқпалы аурулар ауруханасының есігін бұзып, 1 мамыр күні шу шығарған науқастар төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатын болды. Бұл туралы "Мой город" басылымы жазды.

"Карантин ережесін бұзған 13 науқасқа қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабы бойынша, яғни "төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін" әкімшілік хаттама толтырылды", – деп хабарлады жергілікті полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Дегенмен, департаменттегілер олардың тарапынан қоғамдық тәртіп бұзылмағанын атап өтті. Еске салсақ, мереке күні коронавирус жұқтырған 30 науқас аурухана есігін бұзып, өздерін үйлеріне жіберуді талап еткен. Олар дендерінің сау екенін айтып шу шығарған.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық 4 есе көбейген. Агрессорларды ашудан арылтудың жолы бар ма?

21.15 – Қауіпті кеселден тағы 39 адам жазылды:

  • Нұр-Сұлтан – 17;
  • Алматы – 11;
  • Шымкент – 2;
  • Жамбыл облысы – 3;
  • Қостанай облысы – 1;
  • Батыс Қазақстан облысы – 5.

Елімізде барлығы 1173 адам ауруынан айықты.

21.10 – Нұр-Сұлтанда індетке шалдыққан науқастардың 43%-дан астамы сауықты. Елордада коронавирус инфекциясы 701 адамнан анықталды. Солардың 303-і кеселден құтылған. Барлық науқастар бекітілген хаттамаға сәйкес ем қабылдады.

18.55 – Елімізде індеттен тағы 27 адам жазылып шықты. Осылайша, Қазақстанда 1134 адам Covid-19 дертінен айықты.

Оқи отырыңыз: Медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақы. Маңызды 10 сұраққа жауап

18.35 – Қазақстанда КВИ жұқтырған тағы 40 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 1;
  • Алматы – 26;
  • Ақмола облысы – 1;
  • Алматы облысы – 6;
  • Батыс Қазақстан облысы – 4;
  • Түркістан облысы – 2.

Елімізде індетке шалдыққан жалпы 4 028 адам анықталды.

17.30 – Нұр-Сұлтанда ұшаққа отыру үшін коронавируске тестті 10 мың теңгеге жасатуға болады. Бұл жекеменшік клиникалар ұсынған бағадан екі есе төмен. Құны арзан ПЦР-тесттен Ұлттық ғылыми медициналық орталықта өтуге болады. Мекен-жайлары мына сілтемеде көрсетілген.

16.45 – Алматы ішінде жаяу және жеке көлікпен еркін жүруге рұқсат берілді. Қалада карантиндік режимнің жеңілдеуіне, сондай-ақ көптеген нысандардың жұмысын қайта қалпына келтіруге байланысты қала ішінде орналасқан блок-бекеттердің жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады. Енді қала тұрғындарына көшеде рұқсат қағазынсыз жүруге болады. Дегенмен, азаматтар жеке қауіпсіздік үшін карантиндік ережелер мен санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.

"Қазіргі уақытта патрульдік полицияның ресурстары азаматтардың көп шоғырланған жерлерінде тәртіпті және карантин режимін сақтауды бақылауға бағытталған. Сондай ақ, бұл қызметкерлер жаяу патрульдеу жұмыстарына қатысады", – деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.

16.44 – Атырауда коронавирус жұқтырған үш полицей және медицина қызметкері жазылды. Инфекциялық стационардан облыстық аурухананың радиолог-дәрігері және үш тәртіп сақшысы шықты. Қалада сауыққандардың жалпы саны – 76 адам.

Оқи отырыңыз: Коммуналдық қызметтер үшін кімдерге 15 мың теңгеден беріледі?

16.30 – Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру өсімі 7%-дан аспайды. Өткен екі апта ішінде еліміздегі жағдай тұрақтанды, деп мәлімдеді еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова.

"Егер наурызда вирусты жұқтыру дерегі байланыста болған және шетелден келген тұлғалар арасында болса, сәуір айында біз профилактикалық тестілеу жасауға көштік. Соның нәтижесінде 1 862 адамнан Covid-19 анықталды. Егер алдын алу тест жасамасақ, қарым-қатынас жасағандар мен ауырған адамдар саны бұдан көп болар еді", – деді Айжан Есмағамбетова.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алғандар жауапқа тартыла ма? Министр түсіндірмесі

16.00 – Қарағанды облысында, Теміртау қаласынан басқа аймақтарда бүгін карантин режимі жеңілдей бастады. Теміртау әкімі сақтық шараларын кем дегенде бір апта босаңсытпайтынын атап өтті.

"Вирус жұқтырудың жоғары қарқынмен өсуіне байланысты, Теміртаудағы карантиндік шараларды одан әрі сақтау бойынша қаулы шығарылды. Шектеу шаралары тек індет жұқтырудың көрсеткіші төмендегеннен кейін ғана жеңілдейді", – деді Теміртау әкімі Ғалым Әшімов.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлердің күйзеліске түсуіне не себеп? Психоаналитик түсіндірмесі

15.45 – Алматы облысында Төтенше жағдай кезінде қырғауыл атып, желік қуған аңшылар тобы ұсталды. Төрт ер адамнан тұратын топ 3 мамыр түнде Талдықорған қаласының маңында қолға түсті. Күдіктілердің барлығы жергілікті тұрғындар. Олардың бірінен тіркелген 12 калибрлі бір ұңғылы аңшы мылтығы тәркіленді. Желік қуғандарға "аң аулау ережелерін" және "төтенше жағдай кезінде карантинді" бұзу бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсталған адамдар тәртіп бұзғанын толық мойындады.



15.35 – ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова ұшақ жолаушылары үшін Covid-19 ПЦР-тестін міндетті түрде жасату туралы ережелер қайта қаралуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

"Эпидемиологиялық жағдай бірте-бірте тұрақтанып келе жатқанын ескере отырып, басқа өңірлер арасындағы әуе рейстерінің іске қосылуына байланысты норманы қайта қарауымыз мүмкін. Барлығы жағдайға байланысты болады. Біздің шаралар, ең алдымен, инфекцияның таралуының алдын алу үшін қолға алынған", – деді елдің бас санитар дәрігері.

Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап

14.57 – Қазақстанда тағы 23 адам қауіпті кеселден жазылып шықты:

  • Нұр-Сұлтан – 11;
  • Ақмола облысы – 2;
  • Атырау облысы – 4;
  • Қостанай облысы – 3;
  • Түркістан облысы – 3.

Елімізде барлығы 1107 адам коронавирус инфекциясынан емделіп шықты.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай кәсіпорындар жұмысын жалғастырады?

14.40 – Денсаулық сақтау министрлігі Mental Center сайтында "мектеп психологының жұмысында коронавирустық инфекцияның таралу жағдайында психологиялық қолдау мен көмек көрсету" парақшасы пайда болғанын хабарлады.

Бұл бөлімде орта білім беру мекемелерінің психологтарына арналған практикалық нұсқаулықтар берілген. Парақшада балалармен, ата-аналармен, мұғалімдермен кеңесу кезінде белгілі бір мәселені шешуге көмектесетін және күрделі жағдайларды сұрыптауға септік ететін тәжірибелі маманға жазылуға болады.

14.05 – Шымкент тұрғыны төтенше жағдай режимін бұзғанын жасыру үшін полиция қызметкеріне 15 мың теңге ұсынған. Тәртіп сақшысы бұл туралы өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлап, полицейлер пара ұсынған азаматты ақша беру үстінде ұстады.

13.20 – Түркістан облысында Covid-19 жұқтырудың жаңа жағдайлары Түркістан мен Кентау қалаларында тіркелді. Сырқаттанғандардың бесеуі Түркістан қаласынан, ал бір науқас Кентау қаласынан. Індетке шалдыққандардың жағдайы қанағаттанарлық, бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Оқи отырыңыз: Биыл тарауық намазы мешітте оқылмайды. Төтенше жағдай кезінде ораза ұстаудың ерекшелігі қандай?

12.45 – Қауіпті кеселді жұқтырған тағы 24 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 2;
  • Шымкент – 1;
  • Алматы облысы – 1;
  • Жамбыл облысы – 2;
  • Батыс Қазақстан облысы – 3;
  • Маңғыстау облысы – 9;
  • Түркістан облысы – 6.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 3 988 адам анықталды.

Оқи отырыңыз: Коронавирусты анықтайтын тестті тегін тапсыруға болады. Ол үшін не қажет?

12.40 – Атырауда коронавирус инфекциясын облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Амангелді жұқтырды. Ол Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында іссапарда болған. Полицей Атырауға келген бойда, Covid-19 бар-жоғын тексеретін тест жасатқан. Нәтижесі оң болып шықты. Сондай-ақ қауіпті вирус оның жүргізушісінен де анықталды. Бұл өңірде тәртіп сақшылары арасында коронавирусты жұқтырудың бесінші дерегі.

12.35 – Төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласының 34 жастағы тұрғыны үйінде есірткі саудасымен айналысқан. Ер адам 22 сәуірде ұсталды. Тінту барысында күдіктінің үйінде есірткі заттарын тұтынуға арналған ғимарат табылды. Барлық айғақ заттар тәркіленді.


Polisia.kz сайтының суреті

12.15 – Әскерге шақырылғандарға ПЦР әдісі бойынша тест жасалады. Қорғаныс министрінің тапсырмасымен мерзімді әскери қызметтен босатылуға жататын әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Қарулы Күштерде бірқатар практикалық іс-шаралар жоспарланған және өткізілуде.

11.30 – Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі жолаушылардан, әуежай және әуе компаниясы қызметкерлерінен коронавирусқа ПЦР-тест жасатқаны туралы анықтама талап етуді жоюды ұсынды.

Авиациялық әкімшілік ПЦР тесттің орнына әуежайдың кіре берісіне жолаушылардың температурасын өлшеп, дене қызуы жоғары болған жағдайда жедел тест жасата алатын арнайы бекеттер орнатуды ұсынды. Сондай-ақ қызметкерлер де температураны өлшеу арқылы ауысым алдында тексеруден өтеді.

Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе

10.20 – Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру мерзімі маусымнан тамыз айына ауыстырылды. Тиісті жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Азаматтарды қызметке шақыру төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін қайта басталады және 31 тамызға дейін жалғасады. Ал былтыр көктемде шақырылған әскери қызметшілер төтенше жағдай режимі аяқталғанша жіберілмейтін болды.

"Еліміздің барлық өңірлерінде әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысы тоқтатылды және жас толықтырушыларды әскерлерге жіберу тоқтатылды. Былтыр көктемде әскерге шақырылған әскери қызметшілерді запасқа шығару – төтенше жағдай режимі алынған жағдайға, осы жылдың 30 маусымына дейін жүргізілетін болады. Бұл ретте әскери шақыру мен запасқа шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес іске асырылады. Елеулі өзгеріс болмайды", – деді ҚР Қарулы күштері Бас штабының ұйымдастыру және жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов.

Оқи отырыңыз: Әскери міндеттілер аумақтық әскер жасақтау үшін арнаулы жиындарға шақырылады. Президент жаңа қаулыға қол қойды

10.10 – Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 адам да Ақтөбе қаласының тұрғындары. Олар 1940 жылы, 1979 жылы, 1994 жылы туған әйел адамдар және 1976 туған ер адам. Сондай-ақ, 2011 жылы, 2017 жылы, 2019 жылы туған ұл балалар. Науқастардың барлығы өздеріне дейін вирусты жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған. Қазір олар облыстық жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды, жағдайлары қанағаттанарлық.

10.00 – Қарағанды облысында вирус жұқтырудың үш жаңа дерегі Жезқазған қаласында тіркелді. Науқастардың барлығы Ресейден келген (20 жастағы ер адам, 20 жастағы қыз және 1996 жылы туған ер адам), тағы бір жағдай Теміртауда анықталды. Онда бұрын індет жұқтырған науқастармен байланыста болған 1982 жылы туған ер адам сырқаттанды.

Оқи отырыңыз: Биыл мектеп түлектері қалай аттестат алады? Білім және ғылым министрінің түсіндірмесі

09.20 – Коронавирус жұқтырған 44 адам тіркелді:

  • Батыс Қазақстан облысы – 12;
  • Нұр-Сұлтан – 8;
  • Ақтөбе облысы – 7;
  • Алматы – 6;
  • Қарағанды облысы – 4;
  • Жамбыл облысы – 3;
  • Атырау облысы – 3;
  • Шымкент – 1.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған жалпы 3 964 адам анықталды.

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
ДСМ жедел желі номері: 1406