Қошалақ пен Алатаудың арасы
Қазақ "төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды" деген. Әркімнің ұнатқан тауы, тау болмаған күнде төбесі бар. Мұны Жұмекен Нәжімеденовтен артық жазған ақын жоқ. Нанбасаңыздар, өзінің туған жері – қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Қошалақ төбесі туралы өлеңін оқыңыздар:
Көкшіл төбе, тау деген құр атағы,
Дала күні құсап күні батады.
Өзіне тән бірақ аң, құс, даусы бар,
Кім біледі бұл да содан тау шығар.
...Күндемеңдер, ей достарым күндеме,
Төбесін тау жасайды деп бұл неге.
Төбе аз ба екен таудан биік заты, ары,
Тау аз ба екен асыраған атағы.
Аяғы өте ойлы өлең еді. Табиғаттан адамзатқа келіп тіреледі. "Тау аз ба екен асыраған атағы" дегенде біраз тырнақша ішіндегі "қоғам қайраткерлері" ойға түседі. "Төбе аз ба екен таудан биік заты, ары" дегенде қаншама қоңыртөбел тіршілік кешіп жүріп, ұлты үшін игі іс тындырғандарды еске аласың. Жұмекеннің өзі де қызмет пен атақ жағынан төбе қалпында жүріп, сол тұста тау атанғандардан артық еңбек етті ғой. Ал өлеңі сол кезді қойғанда, қазіргі қоғамның айнасындай.
Оқи отырыңыз: Коронавирус майданы. Батырлар жыры сарынына салғанда...
Хош, басқа саймен өрмелеп барады екенбіз, өз сорабымызды табалық. Тауы болсын, төбесі болсын, әркімнің оған күнде бір қарап қоймаса, мауқы басылмайды. Сапардан оралғанда сол тау көрінгенде көңілі демделер еді. Осыдан барып аталарымыз "көрінген таудың алыстығы жоқ" дегенді де айта салған. Біз үшін, бәлкім барлық қазақ үшін Алатау солай.
Бұл – қазақтың ежелден еркін жайлаған жері. Жаулаушылар оның сипатын қағазға түсіргенше қазақ жыраулары қаншама ғасыр өлеңге қосып жүрген. Бізге жеткеннің берісі Бұқар ғой. Абылай хан өзіне көнбей, бұлтақтаған Ерден бидің ауылын шаппақ болғанда қарт жыраудың ханды сабасына түсіріп айтқан толғауы былай басталар еді:
Алатаудан асыңыз,
Ашуыңызды басыңыз,
Ашуыңызды бассаңыз,
Сексен түйеге тең тартып,
Айыбын аттай арқалап,
Алдыңызға келмей ме
Ерден деген құлыңыз!
Одан ертеректе тағы бір жырау айтты деген шумақты да білеміз. Оны ара-тұра ауызға алып жүргендер бар:
Теріскей Алатауды қалмақ алды,
Найман мен қоңыратты қуып салды, – деп басталатын.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейін...
Алатауды бала кезде көрмесек те, аты құлаққа тым таныс еді. Алғаш жыраулардың жыры арқылы білгенбіз деп өтірікші болар жайымыз жоқ. Соғыс жылдары әскерге кеткен ағасын сағынған біздің ауылдың баласы "Асқақтаған Алатау, ағам қашан келеді-ау" өлеңдетеді екен. Әжеміз соның дауысын, сарынын салып осыны күліп айтып беретін. Бұл кезде ағасын сағынған бала ауылдағы бастықтың бірі болып кеткен. Бірақ жас кезде айтқан екі жол өлеңі ел ішіне оның кейінгі бастық болған беделінен гөрі кең тарапты.
Зерттеу мен зерделеу арасы
Қазақтың ауыз әдебиеті мен ауыз екі өлеңінде Алатау ежелден бар. Ал қағазға, құжатқа алғаш сипаттап түсіргеннің ішінде немісің де, орысың да, қытайың да жүр. Қытай жазбаларының арасында ҮІІ ғасырдағы Сюань Цзан сапарының есебі бар. Ол Ыстықкөлге, одан берідегі Шу аңғарына дейін жетіпті.
Жалпы қазақтың Алатауы ғылыми кітаптарға Тянь-Шань болып түсуіне қытайлықтардың зерттеуі ықпал етсе керек. Әлгі саяхатшымыздың Ыстықкөл туралы сипаттамасында: "Қарауытқан жасыл түстес суының дәмі кермек. Көлдің өзі кейде момақан, кейде бұрқан-сарқан. Онда балық та, айдаһар да жүзіп жүреді" депті. Қытайдың көзіне іліккен айдаһары қайда кетті екен деп отырамыз біз бүгінде.
Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды
Немістің географы, ботанигі Александр фон Гумболь өз кезегінде осы аймақты шарлап шығып, "Алатаудың төбесінде жанартау болуы керек" деген болжам айтқан. Түркістан мен Моңғолия арасындағы таулар тізбегі осы жанартаулар арқылы түзілген деп тұжырған.
Жанартаусыз да, айдаһарсыз да тауды ең дұрыс зерттеген, шамасы, орыс зерттеушісі Петр Семенов шығар. Әдетте, оның сойына Тянь-Шанский деген қосымша жалғанып айтылады. Біздің Қанжығалы Бөгенбай дейтініміз сияқты.
Әлгі тауға құмар ғалым 1856 жылы Қоянкөз шоқысынан өтіп, Қарашоқыға шыққанда "алыстан ақ бас шыңдары аспанды тіреген алып жоталы Алатауды көрдім" депті. Жолаушылар үшін жаза кетсек, бұл қазіргі Арқарлы асуының үстінен Алматының ар жағындағы Алатауды көру ғой.
Ал кейінгі заманда Алатау бөктеріндегі алып қаланың өндірісі дамып, іргесінен бірнеше жылу-электр сатнсалары салынған кезде бұл тауды Арқарлың қайда, Боралдайдан көру мұң болған.
Тек коронавирус карантиніне орай қалада автокөліктердің жүрісі азайған, ұшақтардың көбі қаңтарылған кезде қайтадан Алатауды алыстан қызықтаған суреттерін әлеуметтік желіге салушылар пайда бола бастады.
Оқи отырыңыз: Ларри Теслер. Шиыршық ғұмырдың шегі
Сейілу мен зерігу арасы
Біздің Алатау – жас тау. Әлі өсіп жатыр. Іргесінде болып тұратын зілзала – соның айғағы. Бірақ, Гумбольд жазғандай, жанартау есебінен емес. Жердің астыңғы тектоника қатпарлары екі жақтан келіп, осында ырғасып тұр. Кезекті итерісу кезінде дүр етіп топырақ тітірейді. Қаптаған қалың ғимараттар тербеледі. Қонаев заманында үйлерді бір-бірінен алыс етіп салатыны, тоғыз қабаттан асыра қоймайтыны содан еді. Бергі билікті ақша билеген заманда бұл сақтық шаралары ұмыт қалған. Астыңғы қатпарлардың қатты ырғасуынан Алматы мен айналасын Алла сақтасын дегеннен басқа амал жоқ!
Алатауымыз қалай өссе де, бәрібір Гималайға жетуі мүмкін емес. Бұл енді бізден қашықта. Қытай мен Үндістан арасында. Өндіріс өкпені қысқан, сансыз мұржадан шыққан сұмдық түтін төңіректі тұмшалаған заманда Үндістанда туғандар тура сол жерден ертеректе ата-бабасы күнде тау көргенін білмейді екен.
Бұл елдің Пенджаб штатында тұратындар өз ауласы мен терезесінен соңғы отыз жылда алғаш Гималайды көрді. Штат пен таудың арасы 200 шақырым. Таудың көріну себебі біреу: авто мен мото көліктер қаңтарылып, көптеген зауыттар тоқтаған.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы
Оны қалай тоқтатты деңіз. 2020 жылғы наурыз айының 19-ы күні елдің Премьер-министрі, Ұлттық оңшыл "Брахатия Джаната" партиясының жетекшісі Нарендра Моди "халықтық командант сағат" жариялаған. Арнайы рұқсат алмағанның бәрі таңның атысынан күннің батысына дейін үйлерінде отырады. Ал ел бойынша кешкі сағат 17.00-де үйдің балконы мен төбесіне шығып, сырнайлатып, кернейлетеді, музыкалық аспаптары жоқтар қол шапалақтайды. Осылайша коронавирусқа қарсы күресте жүргендерді қолдайды.
"Халықтық коменданттық сағаттың" коронавирусты тұсаулаумен қатар экологияны сауықтырудағы пайдасы біртіндеп байқала берді. Әлем бойынша Үндістан – ең ауасы лас мемлекеттің бірі. Ластану көрсеткіші ақылға сияр шектен әлдеқашан асып кеткен. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген қауіпсіз деңгейден бес есе көп көрінеді. Жылдың төрт мезгілінде елдің үстін газ-түтін, шаң-тозаң аралас мұнар басып тұрады.
Оқи отырыңыз: Тілді тірілткен тұлға
Ел үкіметінің коронавирусқа қатысты жүріс-тұрысқа тыйым салған шешімінен соң ауа тазара бастайды. Осы жылғы 24 наурызға дейін ауа тазалығының индексі 115 пунктке дейін жетіп тұрып, содан бұл индекс көрсеткіші 75 пунктке түсіпті. Кейбір штаттарда тіпті 50-ден төмен. Мұны таза ауа деп санауға болады.
Осы тұста елдегі белгілі тұлғалар таза ауамен тыныстай бастағандарынан хабардар етті. Ондай таңданғандардың бірі – крикет ойынының аты әлемге танымал шебері Харбхаджан Сингх. Оның әлеуметтік желідегі жазбасы бүкіл әлемге тарады. Спортшының сөзін Үндістанның экология жөніндегі орталық кеңесі растады. Коронавирусқа орай жасалған шектеулерден кейін мемлекет бойынша ауаның сапасы анағұрлым жақсарған.
Пенджаб штатында тұратын табиғат қорғаушы Сант Балбыр Сичевал отыз жылдан соң Гималайды көргеніне тамсанады. "Менің шатырымнан қар басқан тау шыңдары көрініп тұр. Тауды ғана емес, түнде жұлдыздарды көретін болдым. Бұрын-соңды мұндай көріністі көрген де, мұндай таза ауамен тыныстаған да емеспін".
Оқи отырыңыз: Апаттар мен сабақтар
Бұланай мен Гималай арасы
Енді реті келіп тұр екен, осы Гималай атауына қатысты көкейде жүрген біраз ойды қозғай кетелік. Кейінгі уақытта бұл тауды Бұланай деп атауды байқадық. Бұл сөзді алғаш тоқсаныншы жылдар басында Мансұр Тәйжіден, Хасен Оралтайдан естігенбіз. Олар – әкелері Гималай асып, Қытай коммунизмінен атпен қашып құтылған Құсайын мен Қалибек сынды атақты қазақтардың ұрпақтары еді. Қазақстан тәуелсіздік алғанда атамекенді аңсап келген осындай тұлғалармен республикалық газеттің тілшісі ретінде сұхбаттасқанбыз.
Сондай-ақ, жас жігіт кезінде осы зарлы көште болған, тіпті жол-жөнекей әке-шешесі үйлендірген Халифа Алтай ақсақалмен әңгімелескенде ол кісі де Бұланай дейтін. Бізге кеңестік мектеп болса, Гималай деп оқытқан. Енді мектептегі оқытқанды ысырып қойып, сол кісілер туралы мақалаларда Бұланай деп жаздық та.
Бағамдасақ, бұл төңіректе алғаш Абай атамыз ой қозғайды. Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы толғамында ежелден қалған "Самарқанның сар жолы, Бұланайдың тар жолы" деген тұрақты сөз тіркесін келтіреді. Одан әрі "Бұланай деп Гималайды айтқаны ма, Үндікеш тауы ма?" деп сұрақ қояды. Әрі қарай "Бұланайдан үлкен тау болмас, бұланнан үлкен аң болмас" деген мақалды келтіріп, арғы-бергіден білімдар Абай қазақтың Бұланайы – Гималай екеніне көз жеткізген.
Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз
Абай бұл тауды қазақтың түбін тарату кезінде көрсетсе, оны атап өлең жазған ақынымыз бар. Қазақ жырының құлагері атанған Ілиястың "Гималай" өлеңінің өрімі ерекше. Екі бөлімнің біріншісі сұрақтар да, екіншісі – соған жауаптар. Әрбір шумағының басы шалыс ұйқаспен, аяғы 1-2-4 түріндегі ұйқаспен жазылып, ерекше төгіліп тұр.
Күнін көміп, батырған,
Өзенін тас қатырған.
Құзын, мұзын шеңгелдеп,
Тегеурінін батырған.
Апшысын аяз қуырып,
Қақалса қан қақырған.
Бар бір басқан тұмандай.
Сол тұманнан шыға алмай,
Жүрегі жара, көзі көл
Гималай сорлы, cop маңдай.
Ілияс жазған кезде бұл, сөз жоқ, саяси өлең болатын. Үндістанда Гандидың азаттық үшін "Тұзды жорығы" басталған, сөйтіп оны ағылшын отаршылары тұтқындаған кезеңде туған. Онда бүкіл елде шаруалар мен шекарадағы тайпалардың көтерілісі тұтанған. Ұлттық қозалыс қайраткерлері Ұлыбританиядан егемендік талап етіп жүрген. Ілияс соған үн қосып, Гималайды образға алып, ғажап жыр тудырған. Кім біледі, дәл осы өлеңді іштей қазақтың азаттығын аңсап отырып тудырған да шығар!
Оқи отырыңыз: Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр
Қалай ойласақ та, бұл жерде бір ақиқат бар – ол заманда Гималай ашық па, әлде оны бұлт бүркеп тұр ма, оны әркім көре алатын. Енді осы өлеңді экологиялық тақырыпқа еркін қолдануға болатын сияқты. Тұман басқан, тұманнан шыға алмаған Гималай отыз жылдан соң көміліп қалған күнді көріпті. 200 шақырым қашықтағы үнділіктер алғаш Гималайды көріпті.
Коронавирус келгелі әлемдік экономика, барыс-келіс жайы, елдер тұрмақ бір отбасы ішіндегі қарым-қатынас көп өзгеріске түсті. Адамзаттың бұған дейінгі қисық, оғаш қадамдары анық аңғарылды. Біздің еліміздің өзінде электронды үкімет, цифрлы технология деңгейі сөз жүзінде қандай, іс жүзінде екені айнадағыдай көрінді.
Әрине, аса жұқпалы, нақты дауасы әзірге табылмаған бұл аурудан залал көп. Соның салдарына өмірден өтіп жатқандар қай елде болсын кездесуде. Тек, ауаның тазарғаны, табиғаттың бір тыныстап қалғаны тағы талассыз. Бұрын көрінбеген Гималайды көретін болғандар бүкіл Жер-анаға бұған дейінгі емес, басқаша көзбен қарайтын шығар...
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5498
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2484
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2488
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2301
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2180
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2171
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2231
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2279
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2204
- 2
- 46
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2188
- 0
- 6