Зиян мен пайда
Зиянды деген нәрсенің пайдасы тиетін кезі бар. Керісінше пайдалы деген нәрседен зардап шегіп жатамыз. Мысал керек пе, мәселен, қант. Бұл тәттіні адамдар өзі ойлап тапты. Сөйте тұра, дәрігерлер қантты ағзаға өте зиянды зат дейді. Саналы әлем соны біле тұра, 2019 жылы 184 миллион тонна қант өндірді. Адамға зиян, бірақ өндіреді.
Пайда мен зиянды салыстырғанда кейінгі кезде ғалымдар Чернобыль апатына жүгінетін болды. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын жайнап тұрған Припять қаласы қараң қалды. Атом электр стансасында Кеңес Одағы тұрмақ әлемдегі ірі апат орын алды. Атомнан қуат беріп тұрған стансаның төртінші блогы жарылып, ауаға жойқын радиация тарады. 50 кісі апат кезінде, одан оның салдарын жою барысында қаза тапты. "Зардапты жоюшы" аталған топтағы 600 мың адамның 150-і жазылмас сәуле ауруына шалдықты.
Оқи отырыңыз: Чернобыль апатының жаңғырығы әлі естіледі
Біз осы апаттың зардаптарын жоюға сол кездегі Семей облысынан аттанған Марат Орынбайұлы Жүнісовтың тағдыры жайында осы сайтқа "Топырақты жерлегендер тобы" атты мақала да жазғанбыз. Жалпы Чернобыльдің жарылғаны миллиондардың тағдырына өшпес із, анығында тыртық қалдырды.
Шамамен 4 000 адамның өліміне осы апатты себепкер деп тапты. Атом электр стансасынан айналада 30 шақырымдық жерді тастап кетуге тура келді. Мұнда шамамен 115 мың тұрғын бар еді. Бұл адамзатқа қатысты сандар болса, экономикаға келген зиянды нақты цифрлармен санап беру мүмкін де емес.
Апаттан 30 жыл өткенде бүкіл Батыс Еуропа жабылып радиация ошағын, яғни, қираған реактордың үстін екінші жабындымен бүркеді. Бірінші рет Кеңес Одағы саркофаг тұрғызған. Бірақ әлем оның беріктігіне алаңдады. Енді ғана Чернобыль атом электр стансасындағы төртінші реактордың орны радиация тұрғысында мүлде қауіпсіз болды. Конфайнмент атанған бұл жаңа қаптама Еуропа елдері үшін 2 млрд 150 млн евроға түсті. Әлбетте, станса жарылмаған жағдайда осының бәрі басы артық шығын емес пе?!
Оқи отырыңыз: Көл бетіндегі келешектің келбеті
Ал енді апаттың пайдасы жабайы аңдарға тиді. Адам аяғы басуға тыйым салынған диаметрі 60 шақырымдық шеңбер ішінде небір аң мен құс өріп жүр. Бұрын бұл аймақта аздап кезігетіні, мүлде кезікпегені бар, небірі қазір фотоқақпанға түсіп жатыр. Жоғалып кетті деген талай түрі оралыпты. Демек, жабайы аң мен құс үшін Чернобыль пайдаға шығыпты.
Енді әлемді алаңдатып отырған, дәл қазіргі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдары үшін нөмірі бірінші тақырыпқа айналған коронавирусқа келейік.
Вирус пен өндіріс
Коронавирус зиян ба деп сұраудың өзі күлкілі шығар. Жай зиян емес, әлемге қорқыныш сепкен құбылысқа айналып кетті. Жұқпалы дертке шалдыққандардың аз бөлігі, онда да жасы жеткен, ағзасы тозғандары о дүниеге осы себеппен аттанып жатыр. Қанша дегенмен Қытайда көп, басқа елдерде аздап кісі шығыны бар.
Оқи отырыңыз: ДДСҰ коронавирустың өршуін төтенше жағдай деп таныды. Бұл нені білдіреді?
Ал экономикалық шығын орасан зор. Алыстан мысал іздемеген күнде Қазақстан үкіметінінің өз резервінен коронавируспен күреске бір жарым миллиард теңге шығарғанын ұмытпайық.
Бұл жұқпалы дерттің басты экономикалық соққысы Қытайға тигені талассыз. Бүкіл жетекші салалары тоқырай бастады. Солардың ішінде ең ауыр жағдайға тап болғандарын түгендеп шығалық.
Автомобиль өндірісі 2020 жылдың басынан наурыз айының 10-ына дейін бұрынғыдан 1 миллион дана автомобильді аз шығарған. 3 ақпаннан бастап BMW концерні Шэньян қаласындағы зауыттарын тоқтатты.
Біз Қытай Халық Республикасын журналистік сапармен аралағанда дәл осы Шэньянға апарып еді. Мұнда BMW концерніне қарасты үш зауыт бар. 10 мың адам жұмыс істейтін. Жылына 1,5 миллион автомобиль және оған қосымша мотор шығаратын. Шэньян әуежайының ішіндегі жолаушыларды қарсы алатын залда BMW автокөлігінің алып алдыңғы бампері тұратын. Қаланың символына айналып кеткендіктен, жолдаушылардың бәрі сонда естелік фотоға түсетін. Енді мұнда қақпа тарс жабылды. Жұмысшылар белгісіз уақытқа демалысқа жіберілді. Кеңсе қызметкерлерінің жалақысы сақталып, тек үйлерінде отырып жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Азған жер, тозған топырақ
10 ақпаннан немістің келесі концерні Volkswagen өзінің екі бірдей: Shanghai Avtomotive group және Frist Avtomotive Wolks бірлескен зауыттарын белгісіз мерзімге жапты. Жұмыстың қашан жалғасатыны коронавирус төңірегіндегі жағдайдың қалай өрбитініне тікелей қатысты.
Атауынан көрініп тұрғандай, бұл екі зауыттың бірі Шанхайда еді. Сол Шанхайдағы электрмен жүретін автомобильдер жасайтын Tesla зауыты да жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді. Тапсырыс беріп қойғандарға Model-3 автокөлігін коронавирусқа қатысты жағдай тұрақтанған соң жөнелтетінін хабарлады.
Қытайда көптеген әлемдік автомобиль концерндеріне қажет қосалқы бөлшектер жасалатын. Ол зауыттардағы жұмыс тоқтағандықтан, авто алыптар саналатын Hyundai, Toyota мен General Motors Қытайдағы ғана емес, басқа аймақтары өз өндірістерін кідіртті.
Оқи отырыңыз: Апаттар мен сабақтар
Авто өндірістің тоқтауынан бұрынғыға қарағанда металға, әйнекке, резина мен пластик және басқа химиялық қоспалар өніміне сұраныс азайды. Осының бәрі түптеп келгенде Қытайдың электр қуатын тұтыну деңгейін күрт төмендетіп тастады.
Қазіргі Қытай табысының үлкен бөлігі шағын электроника өндірісінен түсетін. Бұл жақты да коронавирус көп ойсыратып жатыр. Apple үшін қажетті бөлшектерді жасап беретін Foxcoon толық үзіліске кеткен. Соның салдарынан жаңа Iphone-ның құрастырылуы мен таныстырылымы белгісіз мерзімге шегерілді. Әлемдік Google, Amazon, Microsoft және басқа ірі компаниялардың Қытайдағы кеңселері жабық тұр.
Туризм де коронавирустан түңілді. Ай емес, апта сайынғы миллиондаған қонақтардың қарасы сиреді. Өзіміз тамашалаған Ұлы Қытай қорғаны, Сиандағы Саз әскер ордасы мен алғашқы Қытай қорғаны, Бейжин пен Шэньяндағы императорлардың Жабық сарайлары сынды тарихи ескерткіштер мен музейлерге келушілер сап тыйылған. Басқасын айтпағанда, бұл елдегі екі тақырыптық паркін жабуға тура келген Disney компаниясының шығыны жарты миллиард долларға жуықтапты.
Оқи отырыңыз: Даму үшін... дәретхана керек
Бармақ шайнай отырып шығынды санап жатқандардың ішіне әуе компанияларын қосу керек. Мұнда Қытай әуе қызметімен қатар шетелдіктер де бар. Ұзын-ырғасы қырықтан астам әуе компаниясы бұл елге ұшуын тоқтатты. Ішкі мен сыртқы қатынастағы 30 мыңға жуық аспан сапары болмай қалды. Аспан демекші, атақты Airbus та жерде жүретін автокөлік жасаушылардан қалыспай, бұл елдегі зауытын тоқтатты. Әйтпесе, Тяньцзиндегі алып өндірісі ай сайын А320 ұшағының алтауын жасап қоятын.
Сауда, өзен мен теңіз флоты туралы айтпағанның өзінде коронавирустан әзірге келген елеулі нұқсан осындай.
Тозаң мен қоғам
Бейжинде вирус жоқ заманның өзінде қала тұрғындары бетке тұмылдырық тағып алатын. Себебі, қаланы ауық-ауық түтін мен тозаң басып қалады. Тұрғындар он екі айдың кемінде 100 күнін сары түтін шымылдық ішінде өткізеді. Бұл – Бейжин Олимпиадасына орай қала экологиясын сауықтыру үшін жүргізілген қыруар шарадан кейінгі көрініс.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Париж климат келісімінің талаптарын неге орындамай отыр?
"Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде" демекші, ел астанасының өзінде экология оңып тұрмаған соң, басқа қалаларға не жорық! Қалың да тұншықтырғыш түтін Қытайдың ірі қалаларының бәріне тән. Оны, әсіресе, Шэньянда байқағанбыз.
Бұл өзі бір кездегі Теміртау сияқты металлургия өндірісі үшін салынған қала екен. Беріде ғана автозауыттар, хайтек өндірістері келіп, темір балқыту екінші кезекке шығыпты. Соның өзінде қаладағы BMW концерніне қарасты үш зауыт сияқты алып өндірістерге электр қуаты қажет. Әрі Шэньян солтүстік аймақтағы қала болғандықтан, оны қысқы маусымда жылыту деген тағы бар.
Иә, көмір бір жағынан Қытайды дамытқан нәрсе болса, екінші жағынан сорлатып отырған да – сол. Бейжиннен Шанхайға, Шэньянға, Сианьға, Үрімжіге ұшқанда бірінен кейін екіншісі айналаны түтін мен тозаңға бөктіріп тұрған зауыттар көріне бастайды. Қытайда табиғи газ шықпайтындықтан негізгі қуат көзі көмір болып қалып отыр.
Оқи отырыңыз: Қалдықтан – қуат, мұржадан – шуақ
Осыдан он жылдай бұрын әлемдік қысымға тап болған ел басшылығы өндірісті өсіру жолында көмір жаға бергенді азайтпақшы болған. Әлемдік баспасөз үшін "Қытай аса маңызды шешім қабылдап, көмірді өндіру мен тұтынуды азайтуға кірісті. Әрі қуат алудың басқа балама көздеріне біртіндеп көшеді" деген ақпарат таратты. Бірақ, сөз басқа да, іс басқа болды. 2016-2020 жылдарды қамтитын 13-бесжылдық барысында ҚХР-да электр қуатын тұтыну 4 пайызға өсті. Көмірден алынатын электр қуаты 960 гигаваттан 1 100 гигаватқа жеткізілді. 1 гигаватт – 1 миллиард ватт екенін ескеріп, басқасын өздеріңіз көбейтіп аларсыздар.
Мемлекеттің энергетика саясатына жауапты Даму жөніндегі ұлттық комиссия жылына 3,8 миллиард тоннадан артық көмір жағылмауы керек деп шектеп қойған. 2000 жылы, яғни, ХХІ ғасыр басталар шақта бұл ел жылына 1 млрд тонна көмір жаққанын ескерсеңіз, жиырма жылдан соң 3,8 млрд тоннаға тоқтауды шектеу деп санаудың өзі қиын шығар.
Соның өзінде Қытайдағы әр адамға екі тоннадан артық кетеді екен. Есеп бойынша, көмірдің пайдалы әсер коэффиценті 30 пайыздан аспайды. Сонда басқа 70 пайызы күл болып жерде қалады, түтін мен тозаң болып ауаға араласады. Мұндай жағдайда тұмылдырық тақпай жүру мүмкін емес.
Оқи отырыңыз: Екі ғасырдағы екі градус
Обалы не керек, 2016 жылдан бастап үкімет жекелеген аймақтарда көмірмен жұмыс істейтін жаңа жылу электр стансаларын салуды тоқтатты. Осылайша 130 ұсынысқа "жоқ" деген жауап берілді. Бұл шешімге жергілікті билік наразы болды. "Ендеше жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүрміз" деп олар аттандады. Бәрібір қысқы жылыту маусымы келіп жеткенде үкімет жаңа жылу-электр орталықтарын салдырмағанымен, бұрынғыларының қуатын 22 гигаватқа арттыруға амалсыз рұқсат етті. Оның дені көмір жағып отырғандар болатын.
Басқа да шаралар қолға алынып жатыр. Таншаньдағы мемлекет бойынша № 1 болат балқыту хабына жазғы уақытта өнім өндіруді үштен бірге азайту жүктелді. 2020 жылы барлық болат балқытушылардың қуатының 60 пайызын он үздік өндірісшілерге бермекші. Сол арқылы сапасыз металл беріп келген зауыттар жабылуы керек. Өйткені, 2019 жылғы болат балқыту оның алдындағы жылға қарағанда 8,4 пайызға артыпты. Бәрі әлбетте, жерді күл мен шаң, ауаны түтін мен тозаңға толтыру арқылы жүзеге асқаны ешкімге жасырын емес.
Осы тұста және бір қызғылықты дерекке тоқталайық. Қытай 1996 жылдан бері өзі өндірген болаттың 8,9 пайызын ғана сыртқа сатыпты. 90 пайыздан астамы машина жасау, құрылыс, көпір, темір жол және басқа ішкі қажеттіктерге кеткен. Соның арқасында ел дүрілдеп дамыды. Есесіне бұл даму экологияны дірілдетіп, қалтыратты.
Оқи отырыңыз: Кеңістік үшін күрес
Жазалау мен тазалау
Осындай экологиялық ауыр жағдайды Біріккен Ұлттар Ұйымы емес, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы да емес, Қытаймен сауда соғысына түсіп жататын Америка Құрама Штаттары да емес, мына бір коронавирус түзеп шыққан сияқты. Толық түзей қоймаса да оңды өзгерісті қазір ғарыштан бақылап жатқандар бар.
2020 жылдың ақпан айының соңында бүкіл Қытай аумағында ауаның ластануы бұрынғыдан айтарлықтай төмендеген. Ірі қалалар тұрғындарының тынысы ашылып, тұмшалаған тазаң мен түтін сәл де болса сейілген.
Экологиялық оңды өзгерісті АҚШ-тың Ұлттық ғарыш агенттігі мен Еуропа ғарыш ангеттігінің спутниктері жіберген суреттер әйгілеп отыр. АҚШ-тың Ұлттық ғарыш агенттігіндегі Ғарыш сапарлары орталығының ауа сапасы жөніндегі мамандары ол суретті бұрынғылармен жақсылап салыстырған. Сөйтіп оның қазіргі ауа райы мен Қытайдағы мерекеге қатысты шамалы, нақты себебі басқада деген тұжырым жасады.
Оқи отырыңыз: Қол мен қоғам
Нақты себебін бүкіл әлем біліп отыр: коронавирус шыққалы бұл елде жаппай карантин жарияланды. Содан көптеген іргелі өндіріс ошақтары уақытша тоқтады. Олар үшін қуат пен жылу беріп тұрған алып жылу-электр орталықтарының жұмысы да баяулады. Демек, көмір бұрынғыдан аз жағылды.
Мұны нақты бір мысалмен сипаттап берейік. 2019 жылдың желтоқсан айында Covid -19 вирусы алғаш тіркелген Хубей провинциясы қытайлық авто өндірістің ірі орталығы еді. Уханьда Donfeng компаниясы бар. Ол өздерінің отандық автомашиналарымен бірге бір жапондық, үш француздық маркадағы өнім шығаратын. Міне соның бәрі уақытша тоқтатылды.
Сонымен отыз жылдан уақыт іркіліссіз дамыған Қытай экономикасында күрт кідіріс келді. Оған дейінгі үздіксіз даму ең алдымен табиғатқа нұқсан келтіру арқылы жүзеге асса, енді табиғатта пайда болған бір вирус соның бәріне жауап соққы беруде. Қазақ мұндайды "еруліге – қарулы" десе керек.
Қытай ауасы қанша дегенмен бір тазарып қалатын болды. Бірақ көшедегі халық бәрібір беттегі тұмылдырықты шешпейді. Өйткені, адам үшін ауаның ластығы да, вирус жұқтырып алу да – бірдей қатерлі.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🏃📱 Одному из участников ночного забега в Астане подарят iPhone 15 Pro
- 6404
- 0
- 20
-
2🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5007
- 1
- 6
-
3🌡Прогноз погоды на 21 ноября: метель и гололёд ожидаются на севере и востоке Казахстана
- 2734
- 0
- 5
-
4🟢 Лицензирование детских садов введут в Казахстане с 2027 года
- 2433
- 3
- 18
-
5👨⚕️ Пациенту ампутировали ногу по вине врача: хирург избежал реального срока в ЗКО
- 2466
- 2
- 39
-
6🟢 Премию Михаила Дорофеева вручили основателю проекта Protenge Джамиле Маричевой
- 2509
- 0
- 8
-
7🆕🆕🆕🆕 Таразский университет использовали для фиктивной регистрации мигрантов
- 2407
- 1
- 16
-
8💬💬 "Мать была на работе..." О гибели четырёх детей при пожаре в Астане
- 2372
- 2
- 27
-
9🟪 Ерлан Карин: Число вышедших из казахстанского гражданства с 2019 уменьшилось более чем в 16 раз
- 2406
- 6
- 104
-
10⛈ На США обрушился "циклон-бомба": власти готовятся к тяжёлым последствиям
- 2379
- 0
- 20