Шаш та, тағдыр да шырмалғанда
Хиппи. Біздің миымызға Батыстан жеткен бірінші сөз осы сияқты. 70-жылдары ауылда шашы дудырап өскен бозбала көрсек, "не, хиппи болып кеттің бе?" деп сұрау әдетке айналған.
Жас кезіміз Кеңес Одағындағы "темір шымылдықтың" ішінде өтті. "Темір шымылдық" сол тұста Батыс елдерінде пайда болған көптеген ұғымды, затты бері өткізбейтін. Сондықтан хиппидің құбылыс, қозғалыс ретіндегі көрінісін Кеңес Одағы өз жастарына жолата қоймады. Тек "хиппи" сөзі ғана шекараларды көктей өтіп, санамызға ұялады. Тұтас буынның күнделікті қолданыстағы сөзінің бірі болып сіңіп кетті. Тіпті, өлең жолдарына ілікті:
Жыланшық шөбі хиппидің шашынан қалың,
Күзеп бітірдік көл жақтың жасыл аңғарын.
Оқи отырыңыз: Тілді тірілткен тұлға
Жұматай Жақыпбаевтың өзіміз жаттаған көп өлеңінің бірі осылай басталатын.
Хиппи қозғалысы жастар бойындағы соғысқа қарсылық пен табиғаттың тұмса қалпын сақтауға ұмтылыспен ерекшеленді. Кеңес Одағының бұл идеяларды қойнына кіргізбейтіндей жөні бар. Әлемнің әр аймағында соғыс ошақтарын қаузап, ақыры Ауғанстанда зор майдан ашқан коммунистер еліне соғысқа қарсы емес, соған әзір ұрпақ, анығында дайын солдат қажет еті. Он жасар балаға "Отан қорғауға дайынмын", яғни "соғыса кетуге әзірмін" деп үйрететін ел, әлбетте, хиппи қозғалысына есік аша қойсын ба?!
"Хиппи" сөзі енгенше ауылда қазақтың байырғы "дудар бас" деген сөз қолданыста жүрді. Бала кезде бір-бірімізді мазақтағанда:
Мырқымбаев дудар бас,
Аяғыңды жылдам бас.
Автобустан қаласың,
Үйіңе жаяу барасың,
– деп тақпақтайтынбыз. Бұл шумақтың авторы кім екені есте жоқ.
Қазақы ауылдағы дудар бастар хақындағы әзіл шымшыма болса, әлемдегі хиппилердің ішінде үлкен іс тындырып, атаққа жеткеннің бірі – Ларри Теслер. Оған еш талас болмас.
Оқи отырыңыз: Апаттар мен сабақтар
Ол өткен ғасырдың 70-жылдарының басында АҚШ-тың Вьетнамдағы басқыншылық соғысына қатты қарсылық білдірді. Күн сайын дерлік митингі мен демонстрацияларда жүрді. Қала көшесімен демонстрацияға шыққандарға алдымен не керек? Әлбетте, қолға ұстайтын плакат керек. Шашын ол кезде желкеден асырып өсірген, тарақ атаулыны ұмытқан Ларри түнделетіп сан қилы плакат жасаумен шұғылданды.
Бұл үшін түрлі газет пен журнал беттеріндегі ірі сөздерді қайшымен қиып алады. Содан билікке, соғысқа қарсылық білдірген сөйлемдер құрастырып, оны қағаз бен шүберекке жапсырып жүрді. Дәл осы сөздерді қайшылап қию және қажет тұсқа қайта жапсыру ісін жақсы істегені кешікпей басқа саладағы үлкен идеяға негіз болды. Ларри осы қолмен істейтін жұмысын сәті түскен шақта компьютердегі графикалық интерфейске айналдырып, даңқын да шығарды, табыс та тапты.
Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз
Ол көше қозғалысына қатысқан кезеңінде Америкадағы хиппилер мекені болған Орегондағы коммунаны қалыптастырушылардың бірі еді. Біз бұған дейін әлемдегі коммуналар туралы "Ортақ өгіздің өрісі" атты мақала жазып, осы сайтта жарияладық. Бұл тақырыпқа қызыққандар соны оқыса болады.
Ал тура Ларри құруға қатысқан және бірер жыл мекендеген әлгі жермен жете танысқысы келгендерді бірнеше әдеби еңбекке қарай сілтейміз.
Айталық, америкалық жазушы Кристин Ханнаның "Өмірмен жеке қалғанда" романында Орегондағы хиппи коммунасының тіршілігі сипатталған. Әкесі Вьетнам соғысына кеткен жас қыз анасымен бірге осы коммунаға тұруға барады. Қауым мүшелері ортақ іске жегілген. Ара өсіріп, бал сатады. Хош иісті шөп өсіріп, оны жастық етіп қапқа салып, базарда саудалайды.
Оқи отырыңыз: Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр
Сол сияқты Сьюзен Филлипстің "Аз-маз армандашы" кітабында да осы ортақ ұжымдағы өмірге біраз жолдар арналған. Онда Речел атты кейіпкердің әжесі құдайға сеніп, шіркеуден шықпайтын діндар да, анасы керісінше "құдай жоқ" дейтін хиппи болады. Сөйтіп Орегондағы коммунаға келіп, қыз босанады. Бірақ оны етегін ашқан көп еркектің қайсынан көтергенін білмейді. Осылайша Речел өмір бойы әкесі кім екенін анықтай алмай құсаланады. Анасы болса, мөлшерден көп болып кеткен есірткінің кесірінен қаза тауып, мына қыз үш жаста жетім қалады.
Осындай мағынасыз, бәлкім мағына бар да, бірақ ол басқаларға түсініксіз ортадан Ларри көп ұзамай шығып кетті. Бұған да ересен ерік-жігер қажет болғаны түсінікті. Енді оған бойдағы хиппи қылықтан, өткеннің елесінен арылу керек еді.
Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралыОл есіріп еркін жүрген тіршілікті біржолата тастап, кедей балаларына арналған мектепте волонтер болды. Қазақстан 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялаған соң, түрлі үлгі қажет шығар. Бұл орайда Ларри Теслердің өмірінен неге үлгі алуға болмасын?
Мәтін де, маман да көшірілгенде
Журналист ретіндегі бергі 20 жылдық ғұмырымыз компьютер алдында өтіп келеді. Көзіміз монитордан көріп, саусағымыз клавиатурадан терген харіптің санына санамыз жете қоймас.
Оны бірінші рет басқалар үркектеп қарсы алғанда біз онша қорқа қоймадық. Өйткені, редакциядағы "Ятрань" атты электр мәшеңкесі мен бірінші дербес компьютердің арасында өзімізге "Ромашка" атты электронды жазу мәшеңкесін сатып алғанбыз.
Онда мәтіндегі жолдар және әріптер арасын, сондай-ақ, қалың немесе асты сызылған харіпті автоматты белгілеу мүмкіндігі болды. Біздің бас бармағымыздай ғана шағын дисплейі бұл әрекетті қызыл түспен көрсетіп тұратын. Бір бетті еске сақтайтын (шамамен 3 800 байт) жасанды зердесі бар еді. Әлгі бетті әлденеше рет қайталап баса қоятын.
Оқи отырыңыз: Ресейдің сәтсіз сынақтарының көбеюі Қазақстанға қауіпті күшейтіп тұр
Ал ең алғашқы компьютер "Егемен Қазақстан" редакциясына келгенде, жарықтық Ержұман Смайыл аға екеуіміз не істерімізді білмедік. Мәтін басып көрдік, бірақ оны қайтесің? Қағазға шығаруға принтер жоқ. Жоқ дейміз-ау, онда принтер деген нәрсе боларын білмегенбіз. Мәтінді жолдай салатын электронды пошта жоқ. Оны да әлі түсімізде көрмегенбіз. Баспаханада ол мәтінді қабылдайтын желіге жалғанған серіктесі және жоқ.
Жалғыз компьютердің пайдасы – ондағы ойындардың түбін түсірдік. Бәлкім, пайда емес, зиян болған сияқты. Кешкісін жалғыз отырып, түн ортасы ауғанша ойнағанша жүздеген мақаланы артық жазып тастауға болар еді. Өткен – өтті, енді оған күйінетін емес. Ларри Теслер де хиппи болған күндері үшін өкінбеген ғой.
Аз жылдан кейін компьютер күнделікті жұмыс құралымызға айналды. Әрине, журналистік тіршілік керемет жеңілдеді. Пайдасын санап тауысу мүмкін емес. Оған дейінгі электронды мәшеңке, электр мәшеңке, механикалық мәшеңке, олардың алдындағы шарикті қалам, одан бұрынғы мектепте барлық балаң шығармамыз жазылған қаламұш пен сиясауытты кәдімгі қаламнан мыңдаған артықшылығының арасында біреуі мүлде ерекше – мәтіннің кез-келген тұсын қиып не көшіріп алып, басқа жаққа, тіпті басқа мәтінге орналастыра салу.
Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе
Журналист болмай тұрған жас кезімізде шаруашылықтың 700 қойын бақтық. Жанымызда Сәбит пен Әмірғазы сияқты кластастарымыз да осындай жас шопан атанды. Сонда отардағы бір немесе бірнеше қойды бөліп алып, басқа отарға қосу үшін сирағынан ұстап, сүйреп шығатынбыз. Мына "көшіру", "қию" + "қосу" бағдарламасы тура сол сияқты. Тіпті, кейде бір "қойды" тура сондай мың "қой" етіп қоздата бересің.
Графикалық интерфейстегі бұл жетістікті тұңғыш Ларри Теслер ойлап тауып еді. Вьетнамдағы басқыншылық тынған соң, ол сияқты "соғысқа қарсымыз" деп сенделген жастар тобы біртіндеп елдің кәдімгі тіршілігіне араласты. Әркім өз жолын тапты.
Ларри Стэнфорд университетін бітіріп, Калифорния штатындағы Пало-Альто қалашығындағы Xerox кеңсесіне бағдарламашы болып жұмысқа тұрды. Бірақ кеңседе қадалып отыру бастапқыда ұнамаса керек. Дәл осы істе жетістікке жетіп, қай жағынан болсын табысқа кенелемін деп ойлай қоймапты.
Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер
Ларри жұмысқа тұрған соң, кешікпей компания XeroxAlto аталған дербес компьютер жасап шықты. Бұл тарихи күн 1973 жылдың 1 наурызы еді. Компьютерлік технологияның дәуірлеуі осы күннен басталды деп санасаңыз, қателесе қоймайсыз. Мұнда барлығы 2 000 XeroxAlto жасалғанымен, оның ешбірі сауда дүкендеріне түспеді. Тең жартысын компания өз қызметкерлерінің үстеліне қойды. Төрттен бірін елдегі университеттерге таратты. Тағы қалған төрттен бірін АҚШ Қорғаныс министрлігіне ұсынды.
Ол кезде XeroxAlto компьютерінде терілген мәтінді көшіріп немесе қиып алып, басқа тұсқа орналастыру мүмкіндігі жоқ еді. Мұндай мүмкіндікті жасауға боларын Ларри Теслер Xerox басшыларына ұсынған да екен. Өкінішке қарай, олар бағдарламашының басқа көптеген ұсыныстарын өз технологиясына қуана енгізгенімен, жаңадан Xerox Star компьютерін жасау кезінде дәл мұнысына дер кезінде мән бермеген.
Осы тұста қазақтың "ештен кеш жақсы" деген мақалы дәл сипаттайтын өзгеріс болыпты. Теслер маман ретінде жаңа компанияға көшті. Сонда Ларриге өз идеясын жүзеге асырудың мүмкіндігі берілді. Бұл қай компания?
Оқи отырыңыз: Жойқын қарудан – жәдігер
Жеміс пен жеңіс тістелгенде
Өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында Apple компаниясы өз акциясын эмиссиялауды ұйғарды. Оның бір бөлігін сол кезде аты дүркіреп тұрған Xerox сатып алуға ниеттенеді. Сөйтіп 1979 жылы Стив Джобс бастаған Apple-дің бір топ мамандары Xerox-тің өндірістік орталығына келіп, Xerox Star компьютерімен танысады.
Онда Ларримен және сол сияқты жас мамандармен жолығады. Ол кезде ешкімде болмаған тінтуірді көріп, тіпті таң қалыпты. Клавиатура көз таныс болса да, монитор бетіне жорғалатып, қалауыңды істететін тінтуір жасау Стив пен командасының есіне мүлде келмеген. Әрі Xerox-тегілер бұл жаңалықты жасағанымен, оған барынша мол қызмет жүктей алмағанын ішке түйіп, бұлар қайтып кетеді. Әрі акциясын сатуды кідіртіп, ойланып қалады.
Кешікпей, өткен ғасырдың 80-жылдарының басында Теслерді және Xerox-та елеусіздеу жүрген тағы бірнеше маманды Apple өте тартымды ұсыныстар арқылы өзіне ауыстырып алды.
Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар
Кейін осы салада бәрінен озық шығатын Стив Джобс туралы естелігінде Ларри: "Бұрынғы басшылыққа арзан да шағын компьютер жасаудың дұрыс бағыт екенін ұғындыра алмадым. Олар мені тыңдағанымен, жете мән бермеді. Содан Apple-ден келген жігіттермен жарты сағат сөйлескенде өз орным қайда екенін білдім. Олар да мен сияқты ойлап жүр екен" дейді.
Apple-де оған компьютерді пайдаланушының графикалық интерфейсін жасау жүктелді. Бұл – бұрын-соңды ешкім орындап көрмеген міндет еді. Оны орындау үшін ғұлама демесек те, ересен сұңғыла болу қажет. Салыстырып айтсақ, қараңғыда қарманып, әлдебір затты іздеген пенденің халіндей еді. Жол табу үшін қайда барарыңды білу қажет емес пе? Осы орайда Ларри хатшы қызға "сен мына компьютердің не істегенін қалайсың?" деп сұрайды. Содан кейін әлгінің "шіркін, ол былай істейтін болса" деген армандарын жүзеге асыра бастады.
Оқи отырыңыз: Аралға араша сұрағандар не үшін жазаланды?
Осылай графикалық интерфейс әлемін бірінші рет қалыптастырып шықты. Сөйтіп оның жұлдызды сағаты туды. 1983 жылы компанияның алғашқы компьютерінің бірі Lisa-ға Теслер жасаған мәтінді қиып алу, көшіріп алу мен басқа жаққа орналастыруға мүмкіндік беретін Ctrl+x / Ctrl+c және Ctrl+v функциясы орнатылды. Келер жылғы тұңғыш "Macintosh" компьютеріндегі Gypsy одан әрі жетіліп, мұндағы мәтінді редакциялау қызметі шығармашылық адамдарға қалтқысыз қызмет атқарды. Дәл осы жаңалық одан кейінгі барлық мәтін редакциялау бағдарламаларының негізін қалады.
Ең бастысы – Стив Джобс жасаған компьютер бәсекелес компания өнімінен бірнеше есе төмен бағаға ұсынылды. Бағасы арзан, бірақ мүмкіндігі артық. Тұтынушыға бұдан артық не керек?
Мұхиттың ар жағындағы АҚШ-та компаниялар бірінікінен екіншісінікі асып түсер компьютер жасап жарысқанда кеңестік "темір шымылдық" ішіндегі жастар басылымының журналисі біз газетті қорғасынмен құйып шығаратын баспаханада осы улы металдың балқығандағы буын жұтып жүргенбіз. Бір әріптен қате кетсе, бүкіл жол қайта терілетін. Оны баспахананың метранпаж аталатын маманы бізбен шұқып шығарып, әлгі бізбен түртіп орналастыратын. Тұтас мақаланың немесе бір абзацтың харіп түрін немесе көлемін (оны "кегль" дейтін еді) өзгерту үшін қайта тергізу керек. Мұндайда метранпаж әлгі бізін кезеп, саған қарсы жүгіретін. Тура Испаниядағы корриданың бұқасы іспетті.
Оқи отырыңыз: Қадыр мен Тұманбай
Міне, қалың әріпті жұқасына ауыстыру, тігінен тұрғанын көлбеу етіп жантайту, тіпті әріптің түрін өзгерту, кеглін үлкейту мен кішірейту сияқты жазатын адамға аса қажет қызметтерді компьютерде лезде істеу мүмкін болды. Осының бәрін қайта теріп жатпай, сол сәтте өзгерте салу функцияларын да Теслер ойлап тапты.
90-жылдардың ортасынан Қазақстандағы газеттер мен олардың өнімін шығарып беретін баспаханалар ақыры компьютерде теріп, беттейтін болғанда, өзімізге үшкір біз алып жүгіретін метранпаждан құтылып, бір "ух" дегенбіз. Бірақ ол кезде типографиядағы "корриданың бұқасынан" құтқарған Ларри Теслер екенін білген жоқпыз.
Беріде ол Apple компаниясынан шығып кетті. Енді бір қазыққа байланып қалмай, еркін нарықта қалауынша жүзіп көрді. Білім беретін жеке стартап жобасымен шұғылданды. Бір кезде хиппиді тастап, қалай кедейлер мектебінде волонтер болды, енді тура осындай жағдайға өз еркімен қайта оралды. Бұл орайда Ларридің өмірі айналған шиыршықты еске салады. Бірақ, бір орында емес, ілгері қарай айналған шиыршық іспетті.
Оқи отырыңыз: Шетте жүріп шеп бұзған
Өйткені, ол 1960 жылы бозбала кезінде Бронкс жоғары ғылым мектебіне барып, жай сандардың үздіксіз еселенуі туралы тәсілді ұстазына көрсеткен. Мұғалім шошып кетіп, "мынау компьютерде қолданатын алгоритм ғой" депті. Сонда Ларри алғаш рет "компьютер" деген сөзді естіген. "Ол не?" деп сұраған шәкіртіне мұғалімі "саған бағдарламалау жөніндегі жақсы оқулық берейін. Соны зердеңе тоқы. Компьютерді содан кейін көре жатарсың" депті. Міне, ол қарттыққа іліккен шағында өзінің ақпараттық технологияда білім беретін жеке стартап жобасында жас ұрпаққа тура осы тәсілді қолданды.
Ғұмырдың шығыршық формасымен өтетінін 2012 жылы тілшімен сұхбатында өзі де айтыпты. "Бұл өзі міндетті рәсім іспетті. Алдымен басқалардың жанында жүріп ақша табуға тырысасың. Ақшаң көп болғанда өз компанияңды ашасың".
Осындай шиыршық атқан ғұмыр 2020 жылы ақпан айында мәңгілікке үзілгені өкінішті. Біздің журналистік тірлікті соншалықты жеңілдетіп кеткені ғана көңілге медет.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5465
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2480
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2447
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2298
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2177
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2168
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2224
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2273
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2198
- 2
- 46
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2182
- 0
- 6