Прямой эфир Новости спорта

Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Қытайдан басталып, Оңтүстік-Шығыс Азияны шырмап, енді әлемді сескендірген тұмаудың жаңа, сұрапыл түрі адамзатқа жаппай дәке тұмылдырық тақтырды.

Қазақстан қалаларының автобустарында, көшелерінде, көпшілік орындарында мұрны мен аузын бүркегендер көбейді. Сән емес, сақтық шарасы болғандықтан, осылай істеуде. Дәріханадан алдымен соны сұрайтын болды. Аяқ астынан шарықтаған бағасын қалыпты деңгейге қайтару да биліктің жүйкесіне аз жүк түсірмесе керек.

Осындай жағдайда медициналық дәке тұмылдырық тарихына аз-маз шолу жасағанды жөн санадық.

Кәдеге жараған жыртыс

Онда ауылда қой бағып жүрдік. 1987 жылдың жазы еді. Бір күні бүкіл жайлауды жағымсыз көңірсік иіс жайлап, төңіректі мұнар басты. Шет-шетін таулар көмкерген кең далада өрт шыққан жоқ, алапат дауыл тұрған жоқ, бірақ мына қоңырсық иіс тамақты қырнап, тынысты тарылтып әкетіп барады. Не болғанын, қайдан шыққанын ешкім білмейді.

Оқи отырыңыз: Марафоншы Мауро жарқанат қанын ішіп, тірі қалған. Сүтқоректі жәндік туралы не білеміз?

Шындықты беріде естігенбіз. Сол жазда Семей ядролық полигонындағы әлдебір сынақ кезінде жарылыстан пайда болған қатерлі газ жер астынан сызат тауып, сыртқа шығып кетіпті. Полигон жақтан соққан жел оны Абайдан Ақсуатқа дейінгі жалпақ далаға жайған. Кеңес Одағының басшылығы бұл апатқа қатысты ақпаратты жасырған. Халықты сақтандырмаған. Одан беріде Чернобыль атом электр стансасындағы жарылыста да солай болды.

Содан жайлауды жайлаған көңірсік иіс дем алғызбайды. Көз жасаурап, мұрын ашып, тамақ қарлығып, тыныстау қиындап кетті. Сол кезде шопандар бригадасының жетекшісі, талайды көрген ағамыз әйеліне сандығын ақтартып, түрлі маталарды шығартты. "Осымен ауыз бен мұрынды байлап алыңдар" деп берді. Сандықтағы маталар – апаларға құдалықтан келген киіт пен үлкен ақсақалдар өмірден өткенде жыртылған жыртыс еді. Сондай жыртыстың бірі біздің кәдемізге жарап, ауадағы жағымсыз, зиянды иістен қорғанған. Өмірімізде бірінші таққан дәке тұмылдырығымыз сол болатын.

Ал осыдан бірнеше жыл Бейжінде жүргенімізде көшедегі миллион-миллион халықтың ауаның зиянды қалдықтарынан сақтанып, дәке немесе поролон тұмылдырықпен жүргенін көрдік. Жайлауда аузы-мұрнын буып алған бір бала қаншама жылдан соң іргелес елдегі алып қаланың тұрғындарының тегіс тұмылдырық таққанына таң қалған.

Шығыс Азияның дамыған елдерінде – Қытайда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда – көшедегі халықтың тыныс алу мүшелерін бүркеп жүруі – аурудан сақтану ғана емес. Олар жаппай жұқпалы ауру тараған кезде ғана әлгіндей тұмылдырыққа жүгінбейді. Күнделікті көшеге тағып шығуға дағдыланған. Өзін ғана емес өзгенің қамын ойлағандықтан. Мұны әлеуметтік жауапкершілік дейді.

Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы

Таяқ ұстаған құстұмсық

Тұмылдырық негізінде тұмаудан сақтануға қатысты пайда болмаған. Алғашқы үлгісі аса қауіпті оба ауруынан қорғану кезінде жасалыпты.

Орта ғасырларда оба аталатын жұқпалы ауру Еуропаны бірнеше қайтара баудай түсірген. Ол жақтағылар қорқынышты санайтын Шыңғыс ханның немересі Батудың және басқа ұрпақтарының шапқыншылығы оба індетімен салыстырғанда айналайын дерліктей.

Оба – адамнан адамға жұғатын ауру ішінде ең қатерлісі. Әр жолы пайда болысымен жылдам тарап, құрбандары миллионмен есептелетін.

Содан ХҮІІ ғасырда Чарль Лорм деген француз дәрігері обадан қорғанатын киім тігеді. Өйткені, олар ауру шыққан ошақтарға барып, жағдайды білуі керек қой. Осы қорғаныш киімнің бірі ретінде бетті бүркеп тұратын, көздің орнына әйнек қойылған бүркеніш жасайды. Оның мұрынға келетін тұсын құстың тұмсығындай үшкіл етеді. Үшкіл тұмсықтың ішіне қураған, хош иісті шөптер салып қойған.

Оқи отырыңыз: Ресейдің сәтсіз сынақтарының көбеюі Қазақстанға қауіпті күшейтіп тұр

Шыны керек, бұл бірінші тұмылдырықтағы шөп ешқандай сүзгі емес еді. Ол өліктің сасық иісін иіскемеу үшін ойластырылған. Адамдар жаппай қырылған жерде дереу жерлеу мүмкін емес. Тіпті, көптеген елді мекендерде жерлейтін ешкім табылмайтын. Мұны шамасы, 1931-32 жылдары ұлан-ғайыр қазақ даласын жайлаған аштық көрінісімен салыстыруға болар.

Әлгі арнайы киім толық сипаттағанда мынандай. Бетінде құстұмсық тұмылдырық, үстінде өңірі ашылмайтын, түймесіз тұтас тігілген шапан, қолында ұзын қолғап, басына делдиген телпек. Осыны киген дәрігер таяқ ұстап жүруі тиіс. Онымен ауруды немесе өлікті түртетін.

Бұл мұрынға сырттағы сасық ауаның орнына шөптің жұпар иісі келіп тұруы үшін жасалса да, дәрігердің тыныс алу органдарын вирустан сақтайтын бірінші қорғаныш екен. Бірақ обадан құтылған адамзат құстұмсықты қайта пайдаланбапты.

Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе

Тамбасын десең түкірік

Иә, жаппай жайлаған жұқпалы ауру сейілген соң, құстұмсық ұмытылып қалды. Қазіргідей дәкеден жасалған бірнеше қабатты тұмылдырыққа қажеттік ХІХ ғасырдың аяғында туындаса керек. Сол тұста неміс микробиологы Карл Флюгге түкірік пен сілекейде адамның бойындағы аурудың қоздырғыштары болатынын анықтайды. Бұл жаңалық Еуропадағы медицина мамандары арасында үлкен дүрлігіс тудырған.

Енді операция кезінде үстелде жатқан аурудың кесілген, тілінген, ашық тұрған ағзасына жоғарыда ұстарасын жалаңдатқан хирург пен оның көмекшілерінің түкірігі шашырап кетсе қайтеміз деген сұрақ қойылды. Адам болған соң сөйлейді. Сөйлегенде табиғи түрде түкірік шашырайды. Қайтпек керек?

Микробиологтың тұжырымымен танысқан француз хирургі Поль Бержер өзіне қорғаныш дәке тұмылдырық жасап, операция бөлмесіне соны киіп кіреді. Тек қазіргілерден ерекшелігі бар. Оның мұрын мен ауызды бүркейтін төрт бұрышты, алты қатпарлы дәкесі зарарсыздандырылған алжапқышына тіліген. Мұның сыры – сақалды қоса жасыруда. Ол заманда Батыстың еркек ғалымдары мен дәрігерлері тегіс сақал қоятын. Бір жылғы тәжірибе хирург тұмылдырық тағып операция жасаған сырқаттың жұқпалы ауруларға тап болмайтынын анықтайды.

Табысқа қанаттанған Поль Бержер 1899 жылы Парижде хирургиялық қауымдастық алдында "Операция жасау кезінде тұмылдырық тағу туралы" баяндама жасаған. Бір қызығы сол жиында көптеген мамандар "осындай ізгі мамандық иесі дәрігердің аузынан қатерлі аурулардың тарауы мүмкін емес" деп, баяндамашының пікірімен келіспеген. Десе де сол кезден бастап медицина әлеміне жаңа зат –дәке тұмылдырық енеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Париж климат келісімінің талаптарын неге орындамай отыр?

Көгеріп өлген көкөрім

Бүкіл адамзатқа демесек те, Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаға жаппай дәке тұмылдырық таққызған дүрбелең бір ғасыр бұрын – 1918 жылы басталған. Адамзатқа "испандық" деген атпен мәлім бұл тұмау негізі Испаниядан басталмаған.

Тарихта өзінің алғаш шыққан жеріне емес, ең қатты зардап шеккен жерге қатысты қойылатын атаулар баршылық. Айталық, "колорада қоңызы" деп аталатын атышулы жәндік бұл штаттан шықпаған. Оның алғаш өсіп-өнген жері – Мексика. Тек Колорадо штатының фермерлері картоп сабағынан сояу ғана қалғанда дабыл қаққан. Бұған себепкер жәндік анықталып, ол сол кезден бастап колорадо қоңызы атына ие болды. Мұнда да сондай жағдай.

Сұрапыл тұмау алғаш АҚШ-тың Канзас штатындағы әскери-жаттығу қосынынан басталған. Алдымен аспаз Альберт ауырып, соңынан жауынгерлер бірінен соң бірі госпитальге түсе бастайды. Бір күнде түс ауғанша 107 адам жатқызылады. Бәрінің қызулары көтерілген, тамақтары іскен. Тұла бойлары қалтырайды.

Бұларға қатерлі H1N1 вирусының штамы аспаз Альберттің дайын тамаққа қарап түшкіріп қалғанынан жұқты деген болжам бар. Ал ол болса, тамақ жасау үшін шошқаның етін тураған. Сонда H1N1 вирусының штамы адамға дейін шошқаның бойында болған.

Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер

Госпитальдан шыққан соң, бұлардың көбі Еуропаға соғысуға кетеді. Бойларындағы штамм да мұхитты көктеп өтеді. Не керек, 1918-1919 жылдары ауру жұқтырғандар саны 550 миллион адам деп есептелген. Ол кезде жер жүзінің тұрғындары 2 миллиардтан аспайтын. Соның кемінде 50 миллионы тұмаудың осы түрінен қайтыс болды. Әрі көпшілігі майданда жүрген 20-50 жас аралығындағы ер адамдар еді.

1918 жылы 29 маусымда Испанияның денсаулық сақтау министрлігі елді белгісіз жұқпалы ауру жайлап алғаны туралы баяндама жасаған. Үкімет бүкіл мектепті жабады. Шіркеуден бастап барлық жерде адамдардың жиналуына тыйым салған. Қоғамдық көлікке дәке тұмылдырықсыз кіруге тыйым салынған.

Осылай тұмаудың ізін ала медициналық дәке тұмылдырық салтанат құрады. Сол жылдың күзінде "испандық" аталған тұмау жер шарын толық жаулайды. Рас болса, Амазонканың мұхитқа құяр сансыз сағасының арасында тұрған Маражо аралына ғана бұл тұмаудың вирусы жетпепті.

Бір ерекше жәйт, оған "көгілдір ажал" деген атау берілді. Себебі, H1N1 вирусының штамы жұққандар беті мен бүкіл денесі көгеріп қайтыс болатын. Неге десеңіз, ол бірден өкпеге шабады. Өкпе шіри бастаған соң, қандағы оттегі азая береді. Бет пен дененің көгере бастауы соның салдарынан.

Оқи отырыңыз: Жойқын қарудан – жәдігер

Мұрның барда – мұны ки!

Қазақтың әзіл аралас қанатты сөзінің бірі – "мұрның барда – бір сіңбір"! Жұқпалы ауру жайлаған, оның қатері дабыл қаққызатын шекке жеткен уақытта мұны өзгертіп, "мұрның болса – дәке тұмылдырық тақ" деуге болады.

Біздің білуімізде, дәке тұмылдырықтың бірнеше түрі бар. Көп тарағаны, әрі күнделікті тағылатыны – үш қабатты болып, резеңке арқылы құлаққа ілінетіні. Ол онша қалың емес. Екі жақтағы матаның арасында сүзгісі бар. Біздің қоғамдық көлікте, көшеде тағып жүргеніміз – осы.

Бұдан басқа медицинада хирургтерге арналған арнайы түрі бар. Мұның ерекшелігі – әлгі үш қатардан басқа төртінші арнайы бөлігі болғанында. Ол – сұйыққа қарсы қатпар – дәрігердің түкірігін ұстап қана қалмайды, аурудың қаны, іріңі, тері, тағы басқасы шапшыса, соны емдеушінің ас ішу мен тыныс алу жолдарына жеткізбей тұтып қалу үшін керек.

Иә, бастапқыда мұндай дәке тұмылдырық операция жасалатын кісіні операция жасайтындардың аузы мен мұрнына шығуы мүмкін көлденең кеселден сақтау үшін тағылса, енді тағушының өзін аурудан келетін вирустардан сақтауға қызмет етеді.

Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар

Ауа арқылы тарайтын қауіпті жұқпалы аурулар жатқан ауруханаларда барлық қызметкерлер дәке емес, берік заттардан жасалған нағыз тұмылдырық киеді. Ондай қорғаныш құралды химия өндірісі мен цемент және басқа тозаңды құрылыс материалдары қолданылатын кәсіпорындарда кию де шарт.

Мұның артықшылығы: біріншіден, бетке жабысып тұрады. Екіншіден, сүзгісі өте сенімді. Үшіншіден, көп мәрте қолдануға болады. Бірақ, бұл – жоғарыда жазғанымыздай, көпшілікке арналмаған, арнайы мамандар қолданатын құрал.

Ал көпшілік тағатын үш қатпарлы дәке тұмылдырықты жұқпалы аурулар жайлаған жерде үш сағаттан артық тағуға болмайды. Ол түтіннен, тозаңнан қорғану үшін алты сағатқа дейін тағып жүруге жарайды. Бірақ теңіз жағасында немесе даладағы жауынды кезде пайдалану уақыты бір сағаттан аспауы керек.

Жалпы баяғы "испандық" вирусы кезінен кейін әлемде жаппай дәке тұмылдырық тағу міндеттелген емес. Бірақ "сақтасаң – сақтаймын" деген тәмсілді ұстанған әлем халқы жаппай дәке тұмылдырық тағуға көшті.

Тіпті, жер жүзін коронавирус жайламай тұрғанда-ақ Димаш баламыздың түрлі халықаралық әуежайларда тұмылдырықпен жүргенін байқайтынбыз. Дұрыс!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров